Елімізде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Себебі соңғы уақытта мектепке дейінгі тәрбие беретін бұл ұйымдарда балаларға жәбір көрсету оқиғалары әлеуметтік желілерде тарап, тәрбиешілердің құқық бұзған фактілері тіркелуде.

DSC 3714

Елбасы соңғы Жолдауында балалар қауіпсіздігін ескере отырып, балабақша мен мектептерді 100 пайыз бейнебақылау камерасымен жабдықтауды нақты тапсырған болатын.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 489 мектепке дейінгі ұйымда 70 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Миллионды қалада қоғам үшін өзекті мәселенің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына тоқталсақ.

Адами фактор орын алмайды

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада 79 мемлекеттік, 13 шағын орталық, 397 жекеменшік балабақша бар. Мектепке дейігі ұйымдарда 1-6 жасар 69 838 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Республикада алғаш болып Шымкентте білім саласы толыққанды цифрландыру жүйесіне көшіп, балабақша мен бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау, күнделік және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде 10 мыңға жуық адам сыртқы портал, 30 мыңға жуығы egov, 1500-тен астамы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы балаларын балабақшаға қабылдауға өтініш қалдырған.

DSC 3698

– Осымен үшінші жыл білім саласында garden автоматтандырылған жүйесі іске қосылып, мектепке дейінгі ұйымдарда кезекке қою, құжат қабылдау және жолдама беру электронды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда 487 балабақша электронды жүйеге қосылған.

Жаңа жүйенің тиімділігі сол – ата-аналар garden.shymkent.edu.kz. порталы арқылы балаларын мекемеге өздері кезекке қояды, жалпы балабақшалар туралы толық мәлімет алады, электронды веб-портал арқылы кезекті анықтайды, ата-аналар өзара келісе отырып балаларын бір балабақшадан екінші балабақшаға алмастыра алады.

Тіпті электронды жолдаманы ата-ананың өзіне алу мүмкіндігі берілген, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Перизат Бектайқызы.

Цифрландырудағы қызмет көрсетудің жаңа форматының нәтижесінде білім саласында қағазбастылықтан арылып, адами фактор орын алмайды, дейді сала мамандары.

Мемлекеттік балабақша 100% қамтылған

Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың өміріне қауіп төндіретін, денсаулығына нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмау мақсатында қаладағы 79 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға 1506 бейне-бақылау камерасы топ бөлмелерінде, жатын бөлмелерде, дәліздерге орнатылған.

DSC 3746

Ал жекеменшік балабақшаларда бұл көрсеткіш әзірге 21,6 пайызды ғана құрап отыр. Сала мамандары бүгінде жекеменшік балабақшаларды арнайы құрылғымен қамтылуы бойынша жұмыстарды жандандырамыз дегенді алға тартуда.
Перзентінің жағдайына алаңдайтын аналардың бірі – шымкенттік үш жасар баланың анасы Толқын Тәжібаева. Балабақшада бұған дейін екі қызы тәлім-тәрбие алған.

– Заман тыныш болды ма, ол кезде уайымдамайтын едік. Қазір әлеуметтік желілерде кішкентай балаларды ұрып-соғып жатқан жағдайларды көріп қаламыз. Балаларымыз күні бойы балабақшада болатындықтан, іштей қорқып отырасың.

Дегенмен, біздің баламыз баратын №39 балабақшаның сыртында, ішінде бейне-бақылау камерасы орнатылған. Енді мекеме басшысына жатын, сабақ оқитын кабинеттерге де қойса деген өтінішімізді жеткіздік, - дейді көп балалы ана.

Тәрбиешілердің біліктілігі арттырылуда

Балабақшаларда қауіпсіздіктен бөлек тәрбиешілердің біліктілігі мен біліміне де баса назар аударады. Самал шағынауданындағы №55 «Самал» бөбекжай-балабақшасы осы бағытта жұмысты жандандырып отырған мекеменің бірі.

– Жұмысымызды 2015 жылдан бастадық. Бүгінде 18 топта 500 бала тәрбиеленуде. Осыншама баланың қауіпсіздігіне баса назар аудармыз, әрине. Себебі, ата-анасы бізге тапсырған балалардың өмірі, денсаулығы маңызды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ғимараттың іші-сыртына, жалпы, 31 жерге камера қойылды.

Оның 17-і мемлекет, 14-і демеушілер есебінен қаржыландырылған. Сыртта, дәліз, жатын, киінетін бөлме және ән-би залы да замануи құрылғымен жабдықталған.

Бақылау мониторының бірі – менің, екіншісі әдіскердің кабинетіне қойылған, сол арқылы барлық жағдай жіті назарда ұсталады. Әзірге ата-аналар тарапынан ешқандай шағым болған емес, - дейді бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Зүбайра Өнерова.

Балабақша басшысы мекемедегі мамандардың педагогикалық-психологиялық тұрғыда біліктілігін арттыруда жүйелі іс-шаралар өткізілетінін айтты.

– Білікті педагогтармен тәжірибе алмасу сабақтары ұйымдастырылады. Арнайы мамандар шақырып, шеберлік-сабақтар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі тәрбиешілерге үздіксіз ізденіс қажет. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу педагогикалық тәжірибемен қатар адами қасиеттер – мейірімділік, бауырмалдылық, шыдамдылық пен сабырлықты қажет етеді, - дейді З.Өнерова.

Қауіпсіздікке кепіл беретін пилоттық жоба

Жуырда Шымкенттегі балабақшаларда бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне кепіл беретін тағы бір пилоттық жоба қолға алынды. Онда тәрбиеленушілердің саусақ іздері «SANA» автоматтандырылған биометриялық жүйесінің деректер қорына тікелей ата-аналарының келісімімен ендіріледі. Қондырғы балабақшалардың кіреберісіне қойылып, саусақ ізі арқылы ішке кіруге мүмкіндік алады. Ол бөбекжайға бүлдіршіннің келген-келмегенін және уақытын да көрсетіп тұрады.

– Бұл жүйе мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшалардағы тәрбиеленушілердің қатысуын қадағалайды. Аталған озық жүйені «Smart Texno Systems» ЖШС орнатуда. Жүйенің мақсаты - бюджет қаражатын үнемдеу, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының нақты балабақшада мақсатты жұмсалуын қадағалау.

Жаңа технология арқылы мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың нақты қатысуы бақыланып, қағаз құжат айналымы қысқарады, адами факторға және сыбайластыққа жол берілмейді, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Перизат Бектайқызы.

Бұл жүйеде әр саусақ ізі үшін бірегей цифрлық код беріледі. Егер саусақ ізі сол сандық кодқа сәйкес келмесе, балабақша есігі бөгде адамға ашылмайды. Әзірге биометриялық кесте қаладағы «Күмісай» және «Сабыр Рахымов» балабақшаларына кәсіпкерлердің өз қаржысы есебінен қойылған. Пилоттық жоба ретінде қойылған қондырғының нәтижесі оң болса, қаладағы барлық балабақшаларға қою жоспарлануда.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы ғимаратында тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсететін орталық ашылды.

IMG 20190221 102216-1

«Бірыңғай әлеуметтік терезеде» білім, денсаулық, тұрғын үй, еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон, жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарға қажетті кеңес беріп, мәселелерін шешуге атсалысады.

Әлеуметтік назын айта келгендерді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың депутаты Ермек Дәрменов тыңдады. Солардың бірі – төрт баланың анасы Қазына Мұратқұлова.

– Күйеуім ішкілікке салынып кеткесін ажырастым, алимент төлемейді. Шымкентке көшіп келгеніме екі жыл болды. Әзірге тұрғын үй кезегіне тұра алмаймын, балаларыма жәрдемақы алмағанмын.

Үлкенім алты жаста, кішкентайым 1 жастан асты. Олар кішкентай болғасын, жұмыс істеуге мүмкіндігім болмай жатыр. Қайнарбұлақ саяжайында сіңлімнің аядай екі бөлмесінде оннан астам адам тұрамыз. Баспаналы болуға қол ұшын берсеңіздер, – дейді жалғызбасты ана.

Қазына Мұратқұлованың мәселесін Бахадыр Нарымбетов сол жерде шешуге әрекет жасап, ананы жатақханамен қамтуға болатынын жеткізді. Осы мәселе бойынша бір депутатты бекітіп, азық-түлік, мектепте балаларының ыстық тамақ, киім-кешекпен қамтуға қолдау жасауға көмектесетінін атап өтті.

Сосын жалғызбасты ананы орталықтағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдеріне жіберіп, балаларға берілетін жәрдемақыға құжат туралаудың жай-жапсарын нақтылап алуды ұсынды.

Ал шымкенттік 5 баланың әкесі Бейбіт Давлетияровты ХҚКО қызметкерлері тұрғын үй кезегіне алмаған.
– 5 бөлмелі үйді жалға алып тұрамыз. Әйелім кішкентайымен үйде, өзім түрлі жұмыстар істеп, ақша табамын. Балаларыма қиындық көрсетпей, ешкімге алақан жаймай, өмір сүріп келеміз.

Бірақ үй алуға мүмкіндік жоқ. Әйелім көпбалалы ана ретінде баспанаға кезекке тұрайын десе, бір жылдық табысты көрсететін құжат сұрайды, – деді азамат.

– Бірыңғай әлеуметтік терезеге келгендердің мәселесін үш жолмен шешуге тырысып жатырмыз. Алдымен әлеуметтік көмекке өте мұқтаждардың мәселесін назарға аламыз. Жергілікті әкімдіктің күшімен көмектесуге болатындарды сол жаққа нұсқаймыз. Кейбір жағдайлар заңнамалық өзгерістерді қажет етеді.

Яғни, үйге кезекке тұруға бізге келген азамат айтып кеткендей, табысын сұрайды. Тұрақты жұмысы болмаса, расында қалай табысын көрсетеді? Сондықтан қазір мұндай мәселелерді жинақтап, орталыққа ұсыныс ретінде жібереміз.

Үшіншісі, жомарт жандардың көмегімен әлеуметтік қолдау жасалады. Үш күннің ішінде 313 азамат өтініш қалдырды. Олардың ешбірі назардан қалмайды, – деді Бахадыр Нарымбетов.

Орталыққа келгендердің шағымдарының бірқатары коммуналдық төлемдерді уақытында төлей алмағандар мен мүгедек балаларға қажетті көмекші құралдарға қол ұшын созуға қатысты.

– 4 мың теңге жарыққа қарыз болған. Қырқып кетіпті. Шиеттей бала-шағасымен осындай суықта жылусыз қалып қойған. Жомарт жандарға шықтық, олар көмектесті, – деді Б.Нарымбетов. Сол үшін қоғамға әрқайсымыз айналамызда жүрген жандардың жағдайына алаңдап, қол ұшын созып, қамқор болайық деген ұсыныс жасады.

«Мен – Донормын»

Среда, 20 Февраль 2019 09:19

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалында «Мен – Донормын» қайырымдылық акциясы өтті.

донор 1

Филиал кеңсесіне қан орталығының көшпелі бригадасы келіп, мекеменің 50-ден аса қызметкері қан тапсырды.
Дәрігерлер бұл акцияның маңыздылығына тоқталып, қажетті қан халі ауыр науқастар мен онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталатын атап өтті.

– Жұмысымыздың қатаң тәртібіне қарамастан, донорлық акцияны кеңсемізде ұйымдастырдық. Мұны науқасқа көмек көрсету тұрғысынан да, донордың өзі үшін де өте маңызды іс деп санаймын. Ал өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу тек қана біздерді мейірімді болуға, бірлікке үндейді, - деді филиал директоры Бахыт Басымбек.

Шымкентте автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беруге бағытталған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы күніне 300-ге дейін көлік құралын тіркеп, 100-ден астам жүргізуші куәліктерін беруге ғана қауқарлы. Ал миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласы үшін бұл жеткіліксіз.

нур отан4

«Нұр Отан» париясының Шымкент қалалық филиалына түскен шағымдардың басым бөлігін осы саланың жұмысына көңілі толмайтындар құрап отыр. Партия филиалы басшылығы орталық жұмысымен танысып, проблемалық мәселелерді шешуді аудан әкімі және мекеме басшыларымен бірлесе талқылады.

Шымкент қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Дәулет Дүйсенбековтың айтуынша, өткен жылы мекемеде 100073 көлік құралын тіркеу куәлігі, 32130 жүргізуші куәліктері беріліп, 83483 көлік құралы есептен шыққан, 104114 мемлекеттік нөмір тіркеу белгісі берілген.

– Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес әрбір қызмет белгіленген уақытта көрсетілуі тиіс. Алайда, қызмет алушылардың саны көп болғандықтан, қызмет көрсету уақыты ұзаққа созылады, – деп проблеманың жайын түсіндірді Д.Дүйсенбеков. Мәселені тыңдаған Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов өз ұсынысын айтты.

–Бұл жерде бірнеше проблемалық мәселелер бар. Біріншіден, мемлекеттік қызмет көрсету уақыты 1 жарым сағат болуы керек. Орталыққа келушілер үшін кезек күту үлкен мәселе. Екінші мәселе, сырттағы автокөліктердің кептелісі көп орын алады. Сондықтан автотұрақ мәселесі тез арада шешілуі тиіс, - деді.

Кездесу барысында қызметкерлерге артылған жүктемені азайту, ескі автокөліктерді тіркеуден шығару, сондай-ақ, түйіні шешілмеген мәселе – мекемеге дейін қатынайтын қоғамдық көлік алдағы уақытта қарастырылатын болды. Осы мәселелерді жоғары деңгейде шешу үшін қалалық филиалда арнайы жиын өтетін болды.

Шымкентте мыңға жуық ескірген үйлер жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында қалада 136 көпқабатты тұрғын үй жөнделсе,  дәл қазіргі уақытта 4 үйдің шатырын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

IMG 20190206 122133

Бұл жұмыстардың барлығы қайтарымды қаражат есебінен жүргізіледі. Мемлекет ұсынған бағдарламаның тиімділігі қандай? Шатырдан су кетіп, мазаласа кімнен көмек сұрауға болады? Қайтарымды қаражаттың мөлшері қандай, оны қайтармағандарға қандай шара көріледі? Сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Елімізде осыдан сегіз жыл бұрын көпқабатты үйлердің шатырынан бастап, су, жылу құбырлары мен кәріз желілерінен жеделсатысына дейін жаңартуға қол ұшын беретін «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы бекітілген болатын.

Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, тұрғын үйлердің жайлылық деңгейін көтеру еді. Бағдарламада көрсетілгендей бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат жұмсалып, ал жөндеуге кеткен ақшаны тұрғындар 15 жыл ішінде мемлекетке толығымен қайтаруы тиіс-тін. Ал Шымкентте бұл жұмыстарды үйлестіру «Тұрғын үй Шымкент» мекемесіне жүктелген.

– Бағдарлама басталғаннан бері бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд 277 млн теңге бөлінген. Қайтарымды қаржы тамыз айына дейін 155 млн теңге болса, одан бері 210 млн теңге қаржы түсті. Шымкентте бағдарлама аясында 136 үй жөндеуден өтті.Қазіргі таңда, тұрғын үй иелерінен жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны қайтару жұмыстары қарқынды жүруде.

IMG 20190206 105957

Осыған дейін айына 2-2,5 млн теңге түсіп жатса, қазір оны 6 млн теңгеге жеткізуге қол жеткіздік. Егер қайтарымды қаржы уақытында түссе, қаладағы тозығы жетіп тұрған өзге көпқабатты тұрғын үйлер жөнделер еді, – дейді мекеменің басшысы Аятай Бекжігітов.

Аятай Бекжігітов көппәтерлі үйлерді жөндеудің екі механизмі: күрделі және ағымдағы болып бөлінетінін айтады. Күрделіге қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді де, шатыр мен жертөле жаңартылады, су, жылу, газ, кәріз жүйелері жаңасымен ауыстырылады. Ал ағымдағы жөндеуге қаржы жергілікті бюжеттен қарастырылып, тек тұрғын үйдің шатырын ауыстыруға мүмкіндік бар.

– Қазір күрделі жөндеуді қажет ететін 100 үйдің жобалық-сметалық құжатын дайындап жатырмыз. 50 үйдің құжаттары өткізіліп, 30-ының құжаты сараптамадан өтті. Аудан әкімдіктерімен бірлесе жасаған зерттеу-зерделеу жұмыстары нәтижесінде 40 көпқабатты тұрғын үй ағымдағы жөндеуді қажет ететінін анықтап, тізімін жасадық. Қазір төрт үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр Олар – 100 пәтерлі Қарасу шағынауданы №110 үй (3 411 755 млн теңге), Уәлиханов көшесіндегі №190а (20 499 140 теңге), Қаратөбе №38 (17 663 452 теңге), Күншығыс шағынауданындағы №95 үй (19 592 436 теңге), – деді жауапты басшы.

Сапаны бақылай аласыз...

Иә, мемлекеттік бағдарлама арқылы шатырды ауыстырып, шіріген құбырларды жаңартуға болады. Ол үшін әрбір тұрғын үйдің шаршы метріне 24 теңгеден төлейді. Сонда төлем айына кемінде шамамен 1000-2000 теңгені құрайды. Төлем коммуналды түбертекпен келеді. Осы себепті, сала мамандары жөндеу кезінде құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын әрбір тұрғынның бақылауда ұстауға құқы бар екенін айтады.

– Мемлекет 15 жылға қайтарымды негізде қаржыландырады. Пайызсыз, оған артық бір теңге де қосылмайды. Жөндеу жұмысы жүргізілетін тұрғын үйдің үй төрайымдары және тұрғындардан комисссия құруды тапсырдық. Олар жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүріп, сапасын бақылауда ұстайды, – дейді А. Бекжігітов.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйдің бірі – Уәлиханов көшесіндегі 100 пәтерлі №190а үй. Үй басқарушысы Жақсыкүл Сыздықованың айтуынша шатырдан өткен судың бірінші-екінші қабатқа жетіп, тұрғындар әбден мезі болған. Сосын пәтер иелерімен сөйлесіп, қайтарымды қаражат арқылы шатырды ауыстыруға келіскен.

– Шатырды ауыстырып, су ағарларды жаңалайды. Бәрін есептей келе тұрғындардың қалтасына айтарлықтай салмақ түспейтінін ұқтық. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерге – 780 теңге, 2 бөлмеге – 1080 теңге, 3 бөлмеге – 1440 теңгеден түсті. Комиссия құрамына осы үйде тұратын екі-үш тұрғынды сайладық. Өзім де бар. Құрылыс материалдарының сапасына, жұмыс барысына бақылау жасап отырамыз, – деді үй басқарушысы.

Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Южказстройдор» ЖШС-і. Мекеменің бас инженері М.Қаныбеков: «Наурызда шатырды толық ауыстырып бітеміз. Заманға лайық темір жабынмен жабылады. Қазір ағаштарды қатыру жұмыстары жүруде. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдары сапалы отандық өнімдер. 10 жылға кепілдік береміз», деп уәде беріп отыр.

Қаратөбе тас жолы бойындағы №38 үйдің шатырын жөндеу кезек күттірмейтін болғандықтан тізімге енген. Ағымдағы жөндеуге бюджеттен 17 663 452 теңге қарастырылған. Тұрғын үйдің жартысы қоныс калониясына тиесілі болғанына қарамастан тұрғындардың өтініші ескерілген. Мердігер компания бұл үйдің шатырын наурыздың алғашқы аптасында жаңалап бітеміз деп отыр.

36 тұрғын үй қаржыны қайтармаған

Ескі үйлерді жаңалауға мемлекет берген қаржы айналымда жүреді. Яғни, қайтарылған қаржы келесі үйлерді жөндеуге жұмсалады. Дегенмен Шымшаһарда бұл жұмыстар баяу жүруде. 36 көпқабатты тұрғын үйдің пәтер иелері қаржыны қайтаруға асықпайтын көрінеді. 

– Егер қайтарымды қаражаттан айына 7-8 млн теңгеден түсіп тұрса, бір жылда сол қаржымен 10 үйді жөндеуге мүмкіндік бар. Өкінішке орай, 2012-2014 жылдары шатыры жөнделген тұрғын үйлердің пәтер иелері қаражатты мүлдем қайтармаған. Өткен жылы ғана Ілияев көшесіндегі №69 көпқабатты үй жаңғырту бағдарламасымен жөнделді. Олар да төлемеген. Тұрғындармен сөйлессек, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін алға тартты. Қайта комиссия жасақтап, сараптама жасаттық. Оған да әжептәуір шығын кетті. Бірақ бәрі дұрыс жасалған – деді А.Бекжігітов.

Мекеменің заңгері Нұрғали Амиралиев мемлекеттің қайтарымды қаражатын қайтармағандармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті. Жауапты мекеме әзірге сотқа жүгінбеген, тұрғындармен келісімге келуді көздейді.

– Қазір заң талабы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдымен хабарлама жібереміз. Он күнде нәтиже шықпаса, сотқа жүгінуге мәжбүрміз. Дегенмен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде тұрғындар өз кемшілігін түсініп, төлем кестесін қайта жасап жатырмыз,– дейді заңгер.

Сала мамандары Шымкентте тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделген үйлерге қайта сараптама жасауды жоспарлап отыр. Өйткені қайтарымды қаражатты қайтармауға асықпағандардың біразы жөндеу жұмысына көңілдері толмайтынын айтып шағымданған. Мамандар кемшіліктер анықталса, қайта қалпына келтіруге дайын. Оның үстіне, мердігер мекемелердің жұмысына бақылау күшейеді.

Шымқалада ескі үйлер аз емес. Жаңбыр жауса болды шатырынан өткен су пәтерлерге сорғалайды. Шіріген құбырлардан аққан сулар көл-көсір болады, жылу дұрыс келмейді. Мамандар осындай тізімге 150 көпқабатты тұрғын үйді кіргізді. Ал оларды мәселесін шешу үшін жөндеуден өткен үйлер мемлекет берген қаржыны уақытында қайтаруы қажет...

«Емханыңды таңда!» акциясы бойынша өткен жылы Шымкентте тіркеу құқығын 114 мың тұрғын пайдаланған. Қалалықтар бұл тұрғыда белсенділік танытып, республикада алдыңғы қатардан көрінген.

51811964 2245273055535371 3407818067021922304 n

Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалының бөлім басшысы Ахмет Беденнің қалалық қан орталығының дәрігерлерімен кездесуінде айтылды.

– Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық қолданысқа енеді. Жаңа жүйенің тиімділігін білім, медицина, сауда орындары мен базарларда тұрғындарға түсіндіріп келеміз. Дегенмен, халық бұл туралы көбінесе дәрігерлерден сұрап жатады. Оның үстіне биылғы қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Жаңалықтар мен өзгерістер жайында дәрігерлерді хабардар етіп тұрумыз қажет, - дейді А.Беден.

Жауапты маман жыл басында салық және арнайы төлемдер туралы кодекске енгізілген өзгеріске де тоқталды.
– Бірыңғай жиынтық төлем әлеуметтік қорғалуыңызды қамтамасыз ететін қызметті тіркеудің оңтайландырған режимі. Оның мөлшері қалалықтар үшін 2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1263 теңгені құрайды.

Бұл төлем жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға қолайлы, - деп түсіндірді маман.

Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Среда, 06 Февраль 2019 04:29

Қаратау ауданына қарасты шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы халық арасында улы газ және өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

51590801 1975299242766354 9082046829469630464 n

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдігінің мамандарынан құрылған арнайы топ қаңтар айында 24 елдімекенде тұрғындармен кездескен.
Апта басында сала мамандары Қайнарбұлақ тұрғын алабында түсіндіру жұмысына кірісті. Қаладан шалғай орналасқан елдімекен тұрғындары үйлерін көмірмен жылытады. Мамандар әрбір тұрғынға үйді газ және пешпен жылыту кезіндегі өрт қауіпсіздігінің қағидаларын түсіндіріп, оларды үйді қараусыз қалдырмауды ескертті.

– Көптеген пештерді білікті мамандар емес, өз бетімен үйренген адамдар қалайды, олар пеш, мұржа құрылысын салған кезде өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтамайды. Осының салдарынан пеш пен мұржа жұмысында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайды. Бұл өрттің туындау қаупі мен адамдардың зардап шегу қаупін туындатады, - дейді мамандар.
Мамандар түсіндіру жұмысы барысында улы газ бен өрт қауіпсіздігінің алдын алуда пайдалы ақпарат жазылған парақшаларды таратты.

Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде 160 мыңнан аса құжат бар. Ең көне құжат 1921 жылдың тарихынан сыр шертеді. Сол жылдардан қаланың дамып-өркендеуіде үлес қосқан әрбір мекеменің қатталған тарихының ізі архивтегі сары қағаздарда сайрап жатыр.

Мамандар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында басталып, 7 жылға бағытталатын «Архив-2025» бағдарламасы архив ісіне үлкен сілкініс алып келетінін айтуда. Соның алғашқысы – биыл шаһарда архив құжаттарын сандық таңбаға ауыстыру жұмыстары басталады. Мекеме басшысы Айпар Амангелдиевамен сұхбатымыз былай өрбіді.

DSC 9258

– Айпар Шажалықызы, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында архив деректері қолжетімді болу үшін цифрлы форматқа көшіруді тапсырды. Қалалық архивте бұл жұмыстар қалай жүруде?

– Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде 367 қор бар, онда шаһарға қатысты 160 600 құжат сақталған. Мұнда жылына 8000-ға жуық адам құжаттарға сұраным береді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлы форматқа көшіруді тапсырды. Қаланың архиві тұңғыш рет қор құжаттарын сандық жүйеге өткізу жұмыстарын қолға алды. Биыл қалалық бюджет есебінен бұл мақсатқа 86 млн теңге бөлінді, оған құжаттарды цифрлы таңбаға көшіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Біздер архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшкелі отырмыз. Цифрландыру жүйесінің архив саласында мамандарға уақыт үнемдеуге, құжаттарды сақтауға, сұраным берушілерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор. Мәселен, бір құжат күніне 5-6 рет сұранымға түсетін уақыттар болады. Ол кезде архивист кітапты сөгіп, арасындағы құжатты алып, көшірмесін жасап, қайта қорға өткізеді.

Қаншама жылдан бері сақтауда тұрған құжаттарды күнделікті ақтара бергесін тозады, мәтіні өшеді, тіпті қағаздың күйреп кететіні де бар. Осы екі ортада маманның еңбегі инемен құдық қазғандай. Ал сандық жүйеге қосылған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қолданғанда кітапты сөгіп әуре болмайды, 1 минутта 150-180 парақты цифрлы көшіріп беруге болады.

– Қордағы құжаттар 100 пайыз сандық таңбаға ауыстырыла ма? Бұл қанша уақытты алады?

DSC 9302

– Жоқ, барлық құжатты бір-екі жылдың көлемінде сандық таңбаға ауыстыру мүмкін емес. Мамандармен мұны болжаммен есептегенде бұған 72 жыл кететінін анықтадық. Сондықтан алдымен сұранымға ие құжаттарды өткізуге басымдылық беріледі (сұранымға түспейтін құжаттар да бар). Айталық, олардың қатарында кеңес дәуірінде негізі қаланып, қазіргі күні жұмысын тоқтатқан қорғасын, фосфор, темір-бетон, май зауыты мен «Восход» фабрикасының құжаттары бар. Содан соң қала әкімінің шешімдері, қаулыларына сұраным көп. Қалғандары кезең-кезеңімен жүзеге аса береді. Дегенмен қағаз күйіндегі құжаттар да баламалы түрде жүретінін атап өткім келеді.

– Сөзіңізде Қазақстанда мемлекеттік архивтер арасында бірыңғай электрондық база құрылатын айтып қалдыңыз...

– Ия, елімізде бірыңғай электрондық құжаттардың архивінің ақпараттық жүйесі құрылады. Үш жыл ішінде республикадағы мемлекеттік архивтер осы жүйеге толық көшеді. Өткен жылдың қарашасында Астана қаласында «Архивті цифрландыру. Дамудың жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда өтіп, онда архивистерге жаңа жобаны таныстырды. Алда мекемелер сандық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген соң ақпараттық жүйеге қосылуға мүмкіндік бар.

Жаңа жүйенің артықшылығы базадағы деректер ашық болады. Осы жылдарға дейін еліміздегі архивтер арасында байланыс болмай, әр мекеме қазақ тарихына қатысты деректерді көрші мемлекеттердің архивінен өздері ізденіп, алып келіп жатты. Мысалы, Қызылорда, Шымкент, Жамбылдың архиві алыс-жақын елдерге іс-сапармен барып бір құжатты алады, үшеуі де қаражат жұмсайды. Бұл, әрине, дұрыс емес. Алдағы уақытта шет мемлекеттерден осы уақытта дейін әкелінген деректердің тізімі жасалады да аталған базада сақталып, ортақ қолдануға қол жеткіземіз. Ал болашақта шетелдердің архивінен әкелетін құжаттардың тізімі жасақталып, мамандар бір-бірінің жұмыстарын біліп отырады. Мұндай шара архивистер ізденісінде бір-бірін қайталамауына әрі қаржы үнемдеуге септігін тигізеді.

«Архив- 2025» жеті жылдық бағдарламасы 2004 жылы қабылданып, табысты жүзеге асқан «Мәдени мұраның»жалғасы деп айта аламыз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлтымыздың тарихын тереңінен зерттеп, бабалармыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі деректі құжаттар, ғылыми айналымға түспегені бар, отандық және шетелдік мұрағаттардағы елеулі дүниелерге зерттеу жүргізуге бағдар берді. Тарихты жаңаша зерттеп, насихаттауда негізделген бағдарлама қалай өрбиді, оның аясында қандай жұмыстар атқарылады – мұны бүгінде мамандар саралау үстінде. Жалпы бұл саладағы мамандарды 7 жылда қыруар жұмыс күтіп тұр.

Қазір республика көлемінде арнайы құрылған комиссия бағдарлама жобасын талқылап, ғалым, тарихшы, архивистердің ұсыныстарын жинақтауда. Біз өз тарапымыздан шет мемлекеттердің архивінен құжат іздеу, алдыру жұмыстарына тарихшылардың қатысқаны дұрыс деген ұсыныс беріп отырмыз. Себебі архивистердің мақсаты – құжаттарды реттеп, сақтап, халықтың игілігіне ұсыну. Сол себепті, алыс-жақын шетелдерге архив қызметкерлері мұрағат деректерін жинақтауға шыққанда тарихшыларды тарту қажет. Олар құнды дүниелердің маңызын білетіндіктен, нақты бағыт-бағдар береді әрі ол құжаттар ғалыми айналымға түсер еді.

– Шымкент қаласы туралы тарихи деректерді іздестіру жоспарда бар ма?

– Санкт Петербург мемлекеттік архивінде 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы туралы деректер сақталған. Кезінде орыс ғалымдары қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігін ауыл-ауылдарға шығып зерттегенін білесіздер. 1870 жылдан бергі қазақтың тарихы, ұлт зиялылары жайындағы мәліметтер Өзбекстанның архивінде көп сақталған. Шымкент қаласы республикадағы маңызы бар үшінші қала мәртебесін алғасын шаһарға қатысты зерттеу-зерделеу жұмыстары біздің салаға үлкен міндет жүктеп отыр. Осы мақсатта қазір шет мемлекеттердің архивіне шығу мәселесі көтеріліп, қандай мәліметтер қажет екені зерделенуде. Екіншіден, қалалық архив қала аумағындағы мекемелердің құжаттарын 75 жыл сақталуына лайықталған. Шаһардың саяси-мәдени, экономикалық-әлеуметтік тарихына қатысты құжаттар облыстық (қазіргі Түркістан облысы) архив қорында сақталатын. Алдағы уақытта оларды қала меншігіне қайтару жұмыстары күтіп тұр.

– «Ұлттық архив қоры және архив туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толыпты. Өткен жылы заңда толықтырулар мен өзгерістер болды? Өзгерістердің тиімді тұстарын атап өтсеңіз...

– Заңдағы өзгерістер мемлекетік архивтердің ақылы қызмет көрсетуіне құқық берді. Одан түскен қаражат мекеменің материалдық-техникалық базасын және өзге де қажеттіліктеріне жаратылады. Тағы бір маңыздысы, мекемелер бүгінге дейін өздеріндегі құжаттардың сақталуына немқұрайлы қарап келді. Енді заңда талаптар күшейтіліп мекемелерде іс жүргізу және архив ісін жүргізу қадағаланып, құжатқа қырын қарағандарға шара көріледі.
Ал электрондық қызмет көрсетуге көшкенде жүйеге енгізілген арнайы бағдарламамен мекемелерден нормативтік құқықтық актілерді интернет арқылы жіберуге мүмкіндік болады. Біздер жаңа форматтағы қызметпен методикалық, әдістемелік көмек бере аламыз. Бұл қаладан шалғайда жатқан мекемелер үшін тиімді болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Страница 8 из 27