Шымкенттегі Нұртас, Тұран, Бозарық, Қайнарбұлақ, Нұрсәт шағынаудандарының тұрғындары алдында Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреев қорытынды есептік кездесуін өткізді.

DSC 9754

Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі аймақта тұрғындар үшін маңызды саналатын жол, көгілдір отын, жарық, ауыз сумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша нақты атқарылған жұмыстарын баяндады.

– Ауданда 1,110 шақырымды құрайтын 1 272 көше бар. Былтыр Қайнарбұлақ шағынауданында №125 мектепке баратын жол, Достық шағынауданында – 10, Тассайда бір көше күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Одан бөлек Достық, Тассай, Мирас, Мәртөбе, Нұртас, Сайрам, Қызылсу, Исфиджаб тұрғын алаптарында 18 көше жөнделді. 97 көшені жөндеудің жобалық-сметалық есептері әзірленіп, ұсынылды, - деді аудан әкімі.

Баяндамадан соң тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты М.Тоғызбаев жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданға жаңадан қосылған елдімекендердегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешсек, деген ұсыныс білдірді.

DSC 9857

– Асар-2 шағынауданында топырақ жолдардың 90 пайызына тас төселді. Жарық, таза су, кәріз жүйесі орнатылып, халықтың игілігіне берілді. Енді Сайрам тұрғын алабында төрт күре жолға бағдаршам, жол белгілері мен бақылау жүйелерінің қойылуына назар аударсаңыздар, - деді депутат.
Қаратаулықтар назарға ұсынған мәселесінің бірі - туризмді дамыту. Сайрам тұрғын алабында туристерді қызықтыратын Қарашаш ана, Ибраһим ата, Қызыр, Ләтіп ата кесенелері бар. Тұрғындардың ұсынысын қала әкімі қолдады.

– Бұл мәселе біздің тікелей бақылауымызда. Қазір кәсіпкерлермен кесенені жөндеу, жолдарды дұрыстау, демалыс орындары, аллея ашу секілді жұмыстарды жүзеге асыруға келісімдер жүруде, - деді қала әкімі.

Бозарық шағынауданының тұрғыны У.Юсупов 1500 бала білім алатын жаңа №131 мектептің жанынан аула клубы ашылса деген тілекпен келіпті.
– Қаладан шалғай орналасқан елдімекендегі балалардың орталыққа жетуі оңай емес. Оның үстіне қоғамдық көлік жүрмейді. Балалар бос уақытын текке өткізбей, үйірмелерге қатысса деймін. Сонымен бірге, мектебімізде бес айдан бері директор жоқ. Басшылық болмағасын, білім мен тәрбие жұмысы төмендеп барады. Осыны өз назарыңызға алсаңыз, - деді У.Юсупов.

Шымкент қаласының әкімі қалалық білім басқармасына бұл жағдайды тез арада шешуді тапсырды. Жалпы, қала әкімі аудан тұрғындарының мектеп, спорт кешендерін салу, жол және қоғамдық көлік бойынша өтініштерінің барлығының орындалуын өз бақылауына алатынын жеткізді.

Сот саласындағы жаңа формат

Среда, 30 Январь 2019 04:47

Шымкент қалалық соты азаматтарды қабылдаудың жаңа форматына көшті. Сот ғимаратындағы «Тұрғындарды қабылдау» орталығының ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Қала әкіміне қалалық соттың төрағасы Е.Рахымбеков алдымен жаңа орталықтың жұмысын таныстырды.

DSC 0459

– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуда нақты тапсырмалар берді. Оны бастысы дауларды сотқа жеткізбей бітімгерлік жолмен шешудің баламалы түрін дамыту мәселесі де бар. Тараптардың дауын сотқа жеткізбей реттеуде орталықтың маңызы зор. Онда сот алқаларының төрағалары, сот әкімшісінің басшысы, әдеп жөніндегі комиссия төрағасы азаматтарды демалыс, мереке күндерінен басқа уақыттың бәрінде қабылдайды, – деді Е.Рахымбеков.

Қалалық соттың берген мәліметтеріне сүйенсек, миллионды қалада өткен жылы 29 мыңға жуық азаматтық іс қаралған. Сот жүйесінде медиация институтын дамытуда осы кезге дейін татуластыру кабинеттері, ардагерлер кеңесінің қолдауымен билер кеңесі де құрылған. Мемлекеттік органдарда әлі де медиациялық кабинеттер ашу мен кәсіби медиаторлардың санын көбейту мәселесі тұр. Осы жұмыстарды жандандыруда қалалық сот пен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Қаладағы мекемелерде медиациялық кабинеттер ашу бойынша бірлесе жұмыс істейміз. Ұйымдастыру жағынан көмек қолын созуға дайынбыз, – деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Жаңа орталық ашық қызмет көрсетуде барлық жағдай қарастырылған. Татуластыру бөлмесінде тараптардың өзін жайлы және психологиялық тұрғыдан еркін сезінуіне мүмкіндік жасалған.

Еліміздің дәрігерлері тіс жегісімен ауырған балалардың саны артып барады деп дабыл қағуда. Келтірілген статистикалық мәліметке сүйенсек, республикада тіс жегісімен балалардың 76%-ы ауырса, ауыл-аймақтарда олардың үлесі 98%-ы жеткен. Ал Шымкентте өткен жылы тісі құрттаған 80 мыңға жуық бала дәрігердің көмегіне жүгініпті. Дерттің дендеуіне не себеп? Тістің құрттауы несімен қауіпті? Осы сауалдарға маманмен бірге жауап іздеп көрсек.

IMG 20190114 154144

«Балалар стоматологиясынан айрылып қалмайық»

Еліміздегі бірыңғай Қазақстан стоматологтары қауымдастығы тіс дәрігерінің қызметіне жүргізген талдауда балалар арасында тіс жегінің дендеп бара жатқанын көрсеткен. Өзекті мәселені көтерген Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай денсаулық сақтау министріне сауал жолдап, бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Депутат бұл салада мамандардың жетіспеуімен қатар білім ордаларында тіс емдейтін кабинеттердің болмауынан, әсіресе, шалғайдағы ауыл балаларының жағдайы қиын екенін алға тартты. Өйткені республикада 800-ден асатын мектепте ғана стоматологиялық кабинет бар, бұл мектеп оқушыларының үштен бірін ғана құрайды. Сондықтан халық қалаулысы білім ұйымдарында стоматологиялық және жылжымалы кабинет ашудың бағдарламасын дамытуды ұсынды. Ол өз сөзінде республикада 1 121 мемлекеттік мекеменің 12-сі ғана балалар емханасы екенін, олардың дені қазіргі уақытта жекенің меншігіне өткенін атап өтті. Дархан Мыңбай депутаттық сауалында балалар стоматологиясынан бір кездегі педиатрия секілді айрылып қалмайық, деді.

Жыл сайын бала саны өсіп, мектептер салынып жатқан мегаполис қалада бұл тұрғыдағы жағдайдың қалай екенін саралап көрдік.

16 мектепте ғана тіс емдейді

Шымкент қалалық тіс дәрігерлік емханасының бөлім басшысы Сәуле Оспанованың айтуынша, Шымкенттегі 146 мектептің 16-да ғана стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.

– Білім ошақтарындағы тіс емдейтін кабинеттерде мамандар оқушыларды алдын ала тексереді. Ем-дом жүргізіп, күрделі жағдайда ғана емханаға жібереді. Кабинеттер медициналық құрал-жабдықтар және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Жалпы бала саны 800-ден асқан мектептерде бір стоматологиялық кабинет болуы тиіс. Дегенмен, бүгінде артық кабинеттердің болмауынан және мамандардың жетіспеуінен бұған қол жеткізе алмай отырмыз, - дейді С.Оспанова.

Өткен жылдың өзінде 72 300 бала қалалық стоматологиялық емханаға тіс жегісін емдеуге жазылған. Ал мамандар ата-аналардың ауру әбден дендеген кезде көмекке келетін айтып, қазірдің өзінде 2-3 жасар сәбилердің тісін пломбомен жамап-жасқап, жұлуға мәжбүр екенін айтады. Бұл өз кезегінде ұрпақ саулығына баса назар аударуды білдіреді.

– Стоматологиялық кабинет жұмыс істейтін мектептерде мамандардың бақылауы болғандықтан, ауру көрсеткіші төмен. Дегенмен, мыңдаған оқушы оқитын білім ордалары кездеседі. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен, қоғамдық көліктің қатынауы қиын, қаладан шалғай орналасқан мектептерден оқушылардың көбісі орталықтағы емханаға келмейді. Жылжымалы кабинеттер қызмет көрсеткенімен, ауруды анықтап, емдеуге үлгеру мүмкін емес, - деді әңгіме барысында бөлім басшысы.

Тіс дәрігерлері алты жастан бастап балалардағы тіс ауруларының алдын алуда жылына бір рет тексеріп тұрады. Шымкенттік дәрігерлер қазіргі жекеменшік мектептер мен балабақшалар мәселесі өзекті болып тұрғанын айтады. Бөлім басшысының сөзінше, жекеменшік білім ордалары мамандарды кіргізбейтін көрінеді.

Мамандардың дерт көрсеткішін азайтуда гигиеналық тазалықты сақтауда насихат жұмыстарын күшейтуді қолға алудан басқа амалы жоқ. Арнайы сабақтар өткізіп, тіс тазалау, күтімге алу мен дұрыс тамақтануда парақшалар таратуда. Сондай-ақ, ата-аналарға «ауру» қатарына қоспайтын тіс құрттаудың қауіптілігін айтып түсіндіруде.

Тіс жегісі несімен қауіпті?

IMG 20190117 112250

Шынтуайтында «кариес» деп атап жүрген кесел несімен қауіпті? Балалардың тісі құрттағанда ауруға санамай, «тісі түсіп, жаңасы шығады» дейтініміз жасырын емес. Стоматологтардың бұл тұрғыдағы пайымы бөлек.
– Тіс жегісінің пайда болуына ауыз қуысындағы стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериядан тістің эмалі үгіледі, содан кейін дентині ойылады. Сосын ас дұрыс шайналмаса, асқазан бұзылады, егер тісті емдемесе, ауру үстіне ауру жамала береді, - дейді стоматолог-дәрігер Эльмира Мырзанова.

Э.Мырзанова О.Жолдасбеков атындағы №9 лицейдегі стоматология кабинетінде 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Біз барғанда дәрігер бірінші сынып оқушыларының тісін тексеріп жатыр екен.
– 3600 оқушы бар. Айына 400-дей оқушыны тексеріп, тісте проблема болса, емдейміз. Ем жасағанда төменгі сынаптағы оқушылардың жанында ата-аналарының болуын міндеттейміз. Өкінішке қарай, бір сыныптағы оқушыларға тексеру жүргізгенде бес-алтауының ғана тісінің сау екенін көреміз. Дақ түскен, эмалі бұзылған, тісі құрттап кеткендер өте көп. Негізінде сүт, азу тістер 12-13 жасында табиғи түрде түсуі қажет. Бірақ бүгінде одан ерте жұлуға мәжбүрміз, - деген маман тіс жегісінің пайда болуына әсер етіп жатқан факторларды да атап өтті.

Тәттілер, көше тамақтары, неше түрлі сусындардың құрамындағы көмірсулар, бояғыштар мен қоспалар, әсіресе, толық дамып-жетілмеген балалардың тісіне өте зиян. Балалар бұрынғыдай қатты алма, сәбізді (олар тісті қақтан тазартып, жақтың бұлшықетінің жұмысына пайдалы) көп жемейді, керісінше, құнарсыз жұмсақ тағамдарды жеуге бейім. Соның салдарынан тістің құрылымы өзгереді, қуыстарына зиянды қалдық жиналып, одан бактариялар көбейеді. Бұдан бөлек, бала түгілі ересектердің біразы тіс күтімінің ережесін ұстанбайды (әр тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын шаю қажет).

Бұл – маман айтқан кеңес. Кеңестің тағы бірі – баланың тісінің сау болуы ананың құрсағында жатқаннан басталады екен.
Дәрігер бізбен әңгімелесу кезінде 7-8 баланың тісін тексеріп үлгерді. Өкініштісі, барлығының ата-анасына емдеу қажеттігін айтқан хат жолданды.
... Бүгінгі сау ұрпақ – ертеңгі ел қамын ойлайтын азамат. Бұл ұл-қыз тәрбелеп отырған әрбір ата-ана үшін маңызды болуы шарт. Себебі, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, қазір әлемдегі адамдардың жартысынан көбісі 30 жасында жасанды тіспен жүр.

Қаратау ауданының Бозарық шағынауданы аумағында Бозарық қосалқы стансасының құрылысы жүруде. Станса биыл іске қосылып, аудандағы осы уақытқа дейін проблема болып келген жарық мәселесі шешімін табады. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреев №89 мектепте халық алдындағы есептік кездесуінде баяндады.

DSC 8646

Жиынға қала әкімінің орынбасары Данат Жумин, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы
Ерғали Егемберді, қалалық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен Асар, Асар-2, Азат, Таскен, Достық, Қайтпас елдімекендерінің тұрғындары қатысты.

И.Қантөреев аталған елдімекендердегі атқарылған нақты жұмыстарды баяндап, алда атқарылар жоспарларына да тоқталды.
– Аудан аумағындағы елдімекендерде жол мәселесі өзекті болып келді. Бүгінде Нұртас, Тұран, Қайтпас, Азат шағынаудандары, Бозарық саяжайы, Тассай, Таскен, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында бюджет қаражатынан 68 шақырым көшеге, кәсіпкерлермен меморандум аясында 6,3 шақырым болатын 9 көшеге шағал тас төселді, – деді аудан әкімі.

Баяндамадан соң ауданның жас әкімінің жұмысана оң бағасын берген тұрғындар қарасы көп болды. Көшелерді асфальттау, аяқ жолдар салу, мемлекеттік трансформатор орнату, ауыз сумен қамтамасыз етуде тұрғындардың өтінішін дер кезінде атқарған жұмыстарына алғысын жеткізді.
Дегенмен, ауданның проблемасы аз емес. Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны А.Өмірзақова халықтың қауіпсіздігі үшін қойылған 16 камераның 9-ы істен шыққанын айтып, 40 мың халқы бар саяжайға бір банкомат қойылса деген ұсынысын жеткізді. Ал жаңадан бой көтерген Тұран шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының талабы – қоғамдық көліктің жайы, кондукторлардың мәдениетсіздігі.

Қайнарбұлақ тұрғыны Сегізбай Өскенбаев Сайрам ауданынан қосылған елдімекен тұрғындары жер учаскесінің құжатын қалаға өткізе алмай келе жатқанын айтып, көмек сұрады.

DSC 8722

Тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға аудан басшысы мен басқарма басшылары жауап беріп отырды. Аудан әкімі шағымдардың әрқайсысының орындалуы жеке өзінің бақылауында болатынын жеткізді.

Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреевтің жылдық есебін тыңдауға ауданға қарасты Сайрам, Шапырашты, Өтеміс,Орманшы, Достық, Қызылсу, Мәртөбе, Исфиджаб тұрғын алаптарының тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты басқарма және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 250 мыңға жуық халқы бар ауданның басшысы алдымен жыл бойына жоғарыда атап өткен елдімекендерде атқарған жұмыстарына тоқталды.

DSC 7700

– Аудан бойынша 47 202 жеке үй болса, 37 511 үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылды. 5211 үйге кестемен, 4431 үйге тасымал арқылы су жеткізіледі. Бүгінде Сайрам тұрғын алабында жаңа құрылыс аумағына ауыз су жеткізуде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында сапалы су толығымен тұрғын алапқа жетеді, - деді аудан әкімі. Бұдан бөлек елдімекендердегі өзекті мәселе саналатын электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету мен жол салу, абаттандыру мен қала тазалығы секілді жұмыстардың барысын баяндады.
Есеп тыңдалған соң жиналғандардың ұсыныс-тілектеріне кезек берілді.

DSC 7802

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев өткен жылы қарастырылған бюджет қаржысы аз болғанымен, Қаратауда көптеген тірліктің қолға алынғанын жеткізді: – Ендігі үлкен мәселе – тарихи-мәдени ескерткіштерге бай Сайрам тұрғын алабында туризм бағытын дамытуды қолға алсақ. Ол үшін жол алдымен жол мәселесін шешу керек, – деген ұсыныс айтты депутат.

Айта кетсек, Қаратау ауданына жаңадан қосылған елдімекендер саны аз емес. Олардың проблемасын қалалық мәслихат депутаты Х.Ахматханов былай жеткізді:

– Сайрам ауданынан қосылған елдімекендер диханшылықпен күн көріп отыр. Дегенмен, олар ағын суға зәру. Бізде 12 қанал бар. Егер олар жөнделіп, тазаланса, талай адамдың егіншілікпен айналысуына болар еді.
Ауданға қарасты Достық алабының тұрғындары мемлекеттік трансформаторға қол жеткізе алмай келеміз десе, З.Бекмырзаева Достықтағы Мәдениет көшесі Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмегенін, жарықтандыру, жол салу қажеттігін айтты.
Есептік жиында айтылған шағымдарға жауапты басқармалардың мамандары жауаптарын айтты. Ал аудан әкімі әр шағымның ескеріліп, өз бақылауына ұстайтынын атап өтті.

Исамидин Қантөреев,сондай-ақ, биыл Сайрам тұрғын алабындағы жиі сөнетін жарық, кәріз жүйесі, ауыз су, Өтеміс тұрғын алабында мәдениет үйін салу, Қызылсу мен Мәртөбеге қала орталығына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін шешуге уәде берді.

DSC 7684

Патология бөлімшесі ашылды

Среда, 16 Январь 2019 05:37

Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада жүкті әйелдерді емдеуге арналған патология бөлімшесі ашылды. 20 төсек-орынға арналған бөлімше екінші деңгейдегі перинаталды көмек көрсету үшін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толыққан. Өткен жылдың өзінде ауруханада 4 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

IMG 20190115 113249

– Мегаполисте туу көрсеткіші артып, бала саны көбеюде. 2018 жылы ауруханада 3567 сәби дүниеге келді. Босану бөлімшесіндегі 90 төсек 155-ке көбейтілді. Бұл көрсеткіштер ауруханада жүкті аналарға медициналық қызмет көрсетудің аясын кеңейтіп, ана мен бала саулығын жақсартуда жаңа қажеттіліктер туындады, - дейді №2 аурухананың бас дәрігері Сәрсен Пернебеков.
Бөлімшеде емделіп жатқан қала тұрғыны Тұрсынай Пірматованы дәрігерлер отамен босандыруға дайындауда.
– Үшінші сәбиіме жүктімін. Алдында екі баламды отамен босандым. Кешеден бері дәрігерлер медициналық тексеруден өткізді, денсаулығымды бақылауға алып, жағдайымды сұрап жүр. Енді аман-есен босанып алсам, - дейді жүкті ана.
Патология бөлімшесінде жүктіліктің 34-аптасына бастап қан аздықтың ауыр дәрежесі, бір немесе екі кесарь тілігі бар жүкті әйелдер, айтолғақ, мерзімінен асқан жүктілік, ЭКҰ, көп ұрықты жүктілік секілді паталогиясы бар науқастарға медициналық қызмет көрсетіледі.

Шымкент қалалық №7 емхана – бүгінгі күннің талаптарына толық жауап беретін медициналық мекеме. Мұнда жылына екі-үш рет шетелдік дәрігерлер диагностикалауда жергілікті УДЗ мамандармен тәжірибе алмасуды дәстүрге айналдырып келеді. Емханадағы медицинадағы цифрландыру жүйесінің қолға алынуы, жаңа реформалар және бұдан өзге жаңашылдықтармен танысып қайтқан болатынбыз.

IMG-20190114-WA0017

Шымкенттегі №7 емханаға қала аумағындағы 13 елдімекеннен 62 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың басым бөлігі Тоғыс, Қарабастау, Жалын, Бадам-1,2, Маятас, Жыланбұзған, Қарақия және Қаратөбе секілді қалаға қосылған елдімекендер. Дәл қазіргі уақытта емхана ұжымы тұрғындардың медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда және сапалы қызмет көрсетуде цифрландыру жүйесіне толыққанды өтуде.
– Емханада медициналық құжаттарды қағазсыз жүйеге көшіру бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 24 журнал электронды форматқа көшірілсе, денсаулық құжаттарының 99,2% электронды түріне ауыстырылды. Енді тұрғындар бұрынғыдай қағаз тасымайды, құжаттардың барлығы бірыңғай базаға енгізіліп, дәрігер науқастың жеке кабинеті арқылы барлық деректерді көріп отырады. Емханадағы УДЗ, рентген, флюорография сияқтысоңғы үлгідегі медициналық құрылғылар бұл жұмыстарды жеделдеткенін атап өткім келеді. Енді тұрғындардың интернетті пайдаланудағы белсенділігін арттыруда жұмыстар күшейтілді. Бүгінгі таңда емханаға тіркелген 20-60 жас аралығындағы тұрғындардың 30% мобильдік қосымшаны пайдалануда, жүкті әйелдердің – 62%, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналардың 48% қосымшаның игілігін көруде, - дейді емхананың бас дәрігері Айман Оспанова.
Бас дәрігер емхана тұрғындарының басым бөлігі қалаға жаңадан қосылған шалғайдағы ауылды елдімекендер болғандықтан, интернет жылдамдығының төмендігі және смартфон мәселесінің өзекті екенін алға тартты.

111

– Бұл жұмыстарға арнайы мамандарды бекіттік. Олар ұялы телефонға мобильді қосымшаны қондырып, онымен жұмыс істеудің ережелерін түсіндіруде. Тұрғындар, әсіресе, дәрігерге жазылу және үйге шақыруды смартфон арқылы жүзеге асыруда уақыт үнемдеудің тиімді екенін түсінуде, - деді А.Оспанова.

Ауруларды басқару бағдарламасы тиімділігін көрсетті

2016 жылы Қазақстанның бес аймағында ауруларды басқарудың пилоттық бағдарламасы енген болатын. Мұндағы басты мақсат - елімізде өлім-жітімді көбейткен артериалды гипертензия, қант диабетіне шалдыққан, созылмалы жүрек талмасы секілді аурулардың көрсеткішін төмендету. Аталған жоба бойынша жұмыс істеген №7 емхана қаладағы емханалар арасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.
– Бұл жобаның мақсаты – клиникалық тәжірибенің озық үлгілерін пайдалана отырып, науқастың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру арқылы оның жағдайын жақсартып, өмір сапасын арттыру. Осы мақсатта науқастар арасында аталған үш дертке шалдыққан науқастар жіті қадағалауға алынды. Олар ай сайын медициналық тексерілуден өтіп, анализді ұдайы тапсырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу мен оны қабылдауына дейінгі жағдайлар дәрігердің бақылауында болды,- деді емхананың бас дәрігері.
Нәтижесінде бүгінде емхана тіркеуге алынған науқастар арасында артериалды гипертензияға шалдыққандардың қан қысымы қалпына түсіп, қант диабетіне шалдыққандардың анализ көрсеткіштері реттелген.
Кафедра жұмыс істейді Шымшаһарда емханалар арасында кафедралар жұмыс істейтін медициналық ұйымдар көп емес. Солардың бірі – осы №7 емханада үш бірдей кафедра жұмыс істейді. Олар: педатрия, жалпы тәжірибелік дәрігерлер және Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру институтының жұқпалы аурулар мен фтизатрия кафедрасы. Соңғы атап өткен кафедраға медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Қуаныш Кулаев жетекшілік етеді.
– Емханада институттың студенттері тәжірибелік сабақ өтуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда материалдық-техникалық база стандартқа сай жасақталғандықтан, халықаралық деңгейде шеберлік-сабақтар өткізуге қол жеткіздік. Өткен жылы ультрадыбыстық зерттеу жасауда Беларуссиядан білікті мамандар А.Чуканов пен И.Тихененко келіп, республикада және өңірдегі УДЗ мамандарына шеберлік-сабақ өткізді. Әрі емханаға тіркелген 50-ден аса тұрғынға тегін медициналық кеңес берді, - деді доцент Қ.Кулаев.
Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Қаңтар айының соңында емханаға Киевтен келген профессор О.Н.Ковалевская өңірдегі УДЗ-мамандарға күретамырдағы өзгерістерді сәулелі аппарат арқылы дұрыс анықтаудың жаңа әдістерін үйретпек.

Шымкентте «Қайырымдылық керуені» акциясы жалғасын табуда. Таяуда іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен және танымал режиссер-продюсер Тимур Бекмамбетов, «Асыл бала» қоғамдық қорының қолдауымен шымкенттік 40 бала «Гринч» мультфильмін тегін тамашалады.

Қайырымдылық

Көрсетілім алдында Тимур Бекманбетов балаларға видиосәлемдеме жолдады. Продюсер еліміздің барлық аймағында өткізіп жатқан көрсетілім адамдарды қайырымды болуға үндейтінін жеткізіп, балаларға сәттілік тіледі.
– Республикалық деңгейде өтіп жатқан акцияға өз үлесімізді қосу үшін Шымкенттегі мектеп-интернат, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге қолдау жасағымыз келді. Жобаға қолдау көрсеткен «MEGA Park» кинотеатрына алғысымызды білдіреміз. Бүгін балалардың жүзінен шаттықты көрдік. Әр азаматты осынай акцияларға үлес қосуға шақырамын, - деді Шымкент қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Созақбаева.
Балалар қызықты мультфильмді тамашалаған соң арнайы жайылған дастархандағы тәттілерден дәм татты.

Страница 9 из 27