Ардагерлерге – құрмет

Пятница, 21 Февраль 2020 03:19

Ардагерлерге ізет – тарихқа құрмет. «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының басшылығы осынау ұстаныммен кәсіпорында еңбек ететін ардагерлер-жауынгерлерге құрмет көрсетіп келеді.

ШНОС

1989 жылдың 15 ақпаны күні Ауғанстан жерінен бұрынғы Кеңес одағының соңғы әскери қызметкері шыққан болатын. Осылайша ондаған жылға созылып, 15 мың жауынгер мен офицердің өмірін қиған қарулы қақтығыс аяқталды.

– «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай жыл сайын ардагер-жауынгерлерді құттықтау шараларын жыл сайын өткізіп келеді. Кәсіпорын басшылығы тарапынан ұжымдық шартқа сәйкес әр ардагер-жауынгерлерге даталы күнге орай 35 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы мен 3 күн демалыс беріледі. Сондай-ақ, ардагерлерге зауыт есебінен шипажайларға тегін жолдамалар беріп тұрамыз, - дейді «ПКОП» ЖШС мемлекетттік орган және қоғаммен байланыс қызметінің бастығы Сұлтан Абдіқадыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытында бүгінгі таңда ауған соғысының 13 ардагері еңбек етіп келеді. Кәсіпорындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыбек Қалдыкөзовтың айтуынша, 80-жылдардың соңында зауытта Ауғанстан және басқа да жергілікті соғысқа қатысқан 40 ардагер жұмыс істеген. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын азайып келеді.

– Бірқатар қаруластарымыз келмес сапарға аттанып кетті, енді бірі ауыр науқастанған. Осы орайда біздің ерлігімізді ұмытпай, жыл сайын дастархан жайып, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын компания басшылығына алғыс айтамыз. Ал қаруластарыма зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін, - дейді Бақтыбек Әбдіманапұлы.

Айта кетейік, мұнай өңдеу зауытында осынау даталы күн 20 жылдан бері атап өтіліп келеді. Жыл сайын кәсіпорын басшылығы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай мерекелік дастархан жайып, ардагер-қызметкерлерге сыйақы береді. Ал бұл күнде жігіт ағасы жасына жеткен жауынгерлер қаза тапқан қаруластарын еске алып, Абай саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қояды.

Тасқын қаупі жоқ

Пятница, 14 Февраль 2020 03:45

Шымкент қаласында су тасу қаупі жоқ. Қалалық төтенше жағдай департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов БАҚ өкілдеріне осылай деп мәлімдеді.

ТЖД 4

Департамент басшысының айтуынша, қаладағы 4 су қоймасындағы жағдай қанағаттанарлық. Меншік иелері бұған дейін қоймаларды күрделі жөндеген.
Көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық ретінде ҚР ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімдерінің жеке құрамы және құралдары дайындыққа келтірілді. Яғни, төтенше жағдай департаменті тарапынан 297 маман, 49 техника және 28 жүзу құралы, 38 мотопомпа әзірленсе, Ұлттық ұланнан – 100 маман және 5 техника, жергілікті полиция департаментінен – 90 қызметкер және 6 техника дайын тұр.

Бұған қоса қала шаруашылығы саласында да тиісті жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда шаһардағы ирригациялық жүйені дайындыққа келтіру мен өзен арналарын күтіп-ұстау мақсатында қаржы бөлінді. Енді 2020 жылы жалпы ұзындығы 59 шақырым болатын 29 көшеге ирригациялық арық салу жоспарлануда.

Сонымен қатар 19 тұйық ирригациялық учаскені ашу, қаланың 12 көшесінде қосымша ирригациялық лоток салу және жобалау-сметалық құжаттасын әзірлеу үшін де қаржы қарастырылды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары журналистермен бірге қала іргесіндегі Сайрам су өзеніндегі жағдайды бақылап қайтты. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерді тексерген мамандардың айтуынша, департамент тарапынан су қоймаларындағы, өзендердегі және каналдардағы жағдайға тұрақты мониторингі жүргізіледі.

Айта кетейік, 2017-2018 жылдары Сайрам су өзеніндегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты облыстық маңызы бар көпірдің қорғаныш бөгеттері мен тіреу бағанын су шайып кеткен болатын. Төтеншее жағдай департаментінің өкілдері осы көпірді жөндеу мәселесін қалалық төтенше жағдай комиссиясының отырыстарында бірнеше рет көтердік дейді. Нәтижесінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, қазіргі уақытта аталған көпірді күрделі жөндеу үшін конкурс өткізуде.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің жетекшілері қалалық және аудандық әкімдіктермен бірге Сайрам су өзенінің бойындағы қауіпті учаскелерді бетондау және жағалауды бекіту бойынша жобалық-сметалық құжатын дайындайды.

Цифрландыру – өрт сөндіру қызметінде

Төтенше жағдай департаментінде, сонымен қатар, ҚР Үкіметі бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда көпшілік қолданатын «2ГИС» бағдаламасын шымкенттік өрт сөндірушілер де өз қызметтерінде қолданады.
Осы бағдарламадағы Шымкент қаласының толыққанды картасында өрт гидранттарының орындары белгіленіп, енгізілген.

Шұғыл шақырылымдарға шыққан кезде өрт сөндірушілер осы карта бойынша өрт гидранттарын оңай таба алады. Енді бұл тиімді цифрлы қызметті жас мамандар әрі қарай жетілдіріп отыр.
Нақты айтсақ, Шымкенттегі №3 өрт сөндіру бөлімінің шығу аумағында 496 өрт гидранты бар. Бөлім қызметкері, азаматтық қорғау капитаны Роман Письменский осы гидранттардың барлығын арнайы тексеріп шығып, смартфонға «MapsMe» қосымшасы арқылы біртіндеп енгізіп шықты. Осылайша жас маман әріптестерінің жұмыс сапасының артуына үлес қосып отыр.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халықтың цифрлық білімділігін 83%-ға арттыру жоспарланса, өрт сөндірушілер де осыған өз үлестерін қосуда.

Пандустар стандартқа сай ма?

Пятница, 14 Февраль 2020 03:20

Елімізде «Қолжетімді Қазақстан» жобасы басталды. Мұндағы мақсат – мемлекеттік, коммерциялық және әлеуметтік секілді барлық қоғамдық нысандарда тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобына жасалған жағдайға мониторинг жүргізу. Бұған қоса толыққанды интерактивті карта да жасалмақ.

 DSC8630

Осы жоба аясында Шымкентте рейд өтті. Оған Nur Otan партиясының мүшелері, әкімдік басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Мониторинг тобы Шымкенттің бір қақпасы саналатын теміржол вокзалындағы пандустарды тексеріп көрді. Мұның себебі де бар – қалаға келген қонақтар мен сапарға шыққан халық осы теміржол вокзалы арқылы өтеді.

– Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға бақылау жасау. Тұрғындардың осал тобына қолжетімді орта қалыптастыру бойынша мемлекеттік стандарт бар, - дейді партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова. – Дегенмен, ол стандарт біраз жерде сақталмаған. Енді сол олқылықтарды анықтап қана қоймай, алдын алуға тырысамыз. Бұл жолы мониторингті қалаға кіре беріс қақпа – теміржол вокзалынан бастап отырмыз. Шымкент үшінші мегаполис, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы десек, алып қаланың дамуы экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да бағаланады.

Мониторинг тобы мүшелерінің айтуынша, теміржол вокзалына көтерілер баспалдақтан бастап вокзалдың ішіндегі жағдай да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аса қолайлы деуге келмейді. Жаңартылған стандарт бойынша баспалдақтағы пандус текпешекпен бірге емес, оған дейін – 1 метр жерден басталуы тиіс. Бұл қоларбаға мінген жанның пандусқа көтерілуі жеңіл болу үшін жасалады. Сонымен қатар, мұндағы пандус жаңартылған стандартқа сай келмейді дейді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Мысалы, вокзалға кіре берістегі баспалдақ тұтқышының биіктігі 110 см, ал стандарт бойынша оның биіктігі 80 см аспауы тиіс. Бұған қоса пандус жолағының ені қазіргі талап бойынша 85 см емес, 110 см болуы тиіс.

Бір қуантарлығы, кәдімгі баспалдақтың ені мен биіктігі қозғалысы шектеулі тұрғындарға қолайлы болып шықты. Дегенмен, «бұл жалпақ баспалдақта әр 2,5 метр сайын тұтқыш орнатылуы тиіс» дейді «Ұлар Үміт» ұйымының жетекшісі. Ал ол мұнда жоқ.

Сонымен қатар вокзал ғимаратының ішіндегі мүгедек азаматтарға жасалған жағдай мәз емес. Ғимаратқа кіретін пандустың тұтқышы тек бір жақты қойылыпты. Көмек шақыратын батырмасы ережеде көрсетілгендей пандус бас жағында емес, соңында бір-ақ орнатылған. Ал кассаға келген қоларбадағы жолаушы мен кассир бірін-бірі көре алмайды – терезе стандарт бойынша 80 см емес, одан биік орнатылған. Дәретханаға апаратын жолға да, дәретхананың өзіне де арнайы белгі оңай көрінетін жерге ілінбепті.

– Біз «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында қозғалысы шектеулі топтарға әлеуметтік нысандарда жасалған жағдайға мониторинг жүргіземіз. Күн сайын осылай тексеріп жүрміз. Анық болғаны – теміржол вокзалында тек мүгедектер емес, қозғалысы шектеулі топтарға да жағдай жасалмаған. Ал қимыл-қозғалысы шектелген топқа мүгедектер ғана емес, қоларбасы бар ана, уақытша жарақат алғандар, зейнеткерлер де жатады. Ал мына пандустардан ешқандай ана қоларбамен шыға алмайды, - дейді «Ұлар Үміт» қоғамдық бірлестігінің директоры Дилара Омарова. – Айта кетейік, кез келген ғимарат 2015 жылға дейін пайдалануға берілсе, ондағы жағдайды қайта жасауға болады.

Оған міндетті. Ал егер ғимарат 2015 жылдың 1 шілдесінен кейін соғылса, ҚР заңнамасында көрсетілген мемлекеттік стандартқа сай қабылдануы керек. Вокзал басшыларының айтуынша, ғимарат жөнделген, бірақ, біз көрген тік пандусты қалыпқа сай жасауға қаржы қаралмапты. Өздері осыған байланысты айыппұл алғандарын айтып отыр. Сонда талапты орындамай, айыппұл төлеген оңай болғаны ма? Осындай жағдайларды қалыпқа келтіру үшін біздің жоба жыл соңына дейін жалғаса береді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 100 ерікті мен үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі қызметкерлері де «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында мониторинг жасауға атсалысады. Анықталған олқылықтар бойынша тиісті мекемелерге, мемлекеттік органдарға талап-арыз жазылмақ.

Айта кетейік, «Қолжетімді Қазақстан» жобасы еліміз бойынша 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін жалғасады. Қазақстандағы мекемелер мен қызметтерге халықаралық стандарттарға сәйкес тең қол жеткізу құқығын қорғауға және қамтамасыз етуге бағытталған жобаға «Орталық Азиядағы Еуразия Қоры» қолдау көрсетуде.

Алғашқы шетелдік көлік тіркелді

Среда, 12 Февраль 2020 03:35

Шымкент қаласының тұрғыны А.Бакиев шетелден әкелген көлігін уақытша тіркеуге қойып, арнайы нөмір алды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Уақытша тіркеу 1

Осылайша бұл азамат үшінші мегаполисте көлігін алғаш болып уақытша тіркеуге қойып отыр.
Автоәуесқой 2018 жылы Армениядан Тойота Камри көлігін әкелген.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірген болатын.

– Шетелден жеткізілген автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады. Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі, - деген еді М.Қожаев.

Шымкент қаласының тұрғыны А.Бакиев деген азамат шетелден әкелген көлігін уақытша тіркеуге қойып, сары түсті арнайы 1717 нөмірін алды. Бұл туралы "Шымкент келбеті" газетінің тілшісіне "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева мәлімдеді.

 

Осылайша бұл азамат үшінші мегаполисте көлігін алғаш болып уақытша тіркеуге қойып отыр. Автоәуесқой 2018 жылы Армениядан Тойота Камри көлігін әкелген.

 

 

 

 

 

nomer2

 

 

 

 

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірген болатын.

 

 

nomer1

 

 

– Шетелден жеткізілген автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады. Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі, - деген еді М.Қожаев.

Шымкент ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атанды. Мәдениет дегенде ойымызға алдымен театр деген ұғым оралатыны ақиқат. Ал театр сахнадағы әртістерді көз алдыңа әкеледі. Солардың ішінде жансыз қуыршаққа тіл бітіріп, сахна сиқырына жетелейтін қуыршақ театрының жөні бөлек. Осы орайда біз Шымкент қалалық қуыршақ жəне жасөспірімдер театрына бас сұғып, сахна сыртындағы мамандарымен тілдесіп қайтқан едік.

15

Театрдың тәжірибелі мамандарының бірі – Ұлжалғас Тәшібекқызы. Бұл саладағы еңбек өтілі 40 жылдан асқан әрі Шымкент қуыршақ театры құрылған күннен бері еңбек етіп келеді.
– Алматының эстрадалық-цирк студиясының (қазір колледж) қуыршақ бөлімінде 1977-79 жылдар аралығында оқып, одан соң 1984 жылға дейін Алматы қалалық қуыршақ театрында істедім, - деп бастады әңгімесін Ұлжалғас Тәшібекқызы. – Сол жылдары Шымкент облысында Асанбай Асқаровтың бастамасымен қуыршақ театры ашылды.

Бізді министрлік арқылы 1984 жылы Алматыдан осында арнайы шақырды. Шымкент қаласына келген бір топ жастың арасында Серік Мақұлбеков, Татьяна Майорова, Бекболат Парманов, Майра Асанова секілді мамандар - режиссерлер, актерлер, суретшілер болды, - дейді сұхбаттасым. – Жергілікті басшылық жастарға барлық жағдайды жасады, бәрімізге біртіндеп үй берді, шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуымызға мүмкіндік туғызды.

Сонымен, жаңа ашылған қуыршақ театры 1984 жылдың 25 ақпаны күні алғашқы «Кукареку» пьесасын сахналады. Ал Ұлжалғас Тәшібекқызы жұмыс істей жүріп, 1985-1990 жылдар аралығында Ленинград театр, музыка және кино институтын сырттай бітіріп алады.
«Басқа театр әртістерінен қуыршақ театры әртісінің қандай айырмашылығы бар» деген сұрағыма ол былай деп жауап берді:

– Айырмашылығы сол – драма театрында әртістер рөлді өздері ойнайды. Ал біз – қуыршақтарды ойнатамыз. Өзің ойнайсың, өзің арқылы қуыршаққа жан бітіріп, сол арқылы алдыңдағы кермеден өткізіп, балаларға жеткізесің. Қысқаша айтқанда, жансыз дүниеге тіл бітіресің. Қуыршақтың қимылы, сөзі әсерлі, нанымды, ең бастысы, бала қиялымен қабысып жатуы керек. Сонда ғана бала көрерменнің көңілінен шығасың, - дейді Ұлжалғас Тәшібекқызы.

Театр – тәрбие алаңы

DSC 0026

Қуыршақ театрының әртістерінде рөл таңдау деген болмайды. «Мына әртіске мына кейіпкер келеді» деген ұғым да жоқ.
– Біз рөл таңдамаймыз. Әртістің жас ерекшелігіне шектеу де жоқ. Неге десеңіз, режиссер бізге жастың да, егде кейіпкердің де рөлін береді. Мысалы, «Кел, бірге ойнайық» деген спектакль бар. Сол жерде бұзық қоянның рөлін ойнаймын, - дейді театр әртісі.

– Біз, әртістер, кейіпкеріміздің кейпіне ену үшін оның образын ашудың жолын іздеуіміз керек. Ал ондай бейнені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұзық қоян кейпіндегі бұзық бала өз ортамызда – балабақшада болсын, мектепте болсын, кездеседі. Міне, сол балалардың әрекетінен қоянның жиынтық образын жасап алдым. Кейде жан-жануарларды суреттеу үшін зообаққа барамыз. Осылайша әр образға жан бітіреміз. Бізге психолог та болу керек. Қимыл-қозғалыс болмаса, құр сөзбен баланы қызықтыра алмайсың. Кішкентай көрерменнің көңілінен шығу оңай емес

. Балаға бала ғой деп, немқұрайлы қарауға болмайды, олар аса сезімтал. Осылайша балалар қаншалықты ұғымтал болса, әртіс те соған сай өсуі керек.
Ұлжалғас Тәшібекқызы жағымсыз рөлді ойнаудың да артықшылықтары болады дейді.

– Неге десеңіз, жағымсыз рөлде «мынадай болу керек» деген шеңбер жоқ, өзің қалауыңша сомдайсың. Еркінсің. Бірақ, жағымсыз рөлді ойнағанда да балалардың бойын сол кейіпкердің болмысына үйретіп алуың керек. Мысалы, соңғы спектакльдерде қорқаудың рөлін ойнадым. Мектептерге, балабақшаларға барып, сахналадық. Әрине, бүлдіршіндер бетпердесі қорқынышты, үстін жүн басқан кейіпкерден қорқады. Оларды үрейлендіріп алмас үшін ақырын қолғабымды шешім, қолымды шығарамын. Балалармен жәйлап амандасамын. Бойларын үйретіп аламын. Балғындарға бірден «шабуыл жасауға» болмайды, - дейді әртіс.

«Бала да үй сияқты. Үйдің іргетасы нашар болса, ол ұзаққа бармай, құлайды емес пе? Сол сияқты, баланың да тәрбиесін ерте бастан қалыптастыру керек. Ал театр – тәрбиенің ең тиімді алаңы» деп түйіндеді сөзін тәжірибелі әртіс.

Мәдениет жылына – тың жоспар

Шымкент қалалық қуыршақ жəне жасөспірімдер театрында жас мамандар да жетерлік. Солардың бірі – 23 жастағы Исмайл Жарас. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-ды режиссура және актерлық өнер мамандығы бойынша тәмамдаған жас оқудан соң бірден осында жұмысқа қабылданған.
Жарас алғашқы сахналық көріністерде аздап қиын болғанын жасырмады.

– Бастапқыда кейіпкердің даусын салуда емес, қимылын қолмен келтіруде аздап қиналдым. Кейін тәжірибелі мамандардан кеңес алдым. Өзім 6 сыныптан бастап мектепте өнер көрсетіп келемін, - дейді Жарас.
Қол қимылы дегеннен шығады, қуыршақ театрында сахналаудың алты әдісі бар екен. Мұны бізге театрдың қазақ труппасының қоюшы режиссері Мақпал Малдыбаева айтып берді.

– Біріншісі, кең танымал «Сырықты» әдісі. Әртістер керменің артында тұрады, балаларға тек қуыршақтар көрінеді. Кәдімгі, қуыршақ театры дегенде көз алдымызға елестейтін құбылыс, - дейді қоюшы режиссер. – Екіншісі – планшет әдісі. Әртістер үстелдің үстінде жартылай немесе толық көрініп, қолымен ойнайды. Мұндағы актердің міндеті – баланың назарын өзіне емес, қуыршаққа аударту. Ал үшіншісі – көлеңкелі әдіс. Ол әдіс театрдың арнайы сахнасында қолданылады. Себебі, жарық түсіру керек. Міне, театрымызда негізінен осы әдістер қолданылады.
Мақпал Малдыбаева театрға пьеса таңдаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін, жергілікті авторлардан шымкенттік Әлібек Файзулла мен белгілі қаламгер Мархабат Байғұттың пьесаларын сахналап тұратындарын айтты.

– Басқа да авторлар шығармаларын жіберіп тұрады. Дегенмен, олардың туындылары көбісіне қуыршақ театрына емес, негізінен мультфильмге келеді. Ал мультфильм мен қуыршақ театрының айырмашылықтары бар. Пьесаны қуыршақ театрына сай келетіндей етіп сахналаймыз, - дейді режиссер.
Театр ұжымының Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атануына орай жоспары үлкен. «Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығы бәрі – бәрін біріктіріп, бір қойылымды жоспарлап отырмыз. Балаларға арналғандықтан, 35-40 минуттың көлеміне сыйдыру маңызды» дейді Мақпал Малдыбаева.

Қоғамдағы қазіргі тренд қайырымды болуға жетелейді. Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан бастау алған ізгілік рухы қоғаммен бірге жалғасып келеді. Күннің көзінен көбірек қуат алатын, соған қоса қазақы пейілдің қаймағы тұнған үшінші мегаполисте қайырымды жандар жетерлік. Жерлестеріміз түрлі жағдаймен тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға көмектесуден сырт қалған емес.

98333

Бар жақсылық – балаларға

«Адамның бір қызығы бала деген» деп, ұлы Абай айтпақшы, иісі қазақтың бойында балаға деген көңіл ерекше. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейді ата-бабамыз. Қуантарлығы, бұл ұстаным бүгінде замандастарымыздың бойынан табылып тұр. Оған «Қасиетті жол» қорының Шымкенттегі орталығының жұмысы арқылы да көз жеткізуге болады. 2014 жылы ел астанасында ашылған қордың филиалы үшінші мегаполисте 2017 жылы жұмысын бастады.

Мұнда түрлі дертке шалдыққан балғындар емделіп, оңалады. Әсіресе, балалардың церебральді сал (ДЦП) диагнозы қойылған балалар үшін таптырмас орталық. Барлық ем және оңалту процедуралары тегін. Айта кетерлігі, қорға мемлекет тарапынан негізінен қаржы бөлінбейді, тек қайырымдылық қаржысына жұмыс істейді.

– «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының жұмысы енді басталған шақта ірі әріптестер, корпоративті демеушілер болды. Дегенмен, уақыт өте келе қарапайым адамдар да көп көмектесуде, - дейді Шымкент қаласындағы орталық директорының орынбасары Айгерім Жұмағалиева. – Жалпы, жерлестеріміз өздерінің көмектерін ұсынуда о бастан белсенді. Балаларды оңалту ісіне көмектескісі келеді. Бір қуантарлығы – ондай замандастарымыз аз емес. Дегенмен, олар «Менің қайырымдылыққа берген ақшам аз, жетпейді» деп ойлайды. Ал негізі, егер біз көп болсақ, бір теңгенің өзінен де қаржы жиналады.

«Көп түкірсе – көл»

Осылайша қор өкілдері қарапайым адамдар да ақша жіберіп, көмектесудің жолдарын жүзеге асыруды ойластырады. Сайт, мобильді қосымша арқылы қалаған соманы жіберуге жағдай жасалады. Kaspi банкінің өкілдерімен байланысқа шығады.

– Kaspi банкі – біздің қорға қайырымдылық қаржысын жинау жолын ұсынған алтыншы әріптес банк болды. Біз екі рет ұсыныс жасадық. Екіншісінде барлығын мақұлдап, келісімге келдік. Бұл қаржы ұйымының ұсынысы біз үшін қолайлы болды. Осылайша әріптес болдық. Жалпы, Kaspi банкінде қаржы аудару жолы жақсы жүйеге қойылған, түрлі құралдары қолайлы, - дейді Айгерім Зинал-аб-динқызы.
Осы тұста айта кетейік, банктер қайырымдылық қорларымен жұмыс істеуде өте мұқият келетін көрінеді. Құрылтайшылық құжаттарын сұратады, қаржылық қызметтің нәтижелерін, аудиторлық қорытындылармен танысып шығады. Мұның барлығы қаржымен сауатты жұмыс істеу қажет.

Kaspi банкімен келісімге келген соң «Қасиетті жол» қорының өкілдері қаржы аударуға қолайлы мобильді қосымша жасау ойы туындайды.

– Бұл идеямызды жүзеге асыруға алматылық жас жігіттер, ІТ мамандары көмекке келді. Олар кезінде белгілі «Тілашар» мобильді қосымшасын жүзеге асырған екен. Бізге көмектесіп, Қазақстан бойынша қайырымдылық қаржысын жинауға арналған алғашқы мобильді қосымшаны тегін істеп берді. Қазір де сол қосымшаның жаңарту, сервис секілді жұмыстарын өздері істеп отыр, - деп жалғады сөзін Айгерім Жұмағалиева.

«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің айтуынша, бір орталықта бір курста 50 бала бірден ем алуға жағдай жасалған. Жалпы, Қазақстан бойынша үш орталықтың жұмысы үшін жылына 400 млн теңге шамасында қаржы қажет.

IMG 20190905 115020

– Қайырымдылықтан түскен қаржының барлығы балаларды емдеуге жұмсалады. Оның есебі бар, мұқият жасалады. Ал қордың өзі құрылтайшылардың жарнасының қаржысымен жұмыс істеуде. Бір қуантарлығы, қайырымдылық қаржысының көлемінде соңғы жылдары ірі компаниялар мен ұйымдардың үлесі азайып, жекелеген адамдар берген ақшаның үлесі артып келеді. Мұның өзі біздің жерлестеріміздің жомарттығына дәлел, - дейді орталық директорының орынбасары.

Әлемдік деңгейде

Тағы бір жағымды жаңалық, «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры енді әлемдік деңгейге шықты. Айгерім Жұмағалиева 2019 жылдың соңында АҚШ-та білімін жетілдіріп келді. Сол курста жүргенде GlobalGiving өкілдерімен кездесіп, қордың жұмысымен таныстырады. Қазақстандықтардың қайырымдылығына қызыққан GlobalGiving мамандары бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасайды. Осылайша қазақстандық балғындардың еміне енді бүкіл әлем қол ұшын соза алады.

GlobalGiving – әлемнің барлық еліндегі коммерциялық емес ұйымдарды, донорларды біріктірген жаһандық ірі краудфандинг қауымдастығы. Бұл платформа коммерциялық ұйымдардың қайырымдылық жолындағы жұмысы тиімді болуы үшін мамандарын оқытады, көмектеседі.

– 2002 жылдан бері осы платформа арқылы 290 корпоративті әріптес пен 954 469 донор әлемнің 170 еліндегі 24 107 жобаға қолдау көрсетіп, жалпы сомасы 418 миллион АҚШ доллары жиналған. Әлемдік платформамен бірге жұмыс істеу үшін қайырымдылық қорына бір айда 5000 доллар қаржы жинау қажет болды. Қазақстандықтар мұнда сомасы межелі уақытқа жеткізбей жинап берді, - дейді Айгерім Жұмағалиева.

«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің алдағы уақытта елдің барлық өңірінен оңалту орталықтары болғанын қалады. Емдеу-оңалту орталықтары жергілікті ата-аналарға қолжетімді болса, балаларын алып, алысқа сабылмаса деген тілектері бар. Сол үшін жергілікті қауымдастықтардың құлағына алтын сырға «тағып», қайырымды жандарға үміт артып отыр.

Білгеніңмен бөліс

Пятница, 24 Январь 2020 03:45

Ерекше күтімдегі баланың  анасы инклюзивті бағыттағы сайт ашты

Жуырда «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне арналған кезекті жиын өтті. «Кедергісіз келешек» бастамасымен өткен бұл басқосуда инклюзивті бағыттағы balatimes.kz порталы көпшілікке таныстырылды.

Сайт

Сайтты ерекше күтімдегі баланың анасы «Nur Otan» партиясының қолдауымен құрып, жұмысын жалғастыруда. Еліміздегі осындай бағыттағы алғашқы порталда балалардағы неврологиялық дерттердің алғашқы белгілері, оларды емдеу, оңалту орталықтарының мекенжайы, жалпы, ерекше балаларды тәрбиелеу секілді тақырыптар көтерілген. Сондай-ақ, бұл порталда дені сау балғындардың ата-аналарына қажет мәліметтер де жарияланып отырады дейді сайт өкілдері.

balatimes.kz порталының негізін қалаушы Жанель Жұмалинованың айтуынша, бұл қадамға басына түскен жағдайдан кейін барып отыр.

WhatsApp Image 2020-01-19 at 22.06.55

Көптеген қиындықты еңсерген келіншек енді білгенін өзі секілді ата-аналармен бөлісіп, көмектеспек. Осыдан үш жыл бұрын дені сап-сау баласы суық тиіп, ауруханаға жатып қалады. Одан арғы жағдайды Жанель күрсінбей еске ала алмайды.

– Ол кезде ұлым Сұлтан бір жас 3 айда болатын. Ауруханада тамшылатып дәрі салды. Сол-ақ екен, көз алдымда ұлым қимылсыз қалды. Дереу жансақтау бөліміне жатқыздық, - дейді Жанель Жұмалинова. – Содан ауруханадан ұлымның қол-аяғы мүлде қимылсыз күйінде шығарып алдық. Бұл жағдай біз үшін күтпеген соққы еді. Әсіресе, балаң осындай жағдайға душар болғанда не істеріңді білмей қаласың.
Дегенмен, қайсар әйел өзін-өзі қолға алып, ұлын емдетуге кіріседі. Сағат сайын, күн сайын жанынан шықпай, қолдан келген емнің бәрін істейді. Өзі үшін де, ұлы үшін де күреседі.

– Дәрінің барлығын уақтылы қабылдадық. Бөлмелерге препараттарды қабылдайтын, массаж жасайтын уақытты үлкен қағаздарға жазып, іліп қойдым. Барлық оңалту шарасын жіберіп алмай, емін қабылдадық. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күнім осылай өтетін. Осындай сәтте жұбайым мен анамның жанымнан табылып, қолдау көрсеткені үлкен демеу болды, - дейді жерлесіміз.

Осылайша тынымсыз күрестің нәтижесінде, арада 3 жылдан астам уақыт өткенде Сұлтан өздігінен жүре бастады. Ал Жанель емдеу және оңалтуды бір сәтке де тоқтатпайды. Ұлының әр қадамы, әр жеңісі туралы әлеуметтік желілерде жазып, өзгелермен бөлісуді қолға алады. Осылайша байланыс артып, WhatsАpp желісінде арнайы топ құрады. Онда өзі секілді 190 ата-ана бар.

– Мен тек әлеуметтік желімен шектелмей, өзім секілді ерекше балалардың ата-аналарына барынша көмектескім келді. Себебі, қиындыққа ұшыраған жанның күйзеліске батып кетуі мүмкін. Сондықтан, сайт құруды ойластырдық. Онда балалардың неврологиялық дертінің алғашқы белгілері туралы жаздық. Қажет мәліметті оқыған аналарда дер кезінде алдын алуға мүмкіндік болады, - дейді сайттың авторы.

Айта кетейік, арнайы сайтта түрлі тақырыптар көтеріледі. Мұнда денсаулыққа күтім жасаудан бастап ерекше балалардың ата-аналарының проблемалары, мүмкіндігінше оларды шешу жолдары қарастырылады.
balatimes.kz сайтын таныстыру барысында ақпараттық портал мен жергілікті атқарушы орган өкілдері арасында ерекше балалардың ата-аналарына қажет мәліметтер ұсыну туралы әріптестік меморандумына қол қойылды. Осылайша білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және медициналық комиссиялар алдағы уақытта өздері көрсететін қызмет туралы ақпараттар ұсынып отырмақ.

Страница 1 из 14