Қылмыссыз балалық шақ...

Пятница, 20 Сентябрь 2019 04:03

Жаңа оқу жылының алғашқы онкүндігінде кәмелетке толмағандар арасында жасалған 16 қылмыстық оқиға тіркелген. Бұл деректерді Шымкент қаласының прокуроры Файзулла Тұрымов қалалық білім басқармасының ғимаратында өткен жиында келтірді.

 DSC9043

Аталған оқиғаларды тәртіп сақшылары жеткіншектер арасында жиі кездесетін жайттарды саралау барысында анықтаған. Нақтырақ айтқанда, 1-10 қыркүйек күндері арасында қаладағы білім беру мекемелерінде талдау жұмыстары жүргізілген. Ал қылмыстарға тоқталсақ, кәмелетке толмағандарды зорлау, қару қолдану арқылы бұзақылық жасау, орта және дене жарақатын салу, ұрлық жасау, жол көлік оқиғасы, көлік ұрлығы, өз-өзіне қол жұмсау, із түссіз жоғалу сынды деректер тіркеліп отыр. Тәртіп сақшылары аталған іске қатысы бар 9 жасөспірімнің күдікке алынғанын айтады.

Осы орайда, өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беру, жат қылықтардан аулақ болуды үйрету мақсатында білім басқармасының ұйымдастыруымен қала мектептерінде «Қылмыссыз балалық шақ» айлық акциясы өтіп жатыр.

Офицерлер оқушыларға дәріс оқыды

Пятница, 20 Сентябрь 2019 04:01

Үшінші мегаполисте ұландық офицерлер мектепте оқушыларға ерлік тақырыбында сабақ өтті.

DSC 3191

Бұл 6506 әскери бөлімінің басшылығы мен №46 және №65 мектеп директорлары арасында өзара әріптестік меморандумы аясында жүргізілді. Офицерлік топ делегациясын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев пен ҚР ҰҰ ТжӘҚЖ бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар бастап барды.

Әскерилер делегациясының негізгі мақсаты – аталған білім ордаларында ҚР Ұлттық ұланының қоғамдік қауіпсіздік саласындағы қызметін ел ішіне кеңінен насихаттай отырып, жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге үндеу.

– Біздің ұландық офицерлер арасында өмірін қауіп-қатерге тігіп, ерліктің үлгісін көрсеткен әріптестеріміз аз емес. Олардың саны бүгінгі таңда 170-ке жуықтайды. Бұл азаматтардың барлығы да өздерінің ерлік іс-қимылдарымен өзгенің өміріне араша түскен бейбіт күннің батырлары, – деді Александр Крамар.

Делегация құрамындағы Халық қаһарманы Қайрат Үмбетов, әскери салада жауынгерлік ерлігі үшін түрлі орден, медалдарға ие болған офцерлер – подполковник Е.Баймулдин, аға лейтенант Е.Отарбаев, Ж.Баянбаев, лейтенант С.Сүндетовтер оқушыларға әскери-патриоттық рухты оятуда дәріс оқыды.

Алдағы уақытта әскери бөлім офицерлері қаладағы білім мекемелерінде дәріс оқуды жалғастырады.

А.ЖАППАР
Фото Б.Сейітжаппар

«Кофе магнаты»

Пятница, 20 Сентябрь 2019 03:42

Бобби Мерфи және оның стэнфордтық досы Эван Шпигель бірлесіп жасаған «Snapchat» әлуметтік желісі мол табысқа кенелтіп, өрімдей жастарды миллиардерлер тізіміне қосқаны белгілі. Әлемге әйгілі бақуатты жандардың өмір жолын қазбалай берсек, достарымен кәсіп ашып, табысқа жеткен көп адамды мысалға алуға болады. Талапты жастар өзімізде де аз емес. Тіпті, шымкенттік үш достың бастамасы да Forbes-тің алғашқы бетінде жарқырайтын күн де алыс емес...

 DSC9861

Жас кәсіпкер, «Salem Coffee» және «Global Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимовты шымкенттіктер ғана емес, керек десеңіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та біледі. 29 жасында кәсіптің көзін тапқан жігіт қаламызда 13 кофехана ашып, бүгінде 70 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ел нарығына енген оның командасы, ендігі әлемдік бренд қалыптастыруды жоспарлап жүр.

– Шырайлы шаһарда туып өстім. Мектеп пен колледжді қалада оқып, жоғары білім алу мақсатында шетелге аттандым. Литвадағы LCC халықаралық университетінде 2009-2013 жылдары бизнесті басқару мамандығы бойынша оқыдым. Қарапайым отбасыдан шықтым. Әкем – кәсіпкер, анам – инженер. Бакалавр мамандығын аяқтаған соң елге оралып, шаңырақ көтердім. Сол жылы анамның жұмыс орны арқылы Польшаға жұмыс істеуге ұсыныс алдым. Онда PR-маманы болып халықаралық компанияда тәжірибе жинадым. Жұбайымның шетелде ұзақ бола алмауы себебінен елге қайтуға тура келді, – дейді кәсіпкер.

Алайда, туған өлкеге оралған оның бірден жұмысқа орналасуы мүмкін болмай, вахталық әдіспен еңбек етуге көніпті. Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде төрт жылға жуық аудармашы болып қызмет еткен.

– Серігім Данияр екеуміз онлайн бизнес ашамыз деп 20 мың АҚШ долларын жұмсап, сәтсіздікке тап болдық. Кейінгі кәсібіміз абырой болғанда табысты болды. Жарнама агенттігі арқылы аз-кем қаражат жинадық. Осы кезде қатарымызға Мақсат деген досымыз қосылды. Оның көптен бері ойдан жүрген кофехана ашу туралы ұсынысы үшеумізге де ұнады. Әрқайсымыз 2 млн теңгеден шығарып, жетпеген жеріне несие алып, алғашқы кофе-барды аштық. Мен вахтада жүргенімде серіктерім кәсіпті жүргізіп отырды. Кейін ойлана келе осы жобаға ден қояйын деп шештім. Аудармашылық жұмыспен қош айтысып, кофе өндірісін мықтап қолға алдық, – дейді Аят.

Осылай үш дос екі жылдың ішінде қалада 13 кофехана ашып, қалғаны 25-і республика көлемінде франшиза арқылы іске қосылған. Кәсіпке икем танытқандар әуелі «Salem Coffee» атауының кейін келе шетелдік нарыққа ену үшін ауысқанын айтады.

– Өткен жылы Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы үшінші мегаполиске іссапары барысында бірқатар азаматтардың жобаларымен танысып, алға қойған жоспарларын тыңдады. Бұл кездесу менің ерекше есімде қалды. Алған әсерімді де айтып жеткізу қиын. Біздің командамызға үлкен мотивация болғаны рас. Елбасыға сол кездесуде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортқа шығамыз деген сөзімізді іспен дәлелдеу үшін жақсылап жұмыс істеп жатырмыз, – деді жас кәсіпкер.

Елімізде ашылып жатқан кофеханалар сан алуан болғанымен, олардың бәрі экспортқа шығуға қауқарсыз дейді кәсіпкер. Ал Аят командасымен шетел нарығына ену үшін арнайы жоспар әзірлеген.
– Ол «Экономия на масштабах» деген бизнес стратегия. Өнімдерімізді төменгі бағамен саудалап, тиісінше кететін шығынды үнемдеу арқылы өзге елдерге бара аламыз.

Біздің өнім халықаралық стандарттарға сай. Жобамыз сәтті жүзеге асқаннан болар, көптеген қалалардан серіктес ретінде бизнес идеяны сатып алып, біздің нұсқаулығымызбен өз кәсібін жүргізіп отырғандар да бар. Оларды қаламызға тарту арқылы мегаполистің ішкі туризмін дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айтуға толық негіз бар. Біздің франшизаны сатып алуға келген кәсіпкерлер қалада кемі 4-5 күн жүреді. Олар қонақ үйлерде түнеп, мейрамханаларда тамақтанады. Ал бос уақыттарында қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасайды, – деді жас кәсіпкер.

Кофеханалар желісінің иесі кәсіпкер Аят бизнесті 14 пайыздық несиемен бастағанын, басында қаржылық қиындықтарға тап болғанын, бүгінде кәсіпкерлер үшін 6 пайыздық несие тіпті сыйлық секілді екендігін сол жиында айтқан екен.

– Бұл – өте дұрыс бастама. Біз кәсібімізді бастағанда тұтынушылық несиені 14 пайызбен алғанбыз. Ол кезде несие алу 18 пайыз болған. Сондықтан 14 пайыздық үстемақыға ерекше қуанғанбыз.

Ал қазір кәсібін бастаймын деген кәсіпкер үшін 6 пайыздық үстемақымен несие беру – мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Әрине, жас кәсіпкерлер үшін өте жағымды жаңалық, - дейді ол.

"Армансыз адам қанатсыз құспен тең"

 DSC9863

Жастар жылында түрлі шаралар мен форумдарда сөз алып өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген Аят Азимов үшінші мегаполисте орта және шағын бизнесті несие алып дамытуға болатынын айтады.
– Шет мемлекет немесе еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтар қаламызда бизнесте бәсекелестіктің аз екенін жиі айтатыны бар.

Егер жұмыссыз жастар жеңілдетілген 6 пайыздық үстемеқымен несиеге 3 млн теңге алып кәсіп ашса, онда екі жылда 400-500 мың теңге көлемінде ай сайын табыс табуына болады. Бұл жерде әрине қаржылық сауаттылық қажет. Алдымен бизнес жобаңыз, нақты жоспарыңыз айқын болуы шарт. Қайда жүрсем де замандастарымды кәсіп ашуға шақырамын. Өзім осы саланы оқығандықтан, біз бәрін есептей келе шешім қабылдаймыз, – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде белсенді қолданып, көп жастарға кеңестерін бөлісіп жүрген Аят қолы қалт еткенде белгілі кәсіпкерлермен сұхбаттасқанды ұнатады екен.
– Көп оқығанның пайдасын көріп жүрміз ғой. Өзім де «Мемлекет және бизнес» атты іскерлік тақырыбында кітап жазуды ойланып жүрмін. Кәсіпкерлерден де сұхбат алып жүргенім осы бір игі істің алғашқы қадамдары деп қарауға болады. Сол материалдар кітапқа енеді. Ол екі тілде жарық көретін болады.

Ал жақын бес жылдықта өзімді дамыған мегаполистегі ірі компанияның басшысы ретінде елестетемін әрі осы мақсатқа жетуге бар күшімді саламын, – дейді Аят Азимов.

P.S.

Қазақ қазір әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс жағдайын түзеудің қамымен жүр. Араларында байып кеткендер де, жеңіл жолмен келген дүниені қарпып қалудың жолын таппай әуре-сарсаңға түскендер де бар. Кәсіп ашып, таза байлыққа кенелгісі келетіндер де кездеседі. Алайда, олардың ішінде соның нақты тетігін білмейтіндер баршылық. Олар да Аят пен оның достары секілді ізденсе дейсің... Әйтпесе, еріншектіктің шыңына жетіп, масылдыққа бой алдырып бара жатқандаймыз.

Берекелі, мерекелі қоңыр күз

Среда, 18 Сентябрь 2019 04:08

Түркістан мен Шымкент бірі облыс орталығы, бірі ірі мегаполис болғанымен енші бөлісетіндей реті жоқ. Мәселенің осы жағын баса айтып жүрген шаһар басшысы бұрындары өткізіліп келген аудан, қала дихандарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін бірлесіп өткізуді ұсынған болатын. Бұл шаруа оябын тапты.

 DSC9873

«Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өткен жәрмеңкеде облыстан келген дихандар жеміс пен көкөніс, бақша өнімдерінің жақсы сұрыптарын ұсынды.
Қала дихандары және Түркістан облысы Жетісай қаласы мен Түлкібас ауданының тауар өндірушілерінің қатысуымен бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде жалпы құны 86 млн теңгені құрайтын 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға дейін арзан саудаланды.

Жәрмеңкедегі ауыл шаруашылық өнімдерімен арнайы келіп танысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермейтін мұндай жәрмеңкелерді тұрақты ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Шымкент пен Түркістан облысының әкімшілік аумағы бөлінгенмен халқы бөлінбегенін айтқан қала басшысы алдағы уақытта осындай бірлескен іс-шаралар жиі өткізіліп тұратынын атап өтті. Мұндай жәрмеңкелердің жергілікті шаруаларға өз тауарларын делдалсыз сатуға мүмкіндік беретінін айтты.

 DSC9898

Жәрмеңкеге 60-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жұртшылыққа ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын және қолөнер бұйымдарын ұсынды.

Азамат ЖАППАР
Фото: Серік Қосаев

Қазақша сөйлейтін құлтемір

Среда, 18 Сентябрь 2019 04:01

Құлтемірді қазақша сайратқан шымкенттік оқушылар жуырда мұғалім-робот құрастырып сынамадан өткізбек. Тыңнан түрен салған жас өнертапқыштар интеллектуалды компьютерлік бағдарламалардың көмегімен басқарылатын роботтарды қалай құрастырғандары жайында сұхбат беріп, құрылғының пайдалы тұсын кеңінен әңгімеледі.

DSC 8935

Физика заңдылықтарынан басталған қызығушылықтың арты робототехникаға деген ынтасын туғызып, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушылары небәрі бір апта уақыттарын сарп етіп, қазақ тілінде қызмет көрсететін алғашқы сервистік роботты құрастырған. Елдос Тұран мен Нұрбақ Шерехан бағдарламалау тілін INO-lab зертханасында меңгергендерін айтады.

- Бұл біздің қазақша сөйлейтін екінші роботымыз. Алғашқы құлтемірді «U:hack» инновациялық идеялар фестивалінде таныстырған болатынбыз. Аталған роботты құрастыруда көп уақыт негізі сыртқы келбетін жасауға кетеді. Оны 3D құрылғысы арқылы басып шығардық. INO-2 роботы қазақ тілінде 80-ге жуық сөзді қабылдап, соған жауап қайтара алады. «Аqyldy robot» қосымшасының көмегімен 30-40 метрге дейін сіздің нұсқаулығыңыз бойынша қозғалады. Сервистік роботтың мүмкіндігін арнайы бағдарламалар енгізу арқылы арттыруымызға болады,-дейді жас өнертапқыш.

Жоқтан бар жасап көпшілікті таңқалдырған өрендер одан да үлкен жобаларымен қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға даяр. Дегенмен қазіргі таңда олардың роботтары қолданысқа ене қоймады. Тіпті, қызығушылық танытып түрлі жәрмеңкелерде халықтың таңданысын тудырса да, көптеген ұсыныстары әлі де елеусіз қалып жатқанын айтады.

Қолға алған ұтымды бастамаларының бірі – кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін қашықтықтан оқытатын оқушыларға арнайы қондырғылар жасау. Бұл дегеніңіз, аталған роботтың көмегі арқылы науқас балаларды үйінде отырғызып-ақ мектеп ішіндегідей күйге бөлейді деген сөз.

– Мүмкіндігі шектеулі, тағы басқа себептерімен үйде оқытылатын оқушылар қаламызда жетерлік. Олар біз сияқты дос тауып, мектептегі атмосфераны сезінгілері келеді. Өздерін отбасы мен қоғамға қажетміз жоқ деп санап, іштей жағымсыз эмоциялар да жиналуы мүмкін. Осы кедергіні жою үшін арнайы қондырғы жасамақпыз. Бұл жобаға жарты жыл уақыт қажет. Ол жоба демеушілердің есебінен жүзеге асатын шығар. Әзірге қолдаушы таппадық, - дейді Елдос.

5 робот 1300 қарияға қызмет көрсетеді

Қытайда роботтар қоғамның барлық саласында кеңінен пайдаланыла бастағанын ескерсек, жасанды интеллект әсіресе әлеуметтік мекемелерде қарттардың қолғабысына айналғанын көріп отырмыз. Мәселен, Чжэцзян провициясындағы осындай орталықта бар-жоғы 5 робот 1300 қарияға қызмет көрсетеді екен.

Олар егде адамдарға дәрі-дәрмек қабылдайтын уақытты хабарлап, виртуалды кеңес беріп көмектеседі. Қытайда 2020-жылға дейін 30 миллиард юанға осындай сервистік роботтар жасап шығару көзделген. Ал бізде роботтарды қажеттілікке жаратып жатқанымыз шамалы. Қазпочтада орнатылған Қуаныш есімді құлтемірдің өзі мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге қауқарсыз болып тұрғаны көңілге қаяу түсіреді.

Биыл жыл басынан бері жастар жылы аясында жер-жерде жастарды қолдау мақсатында іс-шаралар өтіп жатыр. Оның бірінде жастардың оқып-білім алуына жағдай жасаса, екіншісінде жастардың кәсіп бастауына мұрындық болып келеді. Ал тағы бірінде жастардың рухани өмірін байыту үшін игі шаралар қолға алынуда.

Елдостай өнерлі жас өңір мақтанышы екенін ескере отырып, Елбасы ерекше тоқталған өнерлі жастарды қолдау жұмыстары жастар жылында назардан тыс қалмаса екен дейміз. Жас өрендердің алға қойған жобаларына қолдау білдірсек, оларды жақсылыққа баули отырып, жастармен бірігіп қоғамдағы бір мәселенің болсын шешімін тапқанымыз емес пе?!

Өнерпаздың он қолы бар

Среда, 18 Сентябрь 2019 03:54

Шын шеберге шектеу жоқ. Ата кәсібін ардақтаған Қадыр Садықовтың есімі бүгінде тек шырайлы Шымшаһар жұртшылығына емес, елімізге белгілі өнер иелеріне етене таныс. Ол жастайынан домбыра құрастырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап қана қоймай саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан. Жігітке жеті өнер де аз екенін дәлелдеп жүрген ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз түркі музыка дәстүрінің бастауы болған қазақтың қобызы мен домбырасы хақында өрбіді.

DSC 6420

Қадыр Садықов ағаштан әр қилы дүние жасайтын он саусағынан өнер тамған шебер. Атасының шеберханасында жүріп ағаш жонуды меңгерген бала Қадырдың арманы ақ халатты абзал жандардың қатарында халықтың алғысын алу болған екен. Алайда тағдыры басқаша өріліпті. Басты кәсібі – музыкалық аспап жасау. Ол сүйікті ісін 30 жыл бұрын бастаған. Міне, осы жылдар аралығында ағаш шеберінің қолынан талай музыкалық аспаптар мен қолөнер бұйымдары шыққан.

Қолы қалт етсе, жатақханадағы шағын шеберханасына келеді. Аспаптың ою-өрнектерін қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай пішінін өзі сызады. Ал домбыраны құрап та, шауып та жасайды. Көп шебердің қолынан келе бермейтін жөндеу жұмысына да епті. Той басқарып, асабалық өнерді де қатар алып жүрген сөзге де шебер, іске де ұста Қадыр Айтуғанұлы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған.

- Қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елдімекеніне қарасты Амангелді бөлімшесінде 1970 жылы дүниеге келдім. Қарапайым көпбалалы отбасыда туып өстім. 13 ағайынның сүткенжесімін. Мектепті бітіріп, бір жылдық кәсіптік білім беру техникумында ағаш ұстасы мамандығын оқыдым. Қолыма құжат тигеннен кейін ағаш өңдеу комбинатында жұмыс істедім,-дейді ол.

- Кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге Германияға аттандық. Екі жылдан соң әскерден оралып, бұрынғы жұмысымды жалғастырдым. Бұрынғы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет училищесінде (қазір авт. №5 өнер және дизайн колледжі) алғаш рет ашылған ағашты көркемдеп өңдеу мамандығы ашылып, 1991 жылы оқуды жалғастырдым. 4 жылдық орта білімді аяқтауға таяп, дипломдық жұмысымды қорғау кезінде екі домбыра жасадым.

Оның бірін тұтас ағаштан шауып істесем, ал екіншісі – құрама домбыра еді. Сол кезде құрама домбыраның халық шебері Мұрат Закаринов бір ай жетекшілік етіп, кейіннен бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сол жылы музыкалық аспаптар цехын ашып жұмыс істедік. Онда да екі жыл талмай тер төгіп еңбек еттік. Кейін цех жабылып, осы қазіргі колледжге ағаш шебері ретінде дәріс оқуға жұмысқа тұрдым. Жұмыспен қатар жоғары білімді сырттай оқып алып, 30 жылдан бері осы саладан алыстағаным жоқ. Оның 20 жылы ұстаздық етіп келем,-дейді ағаш шебері.

Қасиетті шаңырақтағы ұсталық қасиет ордалы отбасындағы 13 ағайынды баланың ішінде сүткенжесі Қадырға қонған екен. Атадан балаға мұра болған ұсталық қасиетті бойтұмардай қастерлеп, ата жолын ардақтап жүрген жан бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Екі перзенті де жоғары оқу орнында оқиды. Тұңғышы орындалмай қалған әке арманын жалғап медицина саласына баруды жөн көрсе, ал екінші ұлы әскери мамандық бойынша білім алып жатыр. Жұбайы мектепте мұғалім.

– Бүгінде күнкөрісте бәскелестік орнаған заман. Әркім шамасына қарай еңбектеніп отбасын асырап бағады. Аптасына 1-2 аспап жасаймын, тойға да тапсырыс келіп түседі. Бағасы қалтаға қонымды, базар нарығымен шамалас. Домбыра қашанда сұраныста, ал қобызды кәсіби музыканттарға қарағанда бақсылар көп жасатады. Жақында ғана Семейден отбасылы емшілер келіп, қобыз сатып алып кетті. Керек десеңіз олардың аса қадірлі адамына айналғандаймын.

Бір-бірінен естіп келеді. Аталары аян берді деп қолдарына қажетті қобызының суретін салып әкеледі. Сынған, ескірген музыкалық аспаптарды жөндеймін. Бір күні өзіммен шамалас азамат шеберханама іздеп келіпті. Қолында көне қобызы бар. Ол әбден ескірген, түте-түтесі шыққан 200 жыл тарихы бар аспапты 12 сағат бір орыннан тапжылмай жөндеп, әлгі бақсының батасын алып шығарып салғаным бар,- дейді Қадыр Айтуғанұлы.

Алғаш жылдары жасаған аспаптарын кәдесый ретінде талай әншінің бағын ашқан «Жас қанат» байқауында әділқазылар алқасы мен жүлдегерлерге тарту етіпті. Сол жылы алғаш рет қос ішекті домбыраны қос мойынды етіп жасап көрген. Содан болар бүгінде аспаптары үлкен сұранысқа ие.

– Біртуар ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Күйшінің көкірегінен төгілген күйге қанат бітіретін де осы аспап. Сондықтан жүрек қылын шертетін үн шығу үшін оны талапқа сай жасау керек. Аспапты жасайтын қолөнерші міндетті түрде оны жақсы шерте де білуі керек. Əйтпесе, ол домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды.

Сол себепті, музыкалық жағынан сауаты мықты болуы қажет. Менің ойымша, ол дүниені кез келген ағаштан жасаған дұрыс болып шықпайды. Мәселен, қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, бас домбыра, контрабас прима домбыра сынды аспаптармен қатар, сандық, бесіктерді, естелікке беретін сыйлықтарды тағы сол сияқты ағаштан жасалатын барлық дүниелерді құрастыра береміз. Ал маман болуға баулып жүрген шәкірттеріміздің басым көпшілігі еңбекке епті, жан жақтылығымен танылып жүр. Олардың жетістігін естігенде бір марқайып қаламыз, – дейді аспап жасаушы.

P.S.

Қазақтың ұлттық рухына теңейтін киелі қара домбыраның қалпын бұзбай, қазақи қоңыр үнін сақтап жасау, он саусағынан өнер тамған қол өнер иелеріне тән жұмыс. Қадыр Садықовтай ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, қол өнерді дәріптейтін шеберлердің өлмес өнері кейінгі ұрпаққа үлгі болмақ.

Алдағы он жылдықта еліміздегі мектеп бітіруші түлектер 500 мыңға жуықтайды. Ал білім ошағының табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің көрсеткіші тиісінше бірнеше есеге өспек. Бұл болжамды ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Қаржы орталығының өкілдері келтіріп отыр. Яғни, студенттердің жатын орны мен оқушы орындарының тапшылығы жыл санап артады деген сөз. Бұл ретте «білімге құштар осыншама жастың мәселесі қалай шешіледі?» деген сауал алдыңнан кесе-көлденең шыға келетіні рас.

 DSC8627

8 жылға - 152 миллиард теңге

Жыл сайын жаңа оқу жылы басталғаннан студент үшін жанды ауыртар мәселе – жатақхана «жыры» басталады. Ал бүгінгі студенттің басты мақсаты сапалы білім алу болса, ата-ана баласының білімді, білікті азамат атануын қалайды. «Қалауын тапса, қар жанар» деген бар. Ендігі кезекте аталған олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы орталық құрылып, жаңа әлеуметтік нысандарды салуды бастап кетті.

Аталған орталықтың өкілдері үшінші мегаполиске де табан тіреп, 11-12 қыркүйек күндері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының алаңдарында «Road Show» форматындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Онда ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, Студенттердің жатақханаларға операторлық ету бойынша департаментінің директоры Біржан Алимжанов, Білім беруді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін дамыту департаментінің сарапшысы Балжан Әлбиева білім беру ұйымдарының мамандары мен мүдделі кәсіпкерлерге студенттер жатақханалары мен жеке меншік мектептер құрылысы кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі бойынша кеңестер беріп, екінші тараптың сұрақтарына жауап берді.

– Жатақхана мәселесі шынында да өзекті. Зерттеп зерделей келе елімізде 90 мың жастың жатақханаға мұқтаж екенін анықталды. Негізгі сұраныс ірі қалалар мен мегаполистерде тіркеліп отыр. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында республика бойынша ең көп студенттер шоғырланған. Елордада жатақханаға зәру 17 мың студент бар болса, Алматы қаласында бұл көрсеткіш 31 мыңға тең.

Ал үшінші мегаполисте білімгерлерге 8400 жатын орын қажет. Бұл – әртүрлі жоғарғы оқу орындары мен колледждерді қоса алғандағы көрсеткіш, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ Студенттердің жатақханаларға операторлық ету бойынша департаментінің директоры Біржан Алимжанов.

Біржан Нұржанұлының айтуынша, кәсіпкерлерге осы мәселені шешу арқылы өз бизнесін жүргізуге мемлекет тарапынан мүмкіндік қарастырылып отыр. Ол үшін қомақты қаржы бөлінеді. Жалпы 2022 жылға дейін 75 мың орын жатақхана салу үшін мемлекет тарапынан 152 млрд. теңге қарастырылып отыр.

– Жеке кәсіпкер, үлкен құрылыс компаниялары, оқу орындары өз қаражаты есебінен жатақхана құрылысын жүзеге асырады немесе қайта жабдықтау арқылы іске қосады. Студенттер орналасқаннан кейін жаңадан салынған жатақханадағы әрбір орынға мемлекет тарапынан жыл сайын 122 АЕК, ал қайта қалпына келтіру жұмысына 47 АЕК көлемінде қаржы белгіленеді. Кәсіпкерге осылай мемлекеттік тапсырыс аясында 8 жыл көлемінде ай сайын қаржы аударылып отырылады.

Айта кететін жағдай, студенттердің жазғы демалыс кезіндегі аралық уақыт есептелмейді. Яғни, 9 ай бойы тиісінше қаражат кәсіпкерге келісім бойынша төленеді. Оған жалдау ақысын қосыңыз. Тапсырыс беруші ҚР Білім және ғылым министрлігі болса, «Қаржы орталығы» АҚ операторлық жасайды. Жатақхана пайдалануға берілгеннен бастап 20 жыл мақсатты түрде шектеу қойылады. Ол дегеніңіз, кәсіпкер мемлекеттік тапсырысты орындап болған соң да ұзақ мерзімде өз кәсібін одан әрі дөңгелетуі тиіс, – деді Б.Алимжанов.

Биыл орталықтың бастамасымен 60 жоба келісім-шарт негізінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде 47-інде жеке кәсіпкерлер өтініш білдірген. Шымкентте жалпы 600 орындық 2 жатақахана ашылса, 241 орындық тағы бір студенттер үйінің құрылысы бітуге жақын. Қосымша екі нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Жеке мектептің жағдайы қалай?!

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі Үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру және оқушы орындарының тапшылығын азайту мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде елімізде 200 мыңға жуық оқушы орын тапшылығын сезінуде.

Шымкентте де бұл мәселені шешу жолында біраз жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда шаһардағы 19 мектеп үш аусымда білім береді. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған балақайлардың саны да жыл санап артып отыр. Шешім біреу – жеке меншік мектептер санын арттыру. Осылай білім сапасы мен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге болатыны нақтыланған.

– Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш аусымды оқытуды және жергілікті жерлердегі оқу орындарының тапшылығын жоюды тапсырған болатын. Бұл бүгінге дейін мемлекет есебінен құрылыс салу арқылы шешім тапқан. Алайда құрылыс қарқыны демографиялық және көші-қон процестерімен қатар жүріп жатқан жоқ. Осы мәселені ретке келтірудің бір жолы – мемлекеттік тапсырыс аясында жеке сектордан мектеп салу болып отыр. Мұның барлығы заңды түрде қарастырылған.

Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізгенге дейін бізде 121 мектеп болса, қазір 25 білім ошағы аталған жоба арқылы қосылып отыр. Оның ішінде Шымкентте 3 мектепті атап өткен болар едім.Жалпы оқу жылының соңына дейін 23 жеке мектеп ашылады деп күтілуде. Оның 6-ы Шымкенттен бой көтермек.

Инвесторлар мектепті өз қаржысы есебінен салып, мемлекетпен келісім-шартқа отырады. 96 АЕК мектепке кеткен шығынды өтеу бойынша төленеді. Егер біз орташа норматив көлемі жайлы айтсақ, ол бір оқушыға орта есеппен жылына 224 мың теңге төленеді, – дейді Балжан Шойынқарақызы.

Екі күндік іс-шаралар нәтижесінде аталған орталыққа 10-нан аса кәсіпкер мен компания қызығушылық танытқан. Деседе жер телімдерін бөлу, қолданыстағы ғимараттарды қайта жабдықтауға байланысты әлі де бірқатар сұрақтар мен мәселелердің бар екенін сала мамандары жасырмады.

Міне, 2023 жылға қарай еліміздегі оқу орындарының тапшылығы мен студенттер жатақханасының мәселесін азайтуға бағытталған жоба өз нәтижесін бере бастады.

Дәрігерлер үн қосты

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:40

Үшінші мегаполистегі дәрігерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған алғашқы Жолдауын талқылап, пікірлерін ортаға салды.

DSC 2375

Қаладағы жедел медициналық көмек көрсету станциясында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай мен Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған ақпараттық-насихаттау тобы мен халық қалаулылары қатысты.

Жиынды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде халықпен тиімді кері байланыс орнату басты назарда екенін айрықша атап өтіп, Жолдаудағы тапсырмалар бойынша өңірде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Алқалы жиында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов Жолдауға қатысты баяндама жасап, маңызды құжатта айтылған негізгі мәселелерді жан-жақты талдап берді. Ол білім сапасын арттыра отырып мұғалімдердің жалақысын келер жылдан бастап 25 пайызға көтерілетіні, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі жеткені туралы кеңінен айтып өтті.

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов жастарды Жолдауды қолдай отырып, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға шақырды. Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін тиімді жұмсау үшін баспана алуға болатынын тілге тиек еткен партия өкілі мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік көмектерді нағыз мұқтаждарға үлестіру керегін атап өтті.

Бахадыр Мәдәліұлы өз сөзінде ел ішін ала тайдай бүлдіретін оқиғаларға жол берілмеу керегін де баса айтып өтті.
Кездесу соңында Қайрат Ырзақұлұлы Мемлекет басшысының Жолдауын әр мекеме мен бөлім қызметкерлері арасында талқылап, ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Страница 4 из 26