de480598-368a-4857-ac81-75d5bd051070

Республика бойынша алғаш рет Шымкент қаласында педагогтар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» цифрлық жүйесі іске қосылды.

«HR-Process» — педогогикалық мекемелердегі бос жұмыс орнына орналасуға өтініш беру және оны өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар, заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған цифрлық жүйе.

Оқушылар сарайында өткен іс-шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа жүйені таныстырды.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты – үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтау.
—Жүйе конкурстық әдіске негізделеді. Педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Жемқорлықтың алдын алады. Мұғалім болып жұмысқа орналасқысы келетін маман порталға өтініш қалдырады. Ол адамның талапқа сәйкестігі баллдық шкала бойынша анықталады. Цифрлық жүйе мұғалімнің біліктілігі қандай екенін 75 пайызға анықтап береді. Ал, мектепте құрылатын мемлекеттік комиссия түпкілікті шешімге 25 пайыздай ғана әсер етеді, – дейді қала әкімі.
Айта кетейік, арнайы комиссия құрамына білім беру ұйымының директоры, тәжірибелі пән мұғалімдері, психологтар кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн трансляциясы жүргізіледі. Конкурстың барлық нәтижелері сайтта ашық жарияланады.

ПРАЙМЕРИЗ БАСТАЛДЫ

Среда, 19 Август 2020 07:03

53

МАҚСАТ – ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ ПЕН МІНЕЗДІ МӘСЛИХАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Осы аптаның дүйсенбісінде «Nur Otan» партиясында праймериз басталды. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл саяси науқан 3 қазанға дейін жалғасады. Онда билік партиясының алдағы Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына ұсынатын кандидаттар тізімі жасақталады. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл тізімдегілердің 30 пайызы – әйелдер, 20 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар болуы тиіс.

 

Без имени-1

 

Партияішілік іріктеу маусым айында Саяси кеңес бекіткен ережеге сәйкес өтеді. Ережеде атап көрсетілгендей, праймериз ұйымдастырудағы мақсат – «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша халықтың сенімі мен қолдауына ие көшбасшыларды, азаматтық белсенділерді партия қатарына тарту, осындай азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру. Сондай-ақ, көпшілікті елдегі проблемаларды талқылауға жұмылдыру, болашақ депутаттардың жеке жауапкершілігін арттыру арқылы билік пен қоғам арасында орнықты диалог орнату.
— Партияның құндылықтарын ұстанатын, сайлау құқығы бар және «Сайлау туралы» заңның өзге де талаптарына сәйкес келетін кез келген азамат праймеризге қатыса алады. Егер Сіз партия мүшесі болмасаңыз қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла аласыз. Праймериз кезінде партияға жаңадан мүше болған кандидаттарға ешқандай шектеу қойылмайды, шеттету болмайды. Өйткені, Партиямыздың Төрағасы
Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс», — дейді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

 

Бахадыр Мәдәліұлының айтуынша, праймеризге үміткерлер бастауыш партия ұйымынан ұсынылады. Сондай-ақ, азаматтар облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. 

WhatsApp Image 2020-08-18 at 10.02.16Ережеге сәйкес, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың қазіргі депутаттары да праймеризге кандидат ретінде қатыса алады. Мәжіліске үміткерлер партияның облыстық немесе республикалық маңызға ие қалалардағы филиалдары арқылы өтеді. Олар партия филиалы конференцияларында жарыссөздерге қатысады. Үгіт-насихат жұмыстарын тікелей кандидаттардың өздері жүргізеді. Олар партия мүшелерімен онлайн–кездесулер өткізіп, БАҚ пен әлеуметтік желіде мақала мен жазбалар жариялайды. Жарыссөздерге қатысу барлық кандидаттар үшін міндетті.
—Партияішілік іріктеу ережесінде дауыс беру барысының ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Барлық кезеңдерді Партиялық бақылау комитеті бақылайды. Ал, оның құрамына партияға мүше емес қоғам белсенділері де кірген. Дауыстарды санауды учаскелік есеп комиссиялары әр кандидаттың бақылаушыларының қатысуымен жүргізеді, — деді Б.Нарымбетов.
Иә, алыс-жақын шет елдерде соңғы уақытта орын алған оқиғалар сайлауды ашық әрі әділ өткізудің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне бүгінде қоғамның белгілі бір бөлігінде оппозициялық көңіл-күй қалыптасқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны өткен жылғы Президент сайлауында оппозициялық кандидат Ә.Қосановтың 16 пайыз дауыс жинағанынан, яғни, 1,5 миллион адамның қолдауына ие болғанынан-ақ байқаймыз. Сондықтан алдағы Парламент пен мәслихаттар сайлауының өркениет қағидаларына сай өтіп, артынан дау-дамай мен наразылық туындамауы үшін оған қазірден бастап тыңғылықты дайындалып, саяси доданың таза өтуіне қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті басқарудың «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» дейтін тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Парламент ықпалды болуы үшін халықтың сеніміне ие болуы тиіс. Ал, мұның жалғыз жолы – белсенді, шындықты тайсалмай айта алатын, сайлаушыларының проблемаларын билікке жеткізіп, оларға талап қоя білетін азаматтарды депутат етіп сайлау. Әйтпесе, бүгінде халық сайлауда ғана көрініп, жоқ болып кететін, берген уәдесін орындамайтын, миллион жалақы алса да ешқандай проблема көтермей, сын мен ұсыныс айтпай мыңқиып отыра беретін үндемес депутаттардан шаршаған. Праймериз осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар.
Жалпы, соңғы бір жылдың ішінде елімізде біршама саяси реформа жүргізілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен «Сайлау туралы», «Саяси партиялар» туралы заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен заңнамаға енгізілген «Парламенттік оппозиция» ұғымының да маңызы айрықша. Алдағы сайлаудан соң осы идея іске асуы тиіс. Қоғамға сын көзімен қарайтын, балама пікір айтатын азаматтарды праймериз арқылы билік партиясына тарту дұрыс қадам. Алайда, Парламент шын мәнінде ықпалды болуы үшін оның көппартиялы болғаны, онда оппозициялық партияның фракциясы да жұмыс істегені абзал. Әйтпесе, қазіргідей өзінің саяси амбициясы мен стратегиясы жоқ пробиліктік 2-3 партияны Мәжіліске жайғастырғаннан ештеңе өзгермейді.
Жалпы, елді одан әрі демократияландыру үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды да жетілдіре түсу қажет. Жергілікті билік орталыққа жалтақтай бермей белгілі бір мәселелер бойынша шешім қабылдап, өз бетінше әрекет ете алатындай дербес болуы тиіс. Мұның қаншалықты маңызды екенін кешегі пандемия кезінде анық байқадық. Ал, өзін-өзі басқаруды жетілдірудің бірден-бір жолы – жергілікті мәслихаттардың құзіретін кеңейтіп, ықпалын арттыру. Бұған дейін еліміздегі мәслихаттардың көбі әкімдіктің іс-әрекетін заңдастырып беріп отыратын нотариаттық кеңсенің деңгейінен әрі аспағаны белгілі. Әкімдік не айтса да депутаттардың бірауыздан қолдап, «Иә» деп бас шұлғып отыра беретін күндері келмеске кетуі тиіс. Қазір өңірлерде де белсенді азаматтық ұстанымға ие, қоғамның шындығын шырқыратып айта алатын, түрлі салалардағы проблемаларды шешу бойынша нақты ұсыныстарын ортаға сала алатын әрі белсенді, әрі кәсіби деңгейі жоғары азаматтар аз емес. Праймериз, міне, сол азаматтарға берілген тамаша мүмкіндік. Сол белсенділер мәслихат мінберінен орын алған жағдайда тұрғындардың оған деген сенімі қалыпқа келуі мүмкін.
Қазақ «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді босқа айтпаған. Иә, депутаттардың шындықты шыжғырып бетке айтуы, Мәжіліс пен мәслихаттың мінезді болуы — алғашында атқарушы билікке ұнамауы да мүмкін. Өйткені, біздің министрлер мен әкімдер депутаттар тарапынан ащы сын естуге үйренбеген. Бәлкім, кейбірі мұндайды қабылдай алмай қиналар. Алайда, мәселелердің осылай ашық талқылануы ведомстволар мен өңірлердің басшылығын, тіпті, бүкіл мемлекетті де түрлі қателіктерге ұрынудан сақтайды. Сыни көзқарас пен балама ойлар ұтымды әрі байсалды шешімдердің, тиімді бағдарламалар мен халықшыл заңдардың қабылдануына жол ашады. Олай болса, бүгін басталған праймериз осы мақсаттарға жету жолындағы нақты қадамға айналмақ.

немесе академик Хисметолла Үкібаевтың еңбегі зая кетпесін десек...

Хисметолла

Суреттерде: Х.ҮКІБАЕВ (оң жақта) шәкіртімен

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Хисметолла Үкібаевтың қазақ ғылымында алар орны ерекше. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының академигі. Ол — үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған жалғыз қазақ.

Хисметолла Ысқақұлы бұл дәрежеге әсте оңай жеткен жоқ. Бейнеткештігінің, табандылығы мен еңбекқорлығының және өмір бойғы ізденімпаздығының арқасында бүгінде осындай абырой биігіне көтерілді. Шын ғалымның ғылыми еңбегі де, өмір жолы да кейінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай.
Ресейдің Астрахань облысында туған ол бала күнінде ғалым боламын деп армандамаған да екен. Әкесі соғыстан оралмаған, анасы колхоздың ауыр бейнетіне жегіліп, денсаулығынан айрылып, аурушаң болып қалған. Жастайынан тұрмыс тауқыметін тартқан бала Хисметолланың ғылым туралы ойлауға мұршасы да болмағанға ұқсайды.
1954 жылдың жазында оныншы сыныпты тәмамдаған соң «агроном болсам» деген арманмен оқуға түскісі келеді. Қорадағы үш ешкіні сатқанымен, қалаға баруға жарайтын пұл болмайды. Содан Астраханьмен көршілес орналасқан Қалмақ АКСР-інде тұратын ағайындарынан көмек сұрауға барады. Ағайынның тұрмысы жүдеу екенінін көріп, ақша сұрай алмай, сол кеңшарда жұмыс істеуге қалады.
Еңбек жолын трактор бригадасының есепшісі болып бастаған кейіпкеріміз директордың хатшысы, бухгалтер болып еңбекке араласады. Отбасын асырауды әрі оқуға дайындалуды мақсат тұтып бір мезгілде кітапханашы, киномеханик және аурухананың шаруашылық меңгерушісі секілді үш жұмысты қатар атқарған кездері болған.
«Талаптыға нұр жауады» дегендей, 1958 жылы Ресейдің Саратов қаласындағы институтқа мал дәрігері мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Сол жылы кеңшарға Мәскеуден келген бас зоотехник Мохова Фаина Семеновна Хисметолланың зеректігін байқап, енді ғана оқуға түскеніне қарамай, фермаға зоотехник етіп жұмысқа қабылдайды. Арада төрт жыл өтіп, кейіпкеріміз бітіруші курсқа өтер кезде Ф.Мохова отбасы жағдайына байланысты Мәскеуге қайтатын болады. Кетерінде «дайын кадрым бар» деп орнына Х.Үкібаевты тағайындатып кетеді. Бүгінгі академик ғылым жолындағы алғашқы қадамын, міне, сол тұста басады.

 

Каракол

 

—Сол кезде қойды 2 жылда 3 рет төлдетуге болады деген әңгіме тарап жатқан. Осы сөз Н.Хрущевтің құлағына жетіп, ол «осы әдісті қолданып, елтіріні көбірек өндіру керек» деп талап қойған. Кеңшардың бас зоотехнигі өзім болып, қолға билік тиген соң сондай тәжірибе жасауға бел будым. Расында, ақпанда қоздаған қаракөл қойдың саулығының жем-шөбін жақсылап беріп, күтімін келістіріп, одан тамызда қайта төл алдық. Осы тәжірибе дипломдық жұмысымның негізіне айналды. Ізденісім лайықты бағаланып, институт мені аспирантураға қалдыру туралы қаулы шығарды. Бірақ, інім теңіз флотына 4 жылға әскерге кеткендіктен үйге алаңдап, ауылға қайттым, – деп еске алады Хисметолла аға.
Өмір өтіп жатты. Кейіпкеріміз әртүрлі қызмет атқара жүріп өз дипломдық жұмысындағы тәжрибесін өндірісте қолданады. Соның арқасында жоғары нәтижелерге жетіп, Қалмақ АКСР-і Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады.
Жат жерде марапатқа бөленіп, абыройға кенеліп жүрсе де Хисметолла Ысқақұлының бір бүйрегі іргедегі Қазақстанға бұрып тұрады. Бар аңсары қалың қазақтың арасына, Қазақстанға барып еңбек етсем деген ниетте болады. Сөйтіп жүргенде 1967 жылы КСРО-дағы қаракөл шаруашылығының ғылыми негізін салған ғалым, академик В.Юдин осы сала мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеуде үш айлық курс ұйымдастырады. Одақтың әр қиырынан келген мамандармен бірге біздің кейіпкеріміз де сол курсқа қатысады.
Курста оқып жүргенде академик Н.Гигинейшвилидің қаракөлдің түрлі-түсті елтірілі түрлерін шығару бағытындағы ғылыми зерттеу жұмыстарына ерекше қызығушылық танытады. Мұны байқаған академик талапты жас маманды Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсіреді. Осылайша ғылымның ұзақ та машақатты жолына біржола түскен Хисметолла Ысқақұлы өз өмірінде үш үлкен ғылыми жетістікке жетті.
Біріншісі – академик Н.Гигинейшвилидің жетекшілігімен Атырау облысының Ембі ауданында «Будан қаракөлшелер алу әдістемесін шешу» тақырыбында жүргізген ғылыми зерттеуі. Кейіпкеріміз осы зерттеудің негізінде кандидаттық диссертация қорғап, кейіннен көк түсті қаракөл тұқымын шығарады.
—Аспирантурадағы зерттеуім Атырауда жүргендіктен, оны тәмамдаған соң да Қазақстанда қалып қойсам деген үмітім бар еді. Алайда, Қалмақ АКСР-інің бірінші хатшысы Б.Городовиков мені Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясынан арнайы сұратып алды. Амал жоқ, академия жұмсаған жерге баруға тура келді. Содан қалмақтың ет бағытындағы ірі қара өсіру ғылыми-зерттеу институтында қаракөл қой шаруашылығының ғылыми зертханасын ұйымдастырдым. 2 жылдың ішінде 5 кеңшардың малын сұрыптап, «Полынный» кеңшарында асыл тұқымды қаракөл фермасын ұйымдастырдым. Қала берді мал басын асылдандырудың 1980 жылға дейінгі ғылыми негізделген жоспарын жасап, бекіттірдік, – деді Х.Үкібаев. —Сөйтіп жүргенде 1973 жылы Атыраудан облыстық партия комитетінен шақыру алдым. Атамекенге баратын болғаныма қатты қуандым. Онда Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Батыс бөлімшесін басқаратын болдым.
Атырауға келісімен кейіпкеріміз өз зерттеуін одан әрі жетілдіріп жергілікті қаракөл мен Сұрхандария сұрын будандастырып, елтірісі көк түсті қой тұқымын алуға кіріседі. Бұл идеясын жергілікті басшыларға әзер өткізіп, Сұрхандарияға барып асыл тұқымды он қошқарды таңдап алады.
Осы тұста біз Хисметолла Ысқақұлының қазіргі жастарға, жас ғалымдарға үлгі боларлық мынадай әрекетін ерекше айтқымыз келеді: Ғылыми эксперименттің нәтижелі болуы әлгі 10 қошқардың Атырауға аман-есен жетуіне тікелей байланысты. Жер шалғай. Жүк пойызының бір вагонына артылған мал 18 тәулік жол жүруі тиіс. Аттай қалап алдырған жануарлардың жайы болмай, бір нәрсеге ұрынса не болмақ? Осы ой маза бермеген ғалым тәуекел деп мал артылған жүк вагонына өзі де мініп алады. 18 күн мен 18 түн (!) бойы малдың басында болып, жем-шөбін беріп, бірге барады...
Халқымыз «Жол азабы – көр азабы» деп бекер айтпаған. Ал, сол ұзақ жолды жүк пойызының темір вагонында жүру дегеніңіз – нағыз жанкештілік. Осы бір ғана оқиға Хисметолла Үкібаевтың өз ісіне берілгендігін, ғылымға адалдығын, сабырлылығы мен табандылығын айшықтап көрсетіп тұр емес пе?!
Ғалымның осынша жанқияр еңбегі ақталды. «Гурьев» асыл тұқымды қой шаруашылығында селекциялық жұмыстар жүргізілді. 1980 жылы «көк реңді» елтірілі қой тұқымының атыраулық зауыттық тұқымы алынды. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Х.Үкібаев осы тұқымға авторлық куәлік алған. Сондай-ақ, шаруашылықта І сортты сапалы елтірінің үлесі 95 пайызға, көк елтірінің үлесі 68 пайызға жеткен екен. Осы еңбегінің арқасында шаруашылық бүкілодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанса, кейіпкеріміз 1982 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған.
—Көк реңді елтіріден жоғары шенді офицерлердің бас кимі мен жағасы тігілетін. Оған сұраныс жоғары еді. Бірақ, мен мұнымен тоқтағым келмеді. Енді түпкі арманым қазақ қойы мен көк реңді қаракөлді будандандастырып, терісі қаракөлдің елтірісіндей, реңі көк, бірақ дене тұрқы қазақ қойындай ірі әрі құйрықты қой тұқымын шығаруды армандадым. Ондағы мақсатым қазақ қойы жергілікті жердің климаты мен табиғатына, жайылымы мен шөліне, ұзақ қарлы қысына төзімді келеді. Осының бәріне төзетін, әрі етті, әрі елтірісі алтынға бағаланатын тұқым шығару арқылы қазақ қойым әлемге танытуды мұрат тұттым, — дейді ғалым.
Ұзақ жылдар бойғы зерттеу жұмыстары нәтижесін берді. 1991 жылы Кеңес Одағы мемлекеттік комиссиясының шешімімен Х.Үкібаев алған тұқым «қаракөл қойының қазақы сұр тұқымды түрі» болып бекітіліп, ғалымға авторлық куәлік берілген. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесінде бұл тұқымның елтірісі жоғары бағаланып, авторға көрменің үлкен алтын медальі табысталыпты.
Кейіннен еліміз тәуелсіздігін алған соң, 1998 жылы осы тұқым біраз жетілдіріліп, «Қазақтың елтірілі, етті-майлы, құйрықты қой тұқымы» болып қайта кәуландырылған. Осы еңбегі үшін 2005 жылы авторлар тобына, соның ішінде Х.Үкібаевқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы табыс етілген. Бұл — Хисметолла Ысқақұлының ғылымға сіңірген екінші бір үлкен еңбегі болатын.
Кейіпкеріміздің үшінші еңбегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Малсақ қазақтың баласы қаракөл қойының жүрдек мал екенін жақсы біледі. Ол күніне 30-40 шақырымға дейін жүріп тастайды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары еліміздің шөлейт аймақтарында қаракөл қойы көбейген кезде жайылымдар тоза бастаған. Күн сайын өріске жүз мыңдаған қаракөл шыққан кезде жануарлардың тұяғы жайылымның шаңын шығарып, шөптің қайта өсуіне мүмкіндік бермеген. Сол кезде Х.Үкібаев бастаған ғалымдар тобы ғылыми-зерттеу жүргізіп, жабайы өсімдіктердің тұқымын көбейтіп, оны қолдан егудің әдістемесін жасап шығарды. Соның арқасында миллиондаған гектар жайылым біржола жарамсыз күйге түсуден аман қалды. Осы еңбегі үшін ғалымға Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Иә, кеңестік кезеңде елімізде қаракөл шаруашылығы мықтап дамыған болатын. Кейіпкеріміз бір тоқтының елтірісі 13 грамм алтынға бағалаған кездер болғанын сағынышпен еске алады. Қазақстанда жүздеген кеңшарлар, 10 зауыт пен тұтастай бір ғылыми-зерттеу институты осы іспен айналысып, қаракөл қойының саны 6 миллион 500 мың бастан асқан екен. Содан қазір 100 мың басқа жетер-жетпес қаракөл қалып отыр. Оның өзі жылдан жылға азайып барады. Себебі, елімізде қаракөл елтірісін өңдейтін кәсіпорын жоқ. Елтіріге сұраныс болмаған шаруалар еті мен майы мол қазақы қойға біржола ауысып алған.
Қаракөл елтірісіне сұраныс болмай отырған біздің ел ғана. Біз интернет-дүкендерден іздеп көргенімізде онда қаракөл елтірісінен тігілген, Италия мен Оңтүстік Африкадан әкелінген ішік пен тондар сатылып жатыр. Бағасы 2 000 – 2 500 АҚШ долларының төңірегінде. Іргеміздегі Өзбекстан да қаракөлді Бұқара қойы деген атпен көбейтіп, елтірісін илеп, дайын өнім шығара бастапты.
Өкінішке қарай, Хисметолла Үкібаев ақсақалдың өмір бойғы ізденісінің нәтижесінде алынған Қазақтың көк реңді құйрықты, елтірілі қойы елімізде тұқым ретінде жойылып кетудің аз ғана алдында тұр.
Қайсыбір жылы ел Үкіметін басқарып тұрғанда Бақытжан Сағынтаев ғалымды арнайы қабылдап «Аға, қаракөл шаруашылығын қайта өркендетуіміз керек, соған Сіз де атсалысыңыз» деп өтініш айтқан екен. Хисметолла Үкібаев Үкімет басшысының бұл ұсынысына қуана келісіп, Арыс, Отырар, Түркістан мен Жаңақорған аудандарын аралап жүріп, қаракөл ұстап отырған шаруалардан көк қаракөлді, оның ішінде құйрықты тұқымын жинапты. Одан Астрахань мен қаламақ еліне барып, ол жақтан да тірнектеп жүріп осы тұқымның сақталып қалған бастарын әкеліпті. Бірақ, Үкіметтің бұл бастамасы да аяқсыз қалған. Қазір ғалымның қолында құйрықты көк қаракөлдің 300 басы бар екен.
Түсінгеніміз, қаракөл шаруашылығы қайта түлеуі үшін тері иелейтін кәсіпорын қажет. Теріні өткізетін орын болса, шаруалар мал басын аз жылда қайта көбейтіп әкететін түрі бар. Бірақ, әзірге ондай зауыт салатын инвестор көрінбей тұр. Сондай инвесторды іздеп, оған қолдау көрсетіп, қаракөл шаруашылығының қамын жейтін билік тағы жоқ.
Хисметолла Ысқақұлы егер жағдай осылай жалғаса берсе, «қаракөл шаруашылығы біржола құрдымға кетіп, өмір бойғы ғылыми ізденісім зая кете ме?» деп қорқады.

ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Среда, 29 Июль 2020 04:20

1552527154 article b

Шындығын айтқанда, қазіргі карантин режимі елдегі жұмыссыздық дейтін онсыз да күрделі проблеманы одан әрі ушықтырып жібергендей. Халықты негізінен жұмыспен қамтып отырған қызмет көрсету саласына енгізілген шектеулер талай жерлесімізді жұмыссыз қалдырып, 42 500 теңгелік жәрдемақыға телміртіп қойды. Айналып келгенде, осының бәрі бір күнде пайда болған проблема емес. Өнеркәсіптің кенже қалуы, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасындағы байланыстың нашарлығы, мектеп түлектерін кәсіби бағдарлау жүйесінің болмауы жылдар бойы жағдайды күрделендіріп жіберген. Енді соның салдары қазіргі пандемия кезінде көрініп жатыр.

b85469e1-2bc6-4d97-a43e-58bace7c21e7Иә, тап осы күндері еліміздегі ЖОО-ы мен колледждер талапкерлерді оқуға қабылдап жатыр. Бүгін студент атануды армандаған жас түлектің күні ертең жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырмауы үшін олардың қазір мамандықты дұрыс таңдауы маңызды. Бұл мәселе жөнінде ҚР Президенті Қасым-
Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әңгіме қозғаған болатын. Мемлекет басшысы «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деген еді.
Шынында да, отандық еңбек нарығында қарама-қайшылықтарға толы жағдай орын алып отыр. Бір жағынан қарасаңыз, елімізде жоғары білімді адамдардың үлесі көп те, екінші жағынан кәсіби біліктілігі жоғары мықты мамандар тапшы. Техникалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтін адамдарды табу қиынға соғып отырғанына қарамай елдегі жұмыссыздық деңгейі тым жоғары. Осының бәрінің себебі неде?
Әрине, негізгі себептердің бірі елдегі білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың нашарлығы. Бірақ, маңыздылығы жағынан одан кем түспейтін тағы бір себеп бар. Ол – Қазақстанда мектеп түлектерін кәсіптік бағдарлау жүйесінің жұмыс істемейтіндігі.
Сонымен, кәсіптік бағдарлау дегеніміз не өзі? Алдымен осы сұраққа жауап берейік. Кәсіптік бағдарлау – мамандық таңдау, еңбек нарығының жағдайы және жұмыс іздеу дағдылары бойынша кеңес беру, кәсіптік диагностикалау және әлеуметтік-кәсіптік бейімдеуге бағытталған ғылыми-практикалық іс-шаралардың кешені. Басқаша айтар болсақ, бұл жүйе 9 және 11 (жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасында 12-інші) сынып оқушыларының өзіне сай мамандықты таңдауына көмектесуі тиіс.
Қазақстанда орта білім беру жүйесіне кәсіптік бағдарлауды енгізу мақсатындағы алғашқы ізденістер осыдан 6 жыл бұрын қолға алынған еді. Сол кезде «Атажұрт» халықаралық қоғамдық қоры «Кәсіптік бағдарлау» жобасын жасап, ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ОҚО, СҚО, ШҚО және Павлодар облыстарында пилоттық режимде іске асырылған. Алайда, жоба өзінің тиімділігін толық дәлелдегеніне қарамастан сол кезде республика көлемінде енгізілмей, аяқсыз қалды. Біз аталған жобаның оңтүстік өңірде жүзеге асуына атсалысып, оның өзектілігіне әбден көз жеткізген едік. Аталған жобаның авторы, «Атажұрт» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының директоры, ғалым Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл мәселені Президенттің өзі қозғағаны қуантарлық жағдай.
– Адам өмірде бақытты болуы үшін екі нәрседен қателеспеуі керек. Біріншісі – өмірлік жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау. Қазақ халқы «Көңілсізден-көріксіз» дегенді босқа айтпайды ғой. Сүймейтін жанға қосылған адамның бақытқа жете алмайтыны секілді, жүрек қалауымен емес, біреулердің ықпалымен, кездейсоқ мамандықты таңдаған адамның да кәсібиліктің биік шыңына шыға қоюы да екіталай, – дейді психология ғылымдарының докторы Ғани Бектайұлы.
Оның айтуынша, Құдай әу баста әр адамды белгілі бір мамандыққа немесе белгілі бір кәсіби бағытқа бейім етіп жаратады екен. Мұны бүгінде ғылым да дәлелдеген. Егер адам өзінің болмысына, психологиялық, физиологиялық және тұлғалық ерекшеліктеріне сай мамандықты таңдай білсе, оның білім алуға құлшынысы жоғары болады. Нәтижесінде ол білікті, нағыз кәсіби маман болып шығады. Ал, «шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей, нағыз профессионал адамға жақсы жұмыс пен жоғары жалақы қай елде де, қай салада да табылады. Қараңызшы, біздің елде заңгерлік дипломы бар адам көп. Бірақ, Сіздің құқықтарыңызды сотта мүлтіксіз қорғап шығатын мықты адвокат табуыңыз оңай емес.
«Атажұрт» халықаралық қоғамдық қоры жүргізген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы мектеп түлектерінің 70 пайызы мамандық таңдауда қателеседі екен. Ал, елде тіркелген жұмыссыздардың 74 пайызы кезінде мамандықты ата-анасының немесе басқа да таныстарының нұсқауымен таңдай салғанын айтқан. Соның салдарынан университет түлектерінің жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Ал, жұмыс берушілердің 91 пайызы оқу орнының қабырғасынан енді келген жас кадрлардың талапқа сәйкес келмейтінін алға тартады. Міне, бұл цифрлар Қазақстанға кәсіптік бағдарлау жүйесінің қажет-ақ екенін көрсетеді.
Әрине, кәсіптік бағдарлауды енгізу – елдегі еңбек нарығына қатысты қордаланып қалған проблемалардың бірі ғана. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы «Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек» деген сөздерінен-ақ байқауға болады.
Проблеманың ең үлкені – білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасында байланыстың нашарлығы. Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, олардың өңірлердегі құрылымдық бөлімшелерінің арасында тығыз байланыс орнамаған. Салдарынан еңбек нарығына қажетті мамандардың тізбесін анықтаудың кері байланысқа негізделген заманауи, тиімді жүйесі жоқ. Бұл – бір.
Екінші жағынан техникалық бағыт бойынша білім беретін оқу орындарындағы оқыту бағдарламалары ескірген. Студенттің дәрісханада оқыған теориясы мен зертханада үйренген тәжірибесі өндіріске барған кезде түкке аспай қалады. Өйткені, қазіргі инновация дәуірінде кәсіпорындардағы өндірістік құрал-жабдықтар да, технологиялар да жаңарып, өзгеріп кеткен. Солай болғандықтан қолында «инженер-технолог» дейтін күректей дипломы бар жоғары білімді мамандар шағын цехтың жұмысын жүргізіп кете алмайды. Осыдан кейін жұмыс берушілер білікті мамандарды шет мемлекеттерден шақыртып, елдегі жұмыссыздыққа қатысты жағдай уақыт өткен сайын өршіп барады.
Осыған қатысты келесі бір проблема институттық сипатқа ие. Білікті маман даярлау ісіне жауапты Білім және ғылым министрлігі білім берудің мазмұнын өзі әзірлейді, мемлекеттік оқу орындары арқылы білім беру қызметінің басым көпшілігін өзі көрсетеді және ең сорақысы, білім берудің сапасын да өз бақылайды. Білім сапасы мен оқу орындары түлектерінің біліктілігін бағалаудың тәуелсіз жүйесі жоқ болғандықтан еліміз жартыкеш мамандарға толып барады. Бұл да айналып келіп жұмыссыздық мәселесін ушықтыратыны анық.
Елдегі жұмыссыздық және біліксіздік проблемасына одан әрі тереңдеп үңілсеңіз, Қазақстанда терең білім мен жоғары кәсіби біліктілікке деген сұраныстың аздығын көресіз. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, өз басымнан өткен жағдайды айта аламын. Демалыс күндері қосымша табыс табу мақсатында жеке көлігіммен Шымкент қаласында такси болған кездерім бар (Негізінде жібі түзу елде шығармашылық интеллигенция өкілінің ондайға уақыты да, қажеттілігі де болмауы тиіс қой – авт.). «InDriver», «ЯндексТакси» мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, жұмыс істеу арқылы күніне 8-10 мың теңге табуға болады. Ал, біздің кәсіби журналист ретіндегі күнделікті табысымыз соған жете бермейді. Осындай жағдайда терең білім мен кәсібиліктің қадірі туралы қалай сөз қозғайсыз?
Ресми статистикаға сүйенер болсақ, еліміздегі жүк көлігі жүргізушісі мен дәрігердің орташа жалақысындағы айырмашылық бар-жоғы 20 пайыз.
АҚШ-та тап осы көрсеткіш 275 пайызды, Германияда 180 пайызды құрайды екен. Енді өзіңіз ойланып көріңізші, жарты жыл оқып жүк көлігін жүргізуді меңгерген адам мен тоғыз жыл оқып, одан кейін өмір бойы ізденісте жүретін дәрігердің жалақысы қарайлас болып отыр. Осыдан кейін екінің бірі адам денсаулығы мен өмірінің жауапкершілігін мойнына алып, күн сайын ота жасап, орасан зор психологиялық және эмоционалдық жүктемені көтергісі келе ме? Бұл бір журналистика немесе медицина саласына қатысты жағдай емес. Елдегі терең білім мен жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін салалардың қай-қайсысында болмасын жалақы мен табыс экономиканың «қарапайым» салаларындағыдан соншалықты көп емес.
Кәсіби біліктілік пен терең білімге деген сұраныс арттырылмаса, біздің азаматтар мейлі жалақысы аздап төмен болса да, көп ізденуді қажет етпейтін, есесіне қауіпсіз әрі тұрақты жұмыстарға қарай ұмтыла беретін болады. Бұл жағдайдың еліміздің әлеуметтік-мәдени және экономикалық дамуына кері әсер етері сөзсіз. Егер билік жұмыссыздықты азайтуды шындап қолға алғысы келсе, міне, осындай проблемаларға назар аударуы тиіс.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ПОТЕНЦИАЛЫ

Пятница, 24 Июль 2020 03:23

photo 326518

Алдыңғы аптада қазақ қоғамының ішкі күш-қуаты кемеліне келгенін, енді тек сол қуатты дұрыс бағытқа бұра білсек, қоғамның өз бетінше өте ауқымды істер атқара алатынын паш еткен тамаша оқиғаға куә болдық.

Иә, белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева шілденің басында қауіпті індеттен қиналып жатқан халыққа қол ұшын созу мақсатында қалтасынан әуелі 2 миллион, артынша тағы 4 миллион теңге шығарып, Түркиядан жасанды тыныс алу аппаратын сатып алмақ болған. 6 миллионға бар-жоғы 20 аппарат келеді екен. Алайда, ел ішінде айтыскер ақынның бұл бастамасын қолдаған азаматтар көбейді. Айналасы бір аптаның ішінде А.Тұрсынбаеваның «Ай-Нұры» атты қоғамдық қоры 1 мың данадан астам (!!!) жасанды тыныс алу аппаратын сатып алып, Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елге жеткізді.
Осылайша, айтыскер ақын бастаған белсенді топ өздері құрған қоғамдық бірлестік арқылы мыңдаған отандасымыздың өміріне араша түсті. Ауа жетпей қиналған адамдарды аман алып қалды. Міне, бұл қоғамның ішкі күш-қуаты! Міне, бұл Қазақстандағы азаматтық қоғамның потенциалын паш еткен жағдай. Білесіз бе, елімізде «Ай-Нұры» секілді қоғамдық бірлестіктердің 22 мыңнан астамы тіркелген. Шіркін-ай десеңізші, егер соның, ең болмаса, оннан бір бөлігі осылай жұмыс істесе ғой...
Иә, азаматтық қоғамның дамуы – қоғамның өз тағдырына жауапты екенін сезініп, сыртқа немесе билікке жалтақтамай, өз проблемаларын өз бетінше шешуге ұмтылуы. Басқаша айтқанда, бұл – қоғамның ер жетіп, кемелденуі. Үкіметтік емес ұйым дегеніміз – ортақ мақсаттар мен мүдделер, дұрысы ортақ проблемалар біріктірген белсенді азаматтардың ерікті қозғалысы.
Әдетте үшінші сектордың басты мақсаты пайда табу емес. Ол саяси ұпай жинауды, сол арқылы билікке қол жеткізуді де көздемейді. Сондықтан қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы проблемаларды шешуде коммерциялық ұйымдарға, саяси партияларға, тіпті мемлекеттік органдарға қарағанда үкіметтік емес ұйымдардың қызметі тиімді болып жатады. Мұны күні кешегі жасанды тыныс алу аппаратына қатысты оқиға анық көрсетіп отыр.
Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында Үкіметке азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда елдегі азаматтық қоғамның қазіргі даму деңгейі қандай, оның одан әрі дамуына не кедергі, нақты қандай проблемалар бар?
Біздіңше, бірінші проблема – статистиканың бұлыңғырлығы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда, соның тек 5 мыңнан астамы ғана белсенді жұмыс істейді. Шымкент қаласында да 432 үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық бірлестік тіркелсе, соның 50-ден астамы ғана белсенді қызмет атқарады. Қалғандары тек қағаз жүзінде ғана бар. Оларды құрған азаматтар ұйымдары жұмысын тоқтатқан соң оны есептен шығаруды құнттамаған. Ал, әділет органдарының оларды өз бетінше есептен шығаруға құқығы жоқ.
Оның үстіне еліміздің «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңына соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, адвокаттар алқалары, нотариалдық палаталар, тұтынушылар кооперативтері мен тәуелсіз зерттеу агенттіктері үкіметтік емес ұйымдардың қатарына жатпайтын болды. Алайда, әлгі 22 мың дейтін деректің ішінде олар әлі жүр. Бұл жағдай нақты жұмыс істейтін ұйымдарды санауға, жалпы, елдегі азаматтық қоғамның ахуалын саралауға кедергі келтіруде.
Екіншіден, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарда қызмет атқаратын мамандардың кәсіби деңгейі соншалықты мықты деп айту қиын. Өйткені, бұл ұйымдардың көпшілігін жас мамандар немесе жұмыссыз жастар ашады. Көбіне олардың бар ойлағаны мемлекеттік тапсырыс конкурсында жеңімпаз атанып, тезірек өзі ұсынған жобаны іске асырып, қосымша табыс табу. Мұндай ұйымдардың көпшілігі бүгін бар да, ертең жоқ. Ал, азаматтық қоғам мемлекеттің сенімді тірегі болуы үшін үкіметтік емес ұйымдарда қызмет ететін мамандар өз саласында сарапшылық деңгейге көтерілуі тиіс. Олар жылдар бойы бір саламен тұрақты түрде айналысса ғана өз ісінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман маман, тіпті қоғам қайраткері бола алады.
Қазақстанда ондай іргелі қоғамдық бірлестіктер жоқ емес. Мұндай ұйымдар Шымкент қаласында да бар. Айталық, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның 10 жылдан астам уақыттан бері табандылықпен, қайраткерлікпен атқарып келе жатқан қызметі жоғары бағаға лайық. Сондай-ақ, эколог Әділхан Әбдешов негізін қалаған қоршаған ортаны қорғау, экотуризмді дамыту бағыттарында көп жылдан бері тынымсыз ізденіп келе жатқан «Өгем» қоғамдық бірлестігін де атап өтуге болады. Міне, осындай нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Алайда, олар саусақпен санарлық.
Үшінші мәселе – қаржыландыру. Иә, соңғы жылдары қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі артып келеді. Мәселен, 2019 жылы республика бойынша осы мақсатқа 18 миллиард 766 миллион теңге бөлінген. Миллиардтар деп ауыз толтырып айтқанымызбен, сол цифрды Қазақстан халқына бөлгенде жылына жан басына шамамен 1 мың теңгеден сәл астам қаржыдан түседі. Осының өзі Қазақстанда үшінші сектордың қоғамдағы күрделі проблемаларды шешуге ықпал ететіндей іргелі күшке айнала алмай отырғанын көрсететін сияқты. Біздегі қаржыландыру жылына жан басына шаққанда 3 АҚШ долларына да жетпей отырса, Германияда бұл көрсеткіш 300 долларды құрайды екен.
Төртінші проблема – Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігі тек әлеуметтік бағытта жұмыс істейді, қоғамдық-саяси бағыттағылары некен-саяқ. Әрине, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың немесе жастардың құқығын қорғау, олардың жақсы өмір сүруіне, еңбек етуіне жағдай жасау – өте маңызды істер. Алайда, өркениетті әлемде қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар негізінен қоғамдық-саяси бағытта қызмет атқарады.
Қоғамдық ұйымдар бюджеттің немесе белгілі бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуына мониторинг жасай алады. Қала берді азаматтық қоғам белсенділері тұтас ведомстволардың немесе жекелеген мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігіне сараптама жасап, мониторинг жүргізсе, құба-құп болар еді. Әрине, алғашқыда шенеуніктер өз жұмысының кемшілігін бүкіл елге ашып көрсететін, әрі сол әшкерелеу қызметі үшін ақы алатын мұндай ұйымдарды аса жақтырмауы да мүмкін. Алайда, уақыт өте келе тәуелсіз мониторинг пен сапалы сараптама жұмыстағы кемшіліктердің алдын алуға және оның нәтижелілігін арттыруға сеп болатынын, басқаша айтқанда, өздеріне көрсетілетін көмек екенін олар да түсінеді.
Қорыта айтқанда, қазір елімізде мемлекеттің бірқатар функцияларын бәсекелестік ортаға беру процесі жүруде. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашу үшін осы функциялардың бір бөлігін бизнестің қатысуын көздейтін бәсекелестік ортаға емес, азаматтық қоғамға беру қажет. Мәселен, тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге сервистік қызмет көрсетуді, жастардың қосымша білім алуы мен бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған іс-шараларды, түрлі мерейтойлар, форумдар мен конференциялар өткізуді үкіметтік емес ұйымдар өз мойнына алуға дайын.
Иә, соңғы жылдары Қазақстан халқының қоғамдық-саяси белсенділігі еселеп артты. Осы белсенділікті дұрыс бағытқа бұру өте маңызды. Халықтың ерік-жігері дейтін орасан зор күшті ұлттық бірлік пен мемлекеттіліктің нығаюына, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуға бұру үшін билік азаматтық қоғаммен әріптестік, серіктестік қарым-қатынас орнатуы тиіс.

unnamed

Біз осы күнге дейін қоғамдық сананы жаңғырту, рухани жаңғыру керек деумен келдік. Бірақ, онымыз іске аспай, тек сөз жүзінде қалып отырды. Енді мына қаралы күндер, азалы айлар біздің қоғамның санасын еркімізден тыс өзгертіп, жаңғыртып жатқандай...

Қараңызшы, соңғы күндері әлеуметтік желілерде науқастардың жанын арашалаймын деп жүріп, өздері қауіпті індеттің құрбаны болған шымкенттік және түркістандық 18 дәрігер жайлы бейнеролик таралып жатыр. Әрине, бұл — орны толмас өкініш. Олардың әрқайсысы бір-бір отбасының, тұтас әулеттердің тірегі еді. Аман жүрсе, әлі талай жанның дертіне дауа сыйлайтын білікті маман болатын. Алайда, олар босқа құрбан болған жоқ. Абзал жандар бізге жанкешті ерлік пен жоғарғы адамгершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп кетті.
Хәкім Абайдың 37-ші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанмен бір боласың; Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген өсиеті бар. Егер біздің 18 дәрігер қара басының қамын ойласа, індет өршіген кезде демалысқа шығып, үйінде аман-есен отырар ма еді?! Олар өйтпеді, ауруханадағы аласапыранды көре тұра басын алып қашуға олардың ары жібермеді. Қаһармандық пен антына адалдық танытты. Адамдықтың қарызы үшін еңбек етіп, көзсіз ерлікке барып, шын шейіт болды (Шейіттер өлмейді, олар біздің жүрегімізде, жадымызда, тіпті, жанымызда. Тек біз оларды көре алмаймыз).
Енді осы 18 шейіттің ерлігінен қандай тағлым алуға тиіспіз? Осыны бір сәт ойланайықшы. Кешегі қамсыз тірлік кешкен бейбіт күнде біздің қоғамның кісіге дейтін қарым-қатынасы мен құрметі оның мансабы мен танымалдылығына байланысты болып кеткені жасырын емес. Бүгінгі сынақтар адамның адамдығы мансап пен мал-дүниеге, танымалдылыққа байланысты еместігін тағы да көрсетіп жатыр.
Әйтпесе, кеше дүниеден озғанға дейін 18 дәрігердің түр-түсі былай тұрсын, аты-жөнін жалпақ жұрт білетін бе еді? Ал, елдің аузында, хайп пен «лайктың» ортасында жүрген қаншама мегажұлдыздың қайсысының қарапайым дәрігерлердей елге қайыры тиіп жатыр? Демек, біз той мен шоудың қызығына түсіп алып, арзан ойын-күлкінің адамдарын төбемізге көтеріппіз де, шын мәнінде құрметке лайықты жандарды бүкіл қоғам болып назардан тыс қалдырып жүр екенбіз. Демек, танымал болмай-ақ, мансап арқалап, биік мінберге көтерілмей-ақ қоғамға, адамзатқа адал қызмет етуге болады екен.
Бұл елді ел етіп сақтап отырған атынан ат үркетін министр мен депутат, спортшы мен әнші ғана емес, қарапайым мұғалім мен дәрігер, диқан мен малшы, құрылысшы мен жұмысшы екенін енді ұмытпауға тиіспіз. Кейде бізге көктен дайын күйінде салбырап түскендей көрінетін қаншама игіліктің негізінде осындай қарапайым еңбек адамның маңдай тері жатады.
Иә, пандемия осындай қарапайым ақиқаттарды біздің есімізге қайта салып жатыр. Бір күніңді суыт хабар естімей, амандықта өткізудің қандай бақыт екенін көбіміз түсіне бастағандаймыз. Отбасыңның, жақындарыңның жанында өткен әр сағат зор қуаныш екенін, елдің бейбітшілігі мен бірлігі баға жетпес байлық екенін жүрекпен сезіндік. Тек тоқтаусыз тұтынуды ғана машық еткен, шүкірі мен қанағаты кем, құндылықтар жүйесі төңкеріліп қалған біздің қоғамның осы ақиқаттарды ұғынуы үшін жүздеген адамдарымыздан айырылуы керек болған шығар...
Тарихқа зер салсақ, халқымыздың басынан мұнан жүздеген есе ауыр сынақтар өтіпті. Қазақ соның бәрін жеңіп шыққан қайсар халық. Демек, бұл індетті де ертелі-кеш жеңіп шығарымыз анық. Бірақ, ол кеткеннен кейін біздің өміріміз пандемияға дейін және одан кейін болып екіге бөлінетін болды. Сол пандемиядан кейінгі жаңа өмірімізде бейбітшіліктің қадірін біліп, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты серік етіп ғұмыр кешсек игі.
Тереңірек ойлансақ, бұл пандемия Жаратқан Иеміздің бізді тура жолға түссін деп аса қамқорлықпен және ерекше мейіріммен жасаған жұмсақ ескертуі секілді. Егер осы ескертуден дұрыс сабақ ала білмесек, алдымызда қандай сынақтар мен апаттар күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты-ау. Олай болса, осынау қиын-қыстау шақтарда әрбіріміз өзіміздің рухани қалыбымыз туралы ойланайық.

 

kazakhstan

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі таңғажайып жетістіктерінің бірі де бірегейі – Нұр-Сұлтан қаласы. Арқаның төрінде орын тепкен Алаштың арайлы астанасы Елорда – Елбасының төл туындысы.

Иә, Елбасы Жарлығымен сонау 1997 жылы желтоқсан айында ел орталығы Алматыдан Ақмолаға көшірілген болатын. Сол сәттен бастап Елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.
Содан беріде Нұр-Сұлтан қаласының тарихы зор жетістіктер мен мерейлі белестерге толы болды.
Басқасын айтпағанда, бас қаламызда 2017 жылы әлемнің 137 елінің қатысуымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткенін айтсақ та жеткілікті. Бұл – Елордамызды әлемнің үздік астаналарының біріне айналдырар нақты қадам болатын.
Нұр-Сұлтан қаласының күні – тек елорда тұрғындарының ғана емес, бүкіл ел халқының мерейлі мерекесі. Себебі, Елорда – әрбір қазақстандықтың көз қуанышы, көңілдегі зор мақтанышы. Қарыштап өсіп келе жатқан жасампаз қалаға қарап жастар жігерленіп, биік мақсаттарға ұмтылса, аға буын өкілдері бүгінгі бейбіт өмірімізге, Алаш жұртының қол жеткізген толағай табыстарына шүкіршілік етеді. Расында, тарихи тұрғыдан алғанда қас-қағым сәт болып саналатын қысқа мерзім ішінде Қазақ елінің жауһар қаласы – Нұр-Сұлтан өз атын тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен жазды.
Тарихтың тылсым қатпарларына көз жіберсеңіз, қай елде де мемлекет астанасы халық тағдырында ерекше маңызға ие болғанын байқайсыз. Қасиетті қазақ жерінің төрінен орын алған Елорданың дамуы да жас мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. Ғалымдар дәлелдеп бергендей, Сарыарқа төсіндегі өзендер бойында ертеде-ақ қала мәдениеті қалыптасқан екен. Ежелде мәдениет пен ғылым-білімнің, сауда мен қолөнердің орталығы болған Бозоқ қаласы да солардың бірі. Заманында дәуірлеген сол қала тарихтың аласапыран кезеңдерінде тағдыр-талайымен топырақтың астында қалыпты. Қараөткел тұсындағы сол тарихи қаланың маңынан 1832 жылы әскери бекініс ретінде Ақмола қаласының іргетасы қаланған. Ал, арада 166 жыл өткенде, яғни 1998 жылы азат еліміздің астанасы Алматыдан Арқа төріне көшірілді.
Қазақстан секілді жас мемлекетіміздің орталығын бір қаладан екіншісіне ауыстыру, расында да, тарихи шешім еді. Сол уақытта Елбасының «Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сия алмағаннан емес, Алматыны қия алмай кетіп барамыз» деген жүрекжарды лебізі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен Ұлт Көшбасшысының жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей білінген-ді.

 

i


Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жаңа қала салу арқылы бір жағынан экономиканы өрлетіп, халықтың рухын оятып, ертеңге деген сенімін арттыруға болатынын, екінші жағынан астананы республиканың географиялық орталығына көшірудің ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді екенін күні бұрын бағамдай білді. Кемеңгер саясаткердің осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көп ұзамай Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ордасына айналды. Нұр-Сұлтан жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «ғасыр жобасы» болып қалады . Әрине, қазіргі заманға сай Елорданың көркін жаңа сәулеттік ғимараттар ашып тұр. Олар қаланың ажарын адам танымастай етіп өзгертті. Елорданың Бас жоспарын жасаған әлемдік сәулет өнерінің шебері Кисё Курокава мен британдық сәулетші Норман Фостердің жобалары бойынша жас қаланы дамытудың ретінде сембиоз, метаболизм және абстракциялық символизм идеялары алынды.
Осылайша, бас қаланың картасында Ақорда, Бәйтерек, «Хан шатыры», Парламент үйі, Министрліктер үйі, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Тәуелсіздік сарай, Қазақ елі монументі сияқты көптеген архитектуралық жауһарлар пайда болды.
Бүгінде Нұр-Сұлтан тек сәулетімен ғана мақтанбайды. Ол әлемдегі ірі саяси-экономикалық және мәдени-ғылыми орталықтардың бірінен саналады. Әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар осы бір ару қалада өтіп келеді. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиттері, Еуразиялық Экономикалық одақ елдері көшбасшыларының бақосулары, «Астана» экономикалық форумы сынды алқалы жиындар Нұр-Сұлтанның адамзаттың тағдыршешті мәселелері талқыланатын, жаһандық саяси шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын дәлелдейді.
Ал, өткен 2019 жылы 23 наурыз күні Елорданың тарихында жаңа дәуір басталды. ҚР Президенті Қ. Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу туралы Заңға және Астананы қайта атау туралы тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Мемлекет басшысының Астана атауын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есіміне ауыстыру туралы шешімі – тарихи әділеттіліктің орнауы. Бұл бастама ең қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздіктің төңірегіне топтасқан халқымыздың бірлігін бекемдей түсуге сеп болды. Елорданың Нұр-Сұлтан деген атқа ие болуы Қазақстанның тұрақты даму идеясын одан әрі нығайтудың нақты көрінісі.
Ақиқатын айтқанда, Есілдің бойында еңсесі биік жаңа шаһардың бой көтеруі халықтың бойында тәуелсіздікке тән жаңа рухын қалыптастырды, елдің ертеңіне деген сенімді күшейтті. Астанамыздың аршынды қадамдары өңірлердің дамуына да серпін берген қозғаушы күшке айналды. Енді, міне, Қазақстан даму жолына, жаңа кезеңіне нық сеніммен қадам басты. Еліміздің алдында жаңа кезеңнің үлкен-үлкен мақсат-міндеттері тұр. Сол жаңа жолға елордамыздың «Нұр-Сұлтан» атауымен ту алып шыққаны өткенге деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының белгісі болып отыр.
Елорда атауына қатысты айтқан алғашқы ұсынысы Президент Қ.Тоқаевтың алысты болжай алатын, ақиқатты көре білетін көреген саясаткер екенін көрсетті. Себебі, Отанымыздың орталығы Астананың Нұр-Сұлтан аталуы қоғам тарапынан қанша жылдан бері айтылып жүрген салиқалы ұсыныс екенін ескермеуге болмас еді. Игі істің уақтылы іске асқаны нұр үстіне нұр болды. Елорданың Нұр-Сұлтан аталуы Қазақстан халқы сенім білдірген, ел алдында жүрген азаматтардың дербес таңдауы. Нұр-Сұлтан – жасампаздық пен үйлесімділіктің үлгісі, ең бастысы – елім деген Елбасы еңбегінің жемісі һәм жеңісі.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің басты нышанына айналған Нұр-Сұлтан қаласы уақыт өткен сайын құлпырып, Қазақстанның беделін асқақтатып келеді.
Ол еліміздің дербес шешімдер қабылдайтын, Қазақстан халқының ойы мен мен мүдделері, арманы мен мақсаттары іс-жүзіне асырылатын орталық.
Жас елорданың мерекесі әрбір қазақстандықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шыңдай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа да жасампаз қаланың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ.
Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Нұр-Сұлтан – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы.

 

fixed large dca60cdc-3123-4919-bc51-ec55a3ed4e34

Бүгінде бүкіл әлем елдерімен бірге Қазақстан да соңғы онжылдықтардағы ең күрделі дағдарыстардың бірін бастан өткізіп жатыр. Бұған дейінгі дағдарыстар тек экономикадағы қиындықтармен байланысты болса, бұ жолы оған пандемия қосылып тұр.

Жалпы, мемлекетті басқару деген еш уақытта оңай болмаған. Ал, мынандай қауіпті індет өршіп тұрған сәтте ел басқару деген өртеніп жатқан велосипедті жардың жағасын бойлай айдаумен бірдей. Оңай болса, айдап көріңіз...
Біздіңше, қазір ел билігі отқа оранған велосипедті жанкештілікпен айдап, қиын міндетті ойдағыдай орындап келеді.
Дегенмен, пандемияның бар ауыртпалығы қарапайым халықтың арасында, проблемалардың бел ортасында жүрген жергілікті атқарушы органдардың мойнына түсіп жатқан сияқты.
Індет алқымынан алған азаматтардың жанайқайын тыңдап, олардың талаптарын орындаумен айналысып жатқан және қалыптасқан жағдайға байланысты жедел шешім қабылдап жатқан да сол жергілікті әкімдіктер.
Әсіресе, короновируспен бірге ЖРВИ мен пневмония өршіп кеткен соңғы бір аптада Шымкент қаласының әкімдігінің жұмысы қауырт, арпалысқа толы болғаны байқалады.
Осы күндері Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі, соның ішінде атқарушы органдар қысылтаяң шақтарда жұмыс істеу бойынша тамаша тәжірибе жинақтап жатыр. Шенеуніктер дағдарысқа қарсы менеджменттің қыр-сырын іс жүзінде үйреніп, нағыз кәсіби аппарат қалыптасу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, біздегі басқару жүйесі короновирус пандемиясынан ысылып, шыңдалып, күшейіп шығатын түрі бар.
Мәселен, індет қаһарына мінген кезде бірінші міндет медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы ету болды.
Ол үшін емдеу мекемелерінде төсек орын жеткілікті болуы тиіс.
Қала басшылығы бұған дейінгі прозизорлы емдеу орындары 89 пайызға толып қалғанын ескеріп, тез арада күндізгі стационарды күшейтіп, провизорлы орындарды көбейту жөнінде шешім қабылдады.
Нәтижесінде сенбі мен дүйсенбі күндері аралығында 1 200 провизорлы төсек орын мен 51 мекемедегі күндізгі статционарда 628 төсек орын әзірленді.
Енді әкімдік жеке меншік клиникалармен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде 25 жеке клиникада карантинге қарамастан өздерінде тіркелген пациенттерге МӘМС жүйесінің аясында күндізгі статционарда медициналық көмек көрсететін болды.
Екінші бір күрделі міндет – дәрі-дәрмек тапшылығын жою болды. Азаматтар жаппай вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктерді өз бетінше сатып ала бастады. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар дәрі-дәрмекті керегінен артық, тым көп мөлшерде сатып алды. Салдарынан дәрі-дәрмек тапшылығы туындады.
Бұл тығырықтан шығу үшін бірыңғай дистрибьютормен бұрынғы 1 миллиард 800 миллион теңгеге жасалған келісімге қосымша тағы 207,1 миллионға өтінім берілді.
Соның арқасында демалыс күндері Шымкенттегі дәріханалар мен емдеу мекемелеріне қосымша 70 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Жалпы, 852 түрлі дәрілік зат пен медициналық бұйымға өтінім берілген.
Үшінші маңызды әрі дер кезінде атқарылған жұмыс – қосымша дәрігерлер мен медбикелерді жұмысқа тарту. Ол үшін Шымкент қаласындағы медицина академиясымен және 4 медицина колледжімен ынтымақтастық орнатылыпты. Нәтижесінде 84 резидент-дәрігер мен 116 медбике жұмысқа тартылған.
Айналасы 2-3 күнде осынша жұмысты атқару ұйымшылдық пен жеделдікті талап ететіні сөзсіз. Шымкенттегі жергілікті билік осынау күрделі міндеттің үдесінен шыға білуде.
Иә, қаладағы эпедемиологиялық жағдай қиын боп тұр, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, жауапты органдар қолынан келгенінің бәрін істеп жатыр. Туындаған әрбір мәселеге уақтылы назар аударып, оларды шешуде жедел әрі жинақы әрекет жасап бағуда.
Міне, дағдарысқа қарсы менеджмент деген осы!

 

Страница 5 из 8