Ескерткіштер – ел тарихы

Пятница, 19 Апрель 2024 06:46

eskertkish

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап дәстүрлі түрде 18 сәуірде аталып келеді. Айтулы күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Бұл тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Қазақстан Республикасының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану ісі 2019 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқарылып, реттеледі.

Осы Заңның 5-бабына сәйкес, тарихи және мәдениет ескерткіштерге:

1) Археология ескерткіштері;

2) Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

3) Ансамбльдер мен кешендер;

4) Киелі объектілер;

5) Монументтік өнер құрылыстары жатады.

Археологиялық ескерткіштерге – тұрақтар, қалашықтар, көне кесенелердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар жатады.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі. Әрбір ескерткіштің тарихи мағынасы зор. Ескерткіштер – ел тарихы, ал тарихи-мәдени мұра – халық тарихының аса маңызды айғағы.

Қазақ жерінде тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті өлкелер жетерлік. Сондай киелі жерлерді бауырына басқан аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Шымкент қаласы аумағы археология ескерткіштері қатарында Шымкент қалашығы (б.з.д. ІІ-б.з.ХІХ ғ.ғ.) жатады. Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі.

«Шымкент ескі қалашығы» Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам және Қошқар ата өзендерінің арасындағы биіктікте орналасқан. Қалашық б.з.д ІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтиды.

2003-2004 жылдары әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Археологиялық қазба жұмыстарын археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев басқарған. 2003-2020 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеген.

Шымкент қаласы орталығында өзінің тарихи өзегі – Цитаделін сақтап қалған Қазақстандағы жалғыз   қалалық құрылым болып табылады. Қалашық өз заманында үш бөліктен тұрған: Цитадель, Шахристан және Рабат.

2019 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасы мойындалып, 2020 жылғы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне енгізілді.

Қалашықтың жалпы аумағы 4,5 га жерді қамтиды. Бастапқы келбеті сақталынған археологиялық аймақ – ашық аспан астындағы музей. Қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықта әртүрлі кезеңдердің мәдени қабаттары ашылған:

- Х-ХІІ ғасырларға тиесілі Қарахан мемлекеті дәуірінің тұрғын үй жайларының орны;

- ХVІ-ХVІІ ғасырларға тиесілі Қазақ хандығы түсындағы тұрғын үйлердің орындары;

- ХVІ – ХІХ ғасырларға тиесілі Жасанды су тоғаны (Хауыз);

- Қазақ хандығы тұсындағы Ұстахана орны;

- Бекініс дуалдары және оған жапсарлас орналасқан казармалық бөлмелер;

- Бекініс дуалдарында орналасқан мұнаралардың орындары;

- Қалашықтың ішкі бекінісі - Цитадель орны;

- ІІ-ІV ғасырларға тиесілі Діни ғибадатхананың орны;

-Жер асты қоймасының орны және т.б. қазба орындары ашылған.

Археологиялық аймақтың 3,0 га жерінде зерттеу жұмыстары, консервациялық және реставрациялық жұмыстары жүргізілген. Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің түпнұсқасына жақын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесіне келтірілген. Шахристанның Оңтүстік шығыс және шығыс аймағына қазба жұмыстары жүргізіліп консервацияланған.

Қазіргі таңда ескі қалашықтың шығыс аймағында жануарлардың сүйектерінен, керамика бөлшектерінен төселген жол, тұрғын үй жайларының арасынан өтіп, шахристанның солтүстік бөлігіне дейін созылған. Бұл жолдың бойында қыш ыдыстар өндіру шеберханасы мен тереңдігі 12 метрді құрайтын құдықтың орны болғандығын болжанып отыр.

Сонымен қатар, Шымкент қалашығында қазба жұмыстардың нәтижесінде   цитадельдің оңтүстігінде орналасқан б.з. ІІ-ІV ғғ. ғибадатхана ашылды. Бұл діни ғибадатхана археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде толықтай консервацияланған.

Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл – жаугершілік заманда қала халқына қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған жерасты бекінісінің құрылысы. Оның үстіңгі бөлігі алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылып, оған дайындық белгісін беретін қарауылдық қызметін атқарған. Мұнара жолды бағдарлау мен жауды бақылау үшін және келе жатқан жауға қарсы шабуыл жасау   үшін де пайдаланған.

Кешен аумағындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бөлмелер мен қорғаныс мұнарасының орны қайта қалпына келтіріліп, экспозициялық залдары бар үш музей бой көтерген:

- Цитадель музейі;

- Жер асты бекінісі музейі;

- Ұстахана мен ұстаның баспанасы музейі;

Бүгінде «Ескі қалашықты» келіп тамашалаушылырдың саны артуда. «Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық объектісі.

 

Н.ТӨЛЕЕВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері

Тау тұлғалы ғалым

Пятница, 19 Апрель 2024 06:42

bolat-korganbekov

Өмір жолыңда өзің өнеге тұтқан, жанашырлығы мен жақсылығын көп көрген адам туралы жақсылап бір жазғың келеді, бірақ неден бастарыңды, қалай бастарыңды білмейсің. Мұндай әрі-cәрі сезім жазу-сызуға ебі бар елдің көбінде кездеседі деп білемін. Осындай ойлардың жетегінде жүргенімде ойыма қазақтың қара өлеңі сап ете қалды.

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды. Осы өлең жолдарының ғибратты ғалым Болат Қорғанбеков ағайыма да тікелей қатысы бар деп білемін. Әрине, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры, ғылымның қай саласында да жетістіктерге жетіп жатқан жандар баршылық. Бірақ сол қандай жетістіктерге қол жеткізсе де қызылды-жасылды дүниенің арбауына түспей, адамгершілік қасиетін берік сақтаған жандардың көп еместігі тағы да рас.

Болат ағаймен Түркістан қаласына ғылыми зерттеу тақырыбын бекіту үшін жолаушылап барып-келіп жүргенімде таныстым. Ғылыми жетекшім академик Рахманқұл Бердібай әңгімелерінің арасында Болат Қорғанбеков деген ағаң бар деп жиі айтып отыратын. Екі мыңыншы жылдары Түркістан қаласындағы диссертациялық ғылыми кеңестің атақ-даңқы, абырой-беделі өте биік деңгейде болды. Әрбір қорғаудың жоғары талаппен, ғылыми қызу тартыспен өтетіндігін құлағымыз шалып жүретін. Тіпті Түркістанда қорғағаннан Алматыда қорғаған жеңілірек деген де салыстырулар болып жататын. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасында кілең ,сен тұр, мен атайын, дейтін мүйізі қарағайдай ғалымдар келген жұмысты жапатармағай оқып, қажетті сын-пікірлерін айтып, жұмыстың қорғауға дейін сапалы жазылып бітуі үшін білгендерімен бөлісетін. Қазіргі күннің көзқарасымен алып қарайтын болсақ, ол да бір қасиетті Түркістан қаласындағы ғылыми орта қалыптастыру жолындағы алғашқы баспалдақтар болған екен-ау деп бағамдаймын.

Араға біраз уақыт салып, Болат ағайымыз Шымкент қаласына қоныс аударды. Бұрынғы АИУ, қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке келді. Бізге бұрын аты-жөнін, ғылым жолындағы атқарып жатқан тірліктерін сырттай ғана естіп жүретін ағайымызбен етене араласудың сәті түсті. Болат ағай кафедраға келген сәттен-ақ түрлі жиналыстарда, аракідік шай үстіндегі әңгімелерімен-ақ өзінің көп білетіндігін, дәріс жүргізуде студенттеріне жоғары талап қоятындығын байқатып үлгерді.

Бірде мектеп оқушысы кезінен-ақ түрлі жарыстарға қатысып жүретін, оқуға түсуіне қолдан келгенше септігіміз тиген бір студенттің бағасының ағай жүргізетін пәннен төмендеу болып тұрғанын жеткіздім. Мүмкіндік болып жатса қосымша тапсырма беріп, жоғары көтеруге болмас па екен деп өтініш айттым. Күнделікті сәлеміміз түзу, қарындасым деп жүретін ағай «мақұл, мақұл» деп келісе кететін шығар деген ой да болды. Бірақ ағайым мен ойлағандай мақұлдап, кеңдікке салып келісе кеткен жоқ. Керісінше ол студенттің сабаққа дұрыс көңіл бөлмейтіндігін, өзін түрлі шараларға қатысатындықтан «жұлдыз» санап кеткендігін айтты. Мен ол студенттің ата-анасы балаларының үнемі сабақ оқудан, кітапханаға барудан қолы босамайтындығын, біз оны үй ішімізбен «профессор» деп айтамыз дейтіндігін жеткіздім. Осы сөзден кейін ағайым тіпті ашуға мінді, онда оны құртып жүрген өзінің ата-анасы екен ғой, қандай профессор, қарапайым тапсырманың өзін дұрыс түсінбейді де, орындамайды да. Ол студент көбіне сабақ уақытында көшеде қыдырып жүреді деп үдете түсті. Бәріңізге белгілі жағдай, ағайымды ашуландырып, сабаққа қарық қылып қатыспай жүрген студентке баға сұрағаныма өзім ұялып кеттім. Келешекте ғылым жолына түсетін сабырлы студентті де, жылтырақ жеңіл шаралармен өзін де, өзгені де алдаусыратып жүретін студентті де Күреңбай сыншы сияқты тап басып танитын ағайымның сыншылық қасиеті де бар.

Шынында кейде кейбір студенттердің белсенділік қабілетін көріп, бастапқы ынта-ықыласына сеніп, көзсіз жақсы көріп кетеміз. Өкінішке қарай, көпшілік іс-шараға белсенді студенттердің келе-келе сабаққа көңіл бөлмей кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Болат ағай сабақ беретін топ студенттерінің көпшілігі қайткенде осы пәннен дұрыс баға аламыз деп жатпай-тұрмай, жапатармағай сабақтан бас алмайтын. Сондай тұстарда басшылық құрам мамандықтың, факультеттің оқу үлгерім көрсеткіші төмендеп кететін болды деп алаңдайтын. «Болаттың осындайы қиын екен. Студенттердің бағасын сонша төмендетеді, ондай болса, Алматы, Астанадағы ұлттық университеттерге барып сабақ бермей ме» деп әріптестеріміз бағаны төмен қоятындығын жаратпай жататын. Қалай болғанда да сөзде құдіретті күштің бар екендігіне шек келтіре амайсың. Оқып-тоқудан жалықпайтын, үздіксіз ғылыми ізденісте жүретін Болат ағайым шынында да қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің белді ғалымы, студенттердің абыройлы да айбынды ағайы.

Саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, қазақ әдебиеті ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Рахманқұл Бердібай ағайымның кандидаттық жұмысымызға жетекшілік жасау бақыты бұйырғандардың бірімін. Мұндай сөзді қазіргі кезде ғана сағынышпен, үлкен құрметпен айтып отырмыз. Ал сол кездері, ғылыми жұмыспен шұғылданып жүрген кезеңдерде осындай көп білетін, көп талап қоятын ғалымның жетекшілігіне қайдан ғана тап болдым деп ойланған сәттер де жоқ емес. Өйткені, Рахманқұл ағайдың айтқандарын кейде түсінесің, кейде түсініп тұрып, бойыңа сіңіре алмай қалатын тұстар да болатын. Мынаны оқы, сосын мынаны оқы деп зерттеу еңбектерді бірінен кейін бірін айтып жатады. Бірінің авторын ұмытып, кейде кітаптың атын ұмытып қалатын жағдайлар да ұшырасатын. Сондай кездерде ең бірінші «жедел жәрдемге» Болат ағайым келетін. Ее, Рахаң мынаны айтқан ғой, былай деген ғой деп әңгіменің басын бастағаннан-ақ аяғын лезде тауып, таудай мәселені тарыдай қылып кішірейтіп, тез шешілуіне қолдан келгенше көмегін аямайтын. Кандидаттық диссертацияны бітіріп, Алматыдағы ығай мен сығай ғалымдардың талқылауына ұсынып, олардың сын-пікірлерімен жұмыс істейтін кезде де Болат ағайдың талай-талай ағалық, ғалымдық көмегіне жүгіндім.

Ағаймен бірге қызмет жасап жүргенде студенттерге дипломдық жұмыстардың тақырыбын бергенде де осы жері олқылау болып тұр-ау деген күдігім болса, бірден Болат ағайымнан жәрдем сұрайтынмын. Келіспей тұрған жерді келістіріп, жетпей тұрғанды жеткізіп жіберетін қасиет ағайдың сондай бір телегей теңіз білімінің тамшыдай ғана көріністерінің бірі деп түсінемін. Ағайдың тағы бір ерекше қасиеті әдебиеттегі қай тықырыпты сұрасаң да мезетте бір нұсқамен емес, бірнеше нұсқамен жауап береді. Тек сол айтқан мәліметтерін қағып алып, бойыңа сіңіре алсаң болды. Бұл да ағайдың энциклопедиялық білім иесі екендігінің бірден-бір айғағы.

Болат ағайды аға тұтып, өзіме ұстаз санағаныма жиырма жылдан аса, отыз жылға жуық уақыт болып қалды. Ағайымның: «Сені баяғы Жетісайдағы Алпамыс батырға арналған айтыста көргенмін, сол кезде мен де айтысқа қатысқанмын» дегені бар. Бірақ сол кездерді мен оншалықты біле бермейді екенмін. Ағайдың ғалымдықтан бөлек, тамаша ақындық қарым-қабілеті де жеткілікті. Егер Болат ағайым ғылыми жұмыспен емес, біржолата ақындық өнер жолына, өлең жолына түскенде сөзсіз классик ақын болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ағайда көп адамда кездесе бермейтін елжандылық, ұлтжандылық, адамдық-адамгершілік, қанағатшылдық қасиеттері басым. Студенттік шақтардағы «Жалғыз шың» деген өлеңінің өзінде философиялық тұрғыдан ой толғағанын байқаймыз.

Найзасы сенсің бабамның,
Еңселім, көкті тіреген.
Өзіңе ұқсас қаламым
Жазып та кетті бір өлең.

Жалғыз боп келдім, мойын бұр,
Дүр сілкін, оян, енжар құз.
Саған ла ортақ ойым бұл:
Сен жалғыз және мен жалғыз.

Жырымды тоқ қып көңілге,
Фәниден мына арда өтем.
Бір туу бар да өмірде,
Бірге өлу, сірә, бар ма екен!

Ел басына күн туғанда желтоқсан көтерілісіне қатысқан желтоқсаншы ғалым. Ешқашан дүние үшін, қымбат сый-сыяпат үшін өзінің алған бағытынан, өзі дұрыс деп таныған әділет жолынан айныған емес. Ғылым жолындағы талай-талай тартысты тұстарда да дәйекті дәлелмен ақиқатты алға тартады. Адамдармен араласқанда да мынаның пайдасы бар, мынаның пайдасы жоқ деп емес, мынаның ойы дұрыс, ниеті таза деп араласатындығын әрбір ісінен аңғартып тұрады. Өмір жолында сынып кетердей сындарлы сәттерді де бастан кешірді, бірақ сынған жоқ. Қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды әрбір сынақтан ширатылып, ширығып, бүгінгі биігіне қол жеткізген тау тұлғаға айналып барады. Бірақ біз күнделікті тыныс-тіршілікте араласып-құраласып жүргендіктен тау тұлға Болат Қорғанбеков ағайымыздың биіктігін бағамдай бермейміз. Адамдық жолдан айнымай келе жатқан ұлағатты ұстазыма, ардақты ағама абыроймен жеткен алпысыңыз құтты болсын, ұлттың рухани құндылығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілектемін! Мың жасаңыз, менің Болат ағайым!

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
айтыскер ақын, ф.ғ.к.,
Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық
ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы

oku-komek-kerueni

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек түрлері әлі де жолданып жатыр. Еліміздің әр өңірі шама-шарқынша керек-жарақты түгендеп, батыстықтарға жөнелтуде. Ол үшін қалада арнайы қабылдау пункттері де ашылған. Ел басына күн туғанда көмек қолын созудан қаладағы жоғарғы оқу орындары да қапы қалмады. Шымкенттегі Тәшенов университетінің ұйымдастыруымен бес университеттің оқытушы-пофессорлар құрамы бірігіп бес жүк көлігімен батыс өңіріне гуманитарлық көмек жолдады.

– Қазақстандағы оқу орындары бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Біз ол жақтағы университетке хабарласып, қазіргі уақытта жеткіліксіз заттардың, керек құралдардың тізімін алдық. Қазіргі уақытта ол жерге киім-кешек, азық-түлік, санитарлық қажеттілік заттары, дәрі-дәрмектер жеткізілген. Алайда су тартатын насостар, резеңке етік, құм салатын қаптар, күрек сияқты құрылыс заттары әлі де тапшы екен. Университет қызметкерлері бірігіп, бір күндік жалақымызды аударып, осы аталған тізім бойынша керек-жарақтарды алдық. Жалпы әр жүк көлігінде 10-12 тонна гуманитарлық заттар бар. Енді осы көмек күші аман-есен жетіп, халыққа пайдасы тиіп, осы апаттың ертерек сейілгенін тілейміз, – деді Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Қашқынқызы.

Сондай-ақ, жүк көлігіне азық-түліктен бөлек 150 көрпе, жастық, көрпеше, балалар жөргегі, құрылыс заттары тиелген.

Айта кетейік, мұнан бөлек Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ университетінің басшылығы бұған дейін Арқалық қаласындағы 21 студенттің оқу ақысына 6 миллион теңгеге жуық қаражат аударған.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Биыл 144 көше жөнделеді

Пятница, 19 Апрель 2024 05:24

114-koshe-jondeldi

Бүгінде қалада жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту, жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. Ал, 2 және 5-кезеңдері бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезеңдері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қонаев даңғылының 2-кезеңін, ал Өтегенов көшесінің 1,2-кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл ретте қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды айналма жолдарға да ден қойып отыр. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-інші аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді. Ал, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 келесі жылы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл  Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, сол арқылы 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарланған.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Негізгі 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Бұл әдіс жұмысты күн суығанда да жүргізуге мүмкіндік береді, жол құрылысы маусымын ұзартады. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылады. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Саха (Якутия) Республикасының сан қырлы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара тауар айналымының айтарлықтай артуы – соның айқын дәлелі.

– Біз өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларына зор ықыласпен қараймыз. Сіздің Республикаңызға, якут халқына деген құрметіміз ерекше. Қос халыққа ортақ дүниелер көп. Сізбен бірге құрамында іскерлік топтар мен мәдениет өкілдері бар үлкен делегация келгенін айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады. Оның аясында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру, Якутияның инвестициялық, туристік әлеуетін таныстыру жоспарланған.

Өз кезегінде Айсен Николаев көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Саха Республикасы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан халқына қолдау көрсетіп, су тасқыны салдарынан туындаған барлық қиындықты тезірек еңсеруге тілектестік білдірді.

– Біз Қазақстанға Саха Республикасының күндерін өткізу мақсатында келдік. Астана мен Алматы қалаларында мәдени, спорттық, іскерлік бағытта көптеген шара ұйымдастыру жоспарланған, – деді Айсен Николаев.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, кен өндіру өнеркәсібі, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей екі елдің өңіраралық ықпалдастығын жан-жақты дамытуға баса мән беретіні атап өтілді.

Әр адам априори тауарлар мен қызметтердің тұтынушысы болып табылады. Өмірінің ішінде ол көптеген сатып алулар жасайды, және көбінесе олардың бәрі әрдайым сәтті бола бермейді. Біреу сатушыға батыл барып, сапасыз өнімді сатып алған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді талап етеді. Ал кейбіреулері жай араласпағанды жөн көреді, өйткені олар көбінесе өз құқықтарын білмейді.⁣⁣⠀
Әдетте, дүкендер мен супермаркеттерде олар ақаулы тауарларды оңай ауыстырады немесе ақшасын қайтарады: жыртылған сүт қорабы, сапасыз немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдер және т.б. Олар киім-кешектер немесе аяқ киімдер сіздің талғамыңыз бен стиліңізге сәйкес келмесе, ақшасын толық қайтарып береді. Мұндай жағдайда ең маңыздысы - Сізде тауардық немесе фискалды түбіртек болу қажет және қайтаруды 14 күннен кешіктірмеу керек.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Қазақстандық заңнамаға сәйкес, азаматтар тауарларға ақшаны қайтаруға немесе өнім тиісті сапада болса да айырбастауға құқылы. Әдетте, бұл азық-түлік емес өнімдерде болады, егер сізге түсі, өлшемі немесе стилі сәйкес келмесе. Сонымен қатар, сатып алынған өнімді пайдалануға үлгермегеніңіз және сатып алу фактісі бойынша құжаттарды сақтағаныңыз маңызды болып табылады. Бұл ереже дәрі-дәрмектерге, шұлықтарға, іш киімдерге, метрлік тауарларға, өсімдіктер мен жануарларға, ұялы байланыс абоненттік құрылғыларына қолданылмайды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Егер сатушыда (өндірушіде) сұраныс ұсынылған кезде ауыстыру үшін қажетті тауарлар болмаса, ауыстыру осындай талап туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуі керек.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Сараптаманың егжей-тегжейіне жеке тоқталған жөн. Қайтарылған тауарлардың сапасын қосымша тексерудің құнын сатушы төлейді. Егер тауарларға осындай сараптама жүргізу нәтижесінде тауарларда ақаулар жоқ екендігі немесе тұтынушыға тауарларды бергеннен кейін пайдаланудың, сақтаудың немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінің немесе форс-мажорлық жағдайлардың белгіленген ережелерін бұзу салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізу шығындарын, сондай-ақ оны өткізуге байланысты шығындарды,жүк тасымалдау шығындарын өтеуге міндетті.⁣⁣⠀

 

Шымкент қаласы бойынша⁣⁣⠀
Сауда және тұтынушылардың⁣⁣⠀
құқықтарын қорғау департаменті⁣⁣⠀
бас маманы А.Нұрғали

Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне онлайн сауда дүкендері арқылы тауарларды сатып алу және қызметтерге тапсырыс беру кезінде тұтынушылардың құқықтары сақталмауына байланысты тұтынушылардан мерзімді түрде өтініштер түсіп тұрады. Өтініштердің көпшілігі тауарларды онлайн сауда дүкенінен тапсырыс арқылы сатып алған кезінде тұтынушылар алданып ақшасын қайтарып алуға қатысты.⁣⁣⠀
Онлайн сауда дүкенінен сатып алудан бұрын, Сізге көп білмейтін дүкендер туралы тұтынушылардың пікірлерін мұқият оқып шығуды ұсынамыз. Онлайн сауда дүкені туралы мәліметті мүмкіндігінше көбірек білуге тырысыңыз.⁣⁣⠀
Тек, басқа сатып алушылардың (бұрын сатып алған) пікірлерінің арқасында Сіз дүкеннің барлық оң және теріс жақтарын анықтай аласыз. Сонымен қатар, бұл жерде тапсырыс беру керек пе немесе басқа онлайн сауда дүкенін таңдаған дұрыс па. Күмәнді төлем әдістері бар дүкендерге дереу сенім артуды ұсынбаймыз (үйге жеткізу және жеткізу кезінде төлемді немесе жеткізілім кезінде қолма-қол ақша таңдау). Дүкен менеджерімен сөйлесу кезінде көбірек сұрақтар қоюға тырысыңыз, сонымен қатар телефонның екінші жағында тұрған адамның қаншалықты сыпайы, қайырымды және сауатты екеніне назар аударыңыз.⁣⁣⠀
Жалған онлайн сауда дүкендерінің алдау арқылы оңай жолмен ақша табу схемалары қазір белсенді қолданылатындығын ұмытпаңыз. Аванстық төлемді алып, олар сөзбе-сөз келгенде ауада болып шығады: сол себепті тауарды жеткізіп бермейді, қоңыраулар мен хаттарға жауап бермейді, ақшаны қайтармайды.⁣⁣⠀
Алдау схемасы қарапайым - өмірлік желілердің дүкендерінің көшірмелері жасалады және сол өнімді арзан бағамен ұсынады, ал ақшаны алғаннан кейін олар бірден жоғалады. Бағасына назар аударыңыз.⁣⁣⠀
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттің 87252 53-07-04, 87252 53-07-06 телефондар арқылы хабарласа аласыз.⁣⁣⠀

 

Шымкент қаласы бойынша⁣⁣⠀
Сауда және тұтынушылардың⁣⁣⠀
құқықтарын қорғау департаменті⁣⁣⠀
бас маманы А.Алдаберген

2024 жылдың бірінші тоқсанында Мемлекеттік корпорация өз күшімен мемлекеттік қызмет көрсету барысында тіркелген 1319 бұзушылықты анықтады. Салыстырмалы түрде, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 249 бұзушылықты құраған.

Son

 

Страница 2 из 798