22 мың бүлдіршін 1 сыныпқа барды

Среда, 04 Сентябрь 2019 04:14

Жаңа оқу жылында Шымкент қаласының білім беру саласы 4 жаңа мектеппен және 1 мектеп қосымша оқу ғимаратымен толықты.

IMG 6675

Жаңа мектептің бірі Абай ауданына қарасты «Қызылжар» мөлтек ауданында бой көтерген. Жергілікті тұрғындар көптен күткен мектеп 900 орынға есептелген.
Білім күніне орай пайдалануға берілген білім ошағының ашылу салтанатында қала әкімі Ерлан Айтаханов ұстаздар қауымы мен оқушыларды құттықтады.

– Егемендік алғалы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың тəрбиесіне барынша көңіл бөлді. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарға сапалы білім беруді басты назарға алған.
Міне, сол мақсатта қажетті құрал-жабдықпен жасақталған, заман талабына сай жаңа мектептер салынды.

Биылғы жаңа оқу жылын Шымкент қаласының білім саласы 144 мемлекеттік жəне 17 жекеменшік мектеппен бастап отыр. Бүгін 21 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаса, жалпы, 200 мыңнан аса оқушы орта білім алмақ. Осы игі іс жалғасын тапсын! Жаңа оқу жылы құтты болсын! – деді қала əкімі.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласы мəслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов, маслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар қатысып, оқушылардың мерекелік концертін тамашалады.
Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша 2019 жылы қала аумағында 15 мектептің құрылысы жүргізілген.

– Биыл іргесі қаланған 15 мектептің бесеуі 1 қыркүйекке пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Шаңырақ» шағынауданында 600 орындық, Әкімшілік-Іскерлік орталықта 1200 орындық және «Таскен» мөлтек ауданда 300 орындық жаңа мектептер де оқушыларға есігін айқара ашты. Ал «Сәуле» шағынауданында орналасқан №76 мектеп жаңа оқу ғимараты, спорт залы, шеберхана және асханамен толықты.

Желтоқсан айында Shymkent city аумағынан 1200 орындық жаңа мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал қалған 9 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі, – дейді Ғ. Өтенбаев.

АТА ЗАҢЫМ – АЙБЫНЫМ

Среда, 04 Сентябрь 2019 04:11

«30 тамыз – жаңа Қазақстанның негізгі заңы бекітілген тарихи күн. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиға» деді Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов.

DSC 0066

Түркістан сарайында өткен Қазақстан Республикасының Конституциясының күніне арналған «Ата заңым – Айбыным!» атты салтанатты жиынға қала мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестік, түрлі ұйым өкілдері қатысты.

Мерекелік концертте құттықтау сөз алған қала басшысы қазақ халқының ең басты құндылықтарын сыйғызған Ата заң зор мүмкіндіктерге жол ашқанын тілге тиек етті.
– Конституция – тәуелсіз елдің қоғамдық қағидасын бекітті. Демократияның дамуына импульс берді. Азаматтық бейбітшілік пен келісімге кепілдік берді.

Елдегі ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтты. Ата заң – мемлекетіміздің алтын қазығы Оны қадірлеп, қастерлеу әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы, – деді Ерлан Қуанышұлы.

ҚР Конституция баптарының үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Ал БАҚ саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін, ізденімпаз, қоғамдағы саяси тұрақтылықты қалыптастыруда өзіндік үлесі бар «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уали Қыдыров мен «Қызмет» газетінің бас редакторы
Бейсенкүл Нарымбетова Ел Президентінің «Алғыс хатымен» мадақталды.

Ұлттық киім киіп, қазақы ән мен жырды нақышына келтіріп орындаған өнерпаздар көрермен рухын көтеріп, санасын бір серпілтіп тастады.

Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов Қоғамдық кеңес мүшелерімен танысты. Қала басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, оны билікке жеткізетін кеңес мүшелерінен ұсыныс күтетінін айтты.

DSC 9123

– Қаладағы өзекті мәселелерді әріптестерімнен, басқарма басшыларынан ғана емес, осы кеңес мүшелерінен де тыңдауға дайынмын. Алдымызда жылу беру маусымы келе жатыр. Сіздерден осы және қала тазалығы, көгалдандыру жұмыстары, елдімекендердегі ауызсу мәселесі, инфрақұрылымға қатысты, басқа да қала тұрғындарының мәселесін шешу туралы ұсыныстар күтемін. Сондай-ақ, тек халықтың ұсынысын жеткізумен шектелмей, әкімдікпен арадағы алтын көпірге айналады деп сенемін. Біз бен сіздің арамызда ашық диалог қалыптасуы қажет, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Жиында сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Пернешқызы 2019 жылдың жазында іргелі оқу орнына 10 000 талапкер құжат тапсырғанын айтты. Университет 2019-2020 жаңа оқу жылында 30 000 студентке білім бермек. Осы тұрғыда Д.Қожамжарова Шымкент қаласын студент жастардың Hub орталығына айналдыру мақсатында жатақхана мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.

Шымкент қаласы бойынша «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков Қоғамдық кеңес мүшелерінің санын арттыру туралы ұсынысын айтты.
–Алматы, Нұрсұлтан қалаларында Қоғамдық кеңес мүшелігінде 35 белсенді бар. Бүгінде Шымкент қаласы да республикалық маңызы бар қаланың бірі. Сондықтан,

Қоғамдық кеңес мүшелерін қайта қарауды сұраймын. Кеңес отырысына үш рет қатыспаған азаматтарды мүшеліктен шығарып, орнына басқа адамды қосуды құптаймын. Себебі, біз «Қоғамдық кеңес мүшесі» деген куәлікті арқалап жүрумен шектелмей, өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезінуіміз қажет, – деді Ж.Білісбеков.

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Н.Бұхарбаев бұл ұсынысты алдағы уақытта қаралатынын айтты. Жиында қаланың спорт саласын дамыту жайы, мәдениет саласындағы, ауылшаруашылығы және ветеринарияға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. 

Біз, қазақ баланың болашақта кім болатынына тұсауын кесерде өзімізше болжам жасап жатамыз. Қаз-қаз қадам басқан сәбидің алдына қамшы, домбыра, кітап, көлік кілті, ақша қойып, таңдау жасағанына мәз боламыз. Қылығы шыға бастағаннан «осы баладан бірдеңе шығады-әй!» деп сүйсінеміз. «Қабілетті баланы өз биігінен көрудің бірден бір жолы – оның ақыл-ойын дамыту» дейді белгілі ғалым, ҚР Білім және ғылым министрлігінің екі мәрте Құрмет грамотасын иемденген белгілі математик Ырысбек Мәуіт. Осы ойды өрбіту мақсатымен біз республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына жетекшілік жасаған ғалыммен білімді ұрпақ тәрбиесі жайлы сұхбаттасқан едік.

393

Бастау барын бұлақ та біледі

Пятница, 16 Август 2019 07:51

Дала да, қала да әрқашан өзен-көл, суымен сұлу. Әлемдегі Темза, Чикаго, Мәскеу, Сена, өзіміздің ерке Есіл сынды ең әдемі қалалардың көркін еселеп тұрған әйгілі өзендер көп-ақ. Табиғаттың мұндай тартуы Шымкенттегі Қошқар ата өзені – үлкен өзендер қатарын толықтырмағанымен шаһардың шырайын еселей түскені анық.

361

«Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады»

Н.Назарбаев.
Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жыл

0ала ш

«Қалалық» атану

Урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы. Бұл тұрғыда «шымкенттік» болу мақсатымен қала аумағына жақын елдімекендерге қоныстанғандар көп-ақ. Мысалы, Ордабасы ауданынан Темірланға, Темірланнан Шұбарсуға немесе Сайрам ауданынан Ақсуға, сосын одан бері Тассай, Пахтакор елдімекендеріне көшіп келгендердің көздегені қала тіршілігіне жақындау болды.

Сол сияқты Төлеби мен Қазығұрт ауданынан да Шымкент қаласының аумағына жақын қоныстанған халық әуелі жұмыс табу мүмкіндігін ескерсе, уақыт өте келе балаларына сапалы білім алуына жағдай жасауды ойлағаны анық. Халықтың «қалалық» болуға ұмтылған ниеті урбанизацияның негізгі көрсеткішіне айналды. Яғни, елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағы қарқынды түрде арта бастады.

Қала халқының табиғи өсімі, елдімекендердің қала статусын алуы, қала маңы аудандарының пайда болуы, ауылды жерден қалаға қарай көшу, қалалық болуға ұмтылу – мұның бәрі урбанизация үрдісінің көрінісі. Бұл тек демографиялық және географиялық құбылыс емес. Мұндай кезде қалалық мәдениет пен қарым-қатынастың қалыптасуынан қоғамның дамығаны айқын көрініс табады.

Сауда-саттық, кәсіпкерлік, қолөнер, ғылым және өндіріс орындарының дамуы қарқын алып, олардың мәдени, саяси міндеттері арта түседі. Бос жұмыс орындарының көбеюі мен ауыл шаруашылығын механизациялау да урбандалуға тән.

Агломерацияға топтасу

Агломерация – урбанизацияның бір ғана процесі. Нақтырақ айтқанда мәдени, тұрмыстық және экономикалық әлеуеті, тыныс-тіршілігі бір-біріне тығыз байланысты елдімекендердің шағын ғана аумаққа шоғырлануы. Мұндай урбанизация үдерісі индустриялық аймақтарға тән, ірі, ядроға айналған қала төңірегінде қалыптасады.

Шымкент – тартылыс күші зор ядро қаланың біріне айналды. Табиғи урбандалу және оның нәтижелі көрініс табуы, халық санының өсуі, өндірістік саланың ілгерілеп, бос жұмыс орындарының көбеюі соның дәлелі. Сондай-ақ, Шымкенттегі миллионнан астам тұрғыннан бөлек, сапалы білім мен медициналық қызметті пайдалануға тартылатын аудан-ауыл тұрғындары да аз емес.

Шымкент қаласынан аудан-ауданға қатынайтын көлік қозғалысының саны да, сапасы да соңғы уақытта күн санап артты. Шымкенттен аудандарға ғана емес, облыстарға, тіпті шетелге де жол жүруге мүмкіндік бар.

Көне шаһар республикалық маңызға ие болғанына да жылдан асты. Миллионды қала мегаполис атанды. Дегенмен, ең жақсы жетістіктердің де өзіндік қиындықтары болады. Халқы тығыз орналасқан ірі қаланың қажеттіліктерін бақылау, назардан тыс қалмауы жүйеге түскенге дейін біршама уақыт кетеді.

Әдемдік тәжірибеде осы уақыт аралығында мегаполисте жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, кей шағынаудандарда инфрақұрылымдық жағдайдың өзгеруі немесе мүлде болмауы, экологиялық проблемалар және әлеуметтік мәселелердің көбеюі көрініс табады. Мегаполистің дами түсуі де дәл осы мәселелерді қолға алумен жалғасын табады.

Урбандалу нәтижесінде Шымкент қаласының аумағы бастапқы 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Қала маңына іргелес орналасқан 44 елдімекен Шымкент аумағына өтті.
Республикалық маңызы бар қаланың басты мақсаты – сол елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайын қалалық деңгейге жеткізу.

Осы мақсатта Абай ауданында сапалы электр жарығын қосу және табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алса, Қаратау ауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі мен сапалы электр жарығын тарту қызу жүріп жатыр. Ал Еңбекші ауданында Төлеби және Сайрам ауданынан енген тұрғын алаптарға жол белгілері орнатылды.

Медицина және қоғамдық көлік қызметінің сапасы артып, табиғатына сай демалыс аймақтары ашыла бастады. Түрлі кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын бастап, жергілікті тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынуда. Әл-Фараби ауданында да урбандалу үдерісімен қалаға жақын орналасып, бүгінде Шымкенттің бір бөлшегіне айналған тұрғын алабтары бар.

Елдімекендерге «қан жүгіреді»

шар

Шымкент қаласынан Ташкентке баратын тас жолының сол жақ бетінде Бадам тұрғын алабы мен Сәуле шағынауданы орналасқан. Сол шағынауданның оңтүстігіне қарай жүріп барсаңыз қырға жетесіз. Жекеменшік үйлер сол қыр басына дейін ғана орналасқан тәрізді. Алайда, тағы сәл жүрсеңіз сай, одан әрі қыратқа жалғасқан жерде Сайрам ауданынан қала аумағына енген шағын елдімекендерді көзіңіз шалады.

– «195-орам», «276-орам», «275-орам» деп аталып кеткен Әл-Фараби ауданына қарасты елдімекендердің жағдайы бүгінде жақсарған. Жергілікті тұрғындар ауызсуды бұған дейін бірнеше шақырымдық жерден тасып ішкен еді, – дейді Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов.

Бадам тұрғын алабынан (195-орам), егжей-тегжей жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер учаскесі берілген. Қазіргі таңда 300 үй түсіп, халық саны 1280 адамға жетті. Ал, Сайрам ауданынан Сәуле шағынауданына енген 276-орам жаңақұрылыс аумағында шамамен 153 түтін бар.

Халық саны 612 адамды құрайды. Аталған елдімекендерді ауызсу және табиғи газбен қамту туралы ұсынысын аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов қалалық әкімдікке жеткізгенін айтты.

– Инфрақұрылымдық жұмыстардың жобасын жасау мәселесі мәслихатта қаралған соң ғана қазынадан қаражат бөлінбек. ЖСҚ әзірленгеннен кейін құрылыс жұмыстарын күтуге тағы біршама уақыт өтеді. Сондықтан, біз кәсіпкерлердің көмегімен 276-орамға 2 жерден су көзін тартуды ұйымдастырдық, – дейді аудан әкімі.

Кәсіпкер қолдауымен

Аталған елдімекен тұрғындары электр қуатын жеке кәсіпкер Н.Ережеповтің жеке меншігіндегі өндірістік базадан өзара келісіммен жалғанған. Электр бағаналары әзірге стандартқа сай емес. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаевтың айтуынша, кәсіпкерлердің демеушілігімен сапалы электр бағаналары да орнатылған. Қала орталығынан жырақта орналасқанымен Шымкент аумағына қарасты елдімекендердің бүгінгі тіршілігі кешегісінен жақсы болғанының өзі едәуір ілгерілеушілік.

276-орамның ауыл биі Асылбек Есмұрзаев ауызсуды 3 жыл тасып ішкендерін айтты.

– Әу баста қалаға қоныстану үшін Шымкенттен жер іздедік. Қалтамыз көтергені осы аумақ болды. Мұндағы көршілер менен 2 жыл бұрын келіп, 5 жыл сонау Сәуле шағынауданынан тасып ішті ғой суды. Ал менің үй сала бастағаныма 3 жыл болды. Шымкент мегаполис атанған соң бұл жерге қоныстанушылардың қатары да күн санап арта бастады. Адам көбейсе, сұраныс артады.

Өткен жылы ғана алыста жатқан ауыл сияқты едік, қазір топырақ жолымызға тас төселді. Биыл сапалы жарық пен ауызсуға қол жеткіздік. Кәсіпкерлерге айтып, осы жақтың тұрғындары үшін жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамыз, - деді ауыл биі.

Бұрын 5 шақырымнан тасып ішсе, бүгін орам тұрғындарының әрісі 100-200 метрдегі су көзінен тасып ішеді. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс әлі де көп.

Қазынадан қаражат қаралып, Бадам және Сәуле шағынауданына қарасты орамдардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту үшін Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы да бірқатар жұмыстарды қолға алмақ.

Шымкентте бірнеше жылдан бері жалақы қарыздарын өтемей келген 4 кәсіпорын 23 жұмысшыға 16,7 млн теңге көлеміндегі жалақыны толығымен өтеді. Бұл туралы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.

DSC 3522

Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алғаннан кейін құрылған Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына 18 шілдеде 1 жыл толды. Әділет органында тіркеліп, өз қызметін бастаған ұжым қаланың кәсіпорындары мен мекемелерінде ҚР еңбек заңнамасының сақталуын бақылап, оның тиімділігін арттыруға күш салуда.

Еңбек зая кетпесін десеңіз...

Бас инспектордың айтуынша, еңбек шартының заңсыз бұзылуы анықталып, 3 азамат өз лауазымына қайта орналасқан. 2019 жылдың 6 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары Шымкент қаласында 152 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 131 заң бұзушылықты анықтады.

Басқарма тарапынан анықталған заң бұзушылықтардың негізінде еңбек инспекторлары 68 нұсқама беріп, 5,4 млн теңгені құрайтын 40 айыппұл салған. Қазір айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушылар тиісті жұмыстарды жалғастыруда. Сондай-ақ, 110 жұмысшының жалақы қарыздары мен жыл сайын төленуі тиіс ақылы еңбек демалыс күндері үшін 10,2 млн теңге өтемақы өндірілген.

– Кез келген азамат жұмысқа орналаспас бұрын сол мекемемен еңбек келісім-шартын жасап алуы тиіс. Келісім-шарт жасалмаған жағдайда жұмысшы ақылы еңбек демалысына шыға алмауы немесе басқа да тиісті төлемдерден қағылуы, тіпті еңбекақысын ала алмай қалуы мүмкін.

Кейде ұжымда 2-3 ай жұмыс істегенін дәлелдей алмайтын жағдайлар болады. Түрлі бөлімдерде жұмыс істейтін әріптестері «танымаймыз» деуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда еңбек келісім-шарты ғана көмектеседі, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл тұрғыда түрлі ұжымдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, оқу бітірген және студент жастармен осы тақырыпта жиі кездесу ұйымдастырылады. Көп жағдайда оқуды енді ғана бітірген жастар жұмысқа орналасу кезінде түрлі заңсыздықтармен кездесетінін ескерсек, түсіндіру жұмыстарын кеңірек насихаттау БАҚ өкілдері үшін де маңызы зор тақырып.

Өндірістік жарақат дегеніміз не?

Бас инспектор «тұрмыстық жарақат» пен «өндірістік жарақат» дегеннің екеуі екі басқа екенін түсіндірді.

– Осының ара-жігін ажырата білу қажет. «Өндірістік жарақат» дегенді көбіне станокта, құрал-саймандарды пайдалану барысында алған жарақат деп түсінеді. Олай емес. Қызметтік өкілеттіліктерді жүзеге асыру барысында алған жарақаттар ол тек зауыт-фабрикада емес, гуманитарлық салада болуы әбден мүмкін.

Мәселен, мектеп мұғалімі жұмыста жүріп, баспалдақтан құлап, басын жарып алса, ол да «өндірістік жарақат» болып саналады, – дейді Б.Қалжанов.

Дегенмен, жұмыс уақыты болғанымен 5-10 минут, тіпті 1 сағатқа жеке шаруасымен сұранып шығып кеткенде алған жарақат «тұрмыстық» деп танылады. Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс уақыты болғанымен жеке жұмыстарымен жүргенде жарақат алып, дәрігер қызметіне жүгінгендердің жұмыс орнын сұрайды.

e87215e1f1e0d599181a4dd00f74acbc

Содан құжатқа жұмыс уақытында болғаны көрсетіледі. Мұндай дерек тіркелген жағдайда тиісті тергеу-тексеру амалдары жүргізіледі. Алайда, «өндірістік» деп танылған жарақат көбіне «тұрмыстық» болып шығады.

– Өндірістік жарақатты болдырмау үшін жұмыс берушінің де, жұмысшылардың да міндеттемелері бар. Негізінен жұмыс берушіге көп жүктелген, ол жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыс беруші жұмысшыларды арнайы киімдермен, қорғану құралдарымен қамтамасыз етуі және адам денсаулығына қауіпті компоненттердің шықпауына жағдай жасауы керек.

Ал жұмысшылар ескертілген қауіпсіздік шараларын ұстануға міндеттеледі. Қауіпсіздік шараларымен таныса тұра оны сақтамаса және өндірістік жарақат алса, тергеу-тексеру амалдарының нәтижесіне қарай 50-70%-ға дейін жұмысшының өзі кінәлі деген шешімдер шығуы мүмкін, – деп түсіндірді Бауыржан Ахметәліұлы.

Шымкент қаласында 2019 жылдың 6 айында 23 жазатайым оқиға болып, соның салдарынан 24 адам зардап шеккен. ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №790 Қаулысына сәйкес жергілікті басқарма өндірістік жарақаттану деңгейін мейлінше болдырмауды мақсат етіп, осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жандандыра түскен.

89,5%-ы білікті мамандар

Елбасы Н.Назарбаев қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын 1,5 есеге арттыруға тапсырма берген-ді. Бұл тапсырманы орындау барысында жергілікті ірі, шағын және орта 261 кәсіпорында еңбек ететін 16 722 азаматтың жалақысы орташа есеппен 22%-ға өскен.

Мониторинг жүргізу жалғасуда. Сонымен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің жалақысын 1 маусымынан бастап көтеру жоспары да сәтті орындалды.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласына шетелден жұмыс күшін тарту үшін биыл 2 145 адамға квота бөлінген.

Қазір 39 кәсіпорын мен ұйымда 557 шетел азаматы, 18 991 отандасымыз жұмыс істеуде. Яғни, жұмысшылардың 97,1%-ын жергілікті халық құрайды. Ал 557 шетелдік жұмысшының 89,5%-ы – білікті мамандар.

Басқарма тарапынан көрсетілетін қызметтің бір түрі – этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу. Қазір ҚР Азаматтығын алып үлгермеген 260 қандасымыздың «оралман» мәртебесі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Шымкент қаласына қарасты жер көлемінің 53,84%-ы ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Ал тұрғын үйлер орналасқан жер көлемі бүгінде 10 481 гектарды құрайды. Бұл қала аумағына қарасты жер телімінің 9,01%-ы ғана. Осы 10 481 гектардағы көп қабатты үйлердің үлесі 3,82%, ал қалған 96,17%-ы – жеке меншік үйлер.

DSC 2628

Әрине, бұл әзірге уақытша мәліметтер. Себебі, Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, болашақта үшінші мегаполистегі үйлердің 68%-ы көп қабатты болуы шарт. Қала аумағындағы әлеуметтік аймаққа арналған жер телімі 1 337 га немесе 1,14 %-ды құрап отыр.

Өндірістік, сауда нысандары мен қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету сынды коммерциалық аймақ қала аумағының 14,69% жер телімінде орналасқан. Бұдан өзге 75,13%-ды құрайтын 87 370 га жер Бас жоспарға сәйкес түрлі мақсатта игерілуде.

Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Жәнібек Ағыбаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, 2019 жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, аталған уақытта ұжым қызметкерлері халыққа 4 бағыт бойынша 5 162 мемлекеттік қызмет көрсеткен.

– 2 924 жерге орналастыру жобасы қабылданып, 120 учаскеге кадастрлық бағаларын қабылдау қызметі көрсетілді. Учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша 1 328 қызмет көрсетілсе, 790 азамат жер учаскесін алу кезегіне қойылды, – деді Жәнібек Есенұлы.

Ал «Іздестіру жұмыстарын өткізу үшін рұқсат беру» және «Мемлекет меншігі болып табылатын сауда-саттық (аукциондарда, конкурстарда) орналасқан жер учаскелерін иелену», «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру», «Жер учаскелерін беру бойынша шешім шығару» қызметтеріне заңды және жеке тұлғалар тарапынан ешқандай өтініш түспеген.

1 млрд 484 млн теңге

Қаланы абаттандыру мақсатында бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Атап айтқанда, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу үшін 29 жер телімі мемлекет мұқтаждығы үшін 306,6 млн теңгеге сатып алынды. Қазір бұл жер телімдерін пайдаланушылардан мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы содан кейін аталған даңғылдағы жол құрылысының жұмыстары жалғасатынын айтты.

Брифингте айтылған деректерге сүйенсек, республикалық маңызы бар қаланың инфрақұрылымдық жұмыстарын жалғастыру мақсатында Н.Назарбаев даңғылы бойынан да 15 жер телімі мемлекет мұқтажына қайтарылған. Мұндай жұмыстар Сыпырған ата, Тәуке хан, Жібек жолы, Әл-Фараби көшелерінде де жалғасуына орай тағы 21 жер телімі мемлекет мұқтажы үшін сатып алынды.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір басқарма қызметкерлері Адырбеков көшесін кеңейту және Тұран шағынауданындағы 1, 2, 7-көшелерді салу үшін жер телімдерін пайдаланушыдан мемлекет меншігіне алу жұмыстарын жүргізуде.

– Мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің жалпы алаңы 58,54 га, құны 1 млрд 484 млн теңгені құрайды. Көлік инфрақұрылым нысандары бойынша сатып алынған 66 жер учаскесіне 376,47 млн теңге жұмсалды. Ал көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысына барлығы 1 млрд 107,4 млн теңгеге 93 жер телімі сатып алынды, – деді Ж.Ағыбаев.

Басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Shymkent city қалашығының құрылысы үшін 389,7 млн теңгеге 12 учаске, Тұран шағынауданының құрылысына қажет 16 учаске 158,8 млн теңгеге сатып алынған. Ескі қала құрылысы үшін
(Цитадель) 21 жер телімін алу үшін де 246,535 млн теңге жұмсалған. Қошқар ата өзенінің жағасына көпқабатты үйлер түсетіні белгілі.

Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарымен қоса бұл жобаға 201,1 млн теңгеге бағаланған 15 учаске мемлекет мұқтажына қайтарылды. Өзен жағалауы 35 метрге дейін абаттандырылады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 61,1 млн теңгеге 7 жер телімі сатып алынған. Құрылыс жұмыстары әкімшілік іскерлік орталығында да қызу жүріп жатыр.

Бір жағынан жол түсіп, екінші жағынан сәулеті көз тартатын ғимараттар мен биік-биік үйлер бой көтеріп келеді. Бұл жоба аясында 49,9 млн теңгеге 22 жер учаскесі сатып алынған.

Комиссия. Бюджет

2019 жылы Жер комиссиясы 16 рет бас қосып, жер учаскелерді беру жөніндегі жеке және заңды тұлғалардың 2 583 арызын қараған. Олардың 54%-ы, яғни 1 401-і қабылданып, қалған 1 182-сі Жер заңнамасының ережелеріне сәйкес, бас тартуға байланысты қабылданбаған.

2019 жылдың 6 айында Шымкент қаласы әкімдігінің атынан басқарма 1 479 шарт құрған. Оның 343-і жер учаскелерін сатып-алу, ал 921-і уақытша қолдану (жалға алу) үшін және 215 шарт жер учаскелерін жалға беру құқығын сатып алу бойынша жасалған. 6 айда қала бюджетіне түскен қаражат 506,770 миллион теңгеге жетті.

Аталған кезеңде Шымкент қаласы аумағында жер заңдылығын бұза пайдаланып жатқан 107 тұлғаның жер учаскесіне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 183 966 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар басқарма қызметкерлері тарапынан жер заңдылығын бұзған 114 жер учаскесіне заңсыздықты жою туралы нұсқама берілген. Дегенмен, оның 14-інде заң бұзушылықтар анықталмаған.

Нысаналы мақсат

222999

Қала тұрғындарының қатарында жер учаскесін өз бетінше иеленіп алғандар мен жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбағандар да кездеседі. Мұның бәрі заң бұзушылық. Жерге ешқандай құжатсыз, өз бетінше иелік жасап алған 18 тұлғаға басқарма 3 690 130 теңге айыпұл салған. Ал Қазақстан Республикасының жер заңнамасын сақтамай, жер учаскесін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбаған 14 тұлғаға 380 211 теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Жер нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуы тиіс! Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерді тұрғын үй салуға өзгерте салу қиын емес. Бірақ, тұрғын үйге арнап өзгерткен жерге міндетті түрде инфрақұрылымдық жүйе, су трассасы, табиғи газ, сапалы электр жарығы, кәріз жүйесі тартылуы керек.

Оны қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы Шымкенттің Бас жоспары негізінде анықтап береді. Дегенмен, ауыл шаруашылығына қолайлы жер сол мақсатта, ал тұрғын үйге арналған жер телімі өз мақсатында пайдаланылғаны әбден дұрыс. Біз оны өзгертпеуіміз керек, – деді басқарма басшысы.

Жәнібек Ағыбаевтың нысаналы мақсатты өзгертпеу туралы ойына тамызық болсын, қала тұрғындарының кейбірі төрт түлік мал асырауға шағымданады. Азаматтардың кейбірі көршінің үйіндегі ит-құс, сиыр мен қойдан мазасы кетсе, енді бірі «от жағып, түтіндетті», «ойын-сауық-құрып, берекені қашырды» деген шағымдарын да жеткізеді.

Ал керісінше, қалада бау-бақшаға жеміс-жидек егіп, қой қоздатып, ағарған ішіп отыруға ниетті суармалы, ауыл шаруашылығына қолайлы жер іздейтіндер де аз емес. Егер нысаналы мақсаты өзгермесе, өмір салты ұқсас тұрғындар бір елдімекенге орналасатыны анық.

Жерді алып, пайдалануға асықпайтындар бар ма? Әрине, бар. ҚР Жер кодексінің 92-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, тексеру жүргізген басқарма қызметкерлері пайдаланылмай жатқан шаруа қожалығына және кәсіпкерлік мақсаты үшін берілген жер учаскесін игермеген 58 тұлғаны анықтап, жер учаскесін пайдалану жөнінде нұсқама беріп, 380 211 теңге көлемінде айыпұл салды. Талап қатаң, орындалмаған жағдайда игерілмеген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады.

Шымкент қаласында 2019 жылдың 6 айында жер кезегіне 790 азаматтың өтініші тіркелген. Жалпы, осы кезге дейін жеке үй салу үшін жер кезегінде тұрғандар саны 119 018-ге жетті.

Дегенмен, жер телімі ҚР Жер Кодексінің талаптарына және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес, ҚР азаматтары мен оралмандардың өтініштері арнайы есепке алынып, тек инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос аумақтардан беріледі.

жер

 

Страница 5 из 39