Ислам және әйел мәртебесi

Пятница, 21 Август 2015 10:58 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 15834 раз

islam jane aiel martebesi 34Ислам дінінде әйел адамның қоғамдағы орны айрықша бағаланады. Яғни, әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтеріп, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең, яғни пенде ретіндегі міндеттері бірдей. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады. «Байғұт баба» мешітінің имамы Берік Қалдаровпен сұхбатымыз да әйел-аналардың мәртебесі тақырыбы аясында өрбіді.

– Берік Жақыпбекұлы, Ислам дінінде әйелдердің мәртебесі қандай?
– Қазіргі таңда әйел адамның қоғамда алатын орны ерекше. Мұсылман елдерінде қазіргі жаһандану дәуірінде әйел адам ошақ иесі, жанұяның ұйытқысы рөлімен қоса, қоғамдық өмірдегі жұмыс, іс-әрекеттерді бірдей атқарушы, жан-жақты тұлға ретінде қарастырылады.
Әр қоғамда, әр ұлтта әйел адамға деген көзқарас әрқилы және де дау тудыратындай жағдайда болған. Біреуі қыз баланың дүниеге келуін мақтаныш көрсе, ал біреулері бұл жағдайды ұят санаған. Бұл ретте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) әйелдерге құрметпен қарап, қамқорлық жасауға үйретуден жалыққан жоқ.
Ислам дінінде әйел адамның орны ерекше екені анық. Алла Тағала әйелдің сезімін еркекке қарағанда артығырақ жаратқан. Бұл сезімнің молдығы отбасында әйелдің негізгі әрі табиғи міндеті болып саналатын ұрпақ жалғастығы мен тәрбиесінде үлкен маңызға ие.
Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) сүресі бар, Еркектер сүресі жоқ. Ислам дінінде Алла Тағала ер адамға әйелін, баласын, ата-анасын, қолына қараған жақын туыстарын асырап, бағып-қағуға жүктесе, әйелге ондай міндет жүктелмеген. Өйткені, әйел адам өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеу сынды ұлағатты істермен айналысады. Әйелдер үйде немесе сыртта жұмыс істеуге мәжбүр емес. Тұрмыс құрған болса күйеуі, құрмаған болса әкесі әйелге қажеттіліктерін әкеліп беруге тиіс. Бұл жөнінде Құранда әйелдерінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайтыны айтылады. «Намаздары қабыл болмайды» дегені, намаз борышынан құтылады, бірақ оған берілетін үлкен сауаптарға қауыша алмайды дегенді білдіреді. Алла Тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Хадисте былай делінеді: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла Тағаланың сендерге аманаты». Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде: «Үйінде (жетім) балалардың тәрбиесімен айналысып жатқан әйел жәннатта менімен бірге болады» деп бұйырады. Басқа бір хадис шәрифінде: «Дүние – өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы – ізгі әйелдер» делінеді. Алысқа кетпей-ақ, осы хадистерден әйел адамның отбасындағы бақыттың көзі, рахымшылықтың құшағы, мейірімділік тірегі екендігіне көз жеткіземіз.
– Қазіргі таңдағы дау тудырушы мәселелердің бірі – Исламдағы әйел киімі төңірегінде өрбуде. Жалпы, әйелдер қауымы қалай киінуі керек?
– Әйел баласына тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн. Ислам адамдық қасиетке сай киінуге қатысты кейбір шарттар қойған. Олардың бірі – киімнің дене бөлшектерін көрсететіндей дәрежеде тар немесе жұқа болмауы. Әйелдің әйелдік, еркектің еркектік қасиетінің сақталуы шарт. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз бізге «Әйел сияқты киінген еркектер, еркек сияқты киінген әйелдер Алланың рақымшылығынан алыс қалады», – дегенді ескертеді.
– Ислам дінінде әйел адамға қандай жеңілдіктер берілген?
– Бұл жөнінде Құранда: «Әйел жүкті кезінде күндіз саим (ораза тұтқанның), түнде қаим (ғибадат еткеннің) және Алладан қорқатын мүджаһидтің сауабын алады. Ауру күшейген кезде оған берілетін сауаптың көптігін ешкім біле алмайды. Сәбиді әр емізгенде бір жан тірілткендей сауап алады» делінеді.
Әйел адам босану кезінде қайтыс болса, онда ол шәһид болады. Шәһидтің парыз амалдардағы қарыздары және құл ақыларынан басқа барлық күнәлары кешіріледі. Сонымен қатар, қыз бала үшін сойылған бір ақиқа, ұл бала үшін сойылған екі ақиқаға тең келеді. Дініміз қыз бала үшін осы жеңілдікті білдірген. Яғни, «Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадис шәриф ізгі әйел үшін Пайғамбарымыздың тамаша куәлігі іспетті. Әйелдер Ислам дінінің өздеріне берген қадірін, жеңілдігін, еркіндігін білсе, бүкіл дүние жүзінің әйелдері бірден мұсылман болар еді.
– Әйелдерге қандай міндеттерді орындау парыз етіледі?
– Бұл орайда, Құран Кәрімде жақсы әйелдердің Аллаға мойынсұнатыны және күйеулерінің ақыларын орындайтыны, күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Алланың көмегімен қорғайтыны айтылады. Қыз баланың және әйел адамдардың қадірін ұғынбайтындар, мұсылмандықты білмейтін адамдар. Шын мұсылман біз әйелдерді лайықты түрде қадірлей білуіміз керек. Ендеше, осындай дәлелдерге сүйене отырып, ешкім «Ислам діні әйелдерді, қыздарды қадірлемейді» дей алмас еді.
Қоғамның басты мақсаты – үйдің ұйытқысы, адамзатты дүниеге әкелуші, көбейтуші болып табылатын әйел адамды сыйлап, қастерлеу, рөлін асқақтатып көтеру. Діни қоғам не болмаса зайырлы қоғам болсын әйел бұл ана ретінде қарастырылуы керек. Өз анасын қалай қастерлеп, биіктетсе, әйел адамды да сондай деңгейге қою – әр адамның басты қасиетті борышы. Себебі, адамзат болашағы сол адамзатты дүниеге әкелуші «Ана» тағдырына тығыз байланысты.
– Өзге діндерде әйел мәртебесі қаншалықты бағаланады?
– Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды.
Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысқан. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі.
Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды. Сонымен қатар, дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Ал исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген. Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн.
Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені, табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы рөліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп білген жөн. Осы айтылғандардың негізінде әйел затына қатысты әлемдік діндердегі көзқарастардың қазіргі түсінігі «теңсіздік» ұғымымен үйлеспейтінін тұжырымдауға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.