Ислам дiнiндегi зайырлылық қырлары

Среда, 17 Февраль 2016 05:45 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 3344 раз

Дін – мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Дін мәселесіндегі тарихи факторлардың қазіргі таңдағы әсері еліміздегі діни ахуалдың ерекшеліктерін нақты көрсетеді. Қазіргі кезде елімізде қалыптасып үлгерген ішкі саяси тұрақтылықтың алдағы уақытта да берік орнығуы көп жағдайларда мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп атқаратын жұмыстарына байланысты.

1332828114 4511FPkrЕліміздің тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдер ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі таңдағы жұмыстар негізінен саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуда.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.
Ал зайырлы мемлекет дегеніміз – діннің бөлінуі нәтижесінде пайда болған діни емес, азаматтық нормалар негізінде басқарылатын, мемлекеттік органдардың шешімдері діни негіздері болмайтын мемлекет. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы (толықтай немесе ішінара) діни нормаларға сәйкес бола алады; «зайырлылық» діни ұстанымдармен қарама-қайшылығымен емес, олардан тәуелсіздігімен анықталады. Ол туралы 2011 жылы қайта қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-ші бабының 1-тармағында да мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінгені нақты көрсетілген.
Қазақстан зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми түрде діндерге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттердің түбірінен өзгеше. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көп тілді және көпкофессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе.
Жалпы зайырлылық тарихына қысқаша тоқтала кететін болсақ, зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған. Жалпы батыста зайырлылық ұғымы екі бағытта дамыды:
1. Оңтүстік Латындық бағыт.
2. Солтүстік Герман және Англо-саксондық бағыт.
Зайырлылық – кәрі құрлық Еуропада бір мағына беретін термин болғанымен, латын тарихының жалғасы болып табылатын елдерде (Жерорта теңізі жағалауындағы Рим империясы территориясында пайда болған елдер Италия, Франция т.б.) « зайырлылық» деп аталса, ал протестанттық мәдениетті сіңірген Герман, Англо-саксондық елдерде (Германия, Ұлыбритания, АҚШ т.б.) «секуляризм» ретінде қабылдаған.
Секуляризм – мемлекеттің діннен бөлініп, барлық әлеуметтік және саяси функцияларды зайырлы билікке берілуін қолдап, агнотицизм позициясын ұстанады.
Түркиялық ғалым, доктор Дурмуш Ходжаоғлу: «Зайырлылық – батыс дүниесінің ұзақ қалыптасып, баяу орныққан тарихи және мәдени төлі», – дейді. Сонымен қатар зайырлылық – Түркияға Француз мәдениетімен, оның ішінде латын-католик тамырынан нәр алған, қатал түрінен кіргендігін айтады. Әрі секуляризмге қарағанда зайырлылық термині дінге қарсы қатал позиция ұстанып, атеизмге барынша жақындағандығын да атап өткен.
Дінтанушы Нұржан
Арыстанбекұлы Ильмани (зайырлық) сөзінің терминдік мағынасы Ұлыбританияның білім ортасында пайда болды. Бұл қоғамдық қозғалыстың мақсаты – адамды ақыреттен алыстатып тек дүниеауи мәселесімен шұғылдануға бет бұрғызады деп түсіндірді.
Қазіргі заманда көп мемлекеттердің конституциясында былай деп айтылады: дін мемлекеттен бөлінген, яғни, дұрысы мейлі ол халыққа болсын, мейлі ол жеке адамға қатысты болсын, өмір жүйесін дінсіз орнату. Зайырлық екі түрлі болады:
Бірінші орташа зайырлық – бұл жүйе діни емес қоғамдарда кәдімгі демократия елдерінде болып жатыр. Бірақ дінге зияны жоқ. Аллаһтың барлығын шығармайды. Олардың көзқарасында дін адам мен Жаратушының арасында деп есептейді, яғни дінді олар өте қысқа ұғым деп санайды.
Екінші экстремистік зайырлық – бұл дінге қаупі бар кәдімгі коммунизм қоғамындағыдай түсінік. Мысалы тарихшы, ағарту қозғалысының мүшесі Питер Джай өзінің кітабында бұл, жаңа заманның пұтқа табынушылғы деп айтқан. Еврей, құдайсыз атеизм психонализмнің негізін қалаушы осыны түсіндіргенде былай дейді: «Зайырлық деген оның ешқандай дінге қатыс жоқ, тіпті дінге қарсы жойқын күрес ашуға дайын» деген. Тіпті ол өзінің кітабында зайырлық және атеизм екеуі егіз деп келтіреді, түсіндіреді.
Жалпы әлемдік қауымдастықта зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан:
1. Бірінші үлгісі – секуляристік (атеистік) үлгі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. ҚХР да бүгінге дейін осы үлгіні пайдалануда.
2. Екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.
3. Үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.
Жоғарыда айтылып кеткендей зайырлылықтың бірінші үлгісі – секуляристік (атеистік) үлгі. Қазақстан КСРО кезеңінде қатаң режимді, яғни зайырлықтың секуляристік үлгісін бастан кешірді. Ол кезеңде атеистік насихат қарқынды жүргізілді, «Дін апиын!» деп ұрандатылды. Ұжымдастыру, тәркілеу және саяси науқандарда дін иелерін жаппай қудалады, мешіттерді жапты, қиратты, қара халық діни ғибадаттарды жасырын жасауға мәжбүр болды. Орталық Азияда және Қазақстанда бір ғана дін басқарма жұмыс жасады, оның орталығы Ташкент болды.
Ал КСРО Конституциясының 6-тарауында былай делінген:
4-статья. СССР азаматтары, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көқарасына, кәсібінің түрі мен сипатына, жағдайларына қарамастан Заң алдында тең.
52-статья. СССР азаматтарының ождан бостандығына, яғни қандай да болсын дінді ұстау немесе ешқандай дінді ұстамау, діни ғұрыптарды атқару немесе атеистік насихат жүргізу правосына кепілдік беріледі. Діни сенімге байланысты араздық пен өшпенділікті қоздыруға тыйым салынады. СССР-де шіркеу мемлекеттен, ал мектеп – шіркеуден ажыратылған.
Жоғарыда келтірілген баптардан байқағанымыз, Кеңестік мемлекетте ресми түрде діни сенім-нанымға тыйым салынбаған және ол мемлекеттің бас құжаты Конституциямен бекітілген. Дегенмен, тарихтан білетініміз КСРО-да «Ғылыми атеизм» пәні оқытылған болатын. Яғни, Конституция бойынша тыйым салынбағанымен, мемелекет білім беру саласы арқылы азаматтардың қандай да бір дінді ұстануына кедергілер келтіріп отырған. Нақтырақ айтатын болсақ, дін адамдардың бостандығын шектейтін, миын улайтын құрал ретінде түсіндірілген және бұл мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған. Тиісінше, азаматтардың діни еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында ешқандай теология тақырыбында лекциялар, оқу курстары болмаған. Бұл жоғарыда келтірілген баптарға қарама-қайшы келетін құбылыс болып табылады. Сонымен қатар, бір ғана 52-баптың ішінде діни сенім бостандығына кепілдік бере отырып, дәл сол бап арқылы діни уағыз жасауға болатыны жөнінде бір ауыз сөз айтылмайды да, керісінше атеистік насихат жүргізу құқығын Конституциямен негіздеп береді. Бұның өзі КСРО-дағы дін мен мемлекет арасындағы қатынастардың түбегейлі, біржақты шешілмегенін көрсетеді.
Қазақстан қазіргі таңда зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгісі негізінде жұмыс жасауда. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.
Ал таңдамалы үлгі бойынша мемлекет құрушы және мәдениет құрушы дін, дәстүрлі немесе тарихи дін, басым көпшілік ұстанатын дін секілді бірнеше ерекше мәртебелерді анықтау арқылы таңдау жасалады. Ерекше мәртебеге ие діндер қосымша ерекше құқықтарды иеленеді және ең алдымен азаматтық қоғамның барлық салаларында – білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қарулы күштер, бұқаралық ақпарат құралдары салаларында кез келген діни қызметті жүзеге асыру құқығын иеленеді. Батыс Еуропаның көптеген елдері осы таңдамалы үлгі негізіндегі заңнаманы қолданады. Зайырлылықтың сепаратистік үлгісі АҚШ, Нидерланды секілді жекелеген елдерде ғана қолданылады.
Дін мемлекеттен бөлінгенмен қоғамды бөле алмаймыз. Себебі дінді ұстанушылар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Мемлекет діни мәселелерді реттеп, миссионерлік қызметті және діни бірлестіктердің жұмысын қадағалауы қажет. Қазіргі күні діни мәселелерге қатысты мемлекетіміз тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралардыдан, қоғамымызда орын алған кейбір келеңсіз жағадайларға немқұрайды емес екендігін байқауға болады. Оған дәлел мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. 2011 жылы 11 қазанда Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды.

Мәди БЕСБАЕВ,
ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік
бастамалар
орталығы» МКМ-і директорының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.