Бiлiм мен хикмет – бiз жоғалтқан қазына

Среда, 16 Март 2016 04:46 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4737 раз

Қазақстан өз егемендігін алғаннан кейін қоғамның тарихи, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени салаларына елеулі өзгерістер әкеліп, еліміздің тарихи дамуының күрделі сатысына көтерілгені рухани салаға да өз әсерін тигізді. Бұл кезеңдерде Кеңестік идеологияның артынан іле шала келген рухани кеңістікке әр түрлі діни ағымдар өз ұстанымдарын халыққа насихаттап, сонымен қатар мемлекеттік және ұлттық тұтастық пен бірегейлікке нұқсан келтіре бастаған еді.

9fe1e33057bbf0c350e8997619254f09Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары «дін дегеніміз осы екен» деп еліміздің көптеген жастары шетелге діни білім алуға аттанып, өздері білім алған мемлекеттің менталитеті мен салт-дәстүрін өзінің әдет-ғұрпынан жоғары қойып, үлкен адасушылықтарға бой алғыза бастады. Сол алған білімдерімен елімізде дінге бет бұрған жастарға уағыз айту үрдістерін бастап кетті. Бірақ сол жастар дәстүрлі ислам дінінің негіздерін үйреніп жатпағанын білмеді. Уақыт өте келе түсініспеушіліктер пайда болып қоғамда өз ішінен бөлініп, жалпы жастардың діни дүниетанымы өзгеріп саналарына жихадизм, терроризм түсініктері пайда бола бастады. Бұл мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі екендігі жасырын емес.
Жалпы, бүгінде зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе – дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарын жастардың құрауы болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдарға жастардың кіріп кетуінің бірнеше себептері де бар. Атап айтатын болсақ, біріншіден, еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әлі де болса төмендігі, дәстүрлі діндерден тыс діни ағымдардың өз миссияларын орындауына мүмкіндік беруде. Екіншіден, қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері материалдық жетіспеушілік яғни жұмыссыздық мәселесі. Осы сияқты мәселелер теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармауына түсіруіне басты себеп болып отыр.
Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес. Себебі жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерінің айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгілі бір тұлғалардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті екені түсінікті.
Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.
Қазіргі таңда көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы, білімді, мәдениетті бір сөзбен айтқанда кейінгі буынға үлгі деп жүрген жандардың көбі намаз оқып, ораза ұстап, мешітке келіп, көпшілікпен араласуы қуантатын жәйт. Бұл орайда, сауатты да зиялы адамдар білімнің діни және дүниелік деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Діни білім адам өмірінің мәнін түсіндіретін болса, дүниелік білім белгілі бір кәсіпке, қызметке мамандандырады. Адамдардың көбі осы екеуінің бірімен ғана қанағаттанып, екіншісіне өте немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Шындығында дүниелік оқумен діни білім құстың қос қанаты іспеттес. Екеуін бірдей сермесең ұзаққа ұшасың. Сол себепті жастар жоғары деңгейдегі университетті бітіре тұрып рухани надан болып қалуы да мүмкін. Керісінше, діни білімді біршама дәрежеде игерген адам да белгілі бір дүниелік білімді меңгермесе бүгінгі қоғамнан өзінің лайықты орнын таба алмауы да мүмкін. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білімдер болып табылады.
Дүние білімін пайдалану арқылы белгілі бір мамандықты, қызметті жетік меңгеріп, абыройлы да білікті маман болуға болады. Сонымен қатар ел игілігі үшін табысты қызмет етіп, өз мемлекетінің өркендеуіне де қомақты үлес қоса алады. Сондай-ақ, дүниелік білім арқылы адам табысы жоғары жақсы жұмыс орындарына орналаса отырып өз отбасын толығымен қамтамасыз етіп, жоқшылық тауқыметінен де құтыла алады. Және де адам өзінің азаматтық, ата-аналық міндетін тиісінше атқаруға мүмкіндік алады.
Есесіне дүниелік білімді жақсы меңгеріп білікті маман болған адам ақырет пайдасы туралы ойламауы мүмкін. Ол үшін адамға ең әуелі діни білім қажет. Діни білім арқылы адам дұрыс пен бұрыс, оң мен теріс, жақсы мен жаманды ажыратып, өзін де, өмірді де, және өмірдегі өзінің орнын да жақсы ұғынады. Діни білім арқылы дүниенің сырын терең түсініп, дұрыс өмір сүруді үйренеді. Және кәсібі арқылы тапқан табысын да дұрыс жұмсауды біледі. Сол арқылы сауапты істерге көңіл қойып ақырет пайдасын көздейді.
Адамның ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге бармауына діни білімі ықпал етеді. Адамға адамдықты, тұрмыста адал күнелтуді, әлемді түсінуді және ондағы нығметтерді пайдалануды үйрететін де имандылық сабақтары.
Дүниелік және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүре алған адамның өзінің отбасына ғана емес еліне де берері мол. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайды. Бұл оны осы өмір мен ақыретте де жақсылыққа кенеліп, екі дүниенің бақытына жеткізеді.

Мәди БЕСБАЕВ,
облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің
директорының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.