Бақытын баладан күтетін халықпыз

Пятница, 15 Апрель 2016 06:25 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4502 раз

Осы жылы наурыз айының басында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру мекемелеріндегі бірыңғай киім формасына қойылатын талаптарды бекіткен болатын. Аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған» деп көрсетілген.

Бүгінде осы талаптарға қатынаста дін ұстанатын жекелеген азаматтар тарапынан сыңаржақ пікірлер білдірілуде. Мен де қоғам талқысына түскен осы мәселе төңірегінде өз ойымды білдіріп, оны халқымыздың қыз баланы тәрбиелеудегі өнегелі ұстанымымен байланыстыра қарауды мақсат тұтып отырмын.
Қазақ – әр нәрсені жөнімен істейтін, кез келген әрекеттің салмағын салиқалы бағамдайтын парасатты халық. Әйел адамның орамал тартуы – дәстүрмен келе жатқан жарасымдылық. Орамал – қызыл болса, бойжеткендіктің белгісі, ақ болса, әйелдіктің нышаны ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қастерлі бас киім. Оның өзіндік салмағы бар. «Қызыл орамал тартып, қыз болыпты» деген тіркес қыздың бойжеткенін байқатса, ақ орамал – ақ босаға аттаған келін болғанын білдіретін белгі.
Балауса бүлдіршіннің сыртқы келбетін «мұсылмандыққа» жақындатуға ұмтылатын жекелеген діндар ата-аналар оның ішкі әлемінде не болып жатқанын ойлай ма екен? Басы бүркеліп, балалық шағына бұғау салынған бүлдіршіннің нәзік жүрегіне ауыртпалық түсетіні анық. Басындағы орамал оны оңашалануға итермелеп, емін-еркін асыр салып ойнауға кедергі келтіретіні сөзсіз. Кез келген ұлт өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан мұндай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтауға міндетті. Сақтап қалуымыз керек. Ол үшін мұндай ұлттық ерекшеліктерді баланың бойына жас кезінен сіңіре білуіміз керек.
Осы ретте, білім мен рухани тәрбиені терең ұштастырғанда ғана парасатты ұрпақ жетілетінін ескерсек, мектеп қабырғасындағы қыздарымыздың ортақ киім үлгісінде жүруі – оның болашағы үшін маңызды. Біздер, ата-аналар, балаларымыздың келешегі үшін екі дүниеде де жауаптымыз. Бала – Алланың аманаты, оны имандылыққа тәрбиелеу – бүкіл мұсылман атаулының басты парызы. Атап айта кетер жайт, кез келген адам мемлекеттің ұстанымына, қоғам мен ортаның ортақ талаптарына бағынуы керек. Орта адамды қалыптастырады. Балаға ата-аналарының бүгінгі күні хиджабты тықпалауы оның құқығын шектеуі деп білемін. Ғасырлар бойы қалыптасқан ананың ақ сүтіменен, бесіктің жырымен, әжелердің әлдиімен, әкелердің тәрбиесімен сіңірген ұстаным, тәрбие бізді адастырмайтынын ұғуымыз керек. Сондықтан балаларымыздың алған білімі әлемдік болса да, берген тәрбиеміз ұлттық болуы керек!
Мемлекеттің діннің ішкі талаптарынан туындайтын мәселелердің қоғаммен ұштасатын кейбір тұстарын өз құзіретіне сай зайырлы сипатта шешу талпынысына дін ұстанатын жекелеген азаматтар тарапынан орынсыз пікірлер айтылуын демократиялық еркіндікке баласақ та, айтыла-айтыла жауыр болған «хиджаб» мәселесін зайырлы мемлекеттің Конституциялық қағидатына және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес шешу – осы елде өмір сүріп жатқан бәріміз үшін ортақ іс.
Айдың-күннің аманында ел ішіне іріткі салатын оқыс қылықтар елдігіміздің іргесін шайқалтпасын десек, қоғамдық қатынастарды реттеп, азаматтардың бостандығы мен діни сенімдеріне еркіндік беріп отырған Ата Заңымыздың шеңберінде әрекет еткеніміз абзал.
Тез өзгеріске түсіп отырған мына заманда ел мен жерге ие болатын намысты және иманды ұрпақ тәрбиелеу – ең ұлағатты іс. «Бақытты даладан іздеме, баладан ізде» деп дана халқымыз текке айтпаған. Әркімнен көргенін істеп, естігеніне еліктеп әуейі болып жүретін ұрпақ ертеңгі күні қандай тұлға болады? Сондықтан ұрпақтың қамын әріден ойлап, келешегіміздің кемел болуы үшін жауапкершілікпен қарау – әрқайсымыздың басты міндетіміз. Қазақ ұлы мен қызын еркін өсіре отырып, қызын арға, ұлын нарға балаған халық! Қазақ қызын ешқашан есікке отырғызбаған, төрге отырғызып, бетін тұмшаламаған. Төрге отырғызып, маңдайын жарқыратып, еркелетіп, арындай сақтай білген!
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, білім берудің зайырлы, гуманистік және үдемелі сипаты мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының негізгі қағидаты екені баршамызға белгілі. Соған орай, оқушылар білім беру мекемелерінде белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті.
Заңнама талаптары барлық конфессия өкілдеріне ортақ болғандықтан, оқушылардың дін ұстануы бостандығын шектемейді әрі олардың діни сезімдеріне нұқсан келтірмейді.
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында да еліміздегі білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің діннен және діни бірлестіктерден бөлінгендігі және оның зайырлы сипатта (діни білім беру ұйымдарын қоспағанда) екендігі көрініс тапқан. Бұл – зайырлы мектептерде қандай да бір дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттауға жол берілмейтіндігінің айғағы.
Кейбір діндар азаматтар мен ата-аналар тарапынан «хиджаб кимеген қыз – мұсылман емес» деп айтылып жүрген көзқарастар шынайы Ислам дінінің қағидаттары мен ұстанымына жат.
Ислам дінінде адамның сыртқы келбетінен бұрын оның ішкі жан-дүниесі мен иманының шынайылығына терең мән берілетіндігі «Алла Тағала сендердің түрлерің мен мал-дүниелеріңе қарамайды. Алла Тағала сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген хадисте көрініс тапқан.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағаты және ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарға байланысты өз ұстанымын анық білдіріп, мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырды. Өйткені, бұл талап тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім және ол талаптар оқушылардың дін ұстану бостандығы құқығын шектемейді және олардың діни сезімдерін қорламайды.
«Есті адам екі айтқызбайды» дейтін халықтың ұрпағымыз. Олай болса, Заңға қайшы пікір білдіріп, теріс әрекет жасау не үшін қажет? Бүгін балаларымыздың басын бүркемелеуге итермелеген күштер ертең азаттығымызға ауыз салып, тәуелсіздігімізді тізгіндеп алмасын десек, келешегі кемел, иманы кәміл ұрпақ тәрбиелейік. Түсінген адамға азаттықтан аяулы, тәуелсіздіктен құнды қандай ұғым болуы мүмкін!!!

Асылы ОСМАН,
филология ғылымының кандидаты, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.