«ДАИШ» – аса қауiптi лаңкес ұйым

Среда, 20 Апрель 2016 07:57 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 2813 раз

«ДАИШ» – жаңа замандағы жаһандық терроризмнің бейнесі ретінде «аль-Каида» және тағы басқа онға жуық экстремистік ұйымдардан құралған діни-милитаристік ұйым. 2015 жылдың 15 қазанында «Ислам мемлекеті» немесе «ДАИШ» атауымен белгілі халықаралық ұйым Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен террористік деп танылды және Қазақстан аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салынды. Сондықтан бүгін аталмыш ұйымға қолдау білдіруге әрекеттенген кез келген тұлға заң аясында жауапқа тартылады.

Бұл ұйымның әсілі қандай мақсаттарды көздейтінін анықтау әрі іс-әрекеттеріне толымды баға беру үшін оның соғыс аймағындағы белсенділігіне назар салу қажет. «ДАИШ-тың» Таяу Шығыс халықтарына қарсы жүргізіп жатқан қантөгіс әрекеттері мен саяси-қаржылық мүдделерге негізделген мотивтері оның дін атын жамылған террористік топ екенін айғақтайды. Оның идеологиясы соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған «Лашкар Тайиба», «Әл-Каида» және оның Ирактағы қанаты «Ан-нусра» секілді бірқатар террористік ұйымдардың идеологиясымен ұштасады. Яғни бұл ұйымдардың барлығы «Ас-салафи әл-жиһадия» тобына жатады. Олар – Ислам әлемінен оқшауланған салафилік көзқарастарды ұстанушы жамағаттар.
Қазіргі таңда БҰҰ және Еуропалық Одақ, сондай-ақ АҚШ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мысыр, БАӘ, Пәкістан, Иордания, Ресей және т.с.с. елдермен қатар, әлемдік және араб ақпарат құралдарының барлығы «ДАИШ-ті» террористік топқа жатқызады. Сонымен қатар 2015 жылдың 20 қарашасында өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 7565-отырысында мақұлданған қарарда «ДАИШ» ұйымы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жаһандық және зор қатер төндіреді» деп айқын атап көрсетілген.
Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыс кезінен бері бұл ұйымның жүргізіп жатқан қанды-қасап қырғын салдарынан бір миллионнан астам адамның өмірі қиылып, соғыс тауқыметін шеккен төрт миллиондай халық елін, жерін тастап, босқынға айналып кетті. Таяу Шығыс аймағындағы «ДАИШ-тің» жаулап алу әрекеттері нәтижесінде террористік ұйымның ықпалына түскен елді мекендерде тұратын өзге дін өкілдерінің жаппай қырылуын «геноцид» деп бағалауға болады. Жергілікті халықтардың ішінде әсіресе христиандар, езидтер, күрділер, шииттер, түркімендер, друздар және т.б. діни азшылықтағы топтар қатаң қудалауға ұшырады.
Сонымен қатар, өзін «Ислам мемлекеті» деп білетін террористік ұйым дінге тікелей әрі жариялы түрде қарсы бағытталған агрессияны танытуда. «ДАИШ» Исламда қасиетті саналатын Рамазан және тағы басқа айларда әсіресе жұма күндері мешіттер мен бейбіт тұрғындар тұратын ғимараттарда жарылыстар ұйымдастырған. Оған мысал ретінде 2014-2015 жылдар аралығында Сауд Арабиясы Корольдігіндегі «Имам Али», «Имам Хусейн», «әл-Машһад», сондай-ақ Кувейттегі «Имам ас-Садық» атты мешіттерде орын алған террорлық актілерді атап өтуге болады. БҰҰ сарапшыларының Ирак аумағында жүргізген зерделеу жұмыстары нәтижесінде әзірленген баяндамадағы ресми деректер бойынша «ДАИШ» 2014 жылдың басынан 700-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жанын қиған.
Бұқаралық ақпарат құралдары соңғы уақытта «ДАИШ» лаңкестерінің әлемнің түрлі аймақтарында террактілерді жүзеге асырып жатқандығын жиі көрсетуде. Өткен жылдың өзінде осы ұйымның содырлары Тунис, Франция, Кувейт, Йемен, Ауғанстан және т.б. елдердегі қанды оқиғаларды іске асырып отыр.
Бұл содырлық топтың Ислам дінімен ара-қатынасы тек сөз жүзінде ғана. Олардың іс-әрекеттері түгелдей Ислам қағидаттарына қайшы келеді. Олар жалған жиһад ұранымен жазықсыз халықты қырып, қанға бөктіруде. Мұсылманды кəпір санап, әйелдер мен балаларды олжа етіп, дүние-мүліктерін талан-тараж етіп, бейбіт елдің өмірін талқандауда.
«ДАИШ» ұйымы дінді зорлап қабылдатуға күш салады және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнатуды қабылдамайды.
Ислам дінінде дінді зорлықпен қабылдату деген болмайды. Әр адам иманға өз қалауымен, шын ықыласымен келуі керектігі Құранның Бақара сүресінің 256-аятында «Дінде зорлық жоқ» деп көрсетілген. Ислам шариғатының қайнар көздері – Құран мен сүннетте өзге дін өкілдерімен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары белгіленген. Құранда «Кітап иелері» деп аталған иудей және христиан діні өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің Исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан.
Елімізде мұсылман адамның өз жаны мен дінін сауғалап, басқа елге қоныс аударуына итермелейтіндей себеп жоқ. Мемлекет тарапынан діннің насихатталуына, мұсылмандардың құлшылықтарын еркін жасауларына жағдай жасалған. Қаншама мешіттер салынып, медреселердің саны өсуде. Діни рәсімдер мен құлшылықтардың атқарылуына жағдай жасалған осындай елден «кәпір елі» деп басқа елге, «Ислам жұртына» көшу – орынсыз, шариғатқа қайшы нәрсе.

ҚР Мәдениет және спорт
министрлігі Дін істері комитеті
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.