Версия для печати

Оқушы қыз тәрбиесi – орасан жауапкершiлiк Избранное

Пятница, 13 Май 2016 04:55 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4130 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ainur 2− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Таяуда жарияланған ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пікірге біршама қозғау салды. Мәселенің мән-жайын бірқатар мамандар айқындап беруге тырысты. Әрі сарапшы, әрі дін саласының маманы ретінде осы мәселеге түйінді көзқарасты Сізден естігіміз келеді...

– Мәселеге ешбір эмоциясыз, сарабдал сана көзімен қарасақ, ашығы сол – мектеп формасына қойылатын талаптарда ешқандай өзгеріс болған жоқ. Неге дейсіз бе?

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының сонау 2007 жылғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген болатын. Ол қағидалардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау еді. Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы №487-ІV Заңмен Білім туралы заңға толықтырулар енгізілді. Енді заңның 47-бабының 15-1-тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті» деген ережелер атап тұрып енгізілді.

2015 жылдың 13 қарашасында мәселені одан әрі нықтай түсіп, Білім заңының 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.
Сондықтан мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады. Оны жаңа талап ретінде жатырқай қабылдаушылар шыққанда өз басым: «Осынша уақыттан бері базбір ата-аналар Білім туралы заңнан бейхабар болып немесе орындамай келген бе?» деп таң қалдым.

− Арандатушы секілді көрінсе де кезекті бір сауалды қойғым келіп отыр. Кезінде кейбір азаматтар мектепте хижабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық ретінде бағалап жатты. Бұған не дейсіз?

– Арандатушы емес, алаңдатушы сауал бұл. Құқықтық сауаттылықтың қарапайым деңгейін игермегеніміздің көрінісі.
Құқықтық мәселелерді қозғағанда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін психологиядан арылуымыз керек. Өзімізге керек нәрсені ғана көріп, керек еместі жылы тауып қойғаннан жағдай өзгермейді. Мәселеден қашу емес, оны шешу керек.
Басын ашып алатын бір мәселе – Ата Заңда «діни сенім бостандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Яғни сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген. Кертартпа пікірлерге арбалған кей азаматтар осы екінші ережені көргісі келмейді.
Ата Заң ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып Білім туралы заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.
Дәл осы секілді Ата Заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.
Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген... жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді.
Әрбір саналы азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқаны абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.

– Бұл бір сәті түскен сауал мен көкейден шыққан жауап болды. Ендігі түйткіл: Хижаб кию мұсылмандықтың тікелей көрінісі болып санала ма? Неге бұл мәселені кейбір тұлғалар осы мағынада көтеруге тырысады?

– «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз көкейге оралады осындайда. Осындай сауалдың түбі бір қойылатынын біліп, атамыз қазақ талай-талай түйінді сөз айтып кетті ғой.
Дегенмен, алдымен ислам қағидаларына жүгінейік. Ислам шариғаты бойынша «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құқығы жоқ. Яғни иман келтіру – мұсылмандықтың негізгі шарты.
Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының негізін салған Әбу Ханифа (Имам Ағзам): «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман» деп жазады.
Енді хижаб мәселесіне келейік. Мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырылғандықтан, ол парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен (біздің мысалымызда – мектеп формасын сақтау қажеттілігінен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз бала мұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни, жүрегінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кәпір» деп айыптауға болмайды.
Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары болып табылады. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше (болған жоқ, яғни) діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ».
Имам Ағзам әйелдердің белгілі бір жағдайларда Алла Тағаланың рұқсатымен намаз оқи алмайтынын – парыз амалды орындамайтынын айта келіп: «Егер иман мен амал бір десек, намаз оқымай жүрген кездерінде әйелді иманы жоқ деуге тура келер еді. Бірақ бұл олай емес, сондықтан иман мен амал бір емес» дейді. Осы қисынмен пайымдасақ, мұсылман ер адамдардың да парыз амалдарды орындай алмайтын кезі болады. Мысалы, сапарда жүргенде Рамазан айының парыз болған оразасын ұстай алмауы мүмкін, бірақ сол кезеңде парыз амалды орындамағаны үшін оны «иманы жоқ» деп ешкім айыптай алмайды.

– Мектеп жасындағы қыздар қатарында хижаб кигісі келетіндер саны қанша? Оған зерттеу жасалған ба?

– Өткен жылы біздің орталық еліміздің барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей іс-шара өткізді. Шаралар барысында 2105 адамнан сауалнама алынды. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын.
Бір ерекшелігі, сауалнама алу кезінде да, фокус-топтық талдаулар барысында да оқушылардың еркін сөйлеуіне, ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берілгеніне және сауалнамалардың анонимді түрде толтырылғанына қарамастан оқушылар тарапынан бірде-бір рет хижаб кию мәселесі көтерілмеді.
Бұл мәселе сауалнамаға қатысқан 305 жергілікті тұрғын тарапынан да көтерілген жоқ. Мәселеге тек фокус-топтық талдауға қатысқан 330 мұғалімнің бірнешеуі назар аударды, оның өзі «Мектепте хижаб кию мәселесі көтерілген жағдайда оған қандай заңдық негіздер бойынша жауап берген жөн?» деген алдын алу шараларына қатысты сауал болды.
Айтылғандардан аңғаратынымыздай, мектептегі орамал мәселесіне қатысты айтарлықтай қызығушылық үрдісі байқалмайды, сондықтан тұрғын халықтың осы мәселе толғандыратын бөлігінің пайыздық көрсеткішін анықтау мүмкіндігі жоққа тән. Бәлкім, бұл көрсеткіш 0,01 пайызды да құрамас. Ал, керісінше ел аумағындағы 8000-ға жуық мектептің басым бөлігінде хижабқа қатысты мәселе мүлде кездеспеген.
Бұл мәселені қоздырып, қоғамдық пікір туындап жатқан секілді етіп көрсетіп, санаулы адамдардың көмегімен қолдан пікірталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсініп білмеген, діннің формалық жағына мән беріп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе ішкі тұрақтылыққа сына қаққысы келетін мүдделі тұлғалар болып табылады.

– Мектеп жасындағы қыздардың хижаб киюі оның сыныптастарына, өзіне қалай әсер етеді?

– Ең күрделі мәселе де осы. Бәрінен бұрын бұл хижабты қыздың өзіне ауыр. Сыныптастарының оған тосырқай қарауы да, шеттетуі де мүмкін. Базбіреулерімен тіл табысар, кейбірімен қарым-қатынасы шектеліп қалары сөзсіз. Хижабты оқушының мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен мәмілеге келуі де мүмкін болмайды. Өйткені, олар заңды негізде мектеп формасын сақтауды талап етеді. Ата-аналары ары тартады, ұстаздары бері тартады, екі оттың, сыныптастарын қоса алғанда үш оттың ортасында қыз бала қалады. Оқушылық өмірдің ең жақсы кезеңдері осылай сергелдеңмен өтеді.
Ал мұндай жағдайда баланың санасы қалай қалыптасарын ойлап көрдік пе? Ол екіге жарылмақ. Екі жағы да оңды емес.
Егер қыз бала ата-анасының ұстанымымен толық келіссе, өзін тура жолда жүрмін деп санайды, демек басқалардың бәрін адасқандар ретінде қабылдай бастайды. «Менікі ғана дұрыс, басқалардыкі жөн емес» деген астам әрі тұйық пікір қалыптасады жасөспірім қыздың бойында (Мұхаммед пайғамбардың: «Көкірегіңізде тарыдай менмендігіңіз болса, жұмаққа кірмейсіздер» деген хадисі еріксіз ойға оралып отыр). Дәл осы «менікі ғана дұрыс» деген пікір талай шетін көзқарасқа негіз болғанын да ұмытпайық. Ұстаздардың мектеп формасына қатысты талаптарынан құлағы жауыр болған қыздың зайырлы мемлекетке өкпесі қара қазандай тұлға болып жетілмесіне кім кепіл? Сол өкпе ертеңгі күні оны да осы ортаны тәрк етіп, Қазақстанды кәпірстанға балап, араб елдеріне хижра жасатпайтынына кепілдігіміз бар ма? Құдай бетін аулақ қылсын, ондай нәубеттің соңы айтпаса да белгілі...
Енді екінші жағына келейік. Егер қыз бала ата-анасының хижаб киюге қатысты ұстанымымен келіспесе, бірақ сыйлағандықтан немесе қорыққандықтан еріксіз олардың ырқына көнсе (ондай мысалдар да кездеседі), жасөспірім санасында отбасындағы түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын барлық психологиялық дерттер дамиды. Бала өзін отбасында бақытты сезініп өспесе, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігінің» орны толмайтыны секілді оның санасы ұдайы бақытсыздық пен жалғыздық сезімдеріне бейім болады. Бұған мектеп формасын сақтауды талап етуден туатын келіспеушіліктерді, қатар-құрбының қату көзқарасын тағы қосыңыз...

– Түйін сөзіңіз?

– «Өспейтін бала өнбейтін дауды қуады» дегізбей, болар елдің баласына тән басалқалы мінез танытайық. Кешегі жер дауы мен жесір дауына бүгін хижаб дауын қолдан қосып, буынсыз жерге пышақ ұрмайық. Қазақтың өзге дерті де аз емес. Жанашыр болсақ, соларды емдейік.
Мемлекетіміз мектептен тыс жерде орамал тұрмақ, бес парыздың ешбіріне тыйым салып отырған жоқ, керісінше барлық азаматтармен қатар мұсылмандардың сенім бостандығына барынша жағдай жасап отыр. Дін-қарындастарымыз сол ізгі заңдарды игілігіне тұтынсын. Сөйтсін де сондай мемлекетті нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкіршілік танытып, бейбіт Отанына адал қызмет етсін. Өйткені, Мұхаммед пайғамбардың хадисінде айтылғандай: «Отанды сүю – иманнан».

Сұхбаттасқан
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.