Теріс ағымнан абай болыңыз!

Пятница, 13 Май 2016 05:45 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4343 раз

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жаңа технологиялар» колледжінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың және нашақорлықтың алдын алу, дін мен адам саудасы тақырыптарында іс-шара өтті. Оған ОҚО әлеуметтік бастамалар орталығының дінтанушысы Ф.Тайталиев, облыстық наркологиялық диспансерінің нарколог дәрігері Ұ.Жанмолдаева, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары М.Тәжібаев және ұстаздар мен 300-ге жуық колледж студенттері қатысты.

1389EF46-2116-41A0-832D-1FC09B81E928 w987 r1 sШара Таяу Шығыстағы қыз-келіншектердің тағдырына арналған бейнероликті көрсетуден басталды. Онда содырлардың қолына алдап-арбаумен түскен әйелдердің аянышты халі көрсетілді. Әлеуметтік желілер арқылы және басқа да айла-тәсілдердің көмегімен, өзге елде қорлық көріп жүрген қыздар секілді шалыс баспаудың жолдары айтылды. Осы ретте ОҚО әлеуметтік бастамалар орталығының дінтанушысы Файзулла Тайталиев жастарға «Дін – ұстай алсаң, қасиет, ұстай алмасаң қасірет» екенін жан-жақты түсіндірді.

Ал облыстық наркологиялық диспансерінің дәрігері Ұлбосын Елтайқызы облыста 2800 нашақордың тіркеуде тұрғанын айта келе, олардың басым бөлігі жастар екенін жеткізді. Дәрігер колледж студенттеріне наша, темекі, насыбай және спайстың адам ағзасына тигізер қаупін түсіндіріп өтті.
Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары М. Тәжібаев құқық бұзушылық, жастар арасындағы қылмыс туралы айта келе, іс-шараны қорытындылады. Мұндай кездесулер қаладағы басқа да колледждер мен жоғарғы оқу орындарында өтті.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.