Бас мүфтидiң дастарханында бас қосты

Среда, 22 Июнь 2016 10:31 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 1535 раз

Берекеті мол Рамазан айының қасиетін сезінуіміз керек. Ел мұсылмандары сауапты істе жарысып, әр күнді құлшылықпен өткізуге ниеттенген. Хадис-шәрифте де «Ауыз бекіткен адамға дастархан жайып, ауызашар берген адам да ораза ұстағандай сауап алатыны» айтылған. Облыстық орталық мешітте өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы ауызашар дастарханы жайылды. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ел мұсылмандарына арнаған жылдағы сыйы.

 SAM3502

Бас мүфти хазіреттің ауызашар дастарханына БАҚ өкілдерімен қатар, дінтанушылар да шақырылыпты. ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек ауыз бекіткен жамағатты мерекемен құттықтап, қасиеттің айдың қадір-қасиетін әңгімелеп берді. Жалпы, діни басқарма мұсылмандардың басын біріктіру, салиқалы сұхбат құру, ізгі істі насихататтауды мақсат еткен.

– Осы айда жасаған барлық құлшылықтарымыз қабыл болсын! Аптап ыстыққа қарамастан ниетін соңына дейін жеткізіп, үлкен сауапқа кенеліп жүрген азаматтарға ауызашар берудің өзі үлкен сауапты амал. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен барлық облыстарда түрлі сала өкілдеріне арнайы ауызашар дастархан жаю дәстүрге айналған. Ақпарат құралдары асыл дінімізді насихаттап, біздің көптеген іс-шараларымызды елге таралуына атсалысып жүргенін біз білеміз. Жақсы амалымыз көбейсін! – деді Ахметжан Пірәліұлы көпшілікті құттықтап.

Рухани сұхбат құрылған дастархан басында «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бахадыр, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің басшысы Нұржан Тұрсынбай да әсерлі уағыз айтып, Рамазанның қасиетімен бөлісті.

Орталық мешіттегі ауызашар мұнымен тоқтамақ емес. Іс-шара одан әрі кәсіпкерлер, қадірлі қариялар мен зиялы қауым өкілдері, өнер саласы және жастар қауымының да басын қосумен жалғаспақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.