Мәди БЕСБАЕВ: «Лаңкестiкпен күрес – жұмыла атқаратын мiндет»

Среда, 17 Август 2016 07:32 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 1446 раз

Ел аумағында лаңкестік қауіптіліктің «сары» деңгейі ұзартылды. Бұл жөнінде ҚР Антитеррор орталығы бірқалыпты («сары») лаңкестік қауіптілік деңгейінің әрекет ету мерзімі 2017 жылғы 15 қаңтарға дейін созылатыны жөнінде хабардар етті. Соңғы кездері елімізде болған оқиғаларға байланысты террористік сипаттағы қауіп-қатердің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірнеше рет террористік қауіптіліктің әртүрлі деңгейін белгіледі. Бұл тұрғыда, көпшілік арасында «Бұл нені білдіреді?», «Террористік қауіптіліктің деңгейлері қандай?» деген сұрақтар туындауда. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы Мәди Бесбаевпен болған біздің сұхбатымыз осы тақырып аясында өрбіген еді.

madi

– Мәди Әбзелбекұлы, қазір діни ахуал мәселесі қоғам назарында тұрған өзекті тақырыптардың бірі екені белгілі. Жалпы, елдегі діни ахуалды зерделеу қалай жүзеге асырылады?

– Әрбір зерделеу жұмысы ғылыми-теориялық жағы мен қолданбалы-тәжірибелік қыры қатар қарастырылып, кешенді түрде жүзеге асырылғанда ғана тиімді әрі шынайы нәтиже береді. Сондықтан біздің орталық бірінші кезекте діни ахуалды зерделеудің отандық және шетелдік тәжірибесін зерттеп, осы бағытта әдістемелік құралдар мен ақпараттық-анықтамалық материалдар әзірлеу жұмыстарымен айналысады.
Осы мақсатта жергілікті халықтың әртүрлі санатымен кездесулер өткізіліп, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Кереғар ағымдардан сақтандыру, келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында жер-жерлерде билбордтар іліп, тұрғындар арасында орталықтың тапсырысымен дайындалған басылымдарды таратамыз. Жасалған жұмыстардың нәтижесіне қарай, талдау жұмыстары жүргізіледі. Сауалнамалар алынып, сұрақ-жауап пішіміндегі шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жергілікті баспа және электрондық БАҚ жарияланымдары зерделенеді. Діни бірлестіктер мен олардың жанындағы қайырымдылық қорлар қызметі талданады. Дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдерінің іс-әрекеті зерттеп-зерделенеді.

– Бүгінде өңірдегі қалыптасқан діни ахуалды қалай сипаттар едіңіз?

– Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады», – деп атап өткен болатын. Сол себепті, мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстан қоғамы алдында этнос-аралық және конфессияаралық келісім негізінде зайырлы, толерантты қоғамды әрі қарай дамыту міндеті тұр.

inphographic

Осы мақсатта облыста азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын, әртүрлі діни сенімдегі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары атқырылуда. Қоғамды діни сауаттандырудағы, жалған діни ағымдарға арбалғандарға көмек берудегі теологтардың алар орны ерекше. Бүгінде өңірде діни ахуал бірқалыпты дамуда. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы жолдарды жүзеге асыра білуінің нәтижесі екендігі анық. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет етуде.
Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында 11 конфессияны құрайтын 59 діни бірлестік қайта тіркеуден өтті. Осыдан төрт жыл бұрын қайта тіркеуден өтпеген діни бірлестіктер түгел таратылып, олардың қызметіне тосқауыл қойылды. Тіркелген діни ұйымдардың мемлекеттік билік өкілдерімен өзара қатынастарының дәйекті жолдары мен тетіктерінің қалыптасқандығын, конфессияаралық қатынастардың қалыпты жолға қойылғандығын атап өткен жөн. Нәтижесінде, өңір тұрғындары арасында діни қақтығыстар мен араздықтар көрініс берген жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысының халқы ұлттық салт-дәстүрден ажырамаған, қала берді, діни сауаттылықты қалыптастырған орта ретінде ерекшеленеді. Оның бір мысалы, республикада барлығы 2500 мешіт болса, оның 800-і ОҚО-ға тиесілі. Бұл тұрғыда, рухани құндылықтарды дәріптеп отырған біздің мекеменің басты мақсаты – елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, олардан зардап шеккендерге көмек көрсету, дін саласына қатысты әлеуметтік-зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.

– Өзіңіз айтып өткен халықтың әртүрлі санаттарына кімдер жатады? Өңірлік зерттеулер жыл бойы жүргізіле ме, әлде нақты бір мерзімге жоспарлана ма?

– Діни бірлестіктер өкілдері, мешіт жамағаты, еңбек ұжымдары, студент жастар, мектеп оқушылары, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік қызметкерлер, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, әйелдер аудиториясы, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – осы аталған топтардың барлығы мүмкіндігінше көбірек ауқымда зерделеу жұмыстарында қамтылады. Бұл ретте, әр аудиториямен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Мысал ретінде, түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге арналған дәрістерге айрықша мән беріледі. Діни ахуалды түсіну және бағалау деңгейі әртүрлі, қызықтыратын мәселелері сан алуан, құндылықтары да қабыса бермейтін әрбір топ үшін өзіне тән тіл, тақырып, әдіс қажет. Сауалнамалар да топтарға қарай түрленіп отырады. Зерделеу жұмыстарын жүргізудің өзі бір төбе болса, нәтижелерді талдаудың өзі бір сала.
Жалпы, биыл орталық мамандары тарапынан ауылдық округтерде 250, жоғары, орта арнаулы оқу орындарында 250, сондай-ақ, түзеу мекемелерінде, әскери бөлімдерде, сол секілді өзге де мемлекеттік мекемелерде кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Дегенмен, өңірлік зерттеу тәжірибесі тек арнайы іссапарлық зерттеулермен шектелмейді. Орталыққа жыл бойы еліміздің барлық аймағынан ақпараттық-түсіндіру топтары құрамында дәрістер оқу және топ мүшелеріне арналған оқыту семинарларын өткізу жөнінде сұраныстар көптеп түседі. Тақырыптық бағытына қарай мұндай шараларға мамандарды іріктеп жіберіп отырамыз. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің жоспарлы ақпараттық-түсіндіру шараларына да қатысып, ел аймақтарын жиі аралаймыз. Кей жағдайда жекелеген өңірлерде бірнеше маманымыздың қатысуымен екі-үш күндік семинарлар өткіземіз. Осындай шаралар барысында да зерделеу жұмыстарын қоса қамтып, талдаулар мен сауалнамалар жүргіземіз. Кешенді түрде жүргізілген барлық жұмыстар нәтижесінде біртұтас қорытынды жасалады.
Айта кетейік, жыл басынан бері орталық тарапынан әлеуметтік желілерде 2073 мониторинг жүргізілді. Онда біз әлеуметтік желі бетіндегі неше түрлі қауымдастықтардың, басқа да түрлі сайттардың мақсатын анықтап, ондағы мәліметтерді тиісті органдарға береміз. Орталықтың арнайы сайты, әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Орталық қызметімен толық танысу үшін азаматтар centre-uko.kz ресми сайтын пайдалана алады. Сондай-ақ, бізде сенім телефоны да жұмыс істейді. Яғни, 21-44-15 және 8771 050 13 03 байланыс телефондары, сонымен қатар, республикалық 114 қауырт желі арқылы хабарласуға мүмкіндік бар.
Сөзді түйіндей келгенде, біздің басты мақсатымыз – азаматтардың бойында радикалды идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастырып, облыстағы діни ахуалды бақылауда ұстау және облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес жұмысы және терроризмге қарсы күрес комиссиясының жұмысы арқылы бақылау талаптарын күшейтіп, облыстағы діни мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Среда, 17 Август 2016 07:45
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.