Мектеп формасына қойылатын талап бірдей

Среда, 12 Октябрь 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 5569 раз

Бүгінгі таңда отандық БАҚ беттерінде мектеп оқушыларының хижаб (араб елдерінде мұсылман әйелдердің денесін жасыру үшін киетін киімі) киюіне қатысты мәселе қоғамдағы жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналған. Әсіресе, хижаб киген оқушылардың сабаққа қатысудан бас тарту оқиғаларының орын алуы мәселені одан сайын ушықтырған болатын. Аталмыш мәселеге қатысты дінтанушылар, мектеп ұстаздары мен ата-аналар, құзырлы органдардың мамандары әр түрлі пікір айтуда.

photo 111103Соңғы үш-төрт жылдағы қоғам назарына іліккен «хижаб мәселесі» мектеп басшылығының оқушылардан бірыңғай мектеп формасын талап етуінен туындады. Мұндағы талап етілген мектеп формасы әр мектептің ішкі жарғысымен бекітіледі. Алайда, бұл талаппен келіспейтін кейбір ата-аналар «Құран мен сүннетте мұсылман әйелдің бүркеніп жүруі міндеттелген» деп уәж келтіруде. 

Осы тұста кейбір азаматтардың еліміздің 25 жылдан бергі зайырлылық ұстанымын әлі де жақсы түсінбейтіндігін және құқықтық, діни сауаты төмен екендігін аңғартады. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп айқын көрестілген. 

Зайырлы Қазақстанда оқушы формасын әр мектеп өз жарғысымен бекітеді. ҚР «Білім туралы» Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес «ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту білім беру ұйымдарының құзыретіне кіреді» және 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті». Яғни, оқушылар мектеп басшылығы бекіткен форманы сабақ барысында киюге міндетті болып табылады. 

Сонымен қатар ҚР Конституциясының 30-бабының 1-тармағына сәйкес «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деген талап негізінде ҚР азаматтары орта білім алуға міндеттелген. Яғни, қандай уәж болса да, орта білім алудан бас тартуға жол берілмейді.

Дін тұрғысынан да білім алу – парыз. Оны сауатты дін ғұламалары жақсы біледі. Бұл жайында еліміздің сарапшы-дінтанушылары діни ұстаным мен білімді қатар қойғанда білімнің үстемдігін алға тартады. 

Бүгінгі жасөспірім – Қазақстанның ертеңгі болашағы. Сондықтан Қазақстанның жарқын болашағы жолында кемел парасат пен жоғары руханият негізінде тәрбиеленген білімді ұрпақ өсіру – заман талабы. Руханият саласында асыра сілтеушілікке бой ұруға, білім алудан бас тартуға жол берілмеуі тиіс. Азаматтарымызды қоғам игілігі үшін алға қойылған талаптарды дұрыс түсінуге шақырып, бірбеткейліктен арашалап қалуымыз шарт.

ҚР Дін істері комитеті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.