Қош келдің, мүбәрак Мәуліт айы! Избранное

Пятница, 09 Декабрь 2016 06:25 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7441 раз

Мәуліт – араб сөзі. «Туған күн» деген мағынаны береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең соңғы әрі сүйікті Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың дүниеге келген айына берілген. Жер бетіндегі адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде жіберілгендіктен, Елші аталады. Сол себепті біз, адамдар, Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеті етіп жаратқанына әркез шүкіршілік етеміз. Салауат, мадақ айтамыз. Осы жайлы хадисте «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар» – делінген.

1257671

Ежелгі жыл санау бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) Піл жылы (күнтізбе бойынша 571 жылдың 21 сәуірі) дүниеге келеді. Әмина анасының құрсағында алты айлық болған кезінде: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, есімін Мұхаммед қой», – деген аян етіледі. Мұхаммед сөзінің түбірі – мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мадақ, Аллаға шүкіршілік ету, ең мақтаулы деген ұғымдар туындайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үш аты бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмұд.
Алла Тағала ең соңғы Елшісін әлемге өз мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек, Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген күн – Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күн. Рақым-мейірімнің бір ай бойы ерекше нұр боп құйылуы – Он сегіз мың ғаламға берілген зор мүмкіндік. Жарылқау айы. Надандығымызды жойып, қараңғылықтан жарыққа шығуымызға жағдай жасалған мерзім.
Сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген Мәуліт айы биылғы 1-31 желтоқсан аралығына сәйкес келеді.
Аллаға шүкіршілікті әр түрлі амалдармен білдіруге болады. Яғни, ораза ұстау, садақа беру, сәжделер жасау, Құран оқу. Ендеше, Пайғамбарымыздың осы күнде туылуынан асқан нығмет бар ма?! Осыған орай, шүкіршілік білдіру деген сөздің шегін білуіміз қажет. Құран оқу,адамдарды тамақтандыру және жүректерді жақсылық жасап, ақыреттік амалдарға жетелейтін әңгімелер мен Пайғамбарымызға мақтау-мадақ сөздерін айту негізгі шарт.
Хафиз Шамсуддин ас-Сахауи мәуліт жайында: «Алғашқы үш ғасырда сәләф-салихтар мәулітті тойламаған. Бұл амал кейіннен пайда болды. Содан кейін, әлемнің түкпір-түкпірінде мұсылмандар Пайғамбарымыздың туылған күнін тойлауды, садақа беруді, мәлітті оқуды тоқтатпаған. Соның себебінен оларға Алланың берекесі жауып тұрған», – деп атап өткен.
Шейх Хусанайн Мухаммад Махлюф та бұл жайында «Осы түні және бұл шарапатты айдың түндерінде Алланы еске алып, берген осы нығметіне шүкіршілігімізді білдіруіміз қажет.Бұл түнде әдептілік сақтап,Аллаһқа бойсұнып, харам,ұ натылмаған істерден және діндегі жаңалықтардан сақ болу керек. Сондай-ақ, Аллаһқа шүкіршілік ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуде кіреді. Мәулітті тойлап өту Пайғамбарымыздың уақытында болмаса да, онда тұрған еш нәрсе жоқ және бұл сүннеттен болып есептеледі», – деген.
Сондай-ақ, ислам ғұламасы Әл-Хафиз әс-Суюти өзінің пәтуа кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туылғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайып, ас беріледі, пайғамбарымыз құрметтеледі, бірін-бірі құттықтап, қуанышпен таралады», – деген екен. Ендеше, Мәуліт мерекесін ізгілікті, қайырымдылық әрекеттерді жасау арқылы атап өту – баршамызға парыз!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.