Ұлысты ұйыстыратын мереке

Пятница, 17 Март 2017 08:39 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 1808 раз

nauryz 22

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – күллі парсы және түркі жұрттарының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, батасын береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан», – деп бұйырғандықтан осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.

Бірлігі жарасқанның босағасына береке ұялайды

Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты», («Мәида» сүресі, 2-аят) – деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. 

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199). 

Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. 

Дана халқымызда: “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.

Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а) кездесіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а) Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-береке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғман есемді дүниеге ұл келеді. Бұл да болса «жақсыдан – шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек.

Сондықтан осындай айтулы мереке күндерде үлкен кісілерден бата алуға тырысу керек. Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.

Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

Сәлем беру дәстүрі бар

Ата-бабаларымыз: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлем берудің маңызын айшықтай түседі. Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді 

Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: “Бір тал кессең, он тал ек”, – деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари риуаяты).

Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, Наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол берiлiп жататынын аракідік көрініс беріп жатады. 

Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған (Муслим Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи). Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады. 

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Наурыз мерекесінде не істеген жөн?

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни, қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.

Мереке күндері:
– ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;
– жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
– жағымды иіс майлар себу;
– мереке күндері Алла тағаланы еске алып, дұға-тілек жасау;
– ең бірінші кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;
– ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасауы;
– мереке күндері араздасушыларды татуластыру;
– айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;
– өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
– науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;
– тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;
– жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;
– көпшілікке қайырымдылық негізінде ас беріп дастархан жою;
– жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;
– сауапты істермен айналысу, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, иншааллаһ.

Алла тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Мейірім мерекесі Жас қарилар сынға түсті »