Версия для печати

Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің

Среда, 26 Июль 2017 08:54 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4681 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жуырда жаңадан пайдалануға берілген қалалық Абдулхамид Қаттани мешітіне жолай соға кету нәсіп болды. Әсем мешіт алыстан көз тартады. Халық көп жүретін орын ғой. Үш бидің атын иеленген көшелердің қиылысқан тұсында орналасқандықтан шығар. Жамағат та көбейген. Екінті намазында имам намазды аяқтағаннан кейін бірден орнынан тұрып кеткен адамды байқамадық. Дұға қайыру, Құран оқу сынды діни рәсімдерге де қатысты. Ынтымақ-бірлік нығая түскеніне қуанасыз. Дін игілікке бастаса – үлкен нығмет осы емес пе?!

baqdaule-2t

40-қа жуық азамат дәстүрлі дінімізге оралды

«Егер жастарымыз халқымызға жат уағыздарға ерсе, мемлекетіміздің болашағы не болмақ? Біз бұған жол бермейміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс. Біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шыққандарға көне алмаймыз. Бұл – мемлекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі, – деген еді Елбасы дін өкілдерімен кездесуінде. 

Өткен маусым айында еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оны Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу.

Енді елімізде мешіттер салу бірізділікке түспек. Имамдарға жалақы тағайындау мәселесі де шешілмек. Яғни, бұрынғыдай кез келген адамның мешіт салуына рұқсат жоқ. Мұның бәрін реттейтін арнайы қор да құрылды.

Ендігі ретте имамдар жат ағымдармен күресуде белсенділік танытуы тиіс. Шүкір дейік, біздің өңірде жағдай дұрыстала түскен. Мұны мешіттердегі жамағаттың ынтымақтастығынан байқап жүрміз. 

Теріс ағымдарға тойтарыс берер күшіміз бар. Қалада 103 мешіттің бәрінде намаз бір мәзһабта орындалады. Теріс ағымдардың жетегінде жүрген азаматтармен орта есеппен бір жылда 2 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылады. Соның нәтижесінде жыл сайын 130-ға жуық азамат өз қатесін ұғынып, дәстүрлі жолымызға қайтады екен. Жыл басынан бері қырыққа жуық азамат дәстүрлі дінімізге оралыпты. 

baqdaulet

Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов (суретте) жұмыстардың барысын әңгімелеп берді. Нәтижелі жұмыс баршылық. Бүгінде қалалық ақпараттық-насихаттық топтың құрамында 32 имам бар. Жұмысты үйлестіретін ұялы телефонда ортақ чат жұмыс істейді. Ол әр жеке кездесудің нәтижесін жазуға қолайлы. Ол сараптау қызметін атқарады. 

– Деструктивті ағымдарға қарсы күрес жоспарлы жүріп жатыр. Қалалық ақпараттық-насихаттық топтың құрамындағы 32 имамның бәрі де білікті.

Данабек Жұмабеков, Дастан Желеуов сынды Әл-Азһар университетінің түлектері, магистрлікті тәмамдаған білікті ұстаздар қызмет атқарады. Ең білікті, білімді мамандарды таңдап алдық. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген ЖОО-да, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік мекемелерде, халықпен кездесу өткізеді. Және де түрмедегі азаматтармен әңгімелесеміз. Олармен де жылына бес жүз рет кездесеміз. Жалпы, қалада уахабизим-салафизим идеясының жетегінде жүргендердің шоғырланатын негізгі 16 мешіт бар. Әрбіріне сабақтар өту кестесі бекітілген. Қалалық мешіт те осы тізімдегілердің қатарында. Жан-жағымыздағы «Қазына», ескі қалашықтағы құрылыс дүкендерінде істейтіндер осында келіп, құлшылығын өтейді. Негізінен, бесін мен екінті намазында көптеп кездестіресіз, – дейді бас имам.

 

Имам имиджін көтеру

Қазіргі имамдар ақпараттық технологияларды меңгеріп, адамның психологиясын ұғынатын білімді, барлық саладан хабары болуы керек. Елбасы сәуір айындағы дін өкілдерімен кездесуде осылай деген еді. 

Имам имиджі қалай көтерілмек? Әрине, әсерлі уағызымен тұла бойыңды шымырлатып, сөзін ұғынықты етіп жеткізе алатын, бір сөзбен айтқанда шешендік өнерді меңгерген дін ғалымдары көптеп керек-ақ. 

Қазір мешіттерде отанды сүюге үндеу тақырыбындағы уағыздар көбейген. Осындай берекелі істің нәтижесінде әлгіндей азаматтардың санасы өзгерген. 

Жалпы, діннен бейхабар адам бірінші үйреткен адамның уағызын бойына сіңіреді. Уахабизи-сәлафизим бағытындағылар да бірінші осы мақсатты көздейді. Ал олардың сапына ергендерді қайтару өте қиын жұмыс.

Бақдәулет Нұрматұлы өзекті мәселеге біздің назарымызды аударды. Өкілеттік органдар арқылы қазір бұл ағымның көшбасшылары сабақ беруді тоқтатқан. Бірақ онымен іс бетпепті. Санасы уланған азаматтар умра қажылығына барып, сол жақтағы өздерінің көшбасшыларынан дәріс тыңдап қайтып жүргенге ұқсайды. Жат ағымдармен күресуде мұның да тигізер залалдары жоқ емес. БАҚ өкілдері осы мәселені жиі-жиі көтерсе екен деген өтінішін айтты. Құқық қорғау органдары құлағдар болуы тиіс.

 

Имамдар мен жамағат арасындағы алтын көпір

Бүгінде ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің жанынан құрылған жастар бөлімі де игілікті істер атқарып жатыр. Бұл бөлімнің ұйымдастыруымен түрлі форумдар, кездесулер, жиындар өткізіледі. 2013 жылы жұмысын бастаған бөлімнің облыстың 14 ауданында өкілдері бар. 

Бөлім басшысы Азамат Әбдікерімұлының айтуынша, жастар бөліміне негізінен төрт функция міндеттелген. Бірінші үгіт-насихат жұмыстары, қайырымдылық, үшіншісі дөңгелек үстелдер мен кездесулер, зиялы қауым өкілдерімен кездесу, спорттық іс-шаралар өткізу. Жалпы, жастардың дұрыс жолға тәрбиелеу, жат ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуды мақсат еткен. 

– Басты мақстатымыз – жастар мен имамдар арасында алтын көпір болу. Қазір қалада қай жаспен жолықсаң да, жүзінен иманы төгіліп тұратын азаматтар көп. Намаз оқымағанның өзінде Құдайшылықты ұмытпаған. Дінді айтса жылы қабылдайды. Іс-шараға шақырсаң келіп қатысады. Интернет желілердегі парақшаларымызға хабарласады. Кездесулерде сұрақтарын қояды. Мәселен, жыл басынан бері облыс бойынша 10 университетте кездесу өткіздік. Ондағылардың да негізінен сұрайтыны – келте балақ пен сақал өсіру. Қай кездесу болса да, соңына қарай сауалдар осы ағымдар төңірегінде айтылады, – дейді А. Әбдікерімұлы. 

Жүзеге асқан жұмыстардың бірқатарын айта кетсек. Жастар бөлімі Дін тақырыбында 5, жалпы қоғамдағы мәселелер бойынша 20 бейнеролик дайындаған. Қысқа метражды 2 фильм көрермен назарына ұсынылған. 

Мәселен, он күн бұрын қалалық мешітте белгілі дінтанушы Ризабек Батталұлы жамағатпен жүздескен еді.

 

«Менің қателігімді қайталамаңыздар...»

Жастық шақ елең-алаң кезең. Адам баласы бұл кезеңде әр нәрсеге ұрынғыш келеді. Әрине, шектен шығып, қадағалаусыз қалғандардың опық жеп жататыны да бар. Сондай жанның бірі – Шымкенттегі ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші З. Тұрғынбай есімді азаматша. Ойнап жүріп, от басқанына өкінеді. Ол 1999 жылы Сарыағаш қаласында туған. Отбасындағы тұңғыш перзент. Сегіз жасынан спорттың дзюдо түрімен шұғылданып, тәуір нәтижелерге жетіпті. Бәрі сол ЖОО-на түсіп, намаз оқуды үйренуден басталған. 

Намаз оқып қана қоймай, орамал да таққан. Ата-анасымен арадағы байланыс алшақтап кетуі себепті ақыр аяғы интернеттегі жалған топтардың құрығына ілінген. Ислам діні жайында ақпарат іздеймін деп шетелдік кереғар уағызшыларға тап болыпты. Пайғамбар өмірбаяны, хижра, жиһад жайында солардың дәрісін тыңдаса керек. Содан халифат деген топқа тіркеліп, арандап қалғанын кеш сезген. Қазір жауапкершілікке тартылып, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүр. 

– Істеген ісіме қатты өкінемін. Ата-анамның қадірін түсініп, бар арманым олардың ризалығын алу. Интернет жүйесіне кіріп, әр түрлі алдау-арбаудан аулақ болыңыздар. Иманға бет бұрғыңыз келсе, елдегі арнайы заңдастырылған діни орындарынан білім алыңыздар, – дейді ол өз қателігіне өкініп. 

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» дейді бұрынғылар. Дін – өте нәзік мәселе. Зайырлы ел болғандықтан, кімнің де болса діни жоралғыларды өтеуіне құқы бар. Алайда түрлі теріс ағымдардың шырмауына шырмалып, түзу жолдан таймағанымыз абзал.

Последнее изменение Среда, 26 Июль 2017 09:34
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.