Зираттарды күтіп ұстауға көңіл бөлінсе...

Пятница, 28 Июль 2017 08:38 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 303 раз

Зират басын таза ұстау арқылы біз өлілерге құрмет көрсете аламыз. Тазалықты сақтау үшін алдымен халықты тәрбиелеп, оларға діни түсінік беру қажет. Осылай деген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жуырда өткен әкімдік жиынында жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеген еді.

DSC 8444

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағында барлығы 44 мұсылман және христиан мазараты бар. Биыл зираттардың аумағын санитарлық тазалау, қорғау жұмыстары үшін қала бюджетінен 98 миллион теңге қаржы қаралған. Дегенмен, қорымдарды күтіп ұстау жұмыстары қаншалықты жүйеге келтірілсе де, ондағы ретсіздік, адамдардың бей-берекет әрекеттері мазараттардың ішкі-сыртқы келбетіне нұқсан келтіруде.

«Самал» шағынауданында орналасқан «Ақмырзабай ата» мазараты қаладағы 6 мұсылман зиратының бірі. Аумағы 40 гектарды жуықтайтын қорым айналасында алғашқы аңғарғанымыз, жел ұшырған қоқыс қалдықтары, үйіліп тасталған қапшықтар, ұйысып өскен әрі әбден сарғайған тікенекті шөптер... Сорақысы сол, қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттарын «кері алып кетуге» болмайды деген сылтаумен сол жерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Соның салдарынан қорымдар қоқыс алаңына айналуда.

DSC 8465

– Ислам дінінде зиратқа яғни қабірдің аяқ асты болмауына ерекше көңіл бөлінген. Бұған көптеген хадистер дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірлерге намаз оқып, үстіне отырмаңдар» десе, тағы бір хадисте: бірде Амр ибн Хазм деген сахабаның қабір үстіне сүйеніп тұрғанын Расулуллаһ (с.ғ.с.) көріп «Оған сүйенбе. Бұл қабірдің иесіне зиян келтіресің» дегені де бар. Олай болса, қабірге сүйенудің өзі иесіне кесірін тигізетін болса, ондағы тазалыққа самарқаулықпен қарау тіпті сорақылық екені сөзсіз. Зират басына қоқыс қалдығын қалдыру марқұмдардың рухына деген құрметсіздік болмақ, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхаметжан Естеміров.

Осы орайда, Діни Басқарма тарапынан «Өткенге құрмет – елге құрмет!» атауымен арнайы Үндеу аясында жыл сайын Қатра күніне орай, сәуір айында қорымдарда тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Бұл іске үн қатқан қалалықтар мұсылмандар мазаратына арнайы барып, орындарды күл-қоқыстан тазалайды. Басқарма өкілі бұл ретте, қорымдарды таза ұстау – сауапты іс екенін, сондықтан, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жөн болатынын айтады.

DSC 8478

– Жуырда ҚМДБ-ның кеңейтілген мәжілісінде мазараттарды күтіп ұстауға байланысты бірқатар тың ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Атап айтқанда, зират шырақшылары мен қорым орнын дайындаушылар қызметіне арнайы айлық жалақы тағайындау, оларға арнайы көлік бөліп, қажетті коммуникация жүйелерін жүргізу жайы ұсынылды. Осы арқылы оларға қорымдардағы ағаштар мен сарғайған шөптерді отап, жас тал-көшеттерін отырғызу, тазалықты қалыптастыру міндеттерін жүктеу мәселесі талқыланды. Мәселен, бұл істе бізге Түркия еліндегі қалыптасқан бүгінгі ахуал үлгі бола алады. Ондағы қорымдар шын мәнінде, абаттандырылып, жасыл желектермен көмкерілген. Ол ең алдымен марқұмдардың рухына көрсетілген адамдардың шексіз құрметі болса, қала берді экологиялық ахуалды жақсартуға, құран бағыштай келген жандардың еркін тыныс алуына барынша мүмкіндік береді, – дейді өкіл имам орынбасары. 

Шымкент қаласында 6 мұсылман зираты бар. Оның ішінде аумағы жағынан үлкені және жаңасы Шымкент-Ташкент бағытындағы 75 гектар алқапты алып жатқан Жаңа Мұсылман қорымы. Зират шырақшысы Шералы Әбдалиев күнделікті бос уақытын зиратты қоқыс қалдықтарынан тазартуға жұмсайтынын айтады. Биыл қорым айналасына өзі әкеліп 300-ге таяу ағаш көшеттерін отырғызыпты.

DSC 8449

– Қорымдардағы тазалық жұмыстары, оны көгалдандыру, абаттандыру – әрбір тұрғынның ортақ парызы болуы тиіс, – дейді шырақшы. – Ал мазарат айналасына қоқыс қалдықтарын қалдыру білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындап отырғаны өкінішті жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармас еді. Өйткені бұл өз басына ғана емес, тұтас Ислам дініне кір келтіретін жағымсыз әрекет. 

Иә, біз көрген мазараттарда қалыптасқан жағдай осындай. Бұл ретте, жергілікті атқарушы биліктің де, Діни Басқарма өкілдерінің де айтар ойы бір, ол – бұл ортақ істе тұрғындар жұмыла іске кірісіп, тазалық жұмыстарына мүдделілік таныту, жанашырлық көрсету. Себебі, «өткенге құрмет – елге құрмет» екенін назарда ұстағанымыз жөн.

Последнее изменение Понедельник, 31 Июль 2017 04:36
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.