Версия для печати

Қажылыққа қанша адам барады?

Пятница, 28 Июль 2017 09:18 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7098 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мұсылмандықтың бес парызының бірі – Меккеге қажылыққа бару сапары биыл тамыз айының 24-жұлдызында басталады. Бұл сапар үшін Қазақ Еліне 2500 квота бөлінген. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында Орталық мешіт жанынан ашылған «Қажыларды оқыту орталығында» қажылық сапарын өтеуге ниетті жандар шілде айының алғашқы жұлдызынан бастап арнайы дәрістен өтуде.

– Қажылық – сауапты сапар, қиындығы мол, әрбір қажыдан үлкен сабырлылық, терең төзімділікті, риясыз тақуалықты талап етер ғибадаттың түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген. Ендеше, қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.

2015 жылдан бері ел аумағында Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша Астана, Алматы қалаларымен қатар, Шымкенттен де тікелей әуе рейсі қатынауда. Қажылық сапарын ұйымдастыруда Оңтүстік өңірден Сембекова, Мина Тур, Әл Маруа, Ордабасы сынды 13 фирма өз қызметін ұсынуға әзір. Бұл ретте, жуырда ҚМДБ тарапынан құрылған Тауаф қажылық фирмасын айрықша атап өтуге болады. Басқарма өкілінің айтуынша, бұйыртса, алдағы бірер жылда аталмыш мекеме қажылық сапарды ұйымдастыруда бірден-бір жетекші рөлге ие болмақ. Фирманың қызметтік құны эконом пакет – 3800, стандарт пакеті – 4200 АҚШ доллары көлемінде.

Айта кетсек, 1993 жылдың жазында елімізден тұңғыш рет 300 адам қажылық сапарына аттанды. Сол жылдан бастап қажылыққа ниет білдірген жерлестеріміздің саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, 2013 жылы қажылық парызын өтегендер қатары 4400-ге жеткен.