Мәуліт – рухани қуаныш пен нұрға бөлеген ай! Избранное

Пятница, 24 Ноябрь 2017 06:10 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 143 раз

snapshot201310281849261

Барша мұсылман жұртшылығы күткен Мәуліт айы 20 қарашадан басталып кетті. Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі Мұхаммедтің (с.а.с.) дүниеге келген айының құрметіне берілген.


28-002Асыл дінімізде Мәуліт айының орны бөлек. Өйткені, бұл айда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген. Алла елшісін өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар», – деген.

Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – дініміз үшін ең қасиетті де құрметті, Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдулла, оның әкесі Әбдүлмүтәліп. Анасының есімі – Әмина. 

Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Мұхаммед жаратылысы да, мінезі де әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдесіз еді. 

Мұсылман жұртында жыл сайын ай күнтізбесі бойынша 12 рабиул - әууалда Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың туған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан деген мәселеге келейік.

Мысырда пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс дейді. Сол кезеңде мәуліт ресми мейрам етілді, алайда халық арасына бірден кең көлемде тарала қойған жоқ. 

Сол дәуірдегі суфизмнің дамығандығынан және имамдардың, сопы шейхтарының белсенділігінің арқасында бұл мейрамды ижма «бағидат хасана» деп бекітті. Сол дәуірдегі суфизмнің дамығанынан және имамдардың, сопы шейхтарының белсенділігінің бұл мереке кең өріс алды.

Марокко тарихшысы Әл–Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап, өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі маулидийа дастандарының шығуына себеп болады. 

Алайда пайғамбарға жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Кааб бин зухайыр оған «Банад Суад» деген поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да пайғамбарға өз жырларын бағыштаған. 

Маулидийаның жыр-дастандарында Мұхаммедтің (с.а.с) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмір жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.а.с) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты пайғамбардың туған күні мәулітті жыл сайын тойлау дәстүрі өмірге осылай келген.

 

Мәулітті тойлаудың мән-маңызы ерекше

Бүгінде әлем елдері Мәуліт мерекесін кең ауқымда атап өтуде. Елімізде де мерекені тойлау қарқын алып келеді. Өйткені, адамзаттың асылына деген құрмет пенделер арасында жақсы көркем мінез, сабырлылық, қарапайымдылық сынды қасиеттерді тудырады. 

Имам Науауи: Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.а.с) туған күніне сәйкес келетін осы күндер де істелетін садақалар, адамдар бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы, – деген. 

Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте: «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Алла тағала алдында да жақсы болады», – делінген имам Ахмад риуаятында. «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім деген Хасан әл-Басридің (р.а.) сөзі де көпке ой саларлық.

Пайғамбармызға (с.а.с.) салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадис-шәріпте (с.а.с.): «Қиямет күні маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқаны», «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам - анық сараң», делінген (Имам Термизи риуаяты). 

Міне, бұл діни рухани мерекенің мән-маңызы осындай. Мәуліт – әлемді рухани қуаныш пен нұрға бөлеген ай! Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып саналады. Биылғы жылы Мәуліт айы 20 қарашасы мен 19 желтоқсан арасына сәйкес келеді. Ал осы айдың 1 желтоқсан күні Пайғамбарымыздың дүниеге келген күні болып саналады.

Қазіргі таңда, рухани Мәуліт айы облысымыздың барлық аудандарында жалғасуда. Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әумин!

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Төрт отбасыға үй салып берді