Дін мен дәстүр бірізділігі Избранное

Среда, 28 Февраль 2018 04:14 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4504 раз

Дін мен дәстүр сабақтастығын арттырып, қазақы мұсылмандық негізін нығайту. Той-томалақ пен діни рәсімдерді өткізуде ысырапқа жол бермеу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстелде осы өзекті мәселе талқыланды.

Облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясының ғимаратында өткен ақылдастар алқасының кеңейтілген отырысына облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібекұлы, діни басқарманың өкілдері мен облыстық және қалалық ішкі саясат басқармаларының басшылары, облыстық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғамдағы қазіргі өзекті мәселелерді талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен ауыл-аймақтан имамдар да келді.

Дін Исламның құндылықтарын қалай дәріптегенде көпшілік толыққанды қабылдайды, қандай тәсілмен халықтың діни сауатын арттыруға болады? Бұл басқосуда қозғалған әңгіме төркіні осы төңіректе өрбіді. Ақылдастар алқасы жат ағымдардың алдын алу, ақпараттық насихатты жандандыру мен ұлттық салт-дәстүрлер арқылы діни рәсімдерді насихаттаудың жолдарын талқылады.

DSC 4768

 

Министрліктің бақылауында

Жуырда дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Парламент депуттаттары, атқарушы орган өкілдері, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңес өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Министр Нұрлан Ермекбаев өз баяндамасында Елбасының діни радикализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды тапсырғанын мәлімдеді. Алқалы мәжілісте белгілі болғаны, сарапшылар діни ұстанымдарды анықтау үшін көпшілікпен диалог алаңында арнайы зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде Ислам дінін түсінудің және талқылаудың қазақстандық мектебін қалыптастыру жөнінде қорытындыға келгені мәлімденді. Министрдің айтуынша, мемлекет діни бірлестіктердің діни мәселелеріне араласпайтынын, дегенмен, заңдардың сақталуын қатаң бақылайтынын айтты. Яғни діни шарттардың орындалуы өзімбілермендікпен емес, белгілі бір қоғамдық шартқа сай жүзеге асырылу қажеттілігі ескертіліп отыр. Министр, бұған қоса, жаңару мен жаңғыру шарттарына мешіттердің ретті- ретсіз салынуы жататынын да атап өтті. Мысалы, елдегі 3601 мешіттің бүгінгі таңда 81-і бос тұр. Ведомства басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыру ұғымының осындай жайттарға да қатысы бар екенін айтып, осы орайдағы келеңсіздіктерді сынға алды.

DSC 4780

Діни сауаттылық та рухани жаңғыруға жатады

– Таяуда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасының төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесіне қатысты. Осы жиында Оңтүстіктегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер мен діни ахуал да қаралып, Елбасы тиісті министрлерге нақты тапсырмалар берді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. – Облыс әкімі ардагерлер кеңесінде, мұсылмандар діни басқармасының облыстық өкілдігінде өткен басқосуларда осы діни экстремизм, діни жоралғылар тақырыбы жөнінде көптен бері мәселе қозғап жүр. Сенбі күні ұйымдастырылып отырған бейресми кездесу барысында осы тақырыпта еркін әңгіме-дүкен құрылып, нақты ұсыныстар айтылса деймін.

DSC 4796

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған соң арнайы бағдарлама қабылданып, оны жүзеге асыру бағытында кең көлемді жұмыс басталып кетті. Әрине, бұл – бір айда немесе бір жылда орындап тастайтын науқандық іс-шара емес. Ол үшін рухани жаңғыру ұғымының мазмұнына терең бойлап, мән-мағынасын өз деңгейінде байыптап алуымыз қажет. Соның ішінде басты назарға алатын бір тіркес бар. Ол – ұлттық код ұғымы. Яғни, ұлттық кодтың бірінші сипатын ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтары құраса, екіншісі – мәдениеті, үшіншісі – салт-дәстүрі. Төртіншісі – тарихы, бесіншісі – фольклоры. Алтыншысы – халықтық педагогикасы. Осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, санасына сіңіру, сол мақсатқа қол жететіндей білім беру жүйесін қалыптастыру – аға буынның міндеті. Осы тұрғыда имамдардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны, кереғар ағымдардың алдын алуға үлес қосқаны абзал.

– Күнделікті өмірдегі тіршіліктің барлығын бірдей билік тарапынан бақылап отыру мүмкін емес, – деп жалғады сөзін Ұласбек Cәдібекұлы. – Мысалы, той-томалақ пен өлім-жітім рәсімдеріндегі ысырапшылдықты, жаназадағы жөнсіз әрекеттерді де бір ізге салудың уақыты әлдеқашан жетті. Сол сияқты мазараттарды ретке келтіру сол ауылдың бас көтерер азаматтарынан артылар шаруа ма? Бұл іске міндетті түрде ауыл немесе аудан әкімінің араласуы қажет пе?

DSC 4869

Таратылатын киім китке айналмасын...

– Мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң алдымен ел тұрмысын түзеуге елеулі көңіл бөлген болса, ендігі кезекте елдің рухын жаңғыртуға бағыт түзеді. Қалың бұқара қолдаған бұл бастаманы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасынан айқын көруге болады, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. – Президент ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың жолын көрсетті. Осы ретте аға буын өкілдеріне жүктелер міндет зор. Облыстық ардагерлер кеңесі бұл орайда ел арасында мағыналы кездесулер өткізіп келеді.

Мысалы, 2014 жылы облыстың ардагерлері мен имамдары қоғамның рухани бағытындағы мәселелерді шешуде өзара әріптестікті нығайту, жастарға рухани тәрбие беруде, оларды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеуде бірлесе жұмыс істеу мақсатында келісімге келді. Ал 2015 жылы «Той өткізудің мәдениетін жетілдірейік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, үндеу жарияланды. Бұл бағыттағы іс-шараның барлығы «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында өткізіліп келді.

DSC 4766

– Әрине, халыққа қазақы рәсімдерді жасама демейміз, бірақ, ысырапқа жол берілмегені жөн. Өлік шыққан үйде үш күнге дейін қазан көтермеу керегін жақсы білсек те бәз-баяғыша дастархан жайып, ас беруді тоқтатпай келеміз, – дейді Ж.Мәуленқұлов. – Бұған қоса ертеректе қаралы үйге көмек көрсетілсе, қазір мазардың басында не байлайсың деп сұрау үрдіске айналып кетті. Немесе өліктің үстіне кілем, бір тоғыз мата, қымбат киім жабу, жыртыс беру секілді ешкімге қажет емес әрекеттер әдетке айналып барады. Ал қайтыс болған кісінің киімі марқұмды еске алып, көзіндей көріп жүрсін деп, жақындарына таратылған. Ал бүгінде жаңа киім сатып алып беріледі. Ал оны марқұмның естелігі деп емес, реті келгенде құдалықтың китіне қосылып жіберетін жағдайлар аз ұшыраспайды. Осы келеңсіздіктің алдын алуда аға буынға артылар міндет жетерлік. Себебі, "Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді" деген сөз бар. Сондықтан, ағайын, өнеге, үлгіні жастар бізден алатынын ұмытпайық.

 

Жаназада орындалар 4 міндет

әуелсіздік алған жылдары елімізде 68 мешіт болса, күні кеше министрдің есебінде айтылғандай, қазіргі таңда мешіт саны үш мыңға жетіп отыр. Егемендіктің алғашқы кезінде елде бірде-бір медресе болмаса, қазір онға жуық медресе жұмыс істейді. Ақылдастар алқасында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының насихат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы өз баяндамасында осындай мәліметтерді келтірді.

DSC 4917

– Жаназа мәселесін бір ізге түсіру үшін бас мүфтидің тапсырмасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарыққа шығарылды. Ол кітап барша имамдарға таратылып берілді. Семинар кездесулер өтті, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. – Дегенмен, насихат жағы жақсы болғанымен, амал жағы кемшін болып тұр. Осы орайда сіздердің, ел ағаларының көмегі қажет-ақ. Себебі, қазақ үлкенді тыңдаған халық, ел ағаларының, ақылдастар алқасының сөзі өтімді, пікірі ұтымды. Сол үшін тек имамдар ғана емес, ел ағаларының да үлес қосқаны жақсы. Шариғат бойынша өмірден өткен адамның соңынан төрт-ақ әрекет жасалады: денені жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу, жерлеу. Өкінішке қарай, марқұмды жерлеп келген соң үйінде ас беру керек пе, жоқ па, өлген кісіні үйден баспен шығару керек пе, аяқпен шығару керек пе деген сияқты мәселенің өзін дауға айналдыратын жағдайлар да кездесіп жатады. Тіпті, «Біздің айтқанымыз жөн, оны мақұл көрмесең, есігіңіз мынау» деп, имамдарды шығарып жіберген келеңсіздікті де көрдік. Бұған қоса имамдардың уағызын да бір ізге келтіруді реттеп жатырмыз. Кез келген жиналыста немесе жаназа басындағы уағызды бес минуттан асырмау керек, жиналып отырған адамдардың деңгейінде сөйлеу тапсырылуда.

Алқалы мәжілістің соңында ақылдастар алқасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен рәсімдер ғана орындалып, оны діни басқарма бекіткен тізімдегі имам-молдалар ғана жүзеге асырса деген ұсыныс жасады. Салт-дәстүр мен діни рәсімдер бірізділігін сақтау туралы үндеу қабылданды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.