Ысырапшылдықтан арылатын кез келді Избранное

Среда, 25 Апрель 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 583 раз

Бүгінде той жасау мен қайтыс болған адамның үйінде Құдайы ас беру бәсекеге айналған. Бұл – дәстүрімізге де, дінімізге де қайшы іс.


Ысырапшылдықтан арылып, діни рәсімдерді бірізділікке түсіруде облыстағы мешіт имамдары мен аудандық әкімдіктің қызметкерлері тамаша бастама көтерді. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: « Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. 

shymkala-32-3

...Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес, деп атап көрсеткен болатын. Ендеше осы қағиданы ескере отырып, алға қойған басты мақсат – бағзы дәстүрімізге оралу. Дін мамандары мен әкімдік өкілдері олқылықты бірлесе жоюды көздеп отыр. Бірқатар ұсыныстары бар.

 

«Өз дәстүрімізден жаңылмайық»

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің жанынан құрылған «Ақылдастар алқасы» мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісінде «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша облыс тұрғындарына Үндеу жарияланған-тын. 

Үндеуді жүзеге асыру уақыт күттірмейді. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі, аудандық орталық мешіт имамдары ұйымдастырған жиында осы мәселе талқыланды. ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағанбетов, Қаратау аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Зүлфия Бекмырзаева өз ойларын айтты. 

Жиында еліміздегі Ислам дінін өркендетудің жолдары мен бағыттары, дін мен дәстүрдің сабақтастығын үзбеу мәселелері және оларды шешу жолдары баяндалды. 

shymkala-32-5

– Қазіргі тойларда даңғазалық, ысырапшылдық әрекет белең алды. Жаназа мен тойды ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Кей жерлерде жаназа оқылмай жатып, ас берілуде. Қайғы жамылып отырған үй иелеріне ас дайындатып қою дұрыс емес. Керісінше, оларды сабырға шақырайық. Біз – руханияты берік ұлт едік. Ендеше өз дәстүрімізден жаңылмайық. Ендігі ретте барлық аудан-ауылдардағы мешіт жанынан ақылдастар алқасы құрылуы керек, – деді Б. Бейсенбаев. 

Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрлердің негізгі талабы – қайғы түскен отбасында Құдайы ас (жетісі, қырқы, жылы) дастарханы барынша қарапайым болу керек. Шариғаттың үкімі осы. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Тоқмағанбетов пен әжелер кеңесінің төрайымы З. Бекмырзаева жас ұрпақты тәрбиелеуге көңіл бөлуге шақырды. 

Ал қоғам қайраткері Ш. Мырзахметов келе жатқан ораза айында арақ-шарапты сатпау, дастарханға қоймау жөнінде ұсыныс айтты. 

 

Аудандық мәслихат мен әкімдіктің назарына ұсынылып отыр

«Ақылдастар алқасының» бұл үндеуін насихаттау бүгінде қала, аудандарда белсенді жүргізілуде. Жалпы, қабылданған Үндеу діни рәсімдер мен жоралғыларды атқару барысында ҚМДБ бекіткен жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуге шақырады. Ұлттық салт-дәстүріміз бен діни рәсімнің бірізділігін сақтауымыз керек. 

shymkala-32-4

Қайғы түскен отбасында Құдайы ас дастарханы барынша қарапайым болғаны жөн. Облыстың мұсылман тұрғындарын және ел ағаларын Ислам діні талаптары бойынша қайғылы отбасында үш күн ішінде ас беруге тоқтау салынса. Қажетті ас-су мен тамақтандыруды, жора-жолдастары немесе көршілері жасағаны дұрыс. 

Кей жерлерде жаназа намазы оқылмай және мәйіттің жамбасы жерге тимей жатып, ас тарату әлі де орын алып жүр. Бұл дінге де, дәстүрге де қайшы әрекет. 

Сол себепті, халқымыз үшін ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сан ғасырлар бойы қалыптасқан сабақтастығын, бір-бірімен тығыз байланысын ерекше атап өткен жөн. Және рухани жаңғыруды осы тұрғыда жалғастыру қажет.

Сондай-ақ, жергілікті жерлердегі мазараттарды тазалау, жан-ажғын қоршау, қолайсыз ауа-райына байланысты зиярат етушілерге арналған бастырмалар орнату, абаттандыру мақсатында су жүйесі мен электр желісін орнату, баратын жолды дұрыстау жұмыстары әлі де болса ретке келтірілген жоқ. 

Мінекей, Үндеудегі айтылған ұсыныстар мен міндеттердің мәні осындай. Ақылдастар алқасы бұл жұмыстарды облыс, қала, аудан мәслихаттары мен әкімдіктерінің назарына ұсынып отыр.

 

7-8 ақылдастар алқасы құрылуы тиіс

Осынау Үндеуге қолдау көрсетіп, жақсы бастаманы іліп әкеткен азаматтардың ісі атап өтерлік. Бірізділікті сақтайтындар да жоқ емес. Мәселен, қайғы түскен кезде барлық ұйымдастыру ісін, ас беруді көршілері атқарып жүргендер де жиында атап өтілді. Ауыл ақсақалдары қаза болған үйде ас істетпейтінге ұқсайды. Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов кей өңірлердегі осындай азаматтардан үлгі алуға шақырды. 

Бір сағатқа созылған жиында бірқатар ұсыныстар да тыңдалды. ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Б.Бейсенбаев, Қаратау аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Кенжебаевтың айтуынша, ендігі кезекте аудан-қалалардағы мешіттердің жанынан ардагерлер алқасы құрылуы тиіс. Олардың санын 7-8-ге дейін жеткізсек құба-құп. Яғни, аудан, ауылдарда өтетін діни рәсімдерді, тойларды осы ардагерлер реттеп, қадағалап отыруы керек. Оның жұмысын БАҚ-та насихаттау да маңызды мәселе. 

Қаратау ауданының бас имамы Қ. Кенжебеков айына бір рет бас қосып, талқылап тұрған жөн дейді. Оған қоса, бұл топтың құрамына аудандық әкімдіктен де 2 адамнан бекітілуі тиіс. 

Сондай-ақ, бұдан былай Құдайы ас тек жетісі, қырқы, жылдығында берілсе деген ұсыныс та көтерілді. Облыстық Ақылдастар алқасының мүшелері Құдайы астағы ас мәзірін дайындап беруге дайын.

Сөз соңында айтарымыз, бұл мәселеге қоғам болып атсалысуымыз қажет. Абыз ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, имам-молдалар, әкімдік қызметкерлері бірлесе жұмыс атқарғанда ғана жағдай түзелері хақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.