Версия для печати

Рамазан – рухани жаңару айы Избранное

Среда, 16 Май 2018 05:58 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 5768 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман қауым! Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтап, Алла Тағаладан ел амандығын, жұрт тыныштығын, дінімізге қуат, отбасыларыңызға береке-бірлік, барша мұсылман халықтарына Жаратқанның жақсылықтары дарысын деп тілеймін.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл айда мұсылмандар ораза ғибадатын атқарудың нәтижесінде шүкіршілік, шыдамдылық, жанашырлық, сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секiлдi iзгi қасиеттердi тұла бойларына қалыптастырып, имандылықтары артады. Имандылық адамды арсыздықтан арылтады.
Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (c.а.с.): «Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi», - деген.
Алла Тағала хадис құдсиде: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана (білемін және) беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусын, ішімдігінен және жыныстық қатынастан бас тартты», - дегеніндей рамазан айында күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей, шыдамдылық танытқан жерлестерімізге Алла Тағаланың нұры жаусын.
Құрметті жерлестер!
Ораза ұстағандарға ауызашар берудің де сауабы мол әрі ол мұсылман баласына тән дәстүр.
Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіні айтылған. Бір хадисте: «Қияметте Алла Тағала кей адамдардан: «Маған неге ас жегізбедің?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Раббысы, Иесісің ғой, мен саған қалайша ас бермекпін?» – дейді. Сонда Алла Тағала: «Қарны аш бауырыңа (ауыз аштырмадың) тамақ бермедің. Егер оған (ауыз аштырғаныңда) маған ас жегізгендей сауап алар едің», – дейді», - делінген.
Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.
Қадірлі қауым!
Рахым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болып, мәңгілік ел болсын! Әмин!

Бақтыбай Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан
облысы бойынша өкіл
имамы, облыстық
орталық мешіттің
Бас имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.