Рамазан — он екі айдың сұлтаны

Среда, 16 Май 2018 06:04 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 9513 раз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі-облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасының Оңтүстік Қазақстан облысының халқына

ҮНДЕУІ

Тәуелсіздігімізбен қатар елімізде Ислам дінін қайта жаңғыртқан Алла Тағалаға шүкір айтамыз. Міне, айлардың сұлтаны – Рамазан айы да келіп жетті. Еліміздегі барша мұсылмандарды осынау қасиетті аймен құттықтаймыз!
Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі-облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасы осы үндеуімізді қасиетті Рамазан айына арнап отырмыз. Барша облыс жұртшылығын қасиетті айда ораза ұстауға шақырамыз!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа, сабырлылыққа, ізгілікке, қайырымдылық пен мейірімділік және бауырмалдық секілді асыл қасиеттерге жетелейді.
Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! Қадірлі жерлестер!
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстағандарға ауызашар берудің сауабы мол әрі ол – мұсылман баласына тән қонақ күту ғұрпы. Ауызашар дастарханы ынтымағымыз бен бірлігіміздің жарасымды үлгісі. Ауызашар беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Осы орайда, ауызашар рәсімінің рөлін мейлінше арттыра түсу қажет. Ол үшін қасиетті Рамазан айының құрметіне түрлі деңгейдегі құдайы астар мен жиындарды (жетісі, қырқы, жылдық асы т.б.) күндізгі уақыттарда тоқтатып, кешкі ауызашар уақытында өткізуге үндейміз.
Қасиетті Рамазан айының күндізгі бөлігінде құдайы ас беруге болмайды. Сондықтан, қасиетті Рамазан айында күндіз өткізілетін түрлі астарды кешке ауызашар уақытында өткізудің сауабы шексіз екендігін жеткізгіміз келеді.
Бұл жөнінде хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған.
Бір хадисте: «Қияметте Алла Тағала кей адамдардан: «Маған неге ас бермедің?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?» – дейді. Сонда Алла Тағала: «Қарны аш бауырыңа тамақ бермедің (ораза ұстағанға ауыз аштырмадың). Егер оған (ауыз аштырғаныңда) тамақ бергеніңде маған тамақ жегізгендей сауап алар едің», – делінген. Алла елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аузы берік жанға ауызашар берген кісі – ораза ұстағандай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – дейді.
Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.
Сондай-ақ, қасиетті айда Алла Тағала тиым салған арақ-шараптан аулақ болуға, жиын-тойларда дастарханға қойылмауына, ішілмеуіне және дүкендерде сатылмауын үндейміз. Арақ ішу – мұсылманға, мұсылмандыққа жат. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй иман келтіргендер! Шындығында арақ ішу, құмар ойнау, пұттарға табыну және көріпкелдік жасайтын жебелер - шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар!», – деп бұйырған («Маида» сүресі, 90-91 аят).
Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады».
Арақ – Алла Тағала харам еткен нәрсе. Оны пайдалану Алланың тыйымын бұзып, әміріне қарсы шыққанмен тең. Арақ ішу үлкен күнә. Арақ адамның ниетін бұзып қана қоймайды, жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, оны адамдық келбетінен айырады.
Бұл үндеу халқымыз Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыратын жаман істерден аулақ болып, Жаратушы иеміздің разылығына бөлене берсе екен деген ізгі мақсаттан туындап отыр.
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгілік ел болсын! Әмин!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.