ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! Избранное

Среда, 22 Август 2018 03:49 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 88 раз

Бақтыбай қажы Бейсенбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы

Без имени-1-1

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айты мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Құрбан айты – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.
Құрбан айты – татулықты басты тірегі еткен тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.
Құрбан айты – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, айтпен құттықтап шығу – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Пайғамбар сүннетін тірілтіп, жан бітірген мұсылман ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шапағатына лайық болмақ.
Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды.
Мүбәрак мейрамның құрметіне орай барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтында мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.
Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап.
Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Аллаға олардың (құрбандыққа сойылған малдардың) еттері де, қандары да жетіп бармайды. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың (Оған бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанғандықтарың, ықылас-ниеттерің) жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп баяндалған.
Құрбан айты – араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешірісіп, туысқандық байланысты күшейтуге себепкер ұлық мейрам. Өйткені, Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту – сүннет амал.
Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп шалуды шариғатымыз құптайды. Соқыр, ауру, ақсақ, өте арық мал құрбандыққа жарамайды.
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айты мүбәрак болғай, ағайын! Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.
Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әмин!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.