Мектептегі діни ахуалды бірлесе шешу қажет Избранное

Пятница, 12 Октябрь 2018 04:43 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 29685 раз

Шымкентте «Деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында өткен семинар-тренингте бірқатар мәселелер айтылды. Бұл бағыттағы діни семинар шілде айында облыстағы қала, аудандық ақпараттық түсіндірме топ мүшелеріне арнайы ұйымдастырылған еді. Бұл жолы білім беру мекемелерінің басшылары мен дінтану пәні негіздерінің мұғалімдері дін саласындағы ахуалды мұқият тыңдады.

IMG 20180928 093945

Мұғалімдердің біліктілігі сыналар сәт

Бүгінде діннің айналасындағы заң жобалары, мектептегі діни ахуалға байланысты көптеген мәселелер бар екені мәлім. Мектеп формасына қатысты да мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Жуырда ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Мәжіліс депутаттарына дін саласындағы заң жобасын таныстырған еді.
Семинар-тренингте негізінен еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және орта білім беру мекемелеріндегі зайырлылық қағидаларын сақтауды түсіндіру, білім саласындағы «Зайырлылық және дінтану» пәні мұғалімдерінің діни танымдық білімін арттырудың тетіктері кеңінен талқыланды.
Рас, ақпараттық түсіндіру тобы мен ұстаздарға зайырлылық принциптері, діни қызмет саласындағы заңдар мен толықтырулар мәселелері бойынша ақпараттандыру өзекті. Жиында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төраға орынбасары Балғабек Мырзаев, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Батырбек Жалмұрзаев, облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры А.Ноғаев, т.б дінтанушылар сөз сөйлеп, қазіргі заңнамалардан хабардар етті.
Б.Жалмұрзаевтың айтуынша, облыстағы мектептерде дінтану пәні негіздері бойынша маманданған мұғалімдер өте аз. Негізінен басқа пәннің мұғалімдері дәріс беріп жүр.
– Біз қазір бала тәрбиесінің жауапкершілігін мектепке жүктеп қойдық. Әсіресе, ауылды жерлерде бала тәрбиесіне қатысты барлық мәселемен мектеп басшылары айналысады. Жыл сайын біздің қала, аудандардағы мектептегі қызметкерлеріне діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында семинарлар өтеді. Заңдылықтарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазіргі заңдылықтар негізінде мемлекет тарапынан қандай нақты шаралар атқарылуда? Біз күнделікті жұмыс орнымызда ол мағлұматтарды қалай пайдаланып, жүзеге асыра аламыз? Осыған назар аударайықшы. Мұғалім осы заңдылықтарды қаншалықты біледі? Бұл мәселеге де жоғары дайындықпен баруымыз қажет. Біреуге үйрету үшін алдымен өзіміз білуіміз керек. Біз мемлекеттің дін саласындағы саясатын жетік білмей, бұл мәселені толыққанды шеше алмаймыз. Біз өз кезегімізде қажетті құрал-жабдықтармен, әдістемелік материалдармен жеткілікті қамтамасыз етіп отырмыз. Соны ұтымды пайдалана білсек, жұмыс та соғұрлым жемісті болатын еді, – дейді облыстық дін істер басқармасының бөлім басшысы.
Жалпы, мектеп формасына қатысты діни мәселені білім ошағының өз тарапынан шешуге қауқары жетпей жатқан жағдайы бар. Ондай мәселелер орын алған жағдайда облыстық білім басқармасы, дін істері басқармасының мамандарына жүгінуге тура келеді екен. Батырбек Қаратайұлы бұл жағдайға да назар аударды. Бұл іспен негізінен «Дін мәселелерін зертету орталығы» мамандары айналысып келеді.
Түптеп келгенде әр ауылдағы діни мәселені шешетін – сол ауылдың тұрғындары. Әр азамат ауылын түлетуге атсалысып, болашағы үшін бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Заңды қатайту шаралары қолға алынды

Дін саласы мамандарының айтуына қарағанда, қазір мектеп оқушыларының мешітке барамыз деп сабақтан қашу мәселесі түбегейлі шешілген. Әрине, бұл діни заңнамаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі екенін айта кеткен жөн. «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы баяндамасында Б. Мырзаев заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістерді түсіндіріп берді.
– Елімізде дін тақырыбына қатысты бірқатар мәселелер бар екені рас. Дегенмен, діни ахуал бізде жалпы тұрақты. Біз не үшін қоланыстағы заңнамаларды жетілдіріп, толықтырып жатырмыз? Білесіздер, соңғы жылдары біздің елде осы қолданыстағы заңнамаларды толыққанды қабылдамау сияқты көрініс белең алды. Кейбір діни ағымдар немесе діни топтар бүгінде «біз Конституциямен бекітілген заңдарға емес, діни нормалармен жүреміз» деген уәжді алға тарта бастады. Мектептегі орамал тағу мәселесі, жұма намазға кетіп қалып жатқандар жайында бірқатар мәселелер шықты. Шынында бұл жағдай діни қызмет туралы заңды қатайту, күшейту керегін көрсетті. Осындай діни алауыздыққа апаратын барлық көріністерді жиынтық бойынша заң жобасына енгіздік. Азаматтардың бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін қоғамдық орында киіп жүруге тыйым салдық. Мұның да көптеген мәселелері бар. Біз мұны діни қолданыспен ғана емес қоғамға қатер төндіретін болғаны үшін қолға алдық, – дейді Балғабек Әбдіқайымұлы.
Діни алауыздыққа алып баруы мүмкін деген мәселелердің бәрі заң шеңберінде қарастырылуда. Азаматтарды әр түрлі діни көзқарастарға мәжбүрлеп тарту мәселесі де заң шеңберінде оңтайлы шешілді. Кәмелетке толмаған балаларды ата-аналарының келісімі болмаған жағдайда діни көзқарасқа тартуға жол берілмейді.
Биыл 16 мамырда ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда-ақ мақұлданған еді. Заң жобасының мақсаты – мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру, діни субъектілердің құқықтары мен міндеттерін айқындау, сондай-ақ, діни саланы реттеу.
Жалпы, бұл жобадағы нормалар еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын нығайту үшін, діни бірлестіктердің, азаматтардың жауапкершілігін арттырып, дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол бермеу үшін енгізіліп отыр. Заң жобасы аясында 12 нормативтік актілерге 53 түзетулер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмауға бағытталған түзетулер, адамның бет келбетін тұмшалайтын киім түрлерін киюге тыйым салу қарастырылған. Деструктивтік діни ағымдардың идеологиясын таратуға тыйым салу көзделген. Сонымен қатар діни бірлестіктер субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау туралы ережелер бар.
Заңнамадағы дінге сенушілер мен дінді ұстанбайтындардың теңдігін қамтамасыз ету нормасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келеді. Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудың алдын-алу, сондай-ақ діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.