Пятница, 23 Июнь 2017 05:37

Ораза айт – ұлық мейрам

Мұсылманның екі мейрамы болса, соның бірі – Ораза айт. Биыл Ораза айттың алғашқы күні 25 маусымға сәйкес келіп отыр. Бұл күні аптап ыстықта ораза ұстаған жандар Рамазан айымен қошасып, ауыздарын ашады. Туған-туысқандарын аралап, жетім-жесір, мүгедек-міскіндерге көмек көрсетеді. Осынау қасиетті мерекенің тарихы қандай және оны қалай тиімді өткізген дұрыс деген сұрақтар аясында Шымкент қалалық «Абдул Хамит Қаттани» мешітінің наиб имамы Қазыбек Сарыбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

DSC 2066

– Қазыбек Сұлтанбекұлы, алдымен «айт» сөзінің мағынасы мен Ораза айттың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз...

– «Айт» – араб тілінен аударғанда «мереке», «мейрам» дегенді білдіреді. Мағынасы оразаның «қарымтасы» берілетін жыл сайын қайталанып келетін қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Бұл күні бір ай бойы ораза ұстаған адам марапат, құрметке ие болады. 

Тарихқа үңілсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың тойлайтын екі мейрамы бар еді. Алланың елшісі жұрттан мұның қандай мереке екенін сұрағанда «Исламнан бұрын тойлап келе жатқан мерекеміз» деген жауап естиді. Сонда Расулулла (с.ғ.с): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары» деген екен.

– Бұл күнді қалай өткізген дұрыс?

– Айт күні ерте тұрып, жуынып, жұпар иіс себініп, айт намазына барудың сауабы өте көп. Сонымен қатар, туған-туыстарды, ауру-сырқауларды зиярат ету немесе үйге қонақ шақыру ізгі амалға жатады. Ораза айтқа дейін жиналған пітір садақалар мұқтаж адамдарға таратылып, көмек-қолдау көрсетіледі. Ал бала-шағаға сыйлық үлестіріп, айттық алып берудің маңызы зор. Өйткені, осы күні сыйлық алған бала келесі мерекені қуанышпен тағатсыздана күтетін болады. 

Сондай-ақ, айт күні ренжіскен кісілермен татуласып, көрші-қолаң, дос-жарандармен бауырмалдықты арттырған жөн. Себебі, Жаратушы иеміз «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» деп кешірім жолын ұстануға бұйырған.

– Ораза айт намазы қалай оқылады?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айт намазын ешқашан тастамаған және өзгелердің де намазға шығуларын бұйырған. Сондықтан, Әбу Ханифа мәзһабында Ораза айт намазына қатысу әрбір мұсылманға – уәжіп.

Айт намазы екі ракааттан тұрады. Азан мен қамат айтылмайды. Жұма намазы секілді уақыттың кіруімен, жамағатпен орындалады. Тек бір ғана айырмашылығы әр ракаатында үш рет «АллаҺу әкбар» деп тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді айту да – уәжіп. Айта кетейін, биыл Оңтүстік өңірінде Ораза айт 25 маусым күні сағат 7:00-де оқылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали Қанат

Опубликовано в Дін
Пятница, 16 Июнь 2017 09:14

Қадір түнінің қасиеті

Маусым айының 21-нен 22-не қараған түн қасиетті Қадір түні. Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны Қадыр түні. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші.

 

Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.

Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадыр кеші Рамазан айының 26-нан 27 қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

Ендеше, сауабы мол түнде ізгі амал жасауға ұмтылайық!

Опубликовано в Дін

Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының орны ерекше. Бұл ай – молшылық пен сауап айы. Құлшылықты құлшыныспен орындауға мүмкіндік айы. Ораза – ынтымақ-бірлікті арттыруға зор серпін береді. Сондай-ақ, аштықтың қадір-қасиетін түсінесіз. Мінекейіңіз, биылғы қасиетті айдың жартысы да артта қалды. Қала тұрғындары үшін биылғы Ораза кезеңі біршама жақсылықтармен есте қалмақ. Соның бірқатарын айта кетуді жөн көріп отырмыз.

f5c69a0019b0098c47b4dfb08d6f9ac4

Қасиетті айда қайырымды іс көп

Ең алдымен жақсы іс-шараларды атап өтейік. Ораза қарсаңында имандылық үйлері халық игілігіне берілді. Мәселен, Ордабасы алаңындағы қалалық Абдул Хамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты. Бұл қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Қала әкімінің тікелей бастамасы қолдау тауып, жомарт жандардың арқасында ескі мешіт көз тартар орынға айналды.

Сондай-ақ, облыстық орталық мешіт жанынан имандылық-сауат ашу курсы ғимаратының да тұсауы кесілді. Мұнда күнделікті 200-300 жас ілім нәрімен сусындайды. Алдағы уақытта ғимараттың жанынан арнайы жатақхана да салынбақ. Қасиетті айда қайырымды жандар осындай сауапты амалға үлес қосты.

Шымкент қаласында 103 мешіт бар. Бүгінде 30-ға жуық құлшылық үйінде жамағатқа күнделікті ауызашар беріліп жатыр. Бұл да бір атап өтер жақсы істердің бірі. Дәулетті азаматтар ауыз бекіткен бауырларға арнайы дастархан жайып, сауап іске ұмтылуда. 

DSC 8114

Рамазан айында сауабы мол амалдың бірі – тарауих намазы. Көпшілік жамағатпен бірлесе орындалатын құлшылықты өткізуге шетелден арнайы ұстаздар шақыртылған. 

– Биылғы Рамазан айы ерекше деп айтуға болады. Біріншіден, ауа-райының қолайлылығы. Алғашқы он күндігімізде ауа райы салқын болды. Бұл Алланың берген үлкен сыйы. Екіншіден, былтырғымен салыстырғанда ораза тұтушылардың саны өте көп. Орталық мешіттен күн сайын 200-ден астам адам ауыз ашып жатыр. Өзге де мешіттердегі жағдай осы. Соның бәрінде халық лық тола. Жалпы, биыл ниет еткен кісілердің қатары өте көп. Одан бөлек, Құран хатым түсіру үшін Түркиядан арнайы 5 ұстаз келді. Оларды аудандарға жібердік, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.

Қаланың 50-ге жуық мешітінде оқылып жатқан тарауих намазына қатысушылардың да қатары артқан. Барлық мешітте жастардың да, қарттардың да қарасы көп-ақ. Тарауих құптан намазынан кейін сағат түнгі он екі жарымға дейін созылады. Бәрі де шыдамдылық танытады.

IMG 20170605 115353

Көршіміздің де құлшынысы оянған

Рас, бұл айда жақсы амалға еселеніп сауап жазылады. Жаман әдеттердің күнәсінің салмағы да ауырламақ. Сол себептен, жамандықтан тыйылып, мол сауаптан құр қалғысы келмейтіндер көп-ақ. Кішкентай іс болса да, жақсылықтан үмітті. 

Қала тұрғындарының да ізгі амал жасауға ұмтылып жатқандарын байқап жүрміз. Мәселен, БАҚ беттерінде қасиетті айдың құрметіне тегін қызмет көрсететін таксилер жүре бастағаны жазылды. Отырар ауданында 4 көлік жолаушыларды тегін тасып жатқаны жайлы хабарды естіп, ризашылығымызды білдірдік. 

Сонымен қатар, оразаның алғашқы күнінде шымкенттік жастар да белсенділігімен көзге түсті. «Мега» сауда орталығының алдында бір топ жас өтіп бара жатқан адамдарға тегін су мен құрма таратыпты. 

Оразаның қасиеті емей не?! Құлшылыққа селқос қарайтын, мешітке баруға енжарлық танытатын көршіміз бар-тұғын. Рамазан айы кіргелі оның да құлшынысы оянған. Сауап амал жасаудың қарекетімен жүр. Жайнамазға бас қойып, биыл алғаш ауыз бекітіпті. Мені ауызашарға мешітке ертіп кетуді әдетке айналдырды. Сәтін салса, жақын күндері мешітте ауызашар бермек. Берекелі айдың құдіреті ғой.

 

Мешітіміздің ынтымағы жарасты, бірлігі бекем

Өзіміз Әл-Біләл мешітіне барып, ауыз ашамыз. «Кім де кім Ораза ұстаған адамға ауыз аштырса, ораза ұстағанмен бірдей сауапқа кенеледі» деген хадис бар. Осы хадиске амал қылатын бауырлар баршылық. Мешіт жамағатының бәрі ұйымшыл. Күнделікті 150-ге жуық адам бір дастарханда отырып, дәм татады. Мешітіміздің бас имамы Тимур Аманқұловтың әсерлі уағызын тыңдаймыз. Жамағаттың ішіндегі ең үлкені Әбдікерім Жетпісбайұлы – 84 жаста. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. 2005 жылдан бері осы мешіттің жамағаты. Сексеннен асса да әлі тың. Бес уақыт намазын оқиды, тарауих намазына да қатысады.

Батагөй ақсақал Тәжен Тілеуқабылұлы да осындай жан. Осындай қарияларымыз да тарауих намазына қатысып, жастарға үлгі көрсетіп жүр. 

Биылғы Рамазан осылай өтіп жатыр. Мерекенің басты ерекшелігі де осында: ынтымақ-бірлік артады, қайырымды іс көбейеді. Жалпы айтқанда, Рамазан молшылық пен берекенің айы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді.
Алда мың айдан да қайырлы Қадір түні келе жатыр. Жаратқан Алла баршамызды берекеті мол айда құлшылықты көбірек жасауды нәсіп етсін!

Опубликовано в Дін
Пятница, 09 Июнь 2017 05:39

Ашығудың ағзаға әсері қандай?

20170605 125049Қазір сауабы мол Рамазан айы кезінде қаншама мүмін аузын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылып, мұсылмандық парызын орындап жатыр. Әрине, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынған ләзім. Жалпы, ашығудың адам ағзасына әсері қандай? Бүгін осы сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

Шолпан ӘБСАМАТОВА

Дәрісіз емделгіңіз келсе...

Шымкентте Ш.Әбішұлы атындағы «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы» бар. Бұл – еліміздегі аштықпен емдейтін жалғыз мекеме. Ашылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған емхана жылына – 1400-1500, айына – 110-120 адамды емдеп, дертіне шипа беріп жатады. Еліміздің түкпір-түкпірінен һәм Ресей, Қырғызстан, Өзбектан, тіпті, Қытай мен Түркиядан да адамдар осы орталыққа емделуге келеді екен. Сондай емделушілердің бірі – Петропавлдан келген М. есімді науқас. Емхананың Бас дәрігері, осы орталықтың ең білікті дәрігері Шолпан Әбсаматованың айтуынша, бұл науқастың әу бастағы салмағы 190 кг. Гипертониямен және тізе буындарының артрозымен бірнеше жыл бойы ауырған. Халықтық және аштықпен емдеу орталығының стационарында 25 күн жатып, 25 кг салмақ тастаған. Қан қысымының деңгейі бір қалыпқа түсіп, тізе буындарының ауыруы басылып, қимыл-қозғалысында белсенділік арта бастайды. Екінші рет төрт айдан кейін орталыққа тағы 15 күн жатып, 17 кг салмақ тастайды. Соның нәтижесінде науқастың тыныс алуы реттеліп, қан қысымы 130/80-ге түскен. Оның өмірге құлшынысы артып, жеке көлік жүргізе бастағанын әрі жаяу көп жүруге тырысатынын, дене жаттығуларымен көп айналысатынын айта кеткен жөн.

20170607 153906

Емделудің ең аз уақыты – 10 күн

Мұндағы науқастардың дені ашығу арқылы денсаулығын қалпына келтіргісі келеді. Тіпті, дені сау адамдарды да көзіміз шалды. Қандай да бір аурудың алдын алу үшін осы емханаға ат басын бұрған. Аяғы ауыр әйелдер де 7-10 күндік аштық ұстаса, өзіне де, ішіндегі балаға да пайдалы болады екен. «Жерігі қатты келіншектер осы жерге арнайы келіп, 7-10 күн емделіп, жерігі басылып шығып жатыр», – дейді бас дәрігер. 

Шолпан Медетқызының сөзінен ұққанымыз, ашығудың адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ. Ал әлемде ашығудың түрі өте көп. Қазақстанда ашығуды ғылыми зерттеген ғалымдар жоқтың қасы. Көрші Ресейде 1932 жылдан бастап ашығуды ем ретінде енгізген. Ол жақтың барлық ауруханалары мен институттарында арнайы ашығу бөлімдері жұмыс істейді. Бір ғана Санкт-Петербургтың өзінде 5 мемлекеттік емхана аштықпен емдейді. Ресейдің көптеген ауруханалары ғылыми негізде аштықпен емдеуге маманданған. «Қаламыздағы бірегей емхана ашығудың қандай әдістемесіне сүйенеді?» деп сұрағанымызда, Ресейдің белгілі профессоры Надежда Семенованың әдісімен емдейтінін білдік. Емделудің ең аз уақыты – 10 күн. 20 күннен 30 күнге дейін емделіп жатқан адамдар да бар екен. 10 күннің ішінде 2 рет бауыр мен өтті жуады. Алғашқы күндері май мен лимон шырыны, екінші жартысында магнезия беріледі. 

Емделу ақысына келсек, күндігі – 5000 теңге. Қазіргі нарыққа оңтайлы баға. Себебі, оның ішіне клизма, массаж, емдік сауна кіреді, қосымша шөп дәрілер беріледі. 

– Адам бір күн ашықса да, ағза өз-өзін емдейді. Әсіресе, асқазан-ішек жолдарына өте пайдалы. Тазаланып, өз қызметін жақсарта алады. Жалпы ашығу дегеннің өзі – тазалану дегенді білдіреді. Пайғамбарларымыздың кезінде 40 күндік ораза болған. Онда да тек сумен ішкен. Кейіннен ораза уақыты 10 күнге қысқарып, 30 күн болды. Ораза кезінде адам барлық күш-қуатын қалпына келтіреді. Адамның тәні ғана тазаланбай, оның жаны да тазарады, – дейді Ш.Әбсаматова. 

Тобықтай түйін. Бір таңғаларлығы, өткен ғасырлардағы ашаршылық, қиын-қыстау кезеңдерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың өмір жасы ұзақ әрі дені сау болған. Мәселен, Ленинградта блокадада 100 күн қамауда болғандардың қай-қайсысы да ұзақ өмір сүрген. Ал АЛЖИР түрмесіндегі Алаш зиялыларының жұбайлары ше?! Олар да аштық пен қорлықта өмір сүрді. Алайда ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. «Адам ашықса, аштан өледі» дейтін қасаң түсінік көп пенденің көкейінен кетпейтіні шындық. Әсілі, олай емес. Ашыққан кезде, ағза тазаланып, иммунитетін көтереді. Бірақ, ашығумен емделуге тыйым салынған науқастар да бар. Қатерлі ісік және қант диабетінің І-сатысындағы науқастарға ашығуға болмайды. Осыны естен шығармаған абзал.

Опубликовано в Әлеумет

22-011Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын! 
Қасиетті Рамазан айына есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.

Мұсылман қауымы осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, келесі жылда аса тағатсыздықпен қарсы алып жатады. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.

Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Алла Тағаладан Рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.

Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз етіледі. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Кәрі не аурулар бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». 

Оразаның парыз етілген мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс.

Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла Тағала былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын өзім беремін. Өйткені ол мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан».

Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық.

Бұл жөнінде Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Күнделікті бес уақыт намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейін, рамазан оразасы келесі рамазан оразасына дейін осы аралықтарда жасалған күнә-қателіктерді, егер пенде үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген. 

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Сендерге берекелі ай рамазан келді. Ұлық Алла сендерге осы айда ораза тұтуды парыз етті. Осы айда аспан қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады да, шайтандар кісенделеді. Осы айда Алланың мың айдан артық бір түні бар. Кім сол түннің қайырынан қалып қойса, көп нәрседен мақұрым қалады», – деген. 

Мүбәрак Рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.

Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!

Ескерту! Қазақстандықтар биыл Қадыр түнін маусым айының 21-інен 22-іне қараған түні, сәрсенбінің кешінде күтеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз қасиетті Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Бұл түн мың айдан да қайырлы» – дей отырып, Қадыр түнінің маңыздылығын бізге баян еткен. 

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы бойынша әрбір жан басына берілетін пітір-садақаның мөлшері 300 теңге болып бекітілді. Пітір садақа мөлшерін бекіткенде әр облыстағы бидай құны ескерілген. Оны қасиетті Рамазан айы басталған күннен ораза айт намазына дейінгі уақыт аралығында беру қажет. Биыл мұсылмандар 27-мамырдан бастап ауыз бекітеді.

Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ, 
Шымкент қалалық 
Абдул Хамит Хаттани 
атындағы мешітінің бас имамы

Опубликовано в Дін

Қазіргі таңда ел аумағында Ақпарат және мәдениет министрлігіне тіркеліп, ресми түрде жұмыс істейтін 44 діни басылым бар. Ендігі жерде, аталмыш ақпарат құралдарының қызметін тиімді үйлестіру, қолына қалам ұстаған дін қызметкерлерін де публицистика жазуға үйрету, мақаланы оқырманға ұсынуда ақпараттың нақтылығына, оның безендіруіне және тақырыбына ерекше мән беру Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі ұстаным-міндетіне айналуы тиіс.

10-dfyujrtiyk

Осы орайда, басқарманың ОҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде «Игілік бастауы – рухани жаңғыру» тақырыбымен діни журналистердің ІІ республикалық форумы өтті. Елдің бірқатар аймақтарынан жиналған форумға қатысушылар алдымен ондағы «Арыстан баб» және Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына арнап құран бағыштады. Сондай-ақ, Шәуілдір ауылында жаңадан бой көтеретін мешіттің іргетасын қалау шарасына қатысты.

Форумды ашып берген ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек Басқарма төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеровтың жолдаған ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ, осы салада еселі қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарды Басқарма төрағасының «Алғыс хатымен» марапаттады. 

– ҚМДБ өкілдігінің баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдерінің өзара ақпарат алмасуы, асыл дінді насихаттауда бірізділікке келуі, діни журналистиканы жетілдіруге нақты қадамның жасалуы – шараның басты нәтижесі, міне осы болмақ. Бұл тұрғыда, діни басқарма мен осы салада жүрген тілшілер қауымының жиі бас қосып, «ортақ диалог» құруы – жамағаттың діни тұрғыдан сауатты болуына алғышарт болатыны сөзсіз, – деді Ахметжан Пірәліұлы.

Форум жұмысына қатысқан Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ҚМДБ-ның уағыз-насихат, идеологиялық бағыттағы фунцияларын жүзеге асыруда ақпарат құралдарының мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалануды ұсынды. Бұл бағытта өкілдіктің баспасөз хатшыларын оқыту, біліктілік семинарларынан өткізу, білімін жетілдіру, олардың қызметіне қолайлы жағдайларды қарастыруды, осы арқылы олардың міндеті мен жауапкершілігін арттырудың қажеттігін жеткізді. Ал «Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізудің тәсілдерін» күн тәртібіне ұсынған ҚМДБ-ның баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Сыдықов діни тақырыпта жазу барысында әсіресе, журналистер қауымының ерекше есте ұстайтын этикалық жауапкершіліктерін атап көрсетті.

– Бүгінде діни насихат адамды имани тәрбиелеудің ошағына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттауға айрықша ден қойылуда. Себебі, біз зайырлы, яғни, діні мемлекеттен бөлек елміз десек те, бұл имансыз мемлекет дегенді білдірмесе керек. Иман болмаған жерде береке де жоқ. Сондықтан, өскелең ұрпақ санасына ұлттық-діни құндылықтарымызды сіңіре отырып, діни сана қалыптастыруға ден қоюымыз керек, – деді Ағабек Қонарбайұлы.

Діни тақырыптарды жариялаудың мәселелері және конфессиялық саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде БАҚ-тың рөлі жөнінде жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Айтылған ұсыныстардың ішінде дін тақырыбын жазатын тілшілерді арнайы даярлау мәселесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды. 

Биылғы наурыз айында Өскемен қаласында бастау алған республикалық форумның жалғасы іспетті бұл шара тақырыбының ауқымдылығымен, айтылған пікірлердің құндылығымен айшықталды. Ендігі жиын алдағы қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін болып бекітілді.

Жиын соңында талқыға түскен тақырып аясында форумның арнайы қарары қабылданды. Форумға қатысушыларға сертификат, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Опубликовано в Дін

543407 1421729726Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар!

Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы – Рамазан.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген. 

Рамазан – айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. 

Оразаның негізгі шарттары:

а) Әуелі Рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Алла Тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.
ә) Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

Рамазан айының айрықша белгілері:

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;
ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;
б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.

Оразаның пайдасы:

в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Алла Тағаланы таниды;
г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;
д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;
е) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;
ж) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

Оразаны не бұзбайды?

– Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
– Ұйқыдан жүніп болып ояну;
– Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
– Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;
– Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
– Аузына келген қақырықты жұту;
– Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
– Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
– Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
– Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
– Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
– Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
– Көзге, құлаққа дәрі тамызу;
– Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
– Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
– Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
– Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Алла оның тамақтандырған болады» делінген.

Оразаны не бұзады?

– Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
– Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
– Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
– Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
– Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет.
(Каффарат деп – Рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?

– Сапарлап шығу,
(сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
– Жүктілік пен бала емізу,
(егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
– Ауру адамға,
(сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
– Кәрілік келгенде;
(қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).

Әйел кісілерге байланысты тәртіптер:

а) Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен соң өтеп береді.
ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей сүннет мүәккада саналады. Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деген. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады, екі рәкаттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Алла Тағала кері қайтармайды. Ата-ананың перзенті үшін жасаған дұғасы. Ораза ұстаған адамның және жолаушының тілегі», – дейді.

Құран оқығанның сауабы

Алла Тағала айтқан: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы, Рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.

Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы

Хадисте: «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді» делінген. Бұл айда әр адам өзінің қал-жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және «Алла Тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар» деген.

Қадірлі ағайын! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!

Ахметжан қажы КЕРІМБЕК,
ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамы

Шымкент қаласы бойынша 2017 жылғы ораза тұту кестесі

Мамыр, маусым,

айлары

Рамазан айының
күндері

Апта

күндері

Ауыз бекіту

уақыты

Ауыз ашар

 уақыты

27.

1

Сенбi

04:11

20:50

28.

2

Жексенбi

04:10

20:51

29.

3

Дүйсенбi

04:09

20:52

30.

4

Сейсенбi

04:08

20:53

31.

5

Сәрсенбi

04:07

20:54

01.

6

Бейсенбi

04:06

20:55

02.

7

Жұма

04:06

20:55

03.

8

Сенбi

04:05

20:56

04.

9

Жексенбi

04:04

20:57

05.

10

Дүйсенбi

04:03

20:57

06.

11

Сейсенбi

04:03

20:58

07.

12

Сәрсенбi

04:02

20:59

08.

13

Бейсенбi

04:02

20:59

09.

14

Жұма

04:01

21:00

10.

15

Сенбi

04:01

21:01

11.

16

Жексенбi

04:00

21:01

12.

17

Дүйсенбi

04:00

21:02

13.

18

Сейсенбi

04:00

21:02

14.

19

Сәрсенбi

04:00

21:03

15.

20

Бейсенбi

04:00

21:03

16.

21

Жұма

03:59

21:03

17.

22

Сенбi

03:59

21:04

18.

23

Жексенбi

03:59

21:04

19.

24

Дүйсенбi

04:00

21:04

20.

25

Сейсенбi

04:00

21:05

21.

26

Сәрсенбi

04:00

21:05

Қасиетті Қадір кешінде Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен. Дұға, тілек қабыл болатын түн.

22.

27

Бейсенбi

04:00

21:05

23.

28

Жұма

04:00

21:05

24.

29

Сенбi

04:01

21:05

 

Қазақстандықтар биыл Қадыр түнін маусым айының 21-інен 22-іне қараған түні, сәрсенбінің кешінде күтеді. 

Ораза айт намазы ОҚО бойынша 25-маусым күні таңғы сағат 07:00-де оқылады.

Опубликовано в Дін
Вторник, 05 Июль 2016 06:25

Алланың нығметiне бөленген күн

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамының алғашқы күні. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Ораза шартын орындаған жандар ауыздарын ашады. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, ерекше ілтипатпен атап өтеді.

313212

Өйткені Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Рамазан айынан Рамазан айына амандықта, саулықта жеткізгені үшін Жаратқанға мадақтар айтылып, шейіт болған аруақтарға бағышталып құран оқылады. Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi, айт күнінде көпшілік жұма намазына тән болып келетін Алланың нығметіне ие бола алады. Яғни, жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де осыншалық сүннет жасалады. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт – көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке. Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Әрбір мұсылман айт күндері мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:

– Көп зікір айту, яғни Алла Тағаланы көбірек еске алу, нәпіл намаздарын, құран, діни әдебиеттерді оқу;
– Сауапты істермен айналысу;
– Ғұсыл құйыну, яғни көшеге, намазға тазаланып, дәретпен шығу;
– Жағымды иіс майлар себу;
– Жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
– Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту, яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу;
– Айт намазына балаларды да қатыстыру;
– Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауы;
– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
– Араздасушыларды татуластыру;
– Науқастардың көңілін сұрау, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар болып табылады.

Айта кетейік, айт мерекесі Рамазан айынан кейін келетін - Шәууәл айында атап өтіледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбеттерін Шәууәл айында да ораза тұтуға үндеп, оның сауабының молдығын айтқан. Хадисте: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», – деген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау – абзал.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Айт құтты болсын, ағайын!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл
имам орынбасары

Опубликовано в Дін
Пятница, 24 Июнь 2016 05:55

Оразаны қалай өткiзiп жүрмiз?

Жанды рухани азықтандырып, нәпсімізді ауыздықтайтын отыз күн оразада әр мұсылманның жүрегіне мейірім орнайтыны анық. Бұл айда барша мұсылман жұртына таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, ішіп-жеуден бас тарту парыз етілген. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді (Бақара, 185-аят)» делінген. Ел алдында жүрген тұлғалар Рамазан айын қалай өткізуде? Осы орайда, өңірімізге белгілі азаматтар арасында қысқаша сауалнама жүргізген едік.

Бакытжан-ЖаксыкуловБақытжан ЖАҚСЫҒҰЛОВ,
Шымкент қалалық №4 Л.Тәжиева атындағы спорт мектебінің директоры:

– Әр жыл сайын Алла Тағала бізге күнәміздан арылып, үлкен сауапқа бөленетін мүмкіндік береді. Әрине, әр түрлі жағдайларға байланысты біз бұл сауаптан қағылып қалып жатамыз. Алайда, қолымнан келгенше ауыз бекітіп, күнәлардан арылатын мүмкіндікті жібермеуге тырысамын. Жалпы өзім соңғы бірнеше жыл қатарынан Ораза айларын асыға күтіп, ауызымды бекітетінмін. Биыл өздеріңіз білетіндей әлем назары ауатын Рио олимпиадасы өз желкенін көтермек. Өзім таяуда Филиппинде өткен Азия чемпионатынан оралдым. Сондықтан биыл ауыз бекіте алмадым.

 


БатырханБатырхан СӘРСЕНХАН,
ақын:

– Құдайдың нұры түскен айдың маңызы ерекше. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Рамазанның бастапқы он күні Рақым ету, ортаңғы он күні күнəлардан арылу, соңғы он күні тозақ отынан құтылу» деген. Аптап ыстықта тұтқан ораза о дүниеде қалқан болар деген ниетпен рамазан айында мейлінше Құдайға жақындауға тырысудамыз. Кешқұрым ауызашарда бауырлармен қауышып, бірімізге-біріміздің мейіріміз артатыны бар. Мешіттерде шамасы жеткендер күн сайын ауызашар беруде. Бұл қуантады. Мұсылмандардың бірлігін нығайтатын мерекелердің көп болғаны жақсы. Мұндайда Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бəрі бос» дейтін қанатты сөзі ойға оралады.
Нақты мықтап биылдан бастап тұтудамыз. Қазақта «ас ішіп ауырғанша, аш жүріп ауырма» деген сөз бар.Тамақтан өтетін өнімнің сапасы мен мөлшеріне мəн бермеуден болатын дерт түрі шаш етектен. Əрі аш жүргенде ғылымға тиісінше көңіл бөлуге болатынын түсіндім. Ізденіс ауқымы кеңи түседі. Мінез бекиді.



ҒалымжанҒалымжан ҚАЛЫБАЕВ, 

театр артісі:

 

– Биылғы Рамазан айы 36 жылда бір келетін аптап ыстыққа сәйкес келіп тұр. Бұл да, Алланың құлдарына деген мейірімі шығар. Күн ыстық болған сайын оның сауабы да мол болады. Рамазан айында денсаулығын сылтау етіп ораза ұстамайтын бауырларымыз бар. Бұл – дұрыс емес. Негізі көп аурудың шипасы – осы ораза. «Жақсы ас – ем, артық ас – у» деген бар қазақта. Уақытымен ішкен ас керемет көңіл күй, күш-қуат береді. Мөлшерінен асып, қанағатшылықты ұмытып ішкен ас у болады. Рамазан отыз-ақ күн. 
Меніңше, қасиетті айымызда болатын діни жоралғылар орындалып жатыр. Осыдан бір-екі күн бұрын үлкен ауызашарға бардым. Сол жерде керемет жарапазандар айтылды. Негізі, жарапазан ифтар уақыты болғаннан кейін басталып таңғы сәресіне дейін жалғасатын мереке ғой. Жарапазанның ішінде тілек, бата, дұға да бар. Үйге келген жарапазаншыларды құрметпен қарсы алып, сый-сыяпатын беру керек.

Нұрбол НЫШАНБАЙ,
Алуа ТҰРСЫНХАН, 
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері

Опубликовано в Дін

Рамазан – береке мен бірлік айы. Қолдан келгенше қайырымдылық жасайтын сәт. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Рамазан айында ауызашар берді. «Оңтүстік» қабылдау үйінде жайылған дастарханнан зиялы қауым өкілдері, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері және БАҚ өкілдері, жалпы жеті жүзден астам адам дәм татты.

Ұлық мерекеде мейлінше сауап амал жасауға тырысып, кешірімді бола білуіміз керек. Рамазанның қасиеті де осында.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аптап ыстықта Ораза ұстап, сауаптан үміттенген жамағатты мерекемен құттықтады. Бұл айда кешірімді болуға үндеп, қолдан келгенше көп жақсылық жасауға шақырды. 

Сондай-ақ, рухани кеште жамағаттың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, т.б жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 

«Асыл мұра» өнер орталығының әншілері рухани әндерді әуелетіп, мерекенің қасиетін сезіндірді. 

Қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – Шымкентте қайырымдылық шараларымен айналысатын тағы бір ұйым жұмысын бастады. «Мейірімділер тобы» қайырымдылық қоры алдарына зор мақсат қойып отыр. 

Жиында қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Оңтүстікте де қордың бөлімі ашылғанын атап өтіп, оның төрайымы Гүлмира Әбдірашоваға алғысын білдірді. Екі апта бұрын қор төрайымы қала әкіміне өз ұсынысын жеткізген еді. Қала әкімі тың ұсыныстарын қабыл алды. 

Қор көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, жалғызілікті тұрғындарға қайырымдылық жасауды мақсат еткен.
Клубтың бүгінде Алматы, Астана, Қарағанды қаласында филиалдары жұмыс істейді.

Опубликовано в Дін
Страница 1 из 2