Среда, 05 Апрель 2017 04:16

42 тұрғын үй жөнделеді

Алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті.

gorod shymkent

Күн тәртібінде барлығы 19 мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебі туралы баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасының орындалу барысы жайлы мәлімет берді.

– «Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде, 2011-2016 жылдар арасында 110 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Биыл тағы 42 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді баяндамашы.

Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес, қаладағы қоғамдық көлік саласының өзекті мәселелері қозғалды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың айтуынша, қаланың шалғай,  «Ынтымақ», «Қазығұрт», «Мирас», «Текесу», «Бадам-2», «Айнатас», «Жаңаталап», «Ақжар», «Ақтас», «Өтеміс», «Абдулабад», «Достық-2», «Асар-2» шағынаудандарында қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын ұйымдастыруда қиындықтар болған.

– Сол себепті, аталған шағынаудандарға баратын әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының жұмысын ұйымдастыру мақсатында «Шымкент bus» ЖШС-мен бірлесіп 10 әлеуметтік маңызы бар бағыттардың қозғалыс сызбалары дайындалып, бекітілді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды айқындау жұмыстары біткеннен соң «Шымкент bus» ЖШС-не жаңа автобустар алу жоспарлануда.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерге мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау танытты.

Опубликовано в Қала

Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Шымкентте тұрғын үй кезегіне 20 мыңнан астам өтініш тіркелсе, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 90 мыңнан асып жығылады. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарлануда.

20170306 112454

Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтылмақ

 

Үй алу үшін не істеу керек?

«Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 соттық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (әрі қарай «ҚТҮҚЖБ») жүйесі арқылы ұсынылатын болады. Жеке тұрғын үй жобасы туралы «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Жансерік Есімов түсіндіріп өтті.

IMG-20170228-WA0026

– Тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш тапсырғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірден жеке үй салып, содан кейін пайдалануға беру мемлекет үшін де, азаматтар үшін де өте тиімді. Бүгінге дейін жер телімін алғанымен, онда тұрғын үй құрылысын бастап, соңына дейін аяқтай алмағандар өте көп. Бір үй тым биік, екіншісі аласа, үшіншісі... бос жатқан жер телімі. Тіпті, тұрғын үй құрылысына деп алғанымен, 10-15 жыл бойы жер телімін қараусыз қалдырғандар да бар. Мұндай жағдайлар қала сәулетіне де нұқсан келтіреді. «Нұрлы жер» бағдарламасында осындай жағдайларды болдырмаудың алдын алып әрі қала сәулетін еселей түсетін бірыңғай жер үйлердің құрылысын жүргізу мәселесі жан-жақты қаралған. Ал азаматтар үшін тиімділігі – «үй салуға қор жинаймын» немесе «құрылысты жалғастыруға қаражат жетпей қалды» деп сергелдеңге түспейді. Дайын жер үйлерді біздің «ҚТҮҚЖ» банкі арқылы 5 пайыздық үстемемен ипотекалық несиеге алады да сәні көз тартатын үйлесімді әрі таза көшенің тұрғынына айналады, – дейді Жансерік Нарбекұлы.

Бірыңғай сәулет стиліндегі жеке тұрғын үйлер пилоттық жобасының құрылысын іске асыру – мемлекеттің қолдауымен несиелерді субсидиялау арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына үлес қосу үшін жеке құрылысшыларды да ынталандыру жоспардан тыс қалмаған.

c8f30ec49de4f2c707b2c29113ec5b65

Мемлекет банктерге субсидия береді

«Нұрлы жер» бағдарламасының басты ерекшелігі – халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының тиімділігін жан-жақты арттырған. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді (әрі қарай ЕДБ) субсидиялау арқылы ипотекалық несиелеуді қолдау. ЕДБ бұған дейін ең көбі жылдық 17% үстемемен несиелендірсе, алдағы 7 жылда мұның 7%-ын мемлекет төлемек. Сонда ипотека алушы 10%-дық сыйақы мөлшерін ғана төлейтін болады. 

Биыл республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 157 млрд теңге көлеміндегі салымшылардың банктік несиелерін субсидиялауға жұмсалмақ. Ж.Есімовтың айтуынша, бұл шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

d496641ba9ee2d245f22f44715c66be4 1

– Осы бағдарлама аясында құрылысы біткен тұрғын үйдің жартысы біздің банк салымшыларына ұсынылады деп жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017-2031 жылдар аралығында 1,5 млн үйдің кілтін табыстау көзделсе, соның 500 мыңын 2021 жылға дейін жүзеге асыру – басты міндетке айналып отыр. Осы мақсатта бюджет есебінен шамамен 159,6 млрд теңге қаржы қаралмақ. Бұл ретте тұрмысы төмен отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің де пәтер алуға мүмкіндігі бар, – дейді Жансерік Нарбекұлы банк қызметін пайдаланушыларды алға тартып. – Тұрғын үйге деген сұраныс бойынша 2,8 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы республикада үшінші орынды иемденіп тұр. Өңір тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттен бөлетін қаражаттың 25,5 млрд теңгесіне шамалап банк өз жобасын жасады. Онда жалпы көлемі 182 мың шаршы метрді құрайтын 2 802 пәтер болады деп жоспарланған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «ҚТҮҚЖБ» арқылы берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 140 мың теңгеге арзандатылды. Бұл өңірлер үшін. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл баға 180 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңгеге бағаланып отыр. 

«Нұрлы жер» бағдарламасынан өзге бұған дейін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында да «ҚТҮҚЖ» банкі салымшылар үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құнды қағазымен жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. 

Шымкенттің Әкімшілік-іскерлік орталығында, Төлеметов көшесінің бойында, «Наурыз» алаңының маңында, «Тұран» шағынауданында көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы жаңа пәтерлер көктемнің соңына қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына табыс етіле бастайды.

Опубликовано в Қала

Оңтүстікте 2021 жылға дейін 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мәлімдеді.

181bb61f-75a8-48ac-918c-b03882b9a0cf

Мемлекеттік «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы өңірде қалай іске асырылуда? Дархан Амангелдіұлы негізгі бес бағытқа тоқталды. 

– Бірінші бағыт – ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру. Мұнда халық тарапынан сұранысты ынталандыру мақсатында, екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық несие беру көлемін арттыру үшін, жылына республика бойынша 10 млрд теңге субсидия беріледі. Яғни, тұрғын үйді алушыға 10 пайызбен 15 млн теңге 15 жылға беріледі. Тек несие рәсімдеушінің шотында тұрғын үйдің 30 пайыз мөлшерінде қаражаты болуы тиіс. 

Бағдарлама аясында ипотекалық несие алу, тұрғындарға ай сайынғы төлем 30 пайызға төмендетілмек. Бұл, ипотекалық несиеге қолжетімділікті арттырып, тұрғындардың баспана алуына үлкен мүмкіндігін туғызбақ.

Бағдарламаның келесі бағыты – жеке құрылыс салушыларды ынталандыру. Осы мақсатта екінші деңгейдегі банктерге несие беру көлемдерін арттыру арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету көзделуде. Оған жыл сайын республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге субсидия бөлінбек. Субсидия 3 жылға беріледі. Бұл өз кезегінде 157 млрд теңгені субсидиялауға мүмкіндік беріп, 600 мың шаршы метр тұрғын үй салуға болады. Тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде 5 жылда 47 619 отбасыны баспанамен қамтамасыз етеміз,– деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 

Үшінші бағыт – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік баспана салу. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін жергілікті атқарушы органда есепте тұрған кезектегі адамдар үшін қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыру үшін кредиттік баспана салу жалғасатын болады.

Несиелік тұрғын үйдің құны 1 шаршы метрі – 140 мың теңгеге дейін. Облыс бойынша 2017-2021 жылдар аралығында 78,2 млрд.теңгеге несиелік үйлер салынып, 558,6 мың шаршы метрді құрайтын 7146 пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. 

Төртінші бағыт – халықтың әлеуметтік топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы. Бүгінгі күнге облыста тұрғын үй кезегіне 43 мыңнан астам адам тіркелген. 

Бағдарламаның бесінші бағыты – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Осы орайда 2018 жылы облыста 2 пилоттық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Оның біріншісі, Шымкент қаласының «Бозарық» шағынауданында іске асады. Инвестициялық жоба бойынша 74 га жер теліміне 293 жеке тұрғын үй салынады. Ал екіншісі, «Таскен» тұрғын алабында 180 га жерге 1050 жеке тұрғын үй бой көтереді.

Опубликовано в Қала

Шымкентте биыл қала тұрғындарына 1600-ге таяу коммуналдық пәтер кілті табыс етіледі. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

IMG-20170301-WA0082

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаев өз баяндамасында өткен жылы 60 нысанның құрылысы жүргізілгенін, оның ішінде 15 нысан пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Биыл бюджеттен 13,5 млрд. теңге қаралып, 24 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Атап айтқанда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 11 тұрғын үй (пәтер саны – 558); коммуналдық (арендалық) 13 тұрғын үй (пәтер саны – 1600-ге таяу). Бұған қоса, «Тұран» шағынауданында 9 қабатты 5 тұрғын үйдің (пәтер саны – 270) құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

Өз кезегінде, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытында жұмысты ширатуды тапсырды. Үй құрылыстарының сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылмақ және «Шаңырақ» бағдарламасының орындалу деңгейі ұдайы назарда болады.

IMG-20170301-WA0083

Күн тәртібінде сонымен қатар, инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің ахуалына талдау жасалды. 2016 жылы мемлекет бюджеті есебінен 6,5 миллиард теңге қаралып, 12 инженерлік жүйенің құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда 3 нысан пайдалануға берілді. Биыл 9 нысанның құрылысына 5,4 миллиард теңге бөлінген.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен бүйір беттері толығымен жаңаша заманауи реңге бөленетін болады. Сондай-ақ, төменгі қабатта орналасқан коммерциялық құрылымдар да (дүкендер, асханалар, кеңсе және т.б.) қою түстермен, гранит тастармен әрленіп, біркелкі стильде жаңаланбақ.

qasbet

Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласының архитектуралық келбеті және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімдігіне қарасты аудан әкімдері мен салалық бөлім басшылары және 30-дан астам мердігер компанияның жетекшілері қатысты.

Мәжілісте Шымкент әуежайынан әкімшілік іскерлік орталыққа дейінгі жалпы ұзындығы 17,8 шақырымды құрайтын орталық көшелер – Темірлан тас жолы, Желтоқсан мен Бәйдібек би көшелері, Қонаев және Астана даңғылдарының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 17 көпқабатты тұрғын үй жөндеуді, әрлеуді қажет ететінін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Темірлан тас жолы бойындағы 5 көпқабатты тұрғын үй мен Желтоқсан көшесі бойындағы 7, Бәйдібек би даңғылындағы 2, Астана даңғылындағы 3 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілмек. Тұрғын үйлердің қазіргі және болашақтағы өзгерген көрінісі слайд түрінде өңір басшысының назарына ұсынылды. 

– Шымкент – Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Мұнда келген адамдар қала сәулетіне қарай облысқа баға береді. Сол себептен де, жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындап және отандық құрылыс материалдарын пайдаланыңыздар, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мұнан кейін қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары таныстырылды. Яғни, 2020 жылға дейін Шымкенттегі маңызды деген жол қиылыстарына бес жолайрық салынып, пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Бәйдібек – Арғынбеков – Назарбеков – Астана көшелеріне ортақ жол айрық салу жоспарланса, Жібек жолы – Сайрам, Рысқұлов – Қонаев, Бәйдібек би – кіші айналма жолы және А-2 «Хоргос – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы аралығындағы автожолға жолайрықтар салу қарастырылған. Бес нысан құрылысының алғашқы екеуін келер жылдан бастап іске асыру күтілуде. 

Өз кезегінде, облыс әкімі сала мамандарына қаржыны тиімді жұмсап, сәйкесінше, нысандардың сапасына мән беруді тапсырды.

Опубликовано в Қала

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Ғ. Әбдірахымовтың төрағалығымен кезекті жиын өтіп, онда көпқабатты ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жылжымайтын мүліктерді қайта заңдастыру жайы талқыланды.

IMG-20170215-WA0056

Мәжіліс басында қала әкімі Ғ.Әбдірахымов әкімдіктің «фронт-офисі» бұдан былай «Халық кеңсесі» деп аталатынын хабарлады. Мұндай ұсынысты қала тұрғындары жасаған. Бұдан кейін қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Т.Қасымбеков көпқабатты ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, Шымкент қаласы сейсмоқауіпті аймақта орналасқан. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің көбі 50-60 жыл бұрын салынғанын ескере келе, бұл ғимараттар сейсмонығайту жұмыстарын қажет ететінін айтты. Әсіресе, олардың басым бөлігі қала орталығына жақын жерден орын алған. Мамандар сейсмонығайтуды қажет ететін аудандарға жаңа тұрғын үй салу жобасын қолға алуды ұсынды. Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің қауіпсіздігін арттыру, яғни сейсмонығайту жұмыстарын жүргізу мақсатында көптеген өтініштер тіркелуде. Мәселен, қазіргі кезде көпқабатты 140 тұрғын үй сейсмикалық зерттеуді қажет етеді және келесі екі жылда 90 үйге сейсмонығайту жұмыстарын өткізу жоспарланған.

IMG-20170215-WA0054

Мәжілісте Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы М.Жақсыбаев қала аумағында бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің апатты жағдайда тұрғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Түркістан көшесіндегі №14, Абай даңғылындағы №9, Қазыбек би көшесінде орналасқан «Адвокаттар үйі» және Жылқышиев көшесіндегі №28 үй апатты деп танылды. Дегенмен, аталған үйлерге байланысты әлі толық шешім шыққан жоқ. Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін Ғ.Әбдірахымов бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырма берді.

Жиын соңында қала әкімдігі аппараты Заң бөлімінің басшысы А.Қайыпов жылжымайтын мүлікті заңдастыру жұмыстарының нәтижесі туралы есеп берді. Оның айтуынша, мүлікті жария ету бойынша Шымкент қаласының тұрғындарынан барлығы – 4 729 өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің 3 607-сі мақұлданып, 1 122-сі жылжымайтын мүлікті жария етуден бас тартылған. Жария етілген мүліктердің жалпы сомасы шамамен 44 млрд теңгені құрады.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласында жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан 2 қабатты жеке тұрғын үйде жарылыс болды.Оқыс оқиға кезінде бір адам опырылып құлаған үйінді астында қалып, көз жұмды. Құтқарушылар қиранды топырақтың арасынан тағы төрт адамды шығарып алған.

Оқиға орнына жедел келіп жеткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті БАҚ өкілдеріне зардап шеккен отбасылар үшін материалдық көмек көрсетілетінін, қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылатынын айтты. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылған. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасы мүшесі үшін қажетті жәрдем көрсетілетін болады. 

Оқыс жағдай 8 қаңтарда шамамен түнгі сағат 03.30-да Шымкент қаласында Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты үйлердің бірінде орын алған. Апаттық-құтқару жұмыстарына ОҚО ТЖ департаменті, жедел-құтқару жасағы, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары және жедел медициналық қызметінің мамандары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары сол маңды дереу қоршауға алып, коммуналдық мекеме қызметкерлері көгілдір отын мен электр энергиясын ажыратты. 

Құлаған үй туралы хабарламаны ести салысымен бірінші боп жедел жәрдем қызметінің 13 бригада дәрігерлері келіп жетті. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ, олар оқиға орнында жылаған дауысы шығып жатқан сәбиді үйінді астынан шығарып алған. Құтқару жұмыстарына дәрігер Михаил Явров, Тахир Османов пен Ғалым Айтуғанов есімді фельдшерлер қатысқан. Бүлдіршіннің денесі қауіпті жарақат алмай, қирандының астынан аман шығуына бесіктің көмегі тиген, – дейді қалалық жедел жәрдем көрсету қызметі мекемесінің меңгерушісі Үрия Қалназарова.

Кешікпей оның 1987 жылы туған әкесі табылып, жедел медициналық жәрдем көрсетілді. Өкініштісі, құтқарушылар нәрестенің анасын ажалдан арашалап қала алмады. Жалпы үйінді астында бес адам қалған. Жәбірленушілер жер үйдің жанынан салынған қос қабатты шағын үйді жалдап тұрған көрінеді. Ауруханаға жеткізілген 3 адамның біреуі медициналық жәрдемнің көмегінен бас тартқан. Медицина қызметкерлері ем қабылдап жатқан өзге жандардың денсаулық жағдайы тұрақты екенін айтады.

Сала мамандары апаттың негізгі шығу себебі ретінде, табиғи газ қондырғыларының дұрыс пайдаланылмағанын болжап отыр. Тазалау жұмыстарын жүргізу барысында үйінді астынан қазіргі таңда кеңінен қолданысқа ие болып отырған Иранның «Камен» аталатын құрылғысының, сонымен қатар, электр тоғына жалғанатын құрылғылардың қалдықтары анықталған. Ендігі істің мән-жайы арнайы құрылған комиссияның зерделеу жұмыстарынан соң нақтыланбақ.


P.S. Биылғы жылу маусымында өңірде осындай келеңсіздіктердің 35 дерегі тіркеліпті. Салдарынан 91 адам зардап шеккен. Оның 34-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, жекелеген көрсеткіштер бойынша бұл деректер өткен жылу маусымымен салыстырғанда, бірнеше есеге артқан.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 06 Январь 2017 05:38

900-ге жуық отбасыны қуантқан күн

Тұрғын үй кезегінде тұрған шымқалалықтар «Асар» шағынауданындағы 5 қабатты 30 үйдің пайдалануға берілуін құрылыс жұмыстары қолға алынғаннан-ақ күте бастаған еді. Дайын болған пәтерлерге «E-gov» порталы арқылы 4 076 өтініш қабылданған. 2015 жылы басталған тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 2016 жылды қорытындылау сәтінде 900-ге жуық пәтер пайдалануға берілді.

959d1866-db9b-4d72-afd7-4898005f398c

Жаңа тұрғын үй алабының құрылысына 7 миллиард 652 миллион теңге жұмсалған. «Асар» шағынауданындағы көпқабатты 30 үйдің құрылысын «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-і жүргізсе, осы үйлердің инфрақұрылымдық жүйесін тарту қызметін Шымкент қалалық құрылыс бөлімі атқарды.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қуанышқа кенелген ең алғашқы 42 отбасыға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстап, құттықтауын жеткізді.

– Тұңғыш Президентіміздің көшбасшылығымен Қазақстан жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырып жатқан санаулы мемлекеттердің бірі. Шымкент қаласында «Өңірлерді дамыту – 2020» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының аясында 2015-2016 жылдары 82 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. 5 636 отбасы жаңа баспаналарда қоныс тойларын тойлады, – деді облыс басшысы.

9657c4f1-2715-4c4e-8563-147a91b746dd

2016 жылы облысымызда 80 мыңға жуық сәби өмірге келген. Мұны тілге тиек еткен аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы алдағы уақытта бұдан да қарқынды жүргізілетінін жеткізді. Ал жаңа пəтер иелерін аулаларды көгалдандыру мен тал егу жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

Жалға алу құқығымен «ҚИК» ИҰ АҚ бағдарламасы арқылы тұрғындарға ұзақ жылға берілетін пәтердің бір бөлмелісі – 42 шаршы метрді құрайды. Ал екі бөлмелісі – 54 ш/м, үш бөлмелісі – 74 ш/м.

Опубликовано в Қоғам

Қыркүйек айында қала әкімі Шымкентте пәтер иелері кооперативін құру жөнінде сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеген еді. Жыл соңына дейін жүйеленуі тиіс болған жұмыстардың барысы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

Айта кетейік, мұндай тәжірибе бүгінде Алматы, Астана қаласында жүйелі жолға қойылған. Пәтер иелері кооперативі тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерінің қызметі, санитарлық-техникалық тазалау, электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасайды.

Қала әкімі аппаратының бас инспекторы Дадахан Юнусметовтің келтірген мәліметі бойынша, қаладағы 2 мың көпқабатты тұрғын үйдің 1526-сы кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіштің 79 пайызын құрайды. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс ауқымына кері әсерін тигізіп отырған жауапты тараптардың қызметін қатаң сынға алды.

– Ең алдымен, қалалық тұрғын үй инспекциясы мамандарының бей-жай әрекеті үлкен мәселелерді туындатуда. Осыған орай, арнайы комиссия құрамын белгілеп, қызметтік сараптама жүргізуіміз қажет. Тұрғын үй инспекциясы басшысының өз ісіне деген жауапкершілігі қаралып, қызметіне қаншалықты лайықты екенін анықтайтын боламыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Күн тәртібіне сәйкес, қала аумағындағы белгіленбеген сауда орындарын жою жұмыстарының жағдайы туралы кәсіпкерлік бөлімінің есебі тыңдалды. Кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсет Абдрахановтың айтуынша, ағымдағы жылы ретсіз сауда орындарын жоюға бағытталған 180 рейдтік шара ұйымдастырылған. Белгіленбеген орындарда сауда жасаған 3 626 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 6 миллион 395 мың теңге айыппұл салынған.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселенің маңызы жоғары екенін айта келе, алдағы уақытта тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бөліміне жаңа жыл мерекесіне дейін баға тұрақтылығын сақтауға тапсырма берді. Жүктелген міндеттердің орындалу барысын өз қадағалауына алатынын айтты.

Опубликовано в Саясат
Пятница, 28 Октябрь 2016 07:38

Шағынаудандарда қоныс той көбеймек

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Осы орайда бағдарлама аясында үш оператор жұмыс істеуде. Олар – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ.

20161021 113937

Жақында ғана «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ (бұдан әрі ҚИК) «Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі және «Асар» шағынауданы бойынша тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлады. Бұл орайда Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі кезекке тіркелген өтініш иелерінің құжаттарын қайта жаңалаған болатын. Бөлім басшысы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, «ҚИК» АҚ-ы бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұратын мына санаттарды ғана тұрғын үймен қамту қарастырылған. Атап айтсақ: көп балалы, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасы, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

20161021 113107

– «ҚИҚ» бағыты бойынша «Е-gоv» порталы арқылы ағымдағы жылдың 11-22 шілде аралығында «Асар» шағынауданынан пайдалануға берілетін 873 пәтерге 4076 өтініш қабылданды. Ал 3-7 қазан аралығында Төлеметов көшесіндегі 96 пәтерлік 2 тұрғын үйге 1915 өтініш қабылданды. Бөлім тарапынан «Асар» шағынауданы бойынша пәтер алуға ниет білдірген 522 азамат жолдаманы электронды түрде алды. Енді бұл азаматтар «ҚИҚ»-тен төлем қабілеттілігі барын растайтын құжатты алып келуі тиіс. Төлем қабілеттілігі бар өтініш иелеріне пәтер бөлінеді, – дейді М.Әбдінұров.

20161021 114207

«Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі 7 қабатты екі үйдің пәтерлерінде дәліз өте кең орналасыпты.
Бөлмелердің орналасу реті тұрғындарға ыңғайлы.
1 бөлмелі пәтер – 35 шаршы метр, 2 бөлмелі – 45 ш/м-ден, 3 бөлмелі – 55 ш/м-ден басталады. 1 ш/м бағасы – 924 тг.

Ал «ҚИК»-тің Шымкенттегі өкілі Елжан Байтанаев берілетін пәтерлердің бағасымен таныстырды.

– Елімізде пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі – 1200 теңгеден аспайды. Ең жоғарғы баға – Алматы мен Астана қалаларында. Басқа қалаларда 950 теңге болса, біздің Шымкентте 840 теңге. Тұрғын үй алуға кезегі келген азаматтар жұмыс орнынан жалақысы туралы мәліметті бізге әкеліп өткізуі тиіс. «ҚИК» оның алғалы отырған пәтеріне қарай төлеуге қабілетін айқындайды. Мәселен, «Асар» шағынауданында 1 бөлмелі пәтер – 42 шаршы метр. 

 

20161021 105021

«Асар» шағынауданында салынған үйлерден 500 метрдей қашықтықта жаңа мектеп пен мешіттің орны белгіленген.

42х840=35 280 мың теңге ай сайын төлейтін болса, отбасының кіріс көзі осыдан екі есе, яғни 70 мыңнан асатын болуы керек. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда банк пәтер алушыға үш адамға дейін кепілгер тартуға рұқсат етеді. 65 жастан асқан зейнеткерлер кепілгер бола алмайды, – дейді Е.Байтанаев.
Әзірге кезегі келгенімен жаңа пәтеріне кіріп үлгермеген шымқалалықтар үшін редакция ұжымы «Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі және «Асар» шағынауданындағы пәтерлердің жай-күйімен танысып қайтты.

 

20161021 100534

«Асар» шағынауданындағы пәтердің қабырғаларына толығымен түсқағаз жапсырылған. 
Тұрғындарға қажетті газ плиталары, домофон, санитарлық жабдықтардың барлығы дерлік орнатылған. 
Мұнда 1 бөлмелі пәтер – 42 шаршы метр, 2 бөлмелі – 54 ш/м, 3 бөлмелі – 74 ш/м. 1 ш/м бағасы – 840 тг.

 

20161021 103128Жанәлі НАРӘЛИЕВ,
«ҚИК»-тің Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй құрылысына жауапты маманы:

– «ҚИК» қаржыландыруымен «Асарда» 30 шақты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Southern Building» group» ЖШС-і
жүргізді. Бұл үйлердің басқалардан ерекшелігі, әр пәтердің жылыту қазандығы ішінде орналасқан. Яғни, автономды жүйеде жылытылады. Қазіргі таңда тұрғын үйлер пайдалануға беруге дайын. Инфрақұрылым толығымен тартылған. Әзірге сыртқы абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. 30 қазаннан бастап 500-ден астам пәтерді құрылыс компаниясынан қабылдап аламыз. Ал тағы 500-ге жуығын жыл соңына дейін қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бір ғана ұсынысымыз – осындай әдемі үйлердің кіреберісінде пошта жәшігінің орнатылмағаны. Осыны қолға алып, жүйеге ендірсек тиімді болар еді.

 

20161021 103430Нұржан СЕКСЕНОВ,
«АҚ Ордасы» корпорациясының прорабы:

– Сыртқы әрлеу, көріктендіру жұмыстарын Шымкент қалалық құрылыс бөлімі қаржыландырады. Қазір қажетті техника мен 150-ге жуық жұмыс күші жұмылдырылған. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. «ҚИК» жоспарына орай бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

 



Суреттерді түсірген Ақмарал ӘШІРОВА

Опубликовано в Қала
Страница 3 из 4