Пятница, 28 Октябрь 2016 05:32

Мұқтаж отбасыға үй салып берді

Шымкентте жас кәсіпкер, «Жақсылық жаса» клубының мүшесі Замира Туғанбекова бес баласы бар жалғызбасты анаға өз қаржысына салынған тұрғын үйдің кілтін табыс етті.

 jpg converted

Ұзақ жылдар бойы тұрмыс тауқыметін тартқан М. Ходжаеваға арнап үй салу Замира Туғанбекова үшін үлкен тәуекелді шешім еді. Алғашқыда кәсіпкердің қолында бар болғаны 400 мың теңге ғана болды. Сол себептен ол, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен, мұқтаж адамдарға жәрдем көрсету мақсатында құрылған «Жақсылық жаса» клубының мүшелерімен кеңесуге бекінеді.
– Жанында көмек қолын созар жанашыр-жақыны жоқ, өзі көпбалалы, әрі мүгедек баласы бар жалғызбасты ананың жұпыны тұрмыс-тіршілігімен танысқан едім. Туыстарым мен таныстарымды қолдау көрсетуге шақырып, жоқшылықтың зардабын тартқан жанұяға қандай да бір жәрдем беруді ғана ойладым, – дейді кәсіпкер.
«Жақсылық жаса» клубы мүшелерінің іске белсенді араласуы нәтижесінде, мұқтаж отбасыға арналған үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу-сырлау жұмыстары жалғасын таппақ.

Опубликовано в Әлеумет

Елбасы Жолдауын қолдау мақсатында ҚР Үкіметі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасын бекіткені белгілі. Осы бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі –қолжетімді тұрғын үйлерді салу. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру. Сондай-ақ, экономикалық өсу орталықтарында халық пен капиталды шоғырландыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Осыған байланысты «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің» халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының жүргізілу тәртібін газетіміздің №58 санында жариялаған болатынбыз. «Баспаналы болудың зор мүмкiндiгi бар» атты Жансерiк Есімовпен өткен сол сұхбатымызды http://shymkala.kz сайтынан қарауға болады.
Бүгінгі нөмірде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы операторларының бірі «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ туралы біле аласыз. Тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібі туралы компанияның атқарушы директоры Еркін Сыздықовпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

syzdykov– Еркін Сатыбалдыұлы, ипотекалық компания туралы қысқаша мәлімет берсеңіз...

– «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы (ред.бұдан әрі – ҚИК немесе компания) «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске асырады. Яғни, халыққа тұрғын үйді жалға беріп, кейіннен сатып алуы үшін объектілер салуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

БАСПАНА АЛУҒА ҚОР ЖИНАУ ҚАЖЕТ ПЕ?

– Сіздер қаржыландыратын объектілерден тұрғын үй алу тәртібі қандай? Кезекке тұру үшін құжат тапсыру, қабылдау жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Қор жинау міндетті ме?

– Қор жинау міндетті емес. Біздің бағдарламаға қатысу үшін бастапқы жарна талап етілмейді. Қосымша кепілдің де қажеті жоқ. Қарастырғаны үшін комиссия да алынбайды. Сатып алу құқығымен жалдау мерзімі – 20 жыл. Мерзім аяқталған соң тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі қарастырылған.
ҚИК бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар ғана әлеуетті жалға алушылар болып танылады. Себебі, қатысушыларды іріктеумен және тұрғын үйді бөлумен сол мекеме тікелей айналысады. Өтініш берушілер әдеттегідей – азаматтардың әлеуметтік әлсіз санатына жататын, оның ішінде көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттiк қызметшiлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi болып келеді. Осы талаптарға сәйкес келген жағдайда үміткерлер «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға тиісті құжаттарын тапсырып, кезекке тұра алады. Әдетте, бұған өтініш берушінің жеке басын, жұмыс орнын, тіркелген жерін, сондай-ақ әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттар кіреді. Толық топтамасын Компания сайтынан қарауға немесе жергілікті атқарушы органнан білуге болады.

inpho77

– Шымкент қаласында ҚИК арқылы бұған дейін қанша пәтердің кілті тапсырылды? Пәтер иелерімен арадағы байланыс: коммуналдық және басқа да төлемдерді жүргізу тәртібі қалай жүріп жатыр?

– Елбасы қолдауының және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын табысты орындаудың нәтижесінде 2015 жылдан бері Шымкент тұғындарына 85 мың шаршы метрден аса, нақтырақ айтқанда, 1500-ден астам пәтер кілтін тапсырдық. Бағдарлама шарттарына сәйкес жалдау төлемдерін төлеумен және мүлікті ұстау шығыны бойынша міндеттемелер, бұған қоса мүлік салығы, жер салығы, коммуналдық және басқа да пайдалану шығындары жалға алушыға жүктелген. Әзірге төлемдер уақтылы жүргізілуде, ешқандай тәртіп бұзылған жоқ.

– Ал биыл қанша пәтерді беруді жоспарлап отырсыздар? Көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу көрсеткіші қандай?

– «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын қолға алғаннан бері республика бойынша Компания 500 мың ш/м немесе 8 мыңнан аса пәтерді пайдалануға тапсырды. Бағдарламаның жүзеге асу мерзімі небәрі – 5 жыл. 5 жылда 1, 4 млн ш/м жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну жоспарланған.
«Бәйтерек» холдингінің қолдауымен ҚИК ағымдағы жылы еліміздің барлық аймағы бойынша 326 мың шаршы метрден астам тұрғын үй аумағын пайдалануға береді деп күтілуде. Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына сәйкес барлық пәтерлер таза, әрленген және қоныстануға дайын күйде пайдалануға беріледі.

НАРЫҚТЫҚ ӨЗГЕРIСТЕР БАҒАҒА ӘСЕР ЕТПЕЙДI

– Тұрғын үйдің бағасы қалай есептеледі, болашақта қымбаттауы мүмкін бе?

– Белгіленген сома тұрақты түрде әрі уақтылы төленуі тиіс. Осыған орай, тұрғын үйді жалға алушыға төлемақысының өтеу кестесі белгіленеді. Ай сайынғы төлем сомасы тұрғын үй мен алаң құнынан есептеледі. Бағдарлама бойынша Шымкент қаласында жалға берілетін тұрғын үйің 1 шаршы метрі – 1000 теңгеден аспайды.
Құрылыс құнының, доллардың өсуіне және басқа да нарықтық өзгерістерге қарамастан жалдау төлемдерінің тұрақтылығы сақталады. Өйткені, біздің мақсатымыз – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту. Бұл Елбасының 2014 жылғы 11 қарашада арнайы міндеттеген тапсырмасының негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама. Ұлттық қордан қаржыландыру бұл мақсаттың қаншалықты маңызды екенін айқындап берсе керек. Бұған қоса, қолжетімділікті арттыру үшін отандық құрылыс заттарын пайдаланамыз. Құрылыс жұмыстарын бастағанға дейін жер телімін бөліп, арнайы коммуникация тарту, тұрғын үй құрылысы біткен соң абаттандыру ісінің барлығы дерлік жеке жобаларды іске асыру кезеңінде жүргізіледі.

– «Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарымен бір ғана ҚИК айналысады» деген ақпар қаншалықты рас? Бұл халықтың тұрғын үймен қамтамасыз ететін басқа мекемелерге деген сеніміне селкеу түсірмей ме?
– Расында да, бұл ақпарат қазіргі таңда негізсіз. Өйткені, өңірлерді дамыту бағдарламасының өзі 2020 жылға дейін құрылған. Онда бір ғана ҚИК емес, өзге де банктік жүйелердің жұмыс істейтіні белгілі. Ал ҚИК меншігіндегі жалға берілетін жылжымайтын мүлікті басқару қызметтерін міндетті түрде Компания өзі жүзеге асырады. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің техникалық жағдайына және кондоминиум қызметі бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға мониторинг жүргізеді. Жылжымайтын мүлік объектісін пайдалану қызметіне жауапты сервистік компанияларға және коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуші мекемелерге бақылау жүргізуді іске асырады. Пайдалану қызмет шарттарын жасасуға және негізсіз шығындардың болмауына көмектеседі.

– Компанияның Шымкент қаласы бойынша халықты тұрғын үймен қамту бағытында алдағы жоспары қандай?
– Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша халықты баспанамен қамту үшін 62,5 мың ш/м-ден астам тұрғын үй аумағын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Бұл – 1000-нан астам пәтер. Соның ішінде 144 пәтер Түркістан қаласында, 969 пәтер Шымкент қаласында пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Опубликовано в Сұхбат
Среда, 07 Сентябрь 2016 04:44

Апатты үйлер жаңа кейіпке енеді

Шымкентте тозығы жеткен үйлерді қайта жаңарту қолға алынды. Сейсмонығайту жұмыстары бүгінде Абай ауданында жүргізілуде. А. Асқаров көшесіндегі №43 а үй мен Темірлан тас жолындағы №43 а үйлерінің кем-кетігі жөнделмек.


DSCN6458

Көпқабатты баспаналар 1972 жылы бой көтерген. Барлығының дерлік шатыры тозып, қабырғалары қопсып тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қолдауымен енді бұл үйлердегі ақаулар жөнделіп, бүлінген тұсы жаңартылып, жаңа келбетке енеді. А. Асқаров көшесінің №43 үй тұрғындары мердігер мекеме «Ақжол-4» ЖШС-ның жұмысына дән риза. Бұрын сылақтары түсіп, есік-терезелері ескірген пәтерлерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер мекеме өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты атқаруда. Су құбыры, жылу, кәріз жүйелері толығымен жаңартылып, ирригация жүйесі жүргізілмек. Сыртқы есіктер жаңартылып, жертөлеге дейін ретке келтіріледі.

– Абай ауданы әкімдігі апатты жағдайдағы, сейсмонығайтуды қажет ететін көпқабатты 6 үйді анықтады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс беріліп, биыл 4 үйді жөндеу жоспарланған болатын. Оның екеуі қаржы бөлінбеуіне байланысты 2017 жылға қалдырылды. Келесі жылы А. Асқаров №29 үй мен Бауыржан Момышұлы №43 а үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Абай ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаева.

DSCN6435 1

Тозығы жетіп, қабырғасы құлағалы тұрған үйде құрылыс жұмыстары қызу. Мемлекет тарапынан жүргізілген жөндеуге тұрғындар алғыстарын айтып жатыр.
– Үйіміз ескі. Бұрын шатырдан жауған жауын үй төбесінен ағып, пәтер иелерінің мазасын алатын.Қазіргі кезде үйдің шатыры жабылып жатыр. Ішіндегі жылу жүйесі мен су құбырлары ауысады. Жұмыстың сапасы жақсы болады деп сенеміз, – дейді 15 пәтер тұрғыны, зейнеткер Ару Ноғашова.

Айтқандай-ақ, қалада көшелер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Дегенмен қалпына келтіруді қажетсінетін үйлер әлі де бар. Өткен ғасырдың 40-шы, 60-жылдары қамыстан салынған 2, 3, 4 қабатты үйлер жөндеуге мүлдем келмейдi. Халық арасында «хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қаладағы тұрғын үй қорының техникалық жағдайын тексеру нәтижесiне тоқталсақ, сол кезеңдерде салынған үйлер тозып кеткен. Гүлжан Алтаеваның айтуынша, сейсмонығайту жұмыстарын талап ететін үйлерді бұзу тиімсіз.

Ал екінші үй – Темірлан тас жолындағы №43 а. Мұнда шатыр жаңартылып, үй кіреберісінде жұмыстар жүріп жатыр. Тұрғын үйлер желтоқсан айының 25-не дейін тұрғындарға тапсырылмақ.

Опубликовано в Қала

Жаз мезгілі – үй жөндеп, көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстарды жүзеге асыруға қолайлы уақыт. Бұл кезде үйін ретке келтірушілерден бөлек, құрылыс материалдарын сатушылар үшін де сауданың қызатын шағы. Жөндеу жұмыстарын жүргіземін десеңіз, базар мен дүкендерде қажеттінің барлығы табылады. Тек, қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Олай болса, құрылыс материалдарының бағасын бағамдап көрелік...

DSC 4935

Шымкенттің ауа райы жылдың кез келген маусымында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы. Бірақ көп ретте бұл іске ерте көктемнен кірісіп, қара күзге дейін жалғасатыны мәлім.
Жөндеу кезінде қабырғаларды сылау, еден мен есік-терезелерді ауыстыру, тұсқағазды жаңалау, жаңа сантехника алу секілді машақаты көп жұмыстардың басталатыны белгілі. Қала тұрғыны Рақымжан Бибосынов үй құрылысын бітіріп, енді қажетті құрылыс материалдарын сатып алмақ екен.
– Қазір асхана мен шомылатын бөлмелерге «қандай сантехника алсам екен?» деп қарап жүрмін. Қымбаттары өте әдемі екен. Бірақ мен қолымдағы ақшаға қарай есеп жасаймын, – дейді Р.Бибосынов.

DSC 5020

Қазіргі кезде нарықта ванна бөлмесіне керекті неше түрлі бұйымдар бар. Оның түр-түсі, қай елде шығарылғаны мен үлкенді-кішілігіне қарай өзіңізге қажеттіні таңдай аласыз. Сонымен қатар, зәулім үйлер мен шағын пәтерлерге арналған сантехника бұйымдары да арнайы шығарылады. Бұл ретте тәжірибелі мамандардың көмегі зор. Солардың бірі – Әкім Жолшиев. Ол үш жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Сатып алушыларға не керектігін жақсы біледі.
– Мен ең алдымен клиенттердің қанша сомаға жоспар жасағанын және жеке үйде немесе пәтерде тұратынын анықтап аламын. Сатып алушылардың дені әрине, өз үйлеріне көрінісі әдемі, сапалы және люкс модельдерді алғысы келеді. Нәтижесінде қалтасына қарай көсіледі. Бізде Ресей, Қытай, Иран, Украина мен Малайзияда шығарылған сантехникалық бұйымдар бар. Өткен жылға қарағанда олардың бағасы біршама қымбаттады. Ірі заттарды алатын болсақ, шамамен 10-20 мың теңге аралығында айырмашылық бар. Мәселен, джакузи жеткізіп, оны орнатып беруі 275 мың теңге. Бұл былтыр 250 мың теңге еді. Ваннаға арналған қол жуғыштар 10 мың теңгеден басталады.

DSC 4987

Ресейлік тауарлар қытайлыққа қарағанда әлдеқайда арзан. Сапасы да кем түспейді. Тек дизайн жағынан кішкене ұтылатыны бар. Байқасаңыздар, Қытай кез келген бұйымның әдемілігіне көп көңіл бөледі. Қол жуатын арнайы шкафтардың бағасы – 60 мыңнан 255 мың теңгеге дейін. Тым қымбат заттар тек бір данадан ғана әкелінеді, – дейді сатушы.
Дүкендерден отандық өнімдер де төрден орын алып тұр. Мәселен, «Аквалюкс» фирмасы шығарған ванналар сұранысқа ие. Бағасы 53 мың теңгеден басталады. Сапалы жасалған және ішіндегі су тез суымайды. Өзге ванналарға қарағанда артықшылығы осында. Көп ретте пәтерде тұратындар сатып алады екен.

Жуынатын бөлмеге қажетті кафельдердің бір шаршы метрі 900-1200 теңгеден басталады. Оның да бағасы қай елде шығарылғанына, дизайны мен сапасына қарай қымбаттай береді. Ал еденге төселетін ламинаттың бағасы 2000-4500 теңге аралығында. Есіктер 25 мың теңгеден жоғары. Тұсқағаздардың сан алуан түрі бар. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны, яғни қағаз тұсқағаздардың бір бумасы 800 теңге. Оның кір көтермейтін және ұзаққа шыдамайтын кемшілігі бар. Біз көрген дүкенде кірлесе жуып-тазалап алатын және ұзақ жылдар бойы үйіңізге сән беретін тұсқағаздардың ең қымбаты – 10 мың теңге. Оның ою-өрнегі мен түсіне қарап таңдап алып жатқандар көп. Кейбір дүкендерде тұсқағаздардың бір бумасы бұдан да қымбат болуы мүмкін. Соңғы кезде сұйық тұсқағаз сұранысқа ие. Сатушы Акрам Хаттамовтың айтуынша, экологиялық жағынан таза, әрі арзан өнім. Мақтадан жасалған сұйық тұсқағаздың артықшылығы – қыста жылы болса, жазда салқын болады екен. Оның бір келісі – 2100-2300 теңге аралығында және бір келісі үш шаршы метрге жетеді. Сатушының сөзіне қарағанда күніне 20-30 келі сұйық тұсқағаз сатылады.

DSC 4978

Осылайша, үй жөндеуге қажеттінің барлығының құнын бағамдап, қолда бар ақшаны жоспарлауға болады. Өкінішке қарай, еліміздегі құрылыс материалдары нарығында шетелдік өнімдер тым көп. Тіпті, ұсақ-түйек материалдардың ішінде тұсқағаз, сантехника, еденге арналған линолеум, шеге, бұрандалы шегеге дейін шетелден әкелінеді екен. Бұл ретте Ресей, Қытай, Түркия елдерінің өнімдері сұранысқа ие болып отыр.
Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 2015 жылдың желтоқсан айы мен биылғы жылдың шілде айын қосқанда облысымызда нарықтағы құрылыс материалдарының бағасы 104,2 пайызды құрады. Яғни соңғы жеті айда құрылыс материалдарының бағасы 4,2 пайызға қымбаттаған.
Айта кетейік, 2016 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан Республикасында инфляция 5,6 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы биылғы жеті айда 5,6 пайыз, азық-түлік емес тауарлары – 5,2 пайыз, ақылы қызметтер – 4,7 пайызға өскен.

Опубликовано в Қоғам

Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде ел аумағында тұрғын үй құрылысы қанатын кеңге жайды. Екпінді сала еңсе тіктеп, ілкімді істер ілгеріледі. Қыз-қыз қайнаған құрылыстың бүгінгідей беталысы алыстағы ауылдың ажарын ашып, қаланың кескін-келбетін көріктендіре түсті. Сәтті жоба ретінде мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй құрылысы қарқынының тұрақты өсімін қамтамасыз етті. Елдегі тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар тек соңғы он жылда 10 есеге ұлғайды.

turghyn ui

Тұрғындарды баспанамен қамту бағытында әсіресе, Шымкент қаласы құрылысының ауқымдылығымен дараланды. Қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тәжібай Егетаевтың айтуынша, тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде қала аумағында тұрғын үй саласы бұрын-соңды болмаған қарқынды қадаммен дамыды. Сала басшысы мұндағы жетістіктердің басты себебін мемлекет саясатының оң жолға қойылғандығымен байланыстырады.
– Аталмыш саланың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы алар орны мен маңызы ерекше. Өйткені, баспана мәселесі қоғамда қай кезде де өзектілігін жойған емес, – дейді Тәжібай Дүйсенұлы. – Мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2005-2015 жылдар аралығында 232 тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жалпы ауданы 383 938 шаршы метр аумақта 7 677 отбасы қоныс тойын тойлады.

Айта кетейік, аталған тұрғын үйлер инженерлік комуникациялық инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған етілген. Бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген сәтте 882 отбасы пәтермен қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек, 35 пәтерлі жатақхана ғимараты тұрғындардың игілігіне берілгелі отыр.

turghyn ui-infoghraph

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда «Тұран» шағынауданында жалпы саны 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 54 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады. Қалған 4 тұрғын үй 2017 жылға өтпелі. Сонымен қатар, әкімшілік–іскерлік орталығы аумағынан қосымша 1134 пәтерлі 15 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Мердігер мекемелер анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Тәуелсіздік алған тұста елде кешегі кеңес дәуірінен мұраға қалған, тұрғындардың меншігіне берілген көпқабатты үйлерді жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту мәселесі қолға алына бастады. Коммуналдық жүйелердің 70 пайызы шұғыл жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет ететін жағдайға жетті. Бұл саладағы осындай күрделі жағдайды жете түсінген Мемлекет басшысы ел Үкіметіне әлемдік дағдарысқа қарсы елімізде қабылданған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының аясында арнайы «Жол картасы» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Нәтижесінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қайта жаңғырту жұмыстарына оң бетбұрыс жасалды.

Облыс аумағында Тәуелсіздік алған жылдары (1991-2015 ж.ж.) барлығы 8 миллион 827 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Яғни 173 мың пәтер. Оның ішінде 72 мың пәтер жеке тұрғын үй құрылысы болып табылады. Сонымен қатар, биыл «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 469,7 мың шаршы метр болатын 207 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін осы үйлердің 156-сы пайдалануға беріліп, 3 992 тұрғын жаңа пәтерге ие болмақ.
Жалпы алғанда, тек өткен соңғы 10 жылда еліміз бойынша 30 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Опубликовано в Экономика

zhanserik«Мемлекеттік қызметте емеспін», «пәтер алу үшін «жас» отбасы болуым қажет», «менің тұрақты әрі жоғары жалақым жоқ», «табысым аз», «зейнетақы қорым ашылмаған»... Мұндай шектеулермен пәтерге қолы жетпей жүргендер өте көп. Кейде осы мәселенің шешімі жоқ деген оймен тұрғын үй бағдарламасына мән бермейтін сәттер де болады. Ал шын мәнінде, Қазақстанның кез келген азаматының баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Тақырыпты тарқатып беру үшін «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-ның ОҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Жансерік Есімовпен сұхбаттастық.

ОТБАСЫН ҚҰРМАҒАН ЖАСТАРҒА БАСПАНА БҰЙЫРА МА?

– Жансерік Нарбекұлы, ең алдымен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» туралы қысқаша ақпарат беріңізші.

– Біздің банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ТМД елдері арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізген бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Германия, Чехия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасалған баспанамен қамту жоспары Қазақстанда өз жұмысын бастағанына 13 жыл болды. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаға көрші мемлекеттер қызығушылық танытып, Ресей, Беларусь елінің өкілдері біздің банк арқылы тәжірибе алмасуда. Біздің мақсатымыз – әрбір ҚР азаматын тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Қазіргі кезде «тұрғын үймен қамтамасыз ету» деген сөзді естісе, көпшілік «мемлекеттік бағдарлама туралы айтылып жатыр» деп қабылдайды. Жоқ, олай емес. Біз мемлекеттік бағдарламалар аясында Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімімен де жұмыс жасаймыз. Одан бөлек, кез келген Қазақстан Республикасының азаматы баспана алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметіне жүгіне алады.

– «Кез келген азамат баспаналы бола алады» дедіңіз, бұны қалай түсіндіресіз?

– Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алу үшін қазір халық жаппай кезекке тұрып жатыр. Талапқа сай құжаттарын рәсімдейді. Дегенмен, құжат рәсімдеу кезінде кей тұрғындар «жас отбасы» бағдарламасына жасы сәйкес келмейді. Кейбірі мемлекеттік қызметте істемейді немесе мемлекеттік қызметте істейтін отбасы мүшелері арқылы өтініш білдірейін десе олардың атында үй бар болып шығады. Отбасын құрмаған жастар да бұл бағдарламадан қалыс қалады.
Осы орайда, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз қызметін ұсынады. Бұл да мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстың бір бөлігі. Азаматтардың жас айырмашылығы немесе жұмыс орны, атында жылжымайтын мүлкінің болуы, отбасындағы адам саны маңызды емес, жеке куәлігін алып келсе болғаны. Әр азамат шама-шарқына қарай баспаналы болу жолдарымен танысады. Тұрғын үймен қамтамасыз ететін мемлекеттік банк ретінде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Баспана алатын азамат қаражаттың 50%-ын жинаса, қалған 50%-ын біздің банк ең төменгі пайыздық үстемемен несиеге береді.

– Баспана құнының 50%-ын қалай жинау керек? Ал қалған 50%-дың несиесі банкке қалай төленеді?

– Бастапқы 50%-ды жинау үшін 4 түрлі депозитті ұсынамыз. Салымшы өзінің табысына қарай таңдау жасайды. «Бастау» депозиті арқылы бастапқы 50%-ды жинау 3-3,5 жылды қамтиды. Қаражат жиналып, белгілі мерзім аяқталғанда банк пәтердің 50%-ын төлейді. Салымшы бұдан былай борышкерге айналады да, 6 жылда 5%-бен банкке несие төлейді.
«Өркен», «Кемел», «Болашақ» депозиттері де дәл осы тәртіппен қызмет көрсетеді. Бір ғана айырмашылығы, тұрғын үй алу үшін қор жинау мерзімі ұзарған сайын пайызы төмендей береді. «Өркен» бойынша 5,5 жыл жинап, 10 жылға 4,5%-бен несие алады. Ал «Кемел» депозитіне 8,5 жыл жинап, 4%-дық үстемемен несиені 15 жылға дейін төлейді. Соңғысы – «Болашақ» атты депозиттік бағдарлама. Бұны көбіне балаларына арнап ашады. 15 жыл жинаған қорын 25 жыл көлемінде 3,5%-бен қайтарады.

– Сонда баспананың құнын алдын ала белгілеп алады ма?

– Иә. Абонент ең әуелі алатын үйінің көлемін анықтап алады. Ол – жаңадан салынып жатқан 1-2-3 бөлмелі пәтер немесе жекеменшік үй, басқа да кез келген сатылымдағы баспана болуы мүмкін. Банк қызметкерлері үйдің бағасын мерзіміне қарай есептеп, абоненттің ай сайынғы салып отыратын қаражатының нақты сомасын шығарып береді. Мысалы, бір азамат бағасы 6 миллион теңгелік 1 бөлмелі пәтер алмақ болды делік. Сол 6 млн теңгенің 50%-ын, яғни 3 млн-ды жинағанда ғана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қалған 50%-ды несиеге береді. Пәтер алатын азамат өзі жинайтын 50% қаражатты біздің банктен ашқан есепшотында сақтауы міндетті және белгілі бір мерзімді қамтуы қажет. Жиналған қаражатқа банк – 2%, ал мемлекет тарапынан – 200 АЕК-ке дейінгі сомаға 20% үстеме қосылады.

ШЫМКЕНТТЕ 11 ТҰРҒЫН ҮЙДIҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

– Бастапқыда 1 бөлмелі пәтер алғысы келген салымшы бірер жылдан соң 2 немесе 3 бөлмелі пәтер алуға ниет білдірсе қалай болады?

– Салымшының қалауын қанағаттандыруға мүмкіндік бар. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» берілетін жаңа үйдің құрылысы біткенге дейін салымшы өзіне ұнайтын басқа пәтерді кездестіріп, соны аламын десе қарсылық жоқ. Ол 4 яки 5 бөлмелі, жекеменшік үй немесе көпқабатты үйдің пәтері болуы мүмкін. «Бастау» депозиті арқылы келіскен 3-3,5 жыл өткенде қажетті қаражатын тауып, «мен үйдің құрылысын күте алмаймын, мына пәтерді аламын» десе өз еркі. Біз үшін маңыздысы – депозит мерзімі мен бастапқы 50%.

– Ал бір бағдарламадан екіншісіне ауысуға немесе 3-3,5 жыл күтпей-ақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиесін пайдалана отырып 1-2 жылда пәтер алуға болады ма?

– Әрине, болады. Егер салымшының бастапқы 50% қаражаты дайын болса және белгілі бір мерзімінен ерте алғысы келсе, баспаналы болуға банк келіседі. Мұндай жағдайда банкте сақталуы тиісті нақты мерзім өткенше төлейтін несиенің үстемесі артады. Керісінше, тиісті қаражатты белгілі уақыт біткенше жинай алмаса, мерзімін ұзартуға немесе депозит салымын ауыстыруға да болады. Бастапқы 50%-ды жинап қойған соң салымшы екі жағдайда баспаналы бола алады. Оның бірі атыңызда үй болмаған жағдайда «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Екіншісі, атыңызда үй болса да банктің бонустық жүйесі арқылы конкурспен жүзеге асады. Яғни, салымшының салған қаражаты банк айналымында қаншалықты ұзақ сақталса, соншалықты ұпайы жоғары болады.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй беру жұмыстары жүріп жатыр ма?

– Әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан салынған үйлердің 4 блогын біздің банк арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандар алды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 5-і 2017 жылы, ал 6-ы 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарлама кезегінде тұрған біздің салымшылар бұл үйдің 1 шаршы метрін 140 000 теңгеге алатын болады. Онда 1 бөлмелі пәтердің көлемі – 37,5 ш/м, 2 бөлмелі – 58,8 ш/м, 3 бөлмелі – 73,6 ш/м. Айта кетейін, құрылыс жұмыстарын жүргізуге біздің банк жауапты емес.

САМАННАН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ҮЙ ДЕ БАҒАЛАНАДЫ

– Пәтер алу үшін зейнетақы қоры болуы шарт па?

– Салымшы ретінде жеке куәлігі болса жетіп жатыр. Ал пәтерді алатын кезде 6 айлық зейнетақы қоры болуы міндетті. Дегенмен, 3-4 жылда өзгерістер болуы мүмкін. Қажетті қаражатты жиналғанша зейнетақы қорын жинақтау мүмкін болар. Баспананы зейнетақы қоры бар туысының атынан алуына да болады.

– Сонда, салымшы депозитін туысының атына аудара алады ма?

– Отбасы мүшелерінің атына заңды түрде көз жеткізгеннен кейін аудара алады. Әйелі еріне, ата-ана балаларына немесе балаларын ата-анасының атына. Тіпті, «отбасылық пакет» түрін пайдаланатындар болады. Бір отбасыдан 2-3 адам бөлек-бөлек тұрғын үйге қор жинайды. Кейін белгілі мерзім таяғанда үшеуі бір адамның атына аударғанда жеңілдіктері, үстеме пайыздары да еселенеді.

– Жинаған қорын қайтарып алғысы келсе, банк тарапынан қосылатын үстеме есептеледі ме?

– Салымшыға қанша үстеме қосылатынын жоғарыда айтып өттім. Жинаған қаражатын банктен қайтарып алатын болса, мемлекет тарапынан қосылатын 20% берілмейді. Өйткені, бұл жеңілдік тек халықты тұрғын үймен қамту үшін жасалған жағдай. Тек банктың 2%-ы ғана салымшыға депозит ретінде төленеді.

– Баспаналы болудың сіз қызмет ететін банктегі тағы қандай жеңілдіктерін атай аласыз?

– Банк тек күйдірілген кірпішпен соғылған үйлермен жұмыс істейтіні баршаға аян. Биылғы жылдан бастап Шымкент қаласы бойынша бұл қағида өзгерді. Саманнан тұрғызылған үйлерді алуға әзірге біздің банкте ғана рұқсат бар. Талап – үй құрылысына банк салымшысы төлеп бітетін мерзімді қоса есептегенде 25 жылдан аспауы тиіс. Мысалы: салымшы биыл 9 жылдық несиемен саманнан салынған үйді алатын болса, үй ең әрісі 2000-шы жылы салынған болуы шарт.

– Саманнан тұрғызылған үйді бағалау қалай жүзеге асады?

– Салымшы ұнатқан үйін банк қызметкеріне айтады. Содан соң біз өз тарапымыздан мекен-жайды нақтылап, деректердің нақтылығына, үйдің сапасына көз жеткіземіз. Ал баға сатушы мен сатып алушы арасындағы келісіммен жүзеге асады. Олар өзара келісіп, тәуелсіз бағалаушының көмегіне жүгінуі де мүмкін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» бүгінде өрісін кеңейтіп келеді. Салымшылар Шымкентте жүріп-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен баспаналы болуға өтініш бере алады. Күні кеше Жетісайда кеңес беру бөлімін аштық. Алдағы уақытта мұндай бөлімшелер Түркістан, Сарыағаш және Сайрамда ашылады.

– Оқырмандарға және Шымкент қаласының тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

– Банк тарапынан «Кез келген салым екі есе арзан» атты акция жүріп жатыр. Мұнда банк комиссиясы екі есеге төмендетілген. Науқан 2016 жылдың 1-тамызына дейін жалғасады. Осы жеңілдікті пайдаланып, баспаналы болуға қадам жасаңыздар, санаулы күн қалды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Опубликовано в Сұхбат

Төрт күн уақыт ішінде электронды портал арқылы «Асар» шағынауданындағы тұрғын үйлерге 1637 өтініш қабылданған. Ағымдағы жылдың 11-22 шілде аралығында электронды портал арқылы әрбір азаматтан «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-ы бағытымен берілетін «Асар» шағынауданындағы тұрғын үйлерге өтініштер қабылдануда.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Әшірбаева және Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының қатысуымен Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап брифинг ұйымдастырылды. Онда белгілі болғаны, 2015 жылы Казақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша «Нұрсәт» тұрғын алабынан 8 тұрғын үй (1080 пәтер), 2016 жылы «Қайтпас-2» шағынауданынан 7 тұрғын үй (420 пәтер) және 72 пәтер 17 шағынауданынан бөлінген.

2016 жылдың 4 тоқсанында «Асар» шағынауданынан 15 тұрғын үй (900 пәтер) пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Электронды портал арқылы өтініш берген азаматтардың әлеуметтік жағдайын сараптайтын болсақ, ондағы мемлекеттік қызметкерлер – 1473, көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек бала асыраушы отбасылар – 164 өтінішті құрайды. Әрбір қатысушы өтініштер мен құжаттарды тапсыру үшін Электронды Цифрлық Қолтаңба (ЭЦҚ) кілті арқылы электронды порталға тіркелуде, – дейді Г. Әшірбаева.

Портал тәулік бойы жұмыс істеп, өтініштерді қабылдауда. Сонымен қатар, бүгінде электронды тапсыру бойынша кеңестер алу үшін халыққа қызмет қөрсету орталықтарында орналасқан «E-gov» пунктері және тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандары әрбір азаматпен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Опубликовано в Қоғам

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 469,7 мың шаршы метрге 207 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында бұл үйлердің 156-сы халық игілігіне беріліп, 3992 тұрғын жаңа пәтерге ие болмақ.

Құрылыс нысанындағы 85 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен салынса, 35-і «ҰБХ «Бәйтерек» және «ҚИК» АҚ арқылы, ал 5-і «Самұрық қазына» АҚ арқылы салынып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, тұрғын үй комбинаттары арқылы 4 ғимарат, коммерциялық тұрғын үйлер бойынша 28 құрылыс нысаны жүруде. Аталған үйлердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындарға пәтер кілті табыс етіледі.

 

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігі жылдарында облыс бойынша барлығы 8 миллион 827 мың шаршы метр тұрғын үй өз иелерін тапқан. Яғни, 173 мың пәтердің 72 мыңы халық қаржысы есебінен алынған.

ОҚО әкімінің
баспасөз қызметі

Опубликовано в Қала
Страница 4 из 4