Шымкентте алғаш рет Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдерінің «Франкофония Наурызы» атты мәдени іс-шаралар маусымы басталды.

DSC 5872

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартине, Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алекси де Кромбрюгхе, Марокконың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдежалил Саубри БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында фанкофония мәдениетімен кеңірек таныстырды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған елдердің елшісімен кездесіп, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.
– Франкофония Наурызы мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі биыл Шымкенттен басталып отыр. Осындай іс-шараның өтіп жатқанына өте қуаныштымын.

Мұның жастар үшін маңызы өте зор. Шымкентте алдағы уақытта еуропалық серіктестермен бірге университет ашу жоспарда бар. Жалпы, арадағы қарым-қатынас әрдайым дами береді. Әкімдік тарапынан біз жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді қала әкімі.

Құрметті қонақтар да форумда өздерінің шынайы алғысын білдірді. Филипп Мартинэ мырза Шымкент қаласының өз алдына статус алғанынына қуанышты екенін айта келе, Жастар жылында жастарға сәттілік тіледі.

Бүгінде еліміздегі 3 ЖОО-да франкофонды елдердің альянсы құрылуда. Француз мәденетіне, француз тіліне қызығушылық жоғары. ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарованың айтуынша, оқу орнында 2013 жылдан бері француз орталығы жұмыс істейді. Енді ол орталық Альянсқа айналып отыр.

Франкофония – 5 құрлықтағы 80 мемлекеттің, 300 миллионнан астам француз тілді адамдардың басын біріктіретін гео-мәдени кеңістік. Жыл сайын әлем бойынша халықаралық франкофония күні 20 наурыз күні тойланады. 2019 жылдың 1 наурызынан бастап 30 сәуіріне дейін Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдерінің елшіліктері бірігіп #FrankofonıNaýryzy 2019 атты мәдени іс-шаралар маусымын өткізеді.

Қазақстан халқы франкофония елдерінің бай мәдениетімен және француз тілімен жақынырақ танысуы үшін қызықты іс-шаралар мен сайыстар бағдарламасы ұсынылады. Түрлі сайыстар мен мәдени іс-шаралар бір ай бойы өтеді.

Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты тапсырмалар берген болатын.

Осыған орай Шымкент қаласына Президент тапсырмаларын түсіндіру жұмыстарымен ҚР Парламент депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды іс-сапармен келді.

DSC 6780

Сенат депутаттары мегаполис тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, көп балалы отбасылардың балаларына төленетін жәрдемақыны алу жолдары егжей-тегжей түсіндірілді. Шымкенттік сенаторлар әр тұрғынның мәселесін жеке-жеке тыңдап, тиісті сала басшыларына міндеттер жүктеді.

Халық қалаулылары бұдан кейін Шымкенттегі бірқатар нысандарда болып, инфрақұрылым жүйелерімен танысты. Алдымен Сәуле шағынауданындағы № 129 мектептiң тыныс-тiршiлiгiмен танысып, мұғалімдердің әлеуметтік қорғалуы жағдайынан хабардар болған Сенат депутаттары мектептегi қауiпсiздiк жүйелерi, асхана, спорт, шеберхана және мәжiлic залын аралап көрдi.

– Елбасының халыққа Жолдауына сәйкес 3 ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында қомақты қаражат бөлінді. Біріншіден, мектептердің құрылысы қалай жүруде? Мектеп жеткілікті ме? Осыны бақылауға келдік.

Ұстаздардың әлеуметтік қорғалуы қай деңгейде? Мәселелер болса алдағы уақытта Үкімет отырысында көтереміз. Жалпы, Шымкентте әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінуде. Көңіл қуантарлық жұмыстар бар, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Бүгінде Шымкентте Қонаев даңғылы мен Ташкент бағытын жалғайтын жол құрылысының 3 кезеңі басталды. Соның бiрi – Бадам өзенiндегi көпiр құрылысы. Жобаның жалпы құны – 21 млрд теңге. Парламент Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен Д.Сатыбалды көпiр құрылысының барысымен танысып, қазiргi жағдайды аралап көрдi.

Халық қалаулылары «Нұр Отан» партиясының сьезiнде, Елбасы Жолдауында айтылған мiндеттердi атап, құрылыс барысы заң аясында жүруi тиic екенін айтты.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қ.Жұматаевтың айтуынша, жоба 7 кезеңнен тұрады. Нұрлан Құдиярұлы құрылыс заң аясында жүру тиіс деді.

– Ірі қалаларға ыңғайлы инфрақұрылым қажет. Бұл – өте маңызды бағыт. Ал құрылыс бағытындағы нысандарды мемлекет мұқтажынан алу заң аясында шешілуі тиіс. Қала тұрғындары да түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз, - деді сенатор.

Сенаторлар бұдан кейін Шымкент қаласының «Халыққа қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» мекемесіне барды. 2017 жылы ашылған мекеме 40 балаға арналған. Қазір 32 бала дәрігерлер бақылауында. Сенат депутаттары орталықтағы жатын орны, асхана және кабинеттерді көріп шықты. Жұмысымен танысты.

Мейірім мөлдіреген күн

Среда, 27 Февраль 2019 03:49

Шымкентте «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында «Мейірімді алақан» республикалық ІІ ата-аналар конференциясы өтті.

DSC 5196

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, «Нұр Отан» партиясы, «Bi Жұлдызай» корпоративтік қоры, мектепке дейінгі мекемелердiң қазақстандық қауымдастығының қолдауымен өткен ic-шара ата-аналарға ерекше күш-жiгер бердi.

Қайырымдылықты ту еткен ic-шараға мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары, ҚР Білім және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облысының өкілдері, қайырымдылық істерімен айналысатын ҮЕҰ өкiлдерi қатысты.

Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов ұйымдастырушыларға сәттiлiк тiлеп, бұл өте қажет бастама екенiн атап өттi. Жалпы, аталған конференция Шымкентте алғаш рет қолға алынып отыр.

Конференцияның басты мақсаты – жас ұрпақты әлеуметтендiру, сондай-ақ, рухани, моральды және позитивті ойлауды қалыптастыру үшiн үкiметтiк емес ұйым мүшелерi мен ата-аналардың күш-жiгерiн бiрiктiру. Сонымен бірге, аталған жиын ата-аналар қоғамын құру, тәрбиеде өнегелік қалыптастыру және инклюзивті мәдениет қалыптастыруды мақсат еткен.

Екі күнге созылған жиынның қорытындысында қала әкімі ата-аналарды, табысты еңбек етiп жүрген ҮЕҰ өкiлдерiн Алғыс хатпен, дипломдармен марапаттады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов те ата-аналарға партияның Алғыс хаттарын тапсырды.

Конференция аясында қалада «Асыл бала» зияткерлік-инклюзивтік орталығы ашылды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихшыларға, жалпы отандастарға зор серпін берді. Тарихымыз жаңғыра түсті. Бағдарламалық мақала тарихымызға берілген саяси баға іспеттес болды. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда елімізге белгілі ғалымдар осылай пікір білдірді. Әсіресе, бұл маңызы жоғары мақала жастарға арналған.

DSC 4537

«Ұлы дала өркениетінің мәні мен құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тарихымыз зерделеніп, пайымды пікірлер айтылды. Жиынды ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ және Шымкент қаласы ҚХА бірлесе ұйымдастырған іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, жергілікті және республикалық білім беру басқармасының мамандары қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын насихаттау және іске асыру – ауқымды жұмыс. Жиында негізінен Ұлы даланың құндылықтары – жаһандық тарихтағы маңызы;

Ұлы даланың ұлы мекендері – Отырар мен Түркістан; мемлекет пен құқықтың қалыптасуы, қазіргі заманның өзекті мәселелелері; «Мәңгілік ел» ұлттық идеясында тарихи сананы жаңғырту тақырыптары талқыға түсті.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде филология ғылымдарының докторы, професоры Мекемтас Мырзахметов, ғалым Құлбек Ергөбек, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, тарихшы ғалым Хазретәлі Тұрсын, Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов баяндама жасады.

Әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбектің айтуынша, бүгінде түрік халықтары ынтымақтаса отырып, тарихи құндылықтарын бірлесе дамытуы тиіс.

Жалпы, мақаланың негізгі түйіні – «Ел болғың келсе, тарихыңды біл», «Өткенді білмей, алға жылжу жоқ» дегенді ұқтырады. Отандық ғалымдардың айтар ойы осыған саяды.

– Тарих жаңаланды. Отандық тарих ғылымының методологиясын жүйелеу қажеттігін байқап отырмыз. Тарихты дұрыс әдістемемен оқыту лазым. Тарихи сана орнықпай, жаңғыру мүмкін емес. Елбасы мақаласында айтылған жеті брендті одан әрі айқындап, таныту міндеті тұр. Ендігі мақсат – осы құндылықтарды ұлттық мақтанышқа айналдыру қажет, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын.

Біздің тарихымыз – Қазақстан халқын біріктіретін қуатты күш. Елбасы тарихтың танымдық осы дәстүрін дәуірдің талабына сәйкестендіріп, халықты өткеннің ұлағатына құрметпен қарауға, зерделеуге, өткеннен сабақ алуға шақырады. Бұл – елжандылықтың жарқын үлгісі, қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі.

Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары М. Қалмұратов осылай дейді.
Конференция аясында «Мұхтартану», «Елбасытану» ғылыми-әдістемелік орталығына танымдық экскурсиялар жасалды.

М. Әуезов атындағы гуманитарлық бағытындағы ғылыми жетістіктер көрмесі, Түркістан облысының тарихи-өлкетану мұражайының және Шымкент қаласының «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының кітаптар көрмесі өткізілді.

Қалада жат ағымдармен күрес жұмыстары жандана түскен. Мәселен, өткен жылы жастармен 605 кездесу ұйымдастырылса, оған 120 723 адам қамтылған. 19 адам дәстүрлі дінімізге оралыпты.Орталық мешіт жанынан ақылдастар алқасы құрылған болатын. Соған сәйкес барлық ауданда кездесулер өткізудің нәтижесінде жаназа рәсімдері бірізділікке түсті.

post image 5585

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаевтың айтуынша, биыл да атқарылар жұмыс ауқымды. Әсіресе, жат ағымдармен күрес, мешіттердегі есеп-қисап мәселесі, жастарды қолдау бойынша нақты жұмыстар атқарылмақ.

Жастар жылында өкілдік тарапынан 172 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Өкіл имам өткен жылдағы негізгі жетістіктерді саралап, биылғы қолға алынар жұмыстарды кеңірек әңгімелеп берді.

– Бақтыбай Қыдырбайұлы, өткен жылы жүзеге асқан жұмыстар жетерлік. Солардың ең негізгілерінің бірі – жат ағымдармен күресу екені мәлім. Осы жұмыстардың барысын тарқатып айтып берсеңіз.

– Жалпы, жат ағымдармен күрес жұмысымыздың негізгі бағытына айналғаны рас. 2018 жылы имамдар тарапынан бірқатар жұмыс жүргізілді. Жергілікті әкімдік, құқық қорғау орган өкілдерінің қолдауымен көптеген іс-шаралар өткізілді. Қазір бұл мәселеде халықтың санасы оянды.

Жат ағым жетегіне ергендерді жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен-ақ аңғаратын жағдайға жеттік. Дін саласындағы мемлекеттік саясат қарқынды жүре бастады. Оң нәтижелері де баршылық.

Қазір діни ахуал тұрақты. Бәрі бір мәзһабқа сай амал етуде. Кімнің адасқан, бүлікшіл екенін халық та анық ажырататын жағдайда. Яғни, халықтың да сауаты артып келеді.

Дегенмен сақалы, балағын реттемей жүргендер көзге түсіп жатқан шығар. Уақыт сәтімен ол да реттеледі. Бұл – өткінші нәрсе. Ислам тарихында бұндай жағдайлар болған. Дінде ақ пен қараның аражігі ажыратылған. Хақ пен нақақ белгілі нәрсе.

Уағыз-насихат жұмыстары күш алса, бәрі де дұрыс жолға түседі деп ойлаймын. 2018 жылы сәләфилік бағытты ұстанатын азаматтармен 450 рет жеке кездесу өткізілді. Нәтижесінде, 12 адам ата дініне бейімделуге бет алды. 6 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілермен 639 кездесу ұйымдастырылса, оған 8481 адам қатысты.

12 жоғары, 45 орта арнаулы оқу орнында 605 кездесу ұйымдастырылып, оған 120 723 адам қатыстырылды.
Өткен жылы қалада жат ағыммен күресуге арнайы маманданған 20 мешіт болса, қазір олардың саны 34-ке жетті.

Алдымыздағы басты мақсат – қаладағы 104 мешіттің бәрін де кереғар ағымдармен күресуге мамандандыру.
Жалпы айтқанда, 2018 жылы 19 адам дәстүрлі дініміге қайтты. 59 адам бейімделуде. Биыл да жақсы нәтиже болады деп ойлаймын.

– Өткен жылы шешімін тапқан күрделі мәселенің бірі – имамдарға жалақы беру, мешітердегі қаржылық есеп-қисапты жүргізу болғаны мәлім. Биылғы жоспарларыңызды білсек...

– Әрине, ондағы басты мақсат – халықтың мешітке деген сенімін арттыру ғой. Мешіттердің қаржылық есептемелерін жүргізу, имамдарға жалақы беру сынды маңызды мәселелер бойынша биыл да ауқымды жұмыстар атқару көзделуде. Республикада алғаш болып Шымкентте орталықтандырылған бухгалтерлік кеңсе жұмыс істей бастады.

Қаладағы барлық мешіттің кірісі мен шығысын талдадық. Көбісінде бухгалтерия жағынан сапалы жұмыс жүргізілмеген. 10-12 мешітте ғана жұмыс жүйелі. Сол себептен көп имамдар жалақы алмаған. Зейнетақысы мардымсыз. Мешіттердің нақты бюджеті жоқ.

Осы мәселелерді шешу мақсатында бухгалтерлік кеңсе ашылды. 4-5 бухгалтер қаладағы 20-30 мешітке бақылау жүргізеді. Осы жүйе арқылы имамдарға жалақы беру, зейнетақы мәселесін шешу және әлеуметтік аударымдарды реттеумен қатар, жоғары деңгейде әр мешітте қаржылық көрсеткіштер бойынша бухгалтерлік есептер жүргізу, кеңес беру секілді жетістіктерге қол жеткіздік. 30-дан астам мешіттің қаржылық есеп-қисап ахуалы ұялмайтын жағдайда.

Тағы бір айта кетерлігі, бізде 27 мешіт цифрландыру жүйесіне көшті. Қаржылық операцияларын тікелей банкпен орындауда. Қазір есеп-шотына қанша қаржы түскенін онлайн режимде көріп отырады. Бұл да имамдардың сауатын ашуға түрткі болды.

Қазіргі уақытта имам осы қоғамдағы ең адал, ең сенімді, ең құрметті адам болуы үшін осындай технологияларды да меңгеруі керек. Тек Құран оқуды білуі жеткіліксіз. Аллаға шүкір, имамдар 2019 жылдан бастап ел алдында есеп бере алатын жағдайға жетіп отыр. Кіріс-шығыс құжаттарының бәрі реттелді. Біз есеп беруге дайынбыз. Имамдар да, халық та ашықтық деген нәрсені үйренуі тиіс. Заман талабы осы.

Қазір бұл бағыттағы жұмыстар реттелді, коммуналды шығындардың есебін беруге даярмыз. Мешіттердегі барлық садақа жәшігіне өкілдік тарапынан бақылау жүргізіледі. Жәшікке түскен ақшадан коммуналды шығындар, имамдардың жалақысы төленеді. Яғни, барлық мешіттің жағдайы өкілдік тарапынан қадағаланады.

Сондай-ақ, талдау жұмыстары көрсеткендей, Шымкент халқының жомарт екенін байқадым. Мешітке келетін адамдардың бәрі қайырымды жандар деп айтсақ болады. Олардың бәрі де қайырымдылыққа үлес қосып, түйткілді мәселелерді шешуде белсенділік танытып келеді.

– Елімізде 2019 Жастар жылы болып жарияланды. Бұл бағыт бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Өздеріңіз білесіздер, бізде өкілдік жанынан жастар бөлімі ашылған. Бүгінде жақсы, нәтижелі жұмыс істеуде. Бөлім жетекшісі Азамат Әбдікәрімов өткен жылы еліміз бойынша жастармен жұмыс істейтін үздік маман ретінде танылып, жеңімпаз атанды. ҚМДБ жолдамасымен умра-қажылыққа барып қайтты.

Елбасы жастарға көңіл бөліп отырғаннан кейін еліміздің бас мүфтиі де 2019 жылды «Ислам және жастар» жылы деп жариялады. Біз де жастарды Исламның көптеген құндылықтарына баулуды мақсат етіп отырмыз. Қалада биыл бұл мақсатта 170 іс-шара өтеді. Барлық мешіттер ұйымдаса бір мүдде, бір мақсат аясында жұмыс істейді.

Жастарға көңіл бөлінсе, жат ағымның жетегіне ілесу да болмайды. Діннің мақсаты да осы – қоғамдағы игі істердің басында жүру, жамандықтың алдын алу. Қайырымдылық іс-шараларына көптеп атсалысуды да көздеп отырмыз. Көп балалы отбасыларға үй әперіп жатырмыз. Қоғамда күрделі жағдайлардың шешілуіне өз тарапымыздан мейлінше үлесіміз болуы керек.

Жалпы, биылғы атқаратын жұмыс бағытымыз белгілі. Ол – имамдарды толық айлықпен қамтамасыз ету. Биыл 200-ге жуық жат ағым мүшесін дәстүрлі дінімізге қайтару да жоспарда. Осы бағытта барлық мекемемен тығыз жұмыс істесек дейміз.

Жалпы, қалада 104 мешіт, 1 медресе-колледж, 1 қарилар дайындау орталығы, 256 мешіт қызметкері тіркелген. Мешіттердің барлығында рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. 54 мешітте сауат ашу курсы жұмыс істейді. Жалпы, қаладағы мешіттерде 5003 адам діни сауат ашып жүр.

Жастарды имандылыққа ұйыту, жат ағымдардан сақтандыру, дәстүрлі діннің құндылығын түсіндіру, сол арқылы салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал ету—біздің жұмысымыздың басты мақсаты.

– Әңгімеңізге рақмет!

Қоғамда әділдік сұрап, дауласып жатқан адам көп: тұрмыстық, отбасылық немесе еңбек даулары бойынша көптеген адамдар сотқа жүгінеді. Оны қайтіп азайтпақ керек? Оны шешудің жолы бар, әрине. Бұл ретте медиативті келісім арқылы-ақ татуласуға боларын білсек. Таяуда «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен қала әкімдігі арасында меморандум түзілген-тін. Алда бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсаты тұр.

50908558 2150029695309985 2602925665149779968 n

Медиаторлар бірлесе жұмыс істеуге ниетті

Әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамда тұрақтылық пен ынтымақтастықты қолдаудағы медиация институтының маңызы зор. «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы, қала әкімдігі осы мақсатта бірлесе әрекет етпек. 2018 жылдың 20 желтоқсанынан бастап қалада 4 аудан әкімдігі, 22 басқармада медиацияны түсіндіру бойынша семинар өткізіліп, медиа-жоспар дайындалды. Енді екі тарап еңбек даулары, отбасылық кикілжіңдерді бірлесе шешпек. Нақты айтқанда аудандық әкімдік, 20 мекемемен бірлескен меморандум түзді.

50299929 2150029958643292 7376382773537275904 n

Қоғамдық бірлестік филиалының жетекшісі Лаура Ақшегірованың айтуынша, Медиация заңын түсіндіру біршама уақытты талап етеді. Бірқатар қиындықтары да бар.
– Қоғамда ажырасып жатқан ерлі-зайыптылар саны азаяр емес. Еңбек даулары мен ажырасушы ерлі-зайыптылардың санын азайту мақсатында нақты әрекетке көшуіміз керек.

Біз қандай көмек бере аламыз? Міне, осыны зерделей келе Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе арнайы медиа-жоспар құрдық. Негізгі мақсат – халыққа медиация заңын ұғындыру. Кеңінен түсіндіру. АҚШ-та, Еуропа елдерінде жалпы даудың 80 пайызы медиативті келісіммен аяқталса, біздің елімізде оның көрсеткіші небәрі 3-4 пайыз ғана. Яғни, айырмашылық үлкен. Біздің міндетіміз – даудың санын мейлінше азайту.

Сол Еуропа елдеріндегідей 80 пайызға жеткізуге әрекет етуіміз керек. Біз Медиация заңын түсіндіру де біршама уақытты алады. Кемінде 1 сағат қажет. Сондықтан, біз халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерден бастағанды жөн көрдік, - дейді қоғамдық бірлестік төрайымы.

Жұмыстар семинар өткізумен шектелмейді. Алда барлық басқармаларға қарасты мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелерге бір-бір медиатордан бөлінеді. Яғни, медиаторлар сол мекемеге барып, қызметкерлерге түсіндіреді. Мәселен, еңбек инспекциясы, жұмыспен қамту бойынша еңбек даулары өте көп. Оның бәрін медиативті келісіммен жасауға болады.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуына қарағанда, медиацияның артықшылықтары өте көп: ең алдымен уақыт, қаржы үнемделеді. Мәселен, қазір адвокат жалдаудың бағасы қымбат.

Медиативті келісімге келу ақылы, әрине. Бірақ тегін істейтін жағдайлар да өте көп. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектегі бар адам болса, медиаторлар міндетті түрде тегін қызмет көрсетеді. Кез келген уақытта қайталап кеңес алу тегін. Нақты мемлекеттен бекітілген баға жоқ екенін де айта кеткен жөн. Оның бәрі де тараптардың келісімі бойынша.

– Отбасылық дауға байланысты бірлесе жұмыс істегеніміз дұрыс. Өйткені, бір аптаның ішінде жеке өзіме ажырасуға байланысты 10 өтінім түседі. Дегенмен, он өтінімнің бесеуі келісіммен аяқталады. Солармен бірге бірлесіп, БАҚ-та кеңірек насихаттау бойынша жұмыс атқару керек. Бізде бейнероликтер өте көп. Қажет болса беруге дайынбыз. Түсіндіру жұмыстарын тегін жүргіземіз. Оған ақы сұралмайды. Кез келген мекемеде, жалпы халық көп жиналған орынға біз міндетті түрде барамыз, – дейді медиатор маман.

Қазір 4 аудан әкімдігінде медиаторлар кабинеті жұмыс істейді. Басқармаларда да кабинет ашылса деген ұсыныстар да айтылуда.

Өз жұмыскерлеріне қарыз болған мекемелер бар

Қалада ұжымдық шарт жасасу, еңбек дауларын шешу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Әуесханов ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындар әлі де көп екенін айтады. Мұндай кәсіпорындардың саны 5890-ға жеткен. Ұжымдық шарт жасасу мониторингін Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы жүргізген. Яғни, ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындармен жұмыс істеу керек.

– Бүгінде қалада қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, жолаушылар көлігі тасымалы, қызмет көрсету салаларындағы және шағын кәсіпорындарындағы көптеген кәсіпкерлер еңбек қатынастарын рәсімдемей жұмыс атқаруда. Бейресми еңбек қатынастарында тұрған азаматтар зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен айырылуда.

Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында Шымкентте жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармалары, аудан әкімдіктері, мемлекеттік кіріс органдары, кәсіподақтары орталығы іс-қимыл жасау қажет. Бұл ретте еңбек қатынастарын заңдастырып, жұмыскерлердің электронды форматта жалақы алуына және Елбасының қолма қол ақшасыз экономикаға өту талабын орындауға бет бұру уақыты келді. Қала әкімдігі де еңбек шартын жасасу мониторингін жүргізуді қолға алу қажет, – дейді Серік Елемесұлы.

Өз жұмыскерлеріне қарыз болған кәсіпорындар да аз емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 14 мекеме 1356 жұмыскерге 207 млн 936 мың теңге жалақы қарыз болған екен. Оның ішінде 7 мекеме 520 жұмыскер алдындағы 74,6 млн теңге қарызын өтеген.
Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы, жалпы, 163 еңбек дауын шешуге атсалысқан.

Алда еңбек шартынсыз жұмыс істетпеу, ұжымдық шарт жасасу жұмыстарын күшейту міндеті тұр. Ұжымдық шарт жасасу үшін міндетті түрде кәсіподақ ұйымы болуы қажет. Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы дер едік.

Бүгінде Шымкентте 60-қа жуық медиатор жұмыс істейді. Ол қала бойынша тым аз. Енді түсіндіру жұмыстарын интернет арқылы, әлеуметтік желілер арқылы, жалпы БАҚ-та кеңінен насихаттау басты мақсат болып отыр.

Шымкент – жастардың қаласы. Мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуда мүмкіндік мол. Дегенмен әлі де кәсіпкерліктің түрлі салаларын дамыту, жастарды ынталандыру, жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу – өзекті мәселе. Енді Жастар жылында қолдау күшеймек. Қалада 15 сәуірден бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау тетіктері іске асырыла бастайды.Бұл бағытта қала әкімдігі үш жылға арналған арнайы іс-қимыл жоспарын әзірледі. Қала әкімінің орынбасары Данат Жумин бізге бұл жоспарды кеңірек әңгімелеп берді. Әрине, бағдарлама бойынша ең алдымен жастардың қарім-қабілеттері ескеріледі, қаланың келбетін арттыру, заңсыз сауда орындарын жоюға бағытталмақ.

DSC 1413

– Данат Есболұлы, қала әкімдігі тарапынан Жастар жылында бірқатар қолдаулар тетігі іске асатынынан хабардармыз. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз...

– Жалпы, қалада кәсіпке ынтасы зор жастар көп. Біздің басты мақсат та осы – жұмыссыздықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастар және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Бұл мақсатта үш жылға арналған іс-қимыл жоспары дайындалуда. Алдымен сізге мына бір жағдайды айта кетейін. Қала әкімі былтыр тамыз айының соңында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеген еді. Қалада жұмыссыз әйелдер өте көп. Өз-өзін жұмыспен қамтығандардың да басым бөлігі – нәзікжандылар. Одан бөлек, талдау жұмыстары көрсеткендей, кездесулер мен әкім қабылдауына да әйелдер өз мәселерімен, өтініштерімен көп келеді.

Одан бір ай өткеннен кейін Елбасы шаһарға келгенін білесіздер. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша кеңес өткізген-тін. Ол кезде де Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша батыл шешімдер қабылдау керегіне назар аударды. Бір аптадан кейін халыққа арнаған Жолдауында 2019 жыл Жастар жылы деп жариялады. Міне, бұл жағдайлар бізге ерекше шабыт берді.

Мінекей, осы мәселе жөнінде қала әкімімен кеңесіп, әйелдердің кәсіпкерлігі мен жастарды қолдаудың тетіктерін бірлесе асыруды жөн деп шештік. Қараша, желтоқсан айларында осы бағытта көптеген жұмыс істелді. Ойландық. Қандай кедергілер барына назар аудардық. Осылайша, екі бағытты да қамтитын арнайы іс-қимыл жоспарын әзірледік.

Шағын және орта бизнестің дамуына не кедергі? Біз бірқатар кедергілер бар екенін байқап отырмыз. Біріншіден, бастапқы капиталдың жоқтығы. Ең үлкен мәселе – осы. Әйел кәсіпкерлермен, жастармен кездесуде де осы сауал көп қойылды. Бәрі де жұмыс істегісі келеді. Бірақ, капиталы жоқ. Несие алғысы келсе, оның пайызы жоғары.
Екінші бөгет – кәсіпті жүргізетін орынды қайдан табамын деген мәселе. Мәселен, тігін немесе жиһаз дайындау цехын ашқысы келсе, оған өндіріс орны қажет. Ондай орындар жалға беріледі. Бағасы қымбат. Ал кәсіпті жаңадан бастаушылардың өздігінен жер алып, құрылысты жүргізе алмасы мәлім. Яғни, сауда жүргізетін орындардың қолжетімділігін нақтылау қажет. Әрине, қалада жаңадан дүңгіршектер орнатуға тыйым салынған. Қазір тұрған дүңгіршектердің көбісі заңсыз орнатылған.
Тағы бір мәселе – бизнесті ашу және жүргізу туралы барлық сауалды бір жерден шешетін орын қажет. Біз осыған назар аударуымыз керек.

Сондай-ақ, қалада интернет-дүкендер әлі дамымаған. Бұл бағытта Алматы қаласы бірінші орында тұр. Екінші – Астана. Үшінші – Қарағанды. Одан кейін Шымкент. Бізде кәсіпкерліктің түрлі салалары, сауда дамуда. Енді көп жастарды интернет-дүкендерді ашуға ынталандыруымыз керек. Қазір интернет арқылы сатып жатқандар да бар. Тек әлеуметтік желілер арқылы ғана.
Міне, осы мәселелерді зерделей келе, 3 жылға арналған арнайы іске асыру іс-қимыл жоспарын дайындадық. Жоба бойынша жастар және әйелдер кәсіпкерлігі бірлесе дамытылады. Бұл 2019-2021 жылдар аралығын қамтиды.

– Кедергілер белгілі. Енді қолдау тетіктерін кеңірек түсіндіріп өтсеңіз..

– Біз қазір бұл бағдарламаны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қорымен бірге нақтылап жатырмыз. Таяу уақытта шарттары толық мәлім болады. 1 сәуірде көпшілікке жариялаймыз. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізу де жоспарда. Бұл қолдаулардың бәрі 15 сәуірден бастап жұмыс істей бастауы тиіс.
Енді жастарды және әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың тетіктеріне тоқталсақ. Біріншіден, бір жылға 1 пайызбен несие береміз. Ең алдымен айта кететіні, шынында кәсіппен айналысуға ниетті жастарды қолдаймыз. Олар кәсіпті нақты түсініп, жан-жақты дайын болуы керек. Нендей кәсіппен шұғылданбақ? Бизнес-жоспары дайын ба? Өнімді қалай сатады? Қалай дамытады? Міне, несие қаржысы осы сауалдарға жауап беретін талапты, ынталы жастарға беріледі.

Мына бір жағдайды айта кетсем. Қалада ешкімнің көмегінсіз-ақ кәсібін дамытып жатқандар бар. 1-2 млн теңге алып та жұмысын дөңгелентіп отырғандарды білеміз. Олар «Глоубал кофе», «Сәлем кофе» секілді шағын кәсіп иегерлері. Олар банктен тұтынушылық несие алған. Қазір қалада қаншама кофе орындарын ашып тастады.
Бұл мақсатта қаржы жергілікті әкімдіктің бюджетінен, «Даму» қорынан бөлінеді. Қала бюджетінен 800 млн-ға жуық, «Даму» қорынан 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады. Жалпы, 2 млрд теңгеден астам қаржының басым бөлігі жастар кәсіпкерлігі, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға жұмсалады.

Екіншіден, бизнесті жүргізу орындары бойынша да қолдау болады. Яғни, өндірістік арендалық орындар беріледі. Әрине, жас кәсіпкерлердің бәрі бір жерде шоғырланғаны өте жақсы. Бір-бірін қолдайды. Кеңеседі. Тәжірибе алмасады. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар жағдай. Кәсіп қаншалықты бір жерде шоғырланған сайын оның әсері де мол болады. Біз осындай орынды қарастырудамыз. Әрине, коммуналды жүйелері жүргізіледі. Сонымен қатар, бұрынғы ірі зауыттардың орнынан беру де жоспарда бар. Жалпы айтқанда, 3 жылда 10 мың шаршы метр өндіріс орнын беруді жоспарлап отырмыз.

Ал өнімді сату бойынша да бірқатар жоспарлар бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладан нақты жер учаскелерін беруді де анықтаймыз. Олар адамдарға, қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек. Оның стандарты да нақтыланады.

Бұл ретте бизнес сұрақтарын шешуге арналған «Супермаркеттер» ұйымдастыру жоспарда. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, кәсіпкерлерді барлық мәселе бойынша қолдау көрсететін орын. Іс-әрекеттегі кәсіпкер немесе бастапқы кәсіпкерболса да қолдау көрсетіледі. Яғни, жер мәселесі, сәулет, салық, микроқаржы бойынша әрбір адам сұрақтарын осы бір орыннан шешіп кете алады. Әзірге, шартты атауы осылай. Біз сәуірдің ортасына дейін супермаркетті ашсақ дейміз.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық саласындағы қайта өңдеу саласын дамытуды көздеушілер үшін де қолдау бар. Қаладағы 70 пайыз үйлер жеке секторда. Әрқайсысында жер учаскесі бар. Соларға да қолдау бар.

Біз өз тарапымыздан барлық қолдау көрсетеміз. Әрине, басымдық өндіріске бағытталады. Егер оқу орталығын ашамын десе, бизнес жоспары нақты болса, неге қолдамасқа?!
Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Жас ерекшеліктері қандай? Қанша қаржы беру мәселесі бойынша нақты ережесін таяуда бекітеміз.

– Жастар жылында жастар өздерін көрсетуі тиіс қой...

– Әрине, мұның бәрі де жастар өздерін көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Бизнестің мәселелері тезірек шешілуі тиіс. Сол себепті бізге шағын және орта бизнесті дамытуымыз қажет. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметкерлермен кездесуін азайтуға назар аударсақ. Болашақта кәсіпкерлердің әкімдікке келуі қажет болмай қалады. Сауалдардың бәрі интернет арқылы шешілуі тиіс. Қалада 200 мыңға жуық адам өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Енді жастар осы мүмкіндікті пайдалануы тиіс қой.

Шымкент – республикалық маңызы бар шаһар. Еңбекқор тұрғындары да көп. Келесі жылы ТМД-ның мәдени астанасы атанғалы отырмыз. Соған орай біздің қала көрікті, ыңғайлы болса. Қаламыз Орта Азиядағы ең дамыған қала болсын десек, бәріміз атсалысуымыз керек. Бір-бірімізді қолдайық. Бізде ретсіз сауда болмауы тиіс. Бізде көп жерде заңсыз сауда әлі де бар. Осындай қолдаудан кейін ретсіз сауда да жойылуы тиіс. Заң бойынша барлық базарлар заманауи үлгіде жұмыс істеуі тиіс. Жаңа технологиялармен жабдықталуы керек. Биыл қалада 20 базар жаңғыртудан өтуі керек.

Тарифтер қаншаға төмендеді?

Среда, 23 Январь 2019 04:31

Елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызмет түрлерінің тарифі төмендеді. Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және қала әкімдігі тарапынан бірлесе атқарылған жұмыстардың оң нәтижесі бар. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуі бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген.

2018121017053580835 0f6a6f8cab9e2cc5ddc12f40b340e37e

Үнемделген қаржы – 4 млрд теңге

Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте біраз жайттан хабардар етті. Мекеме басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының 2018 жылдың 7 қарашасында Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасын орындау бойынша Шымкент қаласындағы табиғи монополиялар субьектілеріне тексеріс жүргізілген.
Мәселен, 2018 жылдың 12 қарашасынан бастап қала бойынша халықпен кері байланысты жақсарту жұмыстары қолға алынған. Оның нәтижелері бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелер бойынша БАҚ, жергілікті әкімдіктер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер және басқа мүдделі органдардың қатысуымен 9 қоғамдық қабылдау өткізілген. Қоғамдық қабылдау кезінде 61 өтінім келіп түскен.

– Сол өтініштер мен шағымдарды қарау нәтижелері бойынша монополистердің негізсіз алған кірісін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның өндірістік филиалы, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС және «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК-да жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Негізінен, тұтынушыларды көбіне толғандыратын сұрақтар – пайдаланылмаған газға, суға және жылу энергиясының жылы өшірілген жағдайда да жылу энергиясына артық төлемдер мен техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері. Тексерулер нәтижесінде пайдаланылмаған газға, суға төленген артық төлемдер және жылу энергиясынан ажыратылған болса да негізсіз жылу энергиясына артық төлемдер, техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері бойынша заңсыздықтар анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша бірқатар мекемелерге әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады, - дейді департамент басшысы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қала әкімдігімен бірлесе отырып және табиғи монополия субьектілерінің басшыларының қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне арналған тарифтерді төмендету қажеттілігі туралы бірнеше кеңес өткізген еді. Оның нәтижесінде коммуналдық қызметтерге (сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау) арналған тарифтер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендетіледі.
Д.Қайыңбердиевтің айтуынша, жалпы, тарифтердің төмендеуі 12 табиғи монополия субьектілерінің және қоғамдық маңызы бар нарық субьектілерін қамтып, барлық тұтынушылар үшін үнемделген қаржы шамамен 4 млрд теңгені құрайды.

Тарифтердің өзгерісі 1 қаңтардан бастап күшіне енеді

Сонымен, жүргізілген жұмыстар қорытындысымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық коммуналдық қызметтердің (сумен жабдықтау, су бұру, электр энергиясымен жабдықтау, жылу энергиясымен жабдықтау және газбен жабдықтау) тарифтері төмендейді.

– Жылумен жабдықтау саласында қолданыстағы тарифтер орташа есеппен 8,3 пайызға төмендейді. Оның ішінде: тұрғындар үшін - 18, 91 пайыз (6055,5 теңгеден 4910 теңгеге/Гкал), заңды тұлғаларға - 10 пайыз (17319,3 теңгеден 15587,3 теңге/Гкал);
– Сумен жабдықтау саласында қолданыстағы тарифтердің төмендеуі орташа есеппен – 7,5 пайыз, оның ішінде: тұрғындар үшін - 10 пайыз (97,97 теңгеден 88, 17 теңге/т.м.), заңды тұлғаларға - 10 пайыз (333,96 теңгеден 300,56 теңге/т.м.);
– Су бұру саласында, кәріз жүйесі бойынша қолданыстағы тарифтердің төмендеуі орташа есеппен – 6,8 пайыз, оның ішінде: тұрғындар үшін 10 пайыз (39,03 теңгеден 35, 13 теңге/т.м.), заңды тұлғаларға 10 пайыз (170,26 теңгеден 153,24 /т.м.);
– Газбен жабдықтау саласында тұрғындар үшін төмендеу 5,8 пайыз (34,47 теңгеден 32,47 теңге/т.м.).
– Электрмен жабдықтау саласында: тұрғындар үшін төмендеу 6,8 пайыз (15,72 теңгеден 14,65 теңгеге /кВт.с.), заңды тұлғалар үшін 6,8 пайызға (27,17 теңгеден 25,32 теңгеге/кВт.с.) төмендейді.
– Сайрам, Қаратөбе, Бадам-1 және Бадам елдімекендерін газбен қамтамасыз ететін «Жеңіс-Т» ЖШС-нің тарифі 3,4 пайызға төмендеді.

Дархан Әбілқасымұлының айтуынша, тарифтерді төмендету қорытындысы бойынша тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің бір айлық орташа төлемінің төмендеуіне (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау бойынша) қол жетті. Мәселен, ауданы 60 шаршы метр 2 бөлмелі пәтерде 3 адамнан тұратын отбасының орташа төлемі 1 айда 2376 теңгеге төмендейді (14227,44 теңгеден 11851,8 теңгеге). Жалпы, коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу орташа есеппен 16000 теңгеге жетпек.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі – 12 пайызға, лифт қызметі – 10 пайызға, КСК қызметіға 11 пайызға төмендетіліп отыр. Бұл тарифтердің өзгерісі 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген.

Страница 9 из 51