НАМЫСЫ НАЙЗАҒАЙДАЙ БАПКЕР Избранное

Среда, 30 Ноябрь 2022 05:27 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3117 раз

Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика манежінде, қазақ күресінен даңқты бапкер, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Керімбекұлы Оңалбектің жүлдесіне арналған ірі халықаралық турнир аяқталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген командалардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанның апайтөс балуандары бақ сынады.

16

 

Жарыс барысында Жахан ағамыздың мерейленген жүзіне қарап тұрып «нағыз бақытты бапкер-ау» деп көкейге бір түйіп қойдық. Қазақстанның алыс-жақындағы бар айтулы, кешегі КСРО-ға атағы шыққан бапкерлердің дені құрметті қонақ ретінде келіпті. Көш басында – қазақ күресінің киесі дерлік Диханбай Биткөзов. Сонау сексенінші жылдары Дихан аға басқарған «Жас сұңқар» спорт мектебі алақандай Жаңаарқа ауданының атын Қазақстанға ғана емес, Одаққа да шығарып тұрды.
Диханбай мектебінің түлегі Қанат Байшолақов - самбо күресінен қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы. Талғат Байшолақов – Әлем кубогінің иесі, Еуропа чемпионатында еңіске салсаң төске озған оғлан. Жанат, Жасұлан деген, әлемдік додаларда жүлде терген Байшолақовтар және бар. Баптаған қырандары әлемдік жүлделерді қидай сыпырған сол атақты Диханбай Биткөзов турнирдің ашылу салтанатында «Біз, Кеңес Одағы кезінде Жамбылдан Марат Жахитов, Алматыдан Темірхан Досмұхамедов, Керей Қойшыбеков, Оңтүстіктен Жахан Оңалбеков, Батыстан Батыр Қуанышев бар, қазақ қуатын Одаққа таныттық» деді. Онысы имандай рас еді.
Әттең, сол даңқты шоғырдан Темірхан Досмұхамедов, Керей Қойшыбек, Батыр Қуанышов және Бауыржан Жаналиндер келместің кемесіне мініп кеткен. Турнирде Қазақстаннан озып, КСРО құрамасын жаттықтырған Марат Жахитов та мерейтой иесі туралы аталы сөздер айтты. Қазақ күресі Әлем қауымдастығының вице-президенті Серік Түкеев пен облыс спортын үлкен деңгейге көтерген Болат Қырықбаевтар ақжарма алғысын білдірді.
Бірақ, біз мақаламызда осының бәрін тізбектемедік.
Біз білетін Жахан Оңалбеков – атағы кешегі одаққа кеткен даңқты бапкер ғана емес, басын кеспек болсаң да шындықты айтатын ақиқаттың адамы. Шәкірттерін өз баласынан кем көрмейді. Олар да ұстазының алдынан кесіп өтпейді. Ерсі қылық көрсетпейді.
Әлемдік, Одақтық және Азия додаларда олжа салған сол жігіттердің де аты жөнін реті келгенде айта кетелік.
Жасөспірімдер арасында Одақта үздік бестікке кірген Пернебек Құлтаев, Азия биігін бағындырған Қуат Байқожаев, Берік Нұрғалиев, халықаралық жарыстарда шашасына шаң жұқпаған Мұрат Абдуллаев, Қорған Сәрсенбаев, Абдулла Сәрсенбаев, Сабыржан Бұлдырықов, Серік Құлтаев, Жұпарбеков Қайрат және Жақыпбек Қасымбековтердей жампоздардың қатары көп.
Бүгінде ғой Шымкенттің қазақ қаласы болғаны. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары Шымкентте спорт саласын орыс тілді ағайындар билеп-төстеп тұрды. Жарылқасын Оңалбеков қазақ күресі және самбо күресінен жалғыз дерлік аға бапкер. Империяшылдармен талай рет қырқысуға тура келеді. Бұл алашшыл ұлт зиялыларының басынан өткен кеп.
Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұлов өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Алматыда өтіп жатқан жеңіл атлетика турнирінен репортаж жазуға келеді. Жас журналист. Ұлтын жанындай сүйетін азамат жарысқа қатысушылардың тізімі жазылған парақтарға шұқшияды. Бас бапкер, жарысты ұйымдастырушы орыс әйелі журналистке мысқылдай қарайды.
– Жас жігіт, кімдерді іздеп тұрғаныңызды білем. Олар жоқ. Келесі бес жылдықта да болмауы мүмкін.
Жас журналист талағы тас айырылардай ашуланады.
– Ольга ханым, сіз айтқан жастар жоқ болса, ол сіздің кінәңіз. Осы елдің суын ішіп, жайлы өмір сүріп отырып сіз қазақ жастарын спортқа дайындауға құлықсыз болсаңыз, ол сіздің шовинистік пиғылыңыз.
Дәлме-дәл болмағанымен Сейдағаң осылай депті.
Осы жағдай Жахан Оңалбеков Кентаудағы спорт базасы жанынан қазақша күрес, самбо үйірмесін ашқанда да болған.
Үйірмеге тек қазақ балалары жазылыпты. Бір күні қалалық спорт комитетінің басшысы шақыртады.
– Неге сізде тек қазақ балалары жаттығады?-дейді ол қабағын түкситіп.
– Мен спортшылардың ұлтына шектеу қоймаймын. Бірақ, маған бір нәрсе түсініксіз. Неге басқа спорт түрлерінде қазақ жоққа тән. Оның себебін сіз неге білуге тырыспайсыз? Өз ұлты үшін қазақ бапкері осылай қаржысады.
Бүгінде турнирі халықаралық деңгейде өтіп жатқан ағамыздың спорттағы жетістіктерін айта берсек көп қой.
– Жахан ағамыздың шәкірттері команданың жарыста талай рет Қазақстанда бірінші болды,- дейді облыстық мәслихаттың депутаты Бәйкен Әшірбаев. – Оңтүстік самбо күресінің атасының осынау биігінде жары Жұпар апайдың да еңбегі өлшеусіз. Тылың мықты болмаса, жеңіс өздігінен келмейді.
Келісеміз. Солай болуы заңды да ғой.
Халықаралық турнирге 260-тан астам балуандар келді. Шымкент қаласы әкімдігі және спорт басқармасы ұйытқы болған турнир өз мәнінде өтті. Қалалық қазақша күрес федерациясының президенті, осы жарыстың өтуіне ұйытқы болған белгілі кәсіпкер Балтабай Асанов бұл халықаралық турнирдің ауқымы бұдан да кеңейетіндігін айтады. Түйе балуандыққа 22 бурасан жігіттер шыққан. Ақтық айқасқа әлемдік додаларда олжа салып жүрген қос балуан, шымкенттік Ерсұлтан Мұзарапов (91 келі) пен Абай облысынан келген, Әлем кубогінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев (160 келі) шығып, терезесі тең айқаста Ерсұлтан жеңіске жетті. Қарсыласын қырқа шалып, жамбас ұпайын еншілеген Мұзапаров бас бәйгеге тігілген шетелдік көліктің тізгінін ұстады. Турнир өте жоғары деңгейде өтті.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.