Спорт кешенiн салып бердi

Пятница, 10 Июнь 2016 05:36 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3953 раз

Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылына қызыға да қызғана қарайтындар, үлгі тұтатындар көп. Өйткені, ауылдың бүгінгі ажар-келбеті, тұрғындарға жасалған тұрмыстық – әлеуметтік жағдайлармен қалаңыздағыдан қалыспайтын нысандары кісі қызығарлық.

sport keshseni

Күні кеше, осы үлгілі ауылда тағы бір үлкен нысан пайдалануға берілді. Кәсіпкерлік саласында тасы өрге домалап жүрген
Қаракемер ауылының түлегі Қайрат Молдасейітов мектеп жанынан ірі спорт кешенін туған ауылына, білім алған қасиетті шаңырағы мен ұстаздарына, жалпы жерлестеріне деген құрметі, тағзымы, ыстық ықыласы ретінде тарту етті.

Ауыл жұртының азаматына айтар алғысы шексіз, көзкөргендер тірі болса 80-ге толар Қайраттың әкесі Құсайын мен анасы Рысбүбіні еске алады, осындай ұл тәрбиелегендеріне риза болып отырады. Бұған дейін Қаракемерге зәулім мешіт, 100 орындық балабақша салып берген, мейірімге мұқтаж жандарға және аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсетуді дәстүрлі дағдыға айналдырған, ауыл тұрғындарының алғысына бөленген азаматты көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының халқы да жақсы біледі. Олай дейтініміз, Қ.Молдасейітовтың басқаруындағы «Отау строй» компаниясы өз демеушілігімен киелі Түркістанда 16 пәтерлік үй салып, оны мүгедек жандарға табыс еткен болатын. Одан бөлек осы қасиетті қалада мүгедек балаларды оңалту орталығын да өз қаржыларына салып, пайдалануға берген. Сондай-ақ, Шымкент қаласында СПИД-ке шалдыққан балаларға арнап салынған «Ақпараттық-оңалту орталығы» секілді бірқатар игілікті істер атқарылды.

Қордай ауданы Қаракемер ауылында пайдалануға берілген жаңа спорт кешенінде күрес, бокс залдары бар, футбол алаңы және сыртқы фитнестік құрылғылар орнатылған. Бес бірдей әлем чемпионы шыққан аудан тұрғындарына спорттық жаттығу жасауға үлкен мүмкіндіктер жасалған. Кешенде күреспен айналысуға 144 шаршы метр күрес кілемі және бокспен айналысатын үлкен ринг орнатылған. Заманауи спорт кешенін есімі әлемге әйгілі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстан Республикасының құрметті дәрігері, қазақ боксының жанашыры, қоғам қайраткері Мүсілім Дайырбеков құттықтау сөз сөйлеп ашты.

«Елімізде спорт инфрақұрылымдарының тұрақты өсу үрдісі байқалғанымен, әлі де ауылдық жерлерде спорт ғимараттарын көптеп салу қажет. Спорттағы мықтылардың көпшілігі ауылдан шыққаны мәлім. Спорт адамға ұстамды мінез береді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ашылған бұл спорт кешенінен болашақта олимпиада чемпиондары, еліміздің мықты азаматтары шығады деген үміттемін. Ел спортын дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін» – деді ашылу салтанатында кәсіпкер Қ. Молдасейітов.

Спорт кешенінің ашылуы құрметіне Молдасейітұлы Құсайынды еске алуға арналған қазақ күресінен халықаралық турнир және ат жарысы өткізілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар және қымбат автокөліктер жүлдеге берілді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Жамбыл облысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тәуелсiздiк тойындағы қуаныш Жүлдемен оралды »