Еуро-2016: Алғашқы айналым айшықтары

Пятница, 17 Июнь 2016 09:30 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3612 раз

Әлем назары ауған ЕУРО-2016 ойындары қыза түсті. Топтық кезеңнің бірінші айналымы тартысқа толы болып, әуел бастан фавориттер қатарына қосылған құрамалардың бірі – күткен үдеден шыға алса, енді бірі – артылған сенімді ақтай алмады. Франция алаңдарында өтіп жатқан қызықтарды тарқатып көрейік.

large

Еуропа чемпионатының шымылдығын Франция мен Румыния футболшылары түрді. Дидье Дешам шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жетіп, қоржындарына алғашқы үш ұпайды салды. Бұл ойын барысында Димитри Пайе бір голмен және бір нәтижелі паспен көзге түсіп, матчтың үздік ойыншысы атанды.
«Б» тобындағы ең қызықты бәсеке деп Англия мен Ресей құрамаларының текетіресін айтар едік. Рахим Стерлинг, Уэйн Руни бастаған жігіттер ойын тізгінін қос таймда да қолдарына алғанымен жеңісті өз пайдаларына шеше алған жоқ. Екі команда да бір-бірден гол соғып, қанжығаларына алғашқы ұпайларын салды.
Төрт жыл бұрынғы Еуропа біріншілігінде жеңімпаз болған Испания да фавориттер тізімінде. Фернандо Торрес, Давид Вилья сынды сұрмергендері тыс қалса да, Дель Боске шәкірттері ұжымдасқан ойын нәтижесінде үш ұпайды иеленді. Турнирдегі алғашқы кездесуін Чехия құрамасына қарсы өткізген қызыл фурияны 86-минутта Жерар Пикенің қақпа төрін тулатқан жеңісті голы алға шығарды. Қысылтаяң шақта испаниялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, өз тобында көш бастады.
Кіл мықтылар жиналған кәрі құрлықтың басты бәсекесінде әлем чемпионы Германия да өз әлеуеттерін көрсетіп-ақ жатыр. Йоахим Левтің шәкірттері Ярмоленка, Коноплянка бастаған украиндықтардан 2:0 нәтижесімен басым түсті.
Әзірге, «Еуро-2016»-дағы ең қызықты ойын Бельгия мен Италия футболшылары арасында өрбіді. Ойын алдындағы болжам бойынша бельгиялықтар Антонио Конте шәкірттерін оңай еңсереді делінген болатын. Алайда, мұндай турнирлерде әбден ысылған «Скуадрадзура» қорғаныста да, шабуылда да мықтылығын танытып, таблоға 0:2 есебін тіркеді. Өзінің ұлттық құрама сапындағы он бірінші турнирін өткізіп жатқан футбол аңызы Джанлуиджи Буффон қақпасын құлыптап ұстай алды.
Ала доп бәсекесі сенсациясыз болуы мүмкін емес. Ал, алғашқы айналымдағы таң қалдырған матч Португалия мен Исландия арасында өткеніне куә болдық. Үш дүркін алтын доп иегері Криштиану Роналду бастаған португалдықтар Исландиямен ұпай бөлісуіне тура келді. Қорытынды есеп 1:1.
Қалған ойындарда да командалар жанкештілік танытып, жанкүйерлерінің сенімін ақтауға тырысты.
Әрбір чемпионат сайын көрермендер қызыға тамашалайтын «Өлім тобы» биылғы бәсекеде де тартысқа толы болмақ. Футбол мамандарының болжамынша, топтық кезеңдегі басты бәсеке «Е» тобында өтетін сыңайлы. Әзірге үш ұпаймен топ бастаған Италия, Златан Ибрагимовичтей серкесі бар Швеция, іріктеу кезеңін өте жоғары деңгейде тәмәмдаған Ирландия және жұлдызды ойыншылардан жасақталған Бельгия төрттігі өз әлеуеттерін үш ойында да көрсетуге тырысары анық.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ,
Қ.А.Ясауи атындағы
ХҚТУ-дiң студентi

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.