×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Кiл үздiктер сұрыпталды

Среда, 29 Июнь 2016 06:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4793 раз

Футбол тарихында алғаш рет құрлықтағы 24 үздік құраманың басын қосқан Еуропа біріншілігінде ширек финалға шыққан командалар белгілі болды. Бұған дейін жолдама мәселесін шешіп тастаған Польша, Уэльс, Португалия, Франция, Германия, Бельгия құрамаларының қатарын Италия және Исландия толықтырды. Енді сәйкесінше, жартылай финалға берілер жолдама үшін Польша – Португалия, Уэльс – Бельгия, Германия – Италия және Франция – Исландия құрамалары өзара бақ сынайтын болады.

Жалпы, плей–офф ойындарын саралайтын болсақ, біріншілік барысында алғаш болып Бельгия бір ойында төрт доп соқты. «Ғ» тобының үздігі атанған Венгрия құрамасы бұл жолы Бельгияның қарқынды шабуылдарына төтеп бере алған жоқ. Қорытынды есеп – 4:0! Бельгия сапында Алдервейрелд, Батшуайи, Азар және Феррейра-Карраско мергендігімен танылды. Сондай-ақ, Германия да Словакия құрамасының қақпасына жауапсыз үш доп соғып, турнирдің басты фавориті кім екенін тағы бір «еске салды». Дегенмен, «неміс машинасы» үшін ширек финал ойыны аса шиеленісті жағдайда өткелі тұр. Себебі, олардың ендігі қарсыласы соңғы өткен Еуропа біріншілігінің финалисі Италияның өзі болмақ. 

1441256471germany0409

Плей-офф сатысындағы тағы бір жаңа дерек – EURO тарихында алғаш рет матчтың 2 минутында-ақ 11 метрлік айып добы белгіленді. Франция – Ирландия кездесуінде француз командасының қорғаушысы Погба айып алаңына енген ирландық шабуылшы Лонганы дөрекі әрекетімен ғана тоқтата алды. Төреші нұсқаған 11 метрлік айып добын орындауда Риццоли қателескен жоқ. Еске сала кетсек, бұған дейінгі ең жылдам 11 метрлік айып добы 2008 жылғы біріншілікте тіркелген еді. Ол кезде хорватиялық Лука Модрич Австрия құрамасының қақпасына ойынның 4-ші минутында айып добын орындаған еді.

Алғашқы рекордтар тiркелдi

Франциядағы доп додасының бұған дейінгі өткен құрлық біріншіліктерінен өзгешелігі сол, жаңа регламент негізінде қатысушылардың қатары 24 командаға дейін ұлғайды. Нәтижесінде, төртжылдықтың басты додасына Исландия, Солтүстік Ирландия, Словакия, Уэльс және Албания секілді құрамалар да қатысу мүмкіндігін иеленді. Өз кезегінде, бұрын тек алғашқы екі орынды жеңіп алған құрамалар ғана жарысты жалғастырған болса, бұл жолы үздік көрсеткіш көрсеткен үшінші орын иегерлері де осы саптан табылды.
Бұл жолғы Еуропа біріншілігінде жанкүйерлер саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. Өткен жексенбіде Парижде Франция – Швейцария арасындағы матчты тамашалауға 90 мың жанкүйер жиналған. Бұған дейін де жанкүйерлердің саны бойынша жаңа рекорд нақ осы турнирде тіркеліп үлгерген еді. Франция – Румыния арасындағы турнирдің алғашқы матчын тамашалағандар 87 мың көрермен болды.

Кiм жеңiмпаз атанады?

Белгілі футбол сарапшылары нақ қазіргі кезде бәсті кімге тігерін нақты болжай алатын емес. Дегенмен, Германия құрамасының бүгінгі деңгейін жоғары бағалайтындар көп. Шын мәнінде немістер командасының барлық шебінде де әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шоғыры бар. Мануэль Нойер, Матс Хуммельс, Томас Мюллер, Тони Крос секілді шебер ойыншыларымен бір қатарда құрлықтың үздік клубтарында жетекші рөлге ие жас толқын өкілдері жүр. Фавориттер қатарында Криштиану Роналду секілді дара жұлдызы бар Португалия құрамасының да орны айрықша аталады. Сондай-ақ, басты үміткерлер тізімінде алаң иесі – Франция құрамасы да осы жолы топ жарып шығудан үмітті. Италия құрамасының да өткен біріншіліктегі жетістігін қайталауға мүмкіндігі мол.

Жеңiмпаз үшiн – 27 миллион еуро...

Биыл УЕФА ұйымы жарыстың жалпы жүлде қорын арттырып, ұтысқа 301 миллион еуро тігіп отыр. Бұл қатарда ширек финал жолдамасын иеленген құрамалар – 1,5 миллион еуромен марапатталды. Алда ширек финалға өткендер – 2,5 миллион, ал жартылай финалға жолдама алғандар – 4 миллион еуроны иеленбек.
УЕФА қауымдастығы да EURO–2016 турнирінен 2,2 миллиард еуро пайда табуды жоспарлап отыр. EURO–2012 турнирінде қауымдастық 1,4 миллиард еуро табыс тапқан еді. Турнир қатысушылары санының артуы өз кезегінде, Федерацияның қаржылық табысын ұлғайтуына айтарлықтай мүмкіндік беруі тиіс.
Турнирді өткізу мәртебесіне ие болған Франция елі стадиондарды жөндеп, жаңа спорт кешендерін тұрғызу үшін 1,7 миллиард еуро қаржысын жұмсапты. 1 айға созылатын құрлық біріншілігін тамашалау үшін әлемнің 2 миллион тұрғыны елге келеді деп күтілуде. Бұл ретте, қауіпсіздік шарасына да айрықша мән беріліп отыр. Бұл мақсатта жалпы саны 80 мың полицей мен 12 мың жеке күзет қызметкері тыныштыққа жауап береді.