Жұманазар – күміс жүлдегер Избранное

Вторник, 05 Июль 2016 04:37 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4341 раз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы – 2016» ұлттық жобасы биыл да жалғасты. Ұлттық спорттың төресі қазақ күресін дамытуды көздеген беделді турнир елдіктің тойына айналғанына куә болдық.

13567132 1109708322406230 6589970929940289132 n

Осы бәсекеде Оңтүстіктің балуаны Жұманазар Ерсұлтанов күміс жүлдені иеленіп, бабында екенін байқатты. Бұл жолы жанкүйер біткеннің назары Жұманазарға ауған. Расында да, әдіс-айласы мол, салмағы да ауыр жерлесіміз ә дегеннен-ақ қарсыластарын жұмарлай жеңіп келе жатыр еді. Тау теңселтер екпінімен Леонид Станеевті (Ақмола облысы), Нұрдәулет Жарылғаповты (Маңғыстау облысы), ширек финалда Александр Касачевті (Алматы облысы) алып ұрған. Жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Айбол Айтбек те қарсы тұра алған жоқ.

Бас бәйгенің тағдыры шешілер белдесуде 2012 және 2015 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев тап келді. Кәдімгі тау мен таудың соғысқанындай әсерде отырдық. Тараз арланы соңғы күшін финалға сақтап келгендей екен. Текетірес орта тұсынан ауғанда Ыстыбаев оңтайлы сәтті пайдаланып кетті. Осылайша жамбылдық балуан мәртебелі сайыстың үш дүркін жеңімпазы атанды. 

Жеңімпазға 25 млн теңге, алтын тайтұяқ және Астанадан бір бөлмелі пәтер берілді. Екінші орын иегері Жұманазар Ерсұлтановқа 5,5 млн теңге, үшінші орын алған Айбол Айтбекке 1,8 млн теңге көлемінде сыйлық табыс етілді.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевтың айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қазан айында Астанада әлем чемпионаты өтеді. «Дәулет» спорт кешенін дүбірге бөлейтін додаға 40-қа жуық елдің спортшылары шақырылмақ.

Последнее изменение Вторник, 05 Июль 2016 05:32
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.