×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Ширек финал шежiресi жазылды

Вторник, 05 Июль 2016 06:40 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3280 раз

Қазақ спорт журналистикасының қайраткері Несіп Жүнісбаевтың сөзімен айтсақ, нақ қазір Франция футболмен «тыныстап» тұр. Олай демегенде ше, Еуропа біріншілігінің ширек финалдық кездесулері ұзақ уақыт бойы дүйім жанкүйер қауымның жадында сақталары анық. Турнирдің әу бастан-ақ, фавориттері саналған Германия мен Италия құрамалары өзара ширек финалда кездесіп, барша жанкүйер қауымды «ала доптың сиқырымен» арбағандай еді. Сондай-ақ, Еуропа біріншілігіне алғаш рет жолдама алған Уэльс құрамасы ә дегеннен «айды аспанға шығарғандай» болды.

germany-italy

Ширек финалдық ойындардың алғашқы кездесуі – Польша мен Португалия құрамаларының арасында өтті. Небары ойынның екінші минутында Португалия құрамасының қорғанысы сыр беріп, Левандовский мергендігімен танылды. Жылдам доп соға алған Польшаның бұл «ерлігі» еуропадағы «бразилиялықтарды» айтарлықтай есептен жаңылдырғаны анық. Дегенмен, «ойын тізгінін» қолда ұстаған Фернанду Сантуш шәкірттері көп кешікпей-ақ есепті теңестірді. Поляк қақпашысы Лукаш Фабьянский шабуылшы Саншештің соққысына тойтарыс бере алған жоқ. Нәтижесінде, Марсельде ойналған матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Қосымша белгіленген жарты сағаттық уақытта да осы есеп өзгерген жоқ. Сол себепті де, жеңімпазды ойыннан кейінгі орындалған 11 метрлік «лотореяның» нәтижесімен анықтауға тура келді. Шешуші сында 5:3 есебімен алға шыққан Португалия алғаш болып жартылай финал жолдамасына иелік етті. 

Жартылай финал кезеңінің екінші жолдамасын Уэльс – Бельгия құрамалары өзара сарапқа салды. Бірінші таймның 13-ші минутында Бельгия құрамасының футболшысы Радже Наингголану гол салып, есепті ашса, Уэльс құрамасының капитаны Эшли Уильямс 30-шы минутта есепті теңестірді. Екінші таймда Хэл Робсон-Кану мен Сэм Воукс салған доптар Уэльс құрамасына түпкілікті жеңісті алып келді. Қорытынды есеп – 3:1! Енді Уэльс шілде айының 6-жұлдызында жартылай финалдық ойынын Португалия құрамасына қарсы өткізеді. Айта кетейік, қос құрама бұған дейін өзара 3 рет кездескен болатын. Оның екеуінде Португалия, ал бірінде Уэльс құрамасы өз жеңісін тойлаған. Бұл ретте көпшілік қос құрама капитандары, мадридтік «Реалдың» шабуылшылары Криштиану Роналду мен Гарэт Бэйлдің өзара тартысын асыға күтері анық. 

Germany-v-Italy-International-Friendly-iOgA1QRVDchl

Ширек финал ойындарының үшінші кездесуі, турнир фавориттері – Германия мен Италия арасындағы матч күллі әлем халқының назарын өзіне аударғаны даусыз. Бұл ойынға дейін қос құрама өзара 20 рет кездескен. 5 матчта Германия құрамасы жеңіске жетсе, Италия 11 ойында ұтқан. 4 кездесу тең аяқталған. Көпшілік қауым шын мәнінде, өздері қалаған нағыз «футбол спектаклін» тамашалады. Ойынның 65-минутында Германия сапынан Месут Өзил салған допқа Италия құрамасының жартылай қорғаушысы Бонуччи 78-минутта жауап қайырды. Бұл кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Бордо қаласының «Матмут-Атлантик» стадионына жиналған 60 жанкүйер қосымша уақытта да жеңімпазды көре алмады. Дегенмен, 11 метрлік футбол «лотореясында» Германия құрамасы үздік шықты. 

Сондай-ақ, турнирдегі ең ірі есеп ширек финалда тіркелді. Өз кезегінде, Франция құрамасы Исландияны 5:2 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.
Франция құрамасы бірінші таймда-ақ басымдығын байқатты. Жиру, Погба Гризманн және Пайе салған доптарға Исландия сапынан Сигторссон мен Бьярнасон 2 доппен жауап қайтара алды. Нәтижесінде, осы турнирде тамаша ойынымен жанкүйер ықыласына ие болған Исландия сапарын тәмамдады.

Жартылай финалда Франция құрамасы Германиямен кездеседі. Ойын 7-шілдеде Марсель қаласының «Велодром» стадионында өтеді.