Ескек есуден жүлде аламыз десек...

Среда, 13 Июль 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3646 раз

Қазақстанның ескек есу спорты өкілдері Олимпиадаға жеті жолдама иеленді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Байдаркада есуде ерлер 3, арулар да 3 лицензияны қоржынға салды. Ал каноэде есуде 1 жолдамамыз бар. Төрт лицензия Оңтүстік спортшыларына тиесілі.
Білгір маман, ОҚО байдарка және каноэде есу спорты федерациясының президенті Денис Жарменов шәкірттеріне зор сенім артып отыр. Спортшыларға барлық жағдай жасалды. Соңғы кездері су спортына деген көзқарас та қуантарлық. Әттеген-айы, мұндай қолдау жиырма жыл бұрын жасалғанда, осы уақытта талай чемпион суырылып шығар еді.

7 жолдама – рекордтық көрсеткiш

1467715759 unknown-6

Мұхиттың арғы жағын бетке алатын спортшыларымыз бұл жолы саудырлатып жүлдені қоржынға салса, қане?! Бүгінде жолдама иеленген алты спортшымыз да ұлттық құрамамен бірге Беларуссия елінде оқу-жаттығу жиынында жүр. Беларусь маманы Владимир Шантарович ұлттық құраманың тізгінін ұстағанына төрт жылға жуықтады. Ұлттық құрама мүшелері соңғы дайындықтарын Чехияның Ратчица қаласында пысықтайды. Олимпиадаға үш күн қалғанда Рио-де-Жанейроға аттанбақ.
Ел спортшылары халықаралық жарыстардың бәрінде де толайым табыстарға иек артып келеді. Азия чемпионаты, әлем кубогы, әлем чемпионаты, Азия ойындарынан алған жүлделеріміз бір төбе. Бізге жетпей тұрғаны – Олимпиада медалі ғана. Сол себепті негізгі басымдық осыған бағытталып тұр. Тарихта бірінші рет ескек есу спортынан Олимпиада медалін алудан үміт зор.
Облыстың аға бапкері қызметін қоса атқаратын Денис Қасымұлы бұған дейінгі Олимпиадаларда иеленген жолдамаларды санамалап көрді. Осынау 20 жылдың ішінде Рио-де-Жанейроға ең көп спортшы үкілеп қосамыз – 7 жолдама. Атлантада – 5, Сиднейде – 3, Афиныда – 2, Бейжіңде – 4, Лондонда – 4 лицензия қолға түсіпті. Ең үздік нәтиже – каноэде есуде жекелей сындағы жетінші орын. Атлантада теміртаулық Константин
Негодяев осындай нәтиже көрсеткен.
Көңіл шіркін көк дөнен. 4 лицензия иеленген ОҚО ескек есушілерінің бәрі де талай сыннан өткен, тәжірибелі саңлақтар. Қазір байдарка және каноэде есу спорты жалпы республикада даму үстінде. Оңтүстіктің ескекшілері – Ұлттық құраманың 70 пайызын құрайды. Жастар құрамасы да солай. Бізде мықты мектеп қалыптасқан. Дәстүріміз тереңде. Әсіресе, жастар көптеп келуде.
Өзге өңірден басты үстемдігіміз – жоғары деңгейде дайындық жүргізуге арналған оқу-жаттығу базасы бар. Бадам су қоймасынан ашылған кешеннің әлеуеті зор. Ескек есу спортына арналған елдегі жалғыз, әмбебап жаттығу кешені осы.
– Біздің базадан болашақта талай мықтылар шығады. Мұнда жыл бойы суда жаттығуға мүмкіндік бар. Келешекте Олимпиада жеңімпаздарын дайындауды қолға аламыз. Мен бұл Олимпиадада Тимур Хайдаровқа үміт артамын. 20 жасар спортшы. Чехияның Ратчица қаласында өткен әлем кубогында алтын медаль әперді. Бұл – үлкен жетістік. Егер бұл спортшы Олимпиаданың финалына өтсе, бар күшімен жүлдеге таласа алады. Біз осыдан үміттіміз, – дейді білікті басшы.

Ағайындылар медаль алуды көздейдi

doniӨкініштісі, ағайынды Емельяновтар бұл Олимпиададан сырт қалып отыр. Жастар арасында әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған олар жас болса да бас бола білген жігіттер. Жастар арасында әлем чемпионатына қатысу үшін Беларуссияға аттанып кетіпті. Сергей және Тимофей Емельяновтар көптен бері жетістіктерімен қуантып жүрген-ді.
Жоталы жоспар түзілген. Байыпты бағдарлама жасалған. Рио ойындарынан кейін польшалық мамандар ағайындыларды жаттықтырмақ. Басты мақсат – жерлестерімізді Токио ойындарына дайындау. Дайындап қана қоймай, фавориттер қатарына қосуға әрекет етпек. Жарменов бастаған басшылар осындай келісім-шарт жасасыпты. Төрт жылдан кейін ағайындылардың шын әлеуетіне куә боламыз.
Денис Қасымұлы осындай сырымен бөлісті. Мұндай тәжірибе әлемде бары көпке мәлім. Бастысы, бапкер еңбегі зая кетпесе дейміз.
– Жалпы, есек есуде Еуропа елдері үздік. Германия, Венгрия спортшылары әуелден фаворит саналады. Ресей, Беларуссия, Франция, Англия да үздіктер қатарында. Біз қазір Азия құрлығы бойынша көшбасшымыз. Осыдан екі жыл бұрын Инчхонда жалпы есепте бірінші орын алдық. Өзім Риодан табысты өнер көрсетеріне сенім артамын. 7 жолдама алуымыз бізде өсу барын байқатып отыр. Бізде мықты спортшылар көп. Ирина Подойникова мен Наталья Сергеева да қазір нағыз бабында. Олар да нәтиже көрсетуі тиіс, – дейді федерация басшысы.

Елдегi бiрегей кешен

Шымкент қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Бадам суқоймасынан ашылған оқу-жаттығу базаның жағдайымен таныстық. Федерация президенті Денис Қасымұлының өзі базаға ерте келді. Түскі тамақтың калориясын тексермек екен.
Әлеуетті базада осы күні жаттығу жиындары өте бастаған. Бүгінде облыстың жасөспірімдер құрамасы алдағы жарыстарға дайындық үстінде. Спортшылардың сапалы дайындалу үшін барлық жағдай жасалыпты-ақ.

VP7T8658  dsKbw7l74j8 

140 адамға арналған қонақ үй бөлмелерін аралап көрдік. Күш қуатты арттыруға және арнайы ескек есу жаттығуына арналған екі залы бар. Күніне 4 мезгіл тамақ беріледі. Қазір базада 100-ге жуық бала дайындалып жатыр. Олар сенбі, жексенбі күні үйіне барып, бой жазып қайтады.
Жасұлан Әріпханмен сөйлесіп отырмыз. Үш аптадан бері дайындалып жүрген оның арманы асқақ. Көкейінде Олимпиадаға қатыссам деген арман сайрап жатыр. Каноэде есумен шұғылданып жүргеніне бір жыл болған. Шымкенттегі №15 мектептің 6 сыныбында оқиды екен. Қыркүйекте өтетін республикалық жарысқа қатыспақ. 11 жасар жасөспірімнің талабы таудай.
Төрт жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданатын Андрей Толмачевтің де жетістігі бар. Ол байдаркада есуді таңдапты. Әзірге, облыс чемпионатында жүлде алып жүр.
Бізді кешеннің әлеуетімен таныстырып шыққан маман бұл спорт түріне барлық жағдай жасалғанын айтады. Бірақ...
– Біздегі басты мәселе шешімін тапқан. Бұл базаны жиырма жыл бойы күттік. Дегенмен, жұмыс барысында әлі біраз мәселелер шешілуі тиіс. Ендігі кезекте жаңа қайықтарды көптеп сатып алуға қаржы бөлінсе деймін. Заманауи қайықтарды өз уақытында алуымыз керек. Әрине, жыл сайын сатып әкелінеді. Бірақ жеткіліксіз. Жаттығуымыздың көбі Франция, Молдова және Белоруссия елдерінде өтеді. Мұнда келесі жылы ұлттық құраманың жиынын өткізу жоспарда бар, – дейді ұсыныстарын айтып.
Бір қуантарлығы, базада академиялық есу бөлімі ашылыпты. Одан бөлек, бапкерлер параканоэ спортын да дамытпақ ниетте.

«Әлі талай чемпион шығады»

doni-2

Жасыратыны жоқ, қазақтың балғын ұл-қыздары әліге дейін су спорты түрлеріне мойын бұра бермейді. Мәселен, ескек есуде облыстағы бапкерлердің жалпы саны жиырманың төңірегінде ғана.
Кезең-кезеңімен мәселелер шешімін тауып келеді. Облыста су супорты түрлеріне арналған мектеп бар. Оны белгілі маман Серік Оңғарбаев басқарады. Төрт жолдама иегерінің екеуі сол мектептің түлектері болса, екеуі қалалық мектептің спортшылары.
Құдайға шүкір, жер-жерде бассейндер де ел игілігіне беріліп жатыр. Сәйкесінше, олардың саны көбейген сайын шұғылданушылардың қарасы арта бермек. Су спорты түрлеріндегі бір ғана ескек есуде Олимпиаданың 12 жүлде жиынтығы бар. Академиялық есуде одан көп. Бірінші кезекте, біз су спорты түрлеріне деген көзқарасты өзгертуіміз керек.
«Қазір су спортына көңіл бөліне бастады. Әрі қарай дами түсуі үшін, жұмысты сауатты ұйымдастыра білу керек. Спорт ғимараттарын салғанмен, жұмысты дұрыс жолға қоя алмасақ, іс өнбейді. Менің ендігі мақсатым – базаның жанынан спорттық медициналық зертхана ашу. Ғылымсыз спорт дамымайды. Спорттық дәрігерлер бізге көмектесуі керек. Еуропа елдерінде спорттық дәрігерлер жарыстарға барып, үнемі спортшылардың жанында жүреді. Олардың тамағын қадағалайды. Бапкерлердің ондай мамандармен бірге жұмыс істеуінің де пайдасы мол».
Бұл – базадан қайтып келе жатқанда, жол үстінде айтылған басшының уәжі. Нәтижеге жету бір күннің шаруасы емес екені де мәлім ғой. Сәтімен оған да қолымыз жетер. Бастысы, қолға алған жұмысты ақырына дейін жеткізу.

Последнее изменение Среда, 13 Июль 2016 09:53
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.