Жеңiспен орал, Жазира!

Среда, 27 Июль 2016 06:40 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4026 раз

Ауыр атлетикадан әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл – ел үміт артқан саңлақ. Рио-де-Жанейрода өтетін отыз бірінші Олимпиададан олжалы оралуды мұрат еткен. 69 келідегі үздіктердің көшін бастауға барлық мүмкіндігі бар. Жазираның жеңісті сәттеріне куә болғанбыз. Арыстың толағай қызы, қазақтың Жазирасы екенін талай рет дәлелдеген. Әлем чемпионатының күмісін алғаш рет олжалаған кезі әліге дейін көз алдымызда. Ол күн тарихтың жаңа беті ашылған сәт еді. Арқаланып барған сапардан көңіл марқайып қайтты. Болашағы жарқын боларынан үміттенгенбіз. Мінекей, талай сыннан өткен зілтемірші алғашқы Олимпиадасында бағын сынамақ.

АҚШ жерiнде де жүлдеге жеттi

3341c3e77c9abc2527559a2c2a974897 big

«Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген. Тарихи сәттермен есте қалған дода әлі талай айтылады. Қазақтың қаракөздері тұңғыш рет әлемдік сайыстың алтын, күмісін сыйлаған мезет қой.
«Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Осыдан дәл бір жыл бұрын шаршы алаңның шаңы қағылған жер зілтеміршілердің сахнасына айналыпты. Таныс нысан. Таныс сарай. Әлем чемпионатының аурасы бірден байқалады. Бокстан тарихи төрт алтын алған сарайдың зілтеміршілерге де жұғысты болсын деген ниет, тілек жанкүйерлерде. Жастар сапынан небір соқпақтардан өтіп келген Жазираның жұлдызды сәті енді туды. Нағыз қызу шайқасты солтүстіккореялық спортшы бастады. Жазира да қарап қалмай, үшінші мүмкіндігінде 118 келіні таза орындады. Екінші жаттығуда да тайсақтамай, соңына дейін тіресті. Солтүстіккореялық Рио Ун Хю – талайды көрген спортшы. Алматыға да өз жоспарымен келген. Екінші жаттығуда ол 145 келімен тоқтап, бірінші орынға шықты. Жазираның нәтижесі 144 келі. Сонымен, қазақ қызы тарихта тұңғыш рет әлем біріншілігінің жүлдегері».
Екі жыл бұрын Алматы асып, әлем чемпионатын тамашалап қайтқан кезде осылай деп оқырманнан сүйінші сұрағанбыз. Былтыр сол жеңісті жорық АҚШ жеріндегі әлем чемпионатында да жалғасты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та Хьюстонға сапарлап, дем беріп қайтқан. Мұндайда намысты қолдан беруге болмас әсте. Сол жолы да мықтылармен тайталасып, күміс жүлде иеленді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша бас жүлде 263 келіні көтерген қытайлық Сян Янмейге бұйырды. Жазира 256 келімен екінші мәрте күміс жүлдегер атанды.

Денешынықтыру пәнiнен басталды 

99962cdf8e2d7b89f8ac5e808dbcd00bЖазира 1993 жылы 22-і желтоқсанда темір жолдары тарамдалып жатқан Арыс қаласында дүниеге келген. Отбасында жеті қыздың ішіндегі ең кенжесі. Ауыр атлетикамен 8 жасынан бастап айналыса бастайды. Мектепте оқып жүргенде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дүйсебек Құрманов осы спорт түріне үгіттеген. Алғашында қыз баланың темір көтергені ерсі көрінсе керек, ата-анасы қарсы болыпты. Жаттығудың өтеуі ретінде жүлделер сыңғырлап келе бастағанда ғана көңілдері жайланыпты. Облыс орталығына ауысқан кезде Рашид Төлегенов те біраз жетістікке жетеледі. 2010 жылы Сингапурде өткен тұңғыш жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында топ жарды. Міне, спортшының алғашқы баспалдақтары осылай қаланып еді.
Бастапқыда қарсы болған ата-ана, бауырлары бүгінде спортшының басты жанкүйері.

         «НЕ ЖЕЙМІН, НЕ ІШЕМІН ДЕМЕЙДІ...»

Таяуда Шымкентте Жазираның талабын ұштаған бапкер Рашид Төлегеновты жолықтырып қалдық. Амандық-саулықтан кейін әңгіме ауаны бірден ауыр атлеттер жайына ойысты. Білікті маман отандық зілтеміршілерден қоржынына бұл жолы кемі екі алтын түсеріне сеніп отыр. Жазираның да бағалы жүлдемен қуантатынын бағамдайды.
Әттеген-айы, «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, ауыр атлетикадағы қазіргі допинг мәселелері жөнінде пікірін айтты. Әрине, елде спорттық медицинаны дамытпай, мұндай жағдайлар кездесе бермек. «Шынашақтай ғана қытайлар таудай-таудай темірлерді көтеріп жатады. Олардың неге қанынан кінәрат табылмайды?» деп сауалды төтесінен бір-ақ қойдым. «Олармен бізді салыстыруға мүлдем келмейді. Қытайда спорттық медицина жоғары дамыған. Не ішіп, не жегенің бәрі бақылаулы. Спортшылар қандай дәрі ішу керек, қай дәруменді қай кезде қолдану керек деген мәселеге бас қатырмайды. Олардың бар ойы берілген тапсырманы орындау. Өйткені, фармакология жағын реттеп отыратын арнайы мамандар бар. Біз де соған көшуіміз керек» дейді білікті бапкер тереңінен қозғап.
Адам ағзасы дәрумендерді де пайдалану керек. Онсыз алға басу жоқ. Ал оны қалай падалану күрделі мәселе. Бұны шешу үшін ғылымға бет бұрған жөн.

Басты қарсылас – Сян Янмей

Осыдан бес күн бұрын Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Олимпиадаға қатысатындардың тізімін жария етті. Оның ішінде Қазақ елінен сегіз саңлақ сапта. Әйелдер арасында 69 келіде Жазира Жаппарқұлға сенім артылып отыр. Тізімге қолымыз жете салысымен, қарсыластарды да шолып шықтық. Бұл салмақта 19 спортшы тіркеліпті. Өткен жылғы әлем чемпионы, қытайлық Сян Янмей, қола жүлдегер ресейлік Анастасия Романова, төртінші орын иегері Сара Ахмед (Египет) – біздің негізгі қарсыластар. Хьюстон төрінде қытайлық ару жерлесімізден жеті келіге озып кеткен-ді. Сол себепті, бағы мен бабы қатар шапса, бұл жолы есесін қайтаруға мүмкіндігі бар. Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында қоссайыста 270 келі (120+150) көтеріп, бабында екенін байқатқан.
Зілтеміршінің басты мақсаты – Олимпиада шыңына шығу. Бұны талайдан бері мәлімдеп те жүр. Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет жеңімпаз болғысы келетінін де жасырмайды. Оған жету әрине, өз қолында. Бар күш-қайратын көрсетсе, жеңістің ауылы алыс емес.
Облыс спортшыларына қолдау көрсету үшін Әлібек Нұрбайұлы да Олимпиадаға аттанғалы отыр. Біз Жазирадан тек жүлде күтеміз.
Айта кететіні, ауыр атлеттер жарысты 6 тамыздан бастайды. Арыстың толағай қызы 10 тамыз күні өз әлеуетін паш етпек.

Последнее изменение Среда, 27 Июль 2016 08:54
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.