Мергендiктi меңгерген саңлақтар

Пятница, 29 Июль 2016 09:40 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3682 раз

Риода жүлде алуды көздейдi

Нысана көздеу және садақ ату спортынан Оңтүстікте жеңісті дәстүр бар. Бапкерлердің шоғыры да осында. Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында елімізден 4 оқ ату шебері қатысса, соның үшеуі жерлесіміз. Садақ атудан да араға 16 жыл салып, Луиза Сайдиева жеңісті жолды жалғап отыр. Бұдан бөлек, оқ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Анвар Юнусметов те, садақ ату құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Ким де – ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушылары. Сонымен бірге, қабырғаға оқ атудан Мария Дмитриенко да Үндістанда өткен Азия олимпиадалық іріктеу турнирінде жолдаманы қоржынға салған еді.
Бұл нәтижелер кездейсоқ емес. Тарихтан сыр тартсақ, осы мектептің спортшысы Ольга Довгун да қырықтан асып, үлкен спортпен жақында ғана қоштасты.

ТӨРТЕУI – ЕҢБЕК СIҢIРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ!

 sport-2
 589
 sport
 yurkov

Таяуда жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Балғабай Елшиев саңлақтарын жолға шығарып салғанын жазған едік. Мектептің тарихы тереңде. 1960 жылы «Жастар спорт мектебі» ретінде ашылған мекеменің атауы 1975 жылы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» болып өзгерді. Содан бері мектеп ұжымы Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия чемпионаттарының жеңімпазы мен жүлдегерлерін тәрбиелеп келеді. Аты аталған спортшылар да осы мектептің мақтаныштары.
Юрий Юрков былтыр АҚШ-та өткен (Форд-Бенинг) Әлем кубогiнiң екінші кезеңiнде топ жарды. Елизавета Король осы сайыста 8-і орын алып, лицензияны қалтаға басты. Рашид Юнусметов Әзiрбайжанның Габала қаласында жалауы желбіреген әлем кубогында 5-і сатыға жайғасты. Жолдама осылай келген.
Рашид Юнусметов әке салған сара жолмен жүріп келеді. Ағасы Анвар болса, ол ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде. Нысана көздеуден 3 жолдама иегерін де бүгінде Юнусметовтер отбасы жаттықтырады. Біле білсек, бұл отбасының төрт бірдей мүшесі – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылары!
Енді спортшылардың әлеуетіне келейік. Юрков та, Юнусметов те талай дан бері көпшілікті мойындатқан үздіктер. Юрков – 2007 жылғы дүниежүзілік Универсиада чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері (2010), Азия чемпионы. Рашид Юнусметов те Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері (2006).
Қазір спортшылар Рио-де-Жанейродағы Олимпиадашылар қалашығына жайғасып үлгеріпті. Алғашқы жаттығу жиындарын да өткізген. Сайысты алтыншы тамыз күні бастайды. Бірінші күні Елизавета Король мен Рашид Юнусметовтың шамасын байқаймыз. Одан кейін Юрий Юрковқа да кезек келер.
– Бұл спортта кім жеңетінін болжау өте қиын. Барлық мергеннің мүмкіндігі тең. Халықаралық федерация да жарыстың ережесін өзгертті. Ең бастысы, біздің спортшылар финалға шығу керек. Сегіз спортшының қатарына ілінсе, жүлдеге жетіп қалар. Олар бұл маусымда өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әлем кубогының финалына шыққанын білесіздер, – дейді ұлдарын осы өнерге баулып жүрген Садулла Юнусметов шәкірттерінің мүмкіндігімен таныстырып.

АУЫРЫП, ЖҮЛДЕДЕН ҚАҒЫЛДЫ

Нысана көздеу спортын әлемнің барлық елі де дамытуға кіріскен. Әсіресе, соңғы кездері Азия елдерінен соны бетбұрыс байқалып жүр. Қытай спортшылары бұрыннан қарымды. Бейжің ойындарынан кейін Үндістан спортшыларының нәтижесі тіпті өсті. Олардан бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, КХДР, Еуропадан Ресей, Беларусь, Германия, Францияда да мергендер көп.
Біздің елде де бұл спорт түрі қанатын кеңге жая бастаған. Оқу-жаттығу базаларын көптеп аша берген жөн. Бұрын ОҚО, Павлодар облысы және Алматы қаласы көшбасшы саналса, олардың қатарына Астана қосылды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Тарихы тереңде жатқан ОҚО нысана көздеушілерінің ізбасарлары да қалыптасып үлгеріпті. Соның бір мысалы – Елизавета Король. Жиырманың маңайындағы балауса қыз өткен жылы ҚР Спартакиадасын ұтты. Енді міне, Олимпиадаға қатысқалы отыр. Қуаныштысы, Король Ольга Довгунның нағыз ізбасары саналады.
Екі жыл бұрын мектептің төменгі қабатында оқ ату спорт түріне арналған ұзындығы 10, 25 және 50 метрлік электрондық заманауи жабдықтармен қамтылған жабық кешен ашылған еді. Бұл кешен – Орта Азиядағы ең үздігі. Онда халықарлық турнирлерді өткізуге мүмкіндік бар.
Юрий мен Рашидтің не себепті Бейжіңде жүлдесіз қалғанын белгілі маманның өзінен сұрадық. Рашид ол кезде де жақсы дайындықта болыпты. «Олимпиада кезінде Рашидтың қызуы көтеріліп, ауырды. Әйтпесе, жүлде алатын мүмкіндігі мол еді. Ал Юра ол кезде тым жас болды. Тәжірибесі аз. Білесіздер, бір жылдан кейін Рашид әлем кубогын жеңіп алды. Бұл жолы да жүлде алудан үмітті», – дейді Садулла Хайдарұлы.
С. Юнусметов облыстың аға бапкері қызметін атқарып жүргеніне 35 жылға таяпты. Бір-бірінің тәжірибесін ұштап, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатыр. Бір отбасыдан төрт бірдей еңбек сіңірген жаттықтырушының шығуы айтуға ғана оңай.

САДАҚТЫ ШIРЕНЕ ТАРТУ ҮШIН...

Садақ ату спортын серік еткен Луиза Сайдиева жайында да айтар сөз көп.Жерлесіміз былтыр Таиландтың бас шаһарында өткен Азия чемпионатында үшінші орыннан көрінген еді. Сол нәтижесі Олимпиадаға жол ашты. Алматы облысының өкілі Сұлтан Дүзелбаев та осы межеден көрініп, лицензияға ие болды. Екеуіде 22 жаста – түйдей құрдас.
Осы орайда тарихқа көз тастап едік. Оңтүстік садақшылары соңғы рет Аустралияда өткен аламанға аттаныпты. Александр Ли жүлдеге таласып көрген. Енді міне, арада 16 жыл дегенде Луиза Саидеваның ғаламдық ойындарға жолы түсіп тұр.
Қос спортшы да соңғы дайындық жұмыстарын Алматыда өткізді. Әзірліктері тәп-тәуір. Сайдева да 2014 жылғы Азия ойындарына барып қайтқан. Бүгінде оны ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Кимнің өзі жаттықтырады.
Мұның бәрі спортшылардың дайындығын жасқарту үшін қолға алынған істер. Осы күні Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион жанында садақ ату кешені жұмыс істеп тұр. 2013 жылы ашылған нысанға бас сұғып жүрген жеткіншектер көп-ақ. Қазіргі уақытта онда жүзге жуық бала жаттығады. Олардың арасында қаракөздеріміздің қатары артып келеді.
Облыстың аға бапкері Жұмат
Бұзауовтың айтуынша, садақ ату спортына облыста назар аударыла бастаған. Гран-При кезеңдерін қабылдап жатырмыз.
Бұл спортта да негізгі қарсыластар – азиялықтар. Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония да аяққа тұрып алды. Индонезия, Иранда өсу бар.
– Ең басты қарсылас – Иран. Олар халықаралық жарыс өткізуге арналған көптеген нысандар салып тастады. Қазір бізге де базаны көбейте берген жөн. Шымкенттегі кешен салынып еді, қаншама жасөскіннің қызығушылығы пайда болды. Олимпиадаға қатысқалы отырған қос спортшының дайындығы жақсы. Күш-қуатты арттыруға арналған жаттығуға көңіл бөлдік. Техникалық жұмыстар істелінді. Енді тек психологиялық жағынан дайындау қалды. Бастысы, өздеріне деген сенімділік керек, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Ким.
Олимпиадашылар 24 шілде күні Бразилияға аттанып кетіпті.

ЕНДIГI КЕЗЕК – ЖАСТАРДА

Облыстағы аталған спорт түрлерінің қазіргі жағдайы осындай. Жаттығуға ниет еткендер үшін барлық жағдай бар. Жергілікті ұлт өкілдерінің де қатары қалыңдай түскен. Екі жыл бұрын садақ атудан Аружан Әбдіразақ Нанкиндегі жастар Олимпиадасына қатысып қайтты.
«Қартаймайтын Ольга» атанған Ольга Довгун де тыңнан түрен салып, оқ ату спортының аңызына айналды. Әттең, Олимпиада жүлдесіне ғана қолы жетпеді. Инчхондағы Азия ойындарында еліне тағы да алтын сыйлап, үлкен спортпен қоштасты. Ендігі кезек – жастарда.

Последнее изменение Пятница, 29 Июль 2016 09:59
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.