Елдос ерлiк жасаған күн

Среда, 10 Август 2016 05:37 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3853 раз

Әлем спортпен тыныстап тұр. Ғаламның түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер назары Бразилияға ауған. Олимпиада ойындарының тұғырына ат байлап қайтуды мақсат еткен спортшылар бәсеке көрігін қыздырып-ақ жатыр. Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан дүниежүзілік спорт мерекесінің төртінші күні артта қалды. Үміт пен күдік арпалысқан додада Қазақстан спортшылары да өз несібесін алуға кіріскен. Төрт күннің нәтижесі жаман емес: спортшыларымыз 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Дзюдошылар мен ауыр атлеттеріміздің жүлделері осындай.

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБIРЕГЕНI...

e100a3d534b73a28ae75245ec1104ffb

Әйгілі «Маракана» стадионында алауы тұтанған Олимпиада ойындары талайларға арман болған. Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, ашылу салтанатын 3 миллиардқа жуық адам тамашалапты. Биылғы төртжылдықтың басты додасы Оңтүстік Америка құрлығында тұңғыш ұйымдастырылып отыр. Сол себепті Бразилия елі әлем алдында ұятқа қалмауға тырысып-ақ жатыр.
Ашылу салтанатында Қазақ елінің көк Туын таэквондошы Руслан Жапаров желбіретіп шықты. Делегация құрамында спортшылармен қатар, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, т.б. азаматтарды байқадық.
Алғашқы күні қазақ жанкүйерлері татамиге көз тікті. Енді ше, ерлер арасында Елдос Сметов, әйелдер сапында Отгонцэцэг Галбадрахтың ерлік істейтіндеріне сенгенбіз. Солай болды да. Жамбылдық жас өрен ешкімнен қаймықпайды екен. Салған беттен әбжіл қимылдап, қарсыластарының құтын қашырды. Ширек финалда өзбек Диарбек Уразбаев та, жартылай финалда әзірбайжандық Орхан Сафаров та қазақ ұланының алдында дәрменсіздік танытты. Әлем чемпионы атағы бар дзюдошымыз финалда ресейлік Беслан Мудрановтан ғана жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.

B19I9454

Осы сәтте қатар өтіп жатқан әйелдер бәсекесінде де тартыс қызған. Былтырдан бері Оңтүстіктің атынан сынға түсіп жүрген моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрахтың тілеуін тілеп, демімізді ішімізге тартып отырдық. Шынашақтай қара қыз өзіне тым сенімді көрінген. Бұған дейін жерлесіміздің басты қарсыласы әлем чемпионы жапониялық Ами Кондо екенін бажайлай жазған едік. Ширек финалда қауіпті қарсыластың өзі тап келді. Аңдысу мен арпалысу. Жанкештілік пен жігерлілік. Өкіндірген – 1 минут қана. Белдесу бітуге осыншама уақыт қалғанда жапон қызының бағы жанып кетті. Ендігі үміт – қола жүлдеде. «Бұйырған кетпейді» деген рас сөз. Отгонцэцэг әуелі венгриялықты, қола жүлде үшін таласта кубалық Даярес Местре Альваресті иппонмен жеңді. Бұл сында аргентиналық Паула Парето финалда кореялық Чжеон Боктан айласын асырып, жеңімпаз атанды. 

2

Әттеген-айы, екінші және үшінші күні жарыс жолына шыққан Жансай Смағұлов (66 келі) пен Дидар Хамза (73 келі) екінші айналымнан аса алған жоқ.
«Ел іші – алтын кеніші» дегендей, қазақ топырағында қабілетті өрендер бар екен. Алтын асықтай Елдостың ерлігі көпке үлгі боларлық. Жалпы, бұл балуан қазақ дзюдосының құтына айналғандай. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да қазақ ұландары арасынан тұңғыш алтын жүлде сыйлап еді. Былтыр Астанада жалауы желбіреген әлем чемпионатында да оза шапқаны белгілі. Енді міне, Рио төрінде сегіз жыл бұрынғы жеңісті жолды жалғап отыр. Ердің сойы Елдостай-ақ болсын.
Галбадрахтың жүлдесінің де бәсі биік. Тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш нәзікжанды осы спортшы болып тұр.
Жерлесіміздің белдесулері кезінде республикалық қыздар құрама командасының көмекші бапкері Базарбек Дөңбайдың шырылдап жүргенін байқадық. Трибунадан әлденелерді айқайлағаны еміс-еміс естіледі. Базарбек Орынбайұлы бұл спортшыға техникалық, тактикалық дайындыққа көп жәрдем бергенін де жаздық. Рио-де-Жанейроға барып та ақыл-кеңесін беріп жүрген азаматтың еңбегі өлшеусіз. Кезінде екі Олимпиадаға қатысқан азаматтың бақ жұлдызы жанды деген осы шығар. Міне, араға көп жылдар салып, өзі шықпаған биікке шәкірті жетіп отыр.
Осы күні моңғол аруын жақын тартып, қазақша ныспы беріп жатқан жанкүйер қарасы көбейіп тұр. Моңғол тілінде «Отгон» сөзі «Кенже» деген мағына береді екен. Ал «цэцэг» – «гүл». Яғни, «Кенжегүл» деп атайық деген ұсыныстар табылып жатыр.

ХАРКИ – ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР

a83729a0-54a3-4583-ae69-56c582ae379a.MPO

Рио-де-Жанейро төрінде абыройды асырады деген зілтеміршілер бәсекесі де қыза түсті. Отандастарымыздан алғаш болып Арли Чонтей мен Маргарита Елисеева бақ сынады. Екеуі де жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді.
Чонтей 56 килоға дейінгі салмақта төртінші орын алды. Ол жұлқа көтеруде 130 кг салмақты, серпе көтеруде 148 килоны еңсерді. Осылайша қоссайыс бойынша 278 кг салмақ жинаған ол жалпы есепте төртінші тұғырға шықты. Ал Елисеева мықтылардың арасында бесінші сатыға орнықты.
Фархад Харки – қола жүлдегер. 62 келіге дейін салмақтағы үздіктер арасында ол жұлқа көтеру сайысын үшінші болып аяқтады. Нәтижесі – 135 келі. Ал серпе көтеруде 170 келіні еңсеріп, қоссайыстың қорытындысында 305 келі ұпай жинады. Кеше Карина Горичева жарыс жолына шықты. Күллі алаш жұрты зор сенім артып отырған Жазира Жаппарқұлдың әлеуетін бүгін байқаймыз.

ЖАҚЫПОВ ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАДЫ

fwOaYulEmpI

Енді боксшылардың жағдайын айтайық. Мырзағали Айтжановтың шәкірттері жүлдені көсіп алуға ниет танытып отыр. Әзірге, өрендеріміздің қарқыны қуантарлық. Ширек финалға ең бірінші болып Біржан Жақыпов пен Василий Левит шықты. 8 тамыз күні өткен жекпе-жекте Жақыпов намибиялықты, Левит қытай боксшынан басым түсті. Осы күні Жәнібек Әлімханұлы да жарқын жеңіске жетті. Әлімханұлының сойылдай соққылары британиялық Энтони Фаулерді діңкелетіп тастады.
Біржан Жақыпов пен Василий Левит бүгін түнде жартылай финал жолдамасы үшін шаршы алаңға көтеріледі. Бір айта кететіні, арулар арасында Жайна Шекербекова да жеребе бойынша бірден ширек финалға қадам басты.
Қалған спорт түрлерінде әзірге жүлденің ауылына маңайлай алмай тұрмыз. Суда жүзушілер, садақ ату және нысана көздеу шеберлерінің қоржыны бос. Бар үміт боксшылар мен балуандарға артылардай. Айта кететіні, бозкілем бәсекелері 14 тамызда басталады.
Әзірге, жалпыкомандалық есепте АҚШ спортшылары озық тұр: 5 алтын, 7 күміс, 7 қоласымен. Оларды Қытай өрендері өкшелеп келеді. 5 алтынмен. Аустралия, Италия, Жапония елдері де жанталасып жатыр. Қазіргі жағдайда Қазақстан 25 орынға жайғасты. Бүгінге дейін жалпы 34 елдің өрендері жүлде алып үлгерді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.