Тұңғыштың тұғыры биiк

Пятница, 12 Август 2016 09:29 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4031 раз

ОҢТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАЗИРА ЖАППАРҚҰЛ ОЛИМПИАДА 
ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Көптен күткен алтынға да қолымыз жетті. Олимпиада ойындарының бесінші күнінде ел спортшылары жанкүйерлерін желпіндіріп тастады. Бір күнде 2 алтын, 1 күміс жүлде иелендік. Бұл жеңістің жөні бөлек расында. Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш Олимпиада жүлдегері шықты. Бізге таңсық көрінген су спортында да алғашқы алтын жүлде қоржынға түсті.

ҚОРЖЫНДА – ҚОС АЛТЫН

a111b2c8f711ab1f51f0668f9ceaab15Әдеттегідей, ауыр атлеттеріміз жарқын жеңіс сыйлайтынына сенгенбіз. Өйткені, ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни «Менен алтын мен күміс күтіңіздер» деп уәде берген еді. Сол уәдесінен шықты да. 

Бұл түні күллі жанкүйерлер «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына көз тікті. Арыстың толағай қызы Жазира Жаппарқұлдың жолына үмітпен қарап, іштей тілекші болдық. Өзінің де «Жеңіспен ораламын» деген уәдесі бар. Мұндай сында аянып қалғысы жоқ.
Жазира ұйқысын қиып, көк жәшікке телмірген отандастарының сенімін ақтады. Оның үстіне көз алдында, трибунада айқайға басқан спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтардың қолдауы бар.
Дәл ойлағанымыздай болды. Алғашқы жаттығуда қытайлық Сян Яньмей екеуі үздіктер көшін бастады. Отандасымыз жұлқа көтеру сайысын 115 келімен, яғни екінші орынмен аяқтады. Екінші жаттығуда 140 келіні көтере алмай, қорқытып та қойды. Екінші мүмкіндігінде бұл келіні еңсеріп кетті. Үшінші талпынысында 144 келіні де басынан асыра серпіді. Қоссайыстағы нәтижесі – 259 келі. Ал қытай спортшысы қоссайыста 261 келіні (116+145) еңсерді. Қола жүлде мысырлық Сара Ахмедке бұйырды. Сөйтіп, қазақтың Жазирасы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Бұл – тарихта қазақ қыздарының Олимпиада ойындарынан еншілеген алғашқы жүлде. Одан бөлек, ауыр атлетика бәсекесінде де тұңғыш жүлде иеленген қаракөзіміз.

fc03113ac89f115a831757f03f3f45da

Бір сағаттан кейін ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов сайысқа түсті. Оның да қарқыны керемет. Ол да тек бас жүлде үшін келген. Жерлесіміз жұлқа көтеру сайысын 165 келімен аяқтады. Бар есесін екінші жаттығуда қайтарып алатынын талай рет дәлелдегенін білеміз. Бұл жолы да намысқа тырысты. Алдымен 202 келі зілтемірді кеудесінен асыра серпіді. Ал екінші мүмкіндігінде ол 212 келі зілтемірді көтерді. Бұл – 77 келідегі ауыр атлеттің әлемдік рекорды. Соңына дейін тіресіп келген Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қытайлық Люй Сяоцзюнь екінші сатыға орнықты. Осылайша, Нижат Рахимов ел қоржынына алғашқы алтынды салды.

БОКСШЫЛАРДЫҢ ӨЗ СЫЙЫ БАР

Тамыздың 10-ы күні Рио шаршы алаңында іріктеу және ширек финал айқастары өтті. Бұл сында Біржан Жақыпов пен Василий Левит жартылай финал жолдамасы үшін таласып көрді. Әттеген-айы, ардагер боксшы Біржан Жақыпов өзбекстандық Хасанбай Дусматовтан айласын асыра алған жоқ.
Есесіне, 91 келідегі Василий Левиттің қарқынына сүйсіндік. Ширек финалда ол маврикийлік Кеннеди Сен Пьерден бір бас жоғары тұрды. Енді, оның жартылай финалдағы қарсыласы – кубалық Эрисланди Савон.
Кешегі түнде Қайрат Ерәлиев, Абылайхан Жүсіпов, Данияр Елеусінов және Әділбек Ниязымбетов алғашқы електік бәсекелерін өткізді.

СУ ТҮБIНЕН АЛТЫН ТЕРГЕН

g26733671 213da68a04e238f06608f538c8ccd2df

Қазақ елін қуантқан тағы бір оқиға – жүзу шебері Дмитрий Баландиннің сенсациялық алтын жүлдесі. Жүзу спортынан бұған дейін Олимпиада ойындарындың жүлдесі бұйырмай келген еді. Алматылық дарынды спортшы әлемді таңғалдырып, Рио ойындарының екінші алтынын әперді. Ол брасс әдісімен 200 метр қашықтыққа жүзуде мәреге 2:07:46 нәтижемен келді. Екінші орынға америкалық Джош Прено (2:07.53) жайғасса, үшінші орыннан ресейлік Антон Чупков (2:08.08) көрінді.
Баландин осыдан екі жыл бұрын Инчхонда өткен Азия ойындарында үш дүркін Азия чемпионы атанып қайтқаны мәлім.
Қазақстан спортшылары осы нәтижелердің арқасында 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы командалық есепте 11-ші орынға көтерілді. Әзірге, 11 алтын, 11 күміс және 10 қоланы қоржынға басқан АҚШ спортшылары жалпы командалық есепте үздік келеді.

 

Последнее изменение Пятница, 12 Август 2016 10:48
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.