Рио-2016: бiр қуаныш, бір өкініш...

Среда, 17 Август 2016 08:51 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3800 раз

Бұл күндері Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындары соңына таяды. Жалпыкомандалық есепте бас жүлдеге талас та қыза түсті. Әзірге, АҚШ спортшылары 26 алтын, 23 күміс, 26 қола жүлде иеленіп, көштің басында тұр.
Қазақстан 10 жүлдемен (2 алтын, 3 күміс, 5 қола) 15-і орында. Үш қарғып секіру сайысында Ольга Рыпакова мен зілтемірші Александр Зайчиков те қола жүлдені қоржынға салды.

sports

Бұл – Рыпакованың үшінші Олимпиадасы. Рио төрінде де бас жүлдеден үміті бар еді. Шешуші сәтте 8 спортшының арасынан үшінші орын алды. Жерлесіміз бірінші мүмкіндігінде 14,73 метрге секіріп, үздіктердің қатарына қосылған еді. Төртінші мүмкіндігінде 14,98 метрге қарғып, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін қанағат тұтты. Бұл сайыста алтын жүлде колумбиялық Катрин Ибаргуэннің (15,17 м), күміс жүлде венесуэлалық Юлимар Рохастың (14, 98 м) қанжығасында кетті.
105 келідегі зілтеміршілердің бәсекесінде қызылордалық Александр Зайчиковтан ерлік күттік. Талай сында мықтылығын дәлелдеген отандасымыз бұл жолы да барын салды. Бұйырғаны қола жүлде екен. Жерлесіміз жұлқа көтеру сайысында 193 келі көтерді. Серпе көтерудегі алғашқы жаттығуында 223 келіге тапсырыс беріп, оны оңай еңсерді. Бірақ одан кейінгі мүмкіндігінде 227 келіні бағындыра алған жоқ. Сөйтіп қоссайысты 416 келінімен аяқтаған Зайчиков үздік үшінші орынды түйіндеді. Алтын медаль Өзбекстан ауыр атлеті Руслан Нурудиновқа (417 келі) бұйырды.
Рио шаршы алаңындағы боксшылар бәсекесінде де жеңімпаздардың есімі анықтала бастады. Құрамадан алғаш болып Василий Левит (91 келі) финалға шығып, алтын жүлдеге таласты. Бұл сында ресейлік Евгений Тищенконың бағы жаны кетті. Осылайша, Левит (91 келі) қазақ елінің қоржынына үшінші күмісті салды.
Сондай-ақ, 69 келіде Данияр Елеусінов франциялық Сиссоконы жеңіп, финалға қадам басты. Ширек финалда әзірбайжан боксшысынан алымды шыққан Әділбек Ниязымбетов те жартылай финалда.
Әттеген-айы, Қайрат Ерәлиев пен Олжас Сәттібаев бірінші кездесулерінде жеңіске жеткен. Екінші айналымда қос өреніміз де қарсыластарына есе жіберді. Мақтаулы Жәнібек Әлімханұлы да әзірбайжандық Камран Шахсуварлыдан жеңіліп, жарысты аяқтады.
Бір айта кетерлігі, бокс жекпе-жектеріне қазылық етіп жатқан төрешілердің жұмысы көптің көңілінен шықпай тұр. Отандық сарапшылар да, әлемдік БАҚ-та бұл туралы пікірлерін білдіріп жатыр. Мәселен, атақты «Вашингтон Пост» газеті «Төрелік етудің проблемалары олимпиадалық боксқа қайта оралды» деген материалды жариялады. Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы ауыр салмақтағы финалдық бокс кездесуінен кейін.
Риода көптен күткен балуандар белдесулерін де тамашаладық. Өкініштісі, алғашқы күні ел намысын қорғаған Алмат Кебісбаев (59 келі) пен Досжан Кәртіков (75 келі) жүлдесіз қалды. Бозкілем бәсекесінің екінші күнінде алып балуанымыз
Нұрмахан Тыналиев те алғашқы белдесуінде германиялық балуаннан жеңіліп, үмітімізді үзді. Бүгін еркін күрес шеберлері бозкілемге шығады.
Қазақтың қаракөзі қашан алтын алады дген мәселе көптің көкейінде тұр. Бұл орайда бар үміт Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовте. 69 келідегі әлемнің үздік боксшысы Елеусінов ерлесе дейміз. Біз күткен жекпе-жек бүгін өзбекстандық Шахрам Гиясовқа қарсы өтеді.

 

Последнее изменение Среда, 17 Август 2016 09:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.