Жас жаттықтырушының арманы асқақ

Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:51 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6386 раз

Әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалу. Бұл – көркем гимнастикамен шұғылданатын әрбір спортшыға қойылатын талап. Шымкентте өз ісін жан-тәнімен сүйіп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар бар. Солардың бірі – Лола Төлеубаева. Қазір ол әкімшілік-іскерлік орталығындағы көркем гимнастика  спорт кешенінде бапкер болып жұмыс істейді. Жастайынан спортпен шұғылданған маман қазір кішкентай қыздарды жаттықтырып жүр.

DSC 8715

Көркем гимнастика – спорттың ең сұлу түрі. Сондықтан да болар, соңғы кезде спорттың осы түріне деген сұраныс та артып отыр. Гимнастика әдемі спорт түрі болғанымен, күн сайын шаршамай-талмай еңбектенуді қажет етеді. Сондықтан, жаттықтырушы Лола Төлеубаеа өзінің тобына қабылданған әрбір қызға көркем гимнастиканың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Ол спорттың осы түріне 7 жасында келген. Содан 11 жыл шұғылданып, еліміздің түкпір-түкпірінде өткен әртүрлі деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып жүрді.

Лола – Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Ол да өзгелер секілді Олимпиадаға қатысуды армандады. «Еліме жеңімпаз болып оралсам екен» деген ой маза бермейтін. Алайда, денсаулығы сыр берген гимнасшы біраз уақыт өзінің сүйікті спорт түрінен қол үзіп қалуға мәжбүр болды. Ал спортқа оралған сәтте жеке емес, топ болып өнер көрсете бастады. Топтағы спортшылардың бірі – тұрмысқа шықса, ендің бірі – басқа қалаға ауысып жатты. Соның салдарынан топ тарады. Көп ұзамай, Лола 16 жасында спорт шебері атағын алды.

DSC 8720

– Спорттан кеткен соң, жұмыс іздеуге тура келді. Бірақ, көркем гимнастикаға мені тартты да тұрды. Содан, жаңадан ашылған спорт кешеніне жаттықтырушы болып орналастым. Қазір үш жылдан бері гимнастикамен шұғылданып, әбден төселген қыздардың шеберлігін шыңдап жүрмін. Мұндағы қыздар 4-6 жаста. Қазір олар тепе-теңдікті сақтау секілді қиын да күрделі элементтерді үйренуде. Уақыт өткен сайын дәріс қиындай түседі, – дейді жаттықтырушы.

Көркем гимнастика – музыка әуенімен лента, доп, шеңбер, т.б. заттарды қолданып немесе затсыз гимнастикалық жаттығулар комбинациялары орындалатын қыздар арасындағы жарыс. Сондықтан, бұл спорт түрімен шұғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Жаттықтырушы – спортшының дене бітімін шыңдап қана қоймай, оның бойындағы сенімділігін де арттыруға, тіпті, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға барын салатын маман.

DSC 8820

– Көркем гинастикаға қабылдаған кезде қыздардың дене бітіміне, салмағына, сосын иілгіштігіне зер саламыз. Өйткені, буыны қатып үлгермеген бүлдіршіннің мүмкіндігін барынша аша түсеміз. Қабылданған қыздарға нан өнімдерін жеуге рұқсат етілмейді. Тек таңертең ғана шоколадпен шай ішіп, сұйық тағамды тұтынғаны абзал. Ал ережеге бағынбаған немесе мүмкіндігі аз қыздар уақыт өте келе өздері-ақ бұл спорттан кетеді, – дейді Лола Төлеубаева.

Жас жаттықтырушы қазіргі шәкірттерінен үлкен үміт күтеді. Олардың арасында Амина Егемберді мен Айжан Алпамысованың қабілеттері ерекше. Жуырда ғана Тараз қаласына барып, жүлделі орындармен оралыпты. Өзі жетпеген шыңдарға шәкірттері жетсе екен деп армандайды. Болашақта шәкірттерінің арасынан Олимпиада жеңімпазының шығатынына сенімді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.