Қазақстан мен Польша ұпай бөлісті

Среда, 07 Сентябрь 2016 05:59 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4353 раз

Алғашқы ойыннан алғашқы ұпайды иелендік. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін тең нәтижемен бастады. «Астана-Аренада» польшалықтарды қабылдаған Талғат Байсуфинов шәкірттері 2:2 есебімен тең тарқасты.

460

Қазақстан Әлем чемпионатының Еуропа құрлығы бойынша електік додасында Е тобына түскен. Біздің топта Польшадан бөлек, Дания, Черногория, Армения, Румыния құрамалары бар. 

Әуелден айта кететіні, бүгінде ұлттық құрама тізгіні – отандық бапкерде. Араға 11 жыл салып, жергілікті маман бас бапкерлікке келді. 

Польшаға қарсы ойында бас жаттықтырушының туған күні де қатар келіп, жанкүйерлер қуаныш қуанышқа ұласатынын болжап еді. 

Әттеген-айы, алғашқы тайм біз үшін сүреңсіз басталды. Футболшыларымыз білгенінен жаңылып, жиі-жиі қателесті. Қарсыластарға да керегі осы. Бірінші таймда польшалықтар 2:0 есебімен алға шықты. 10-минутта Бартош Капустка қазақстандық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып кетті. Ал матчтың 35-минутында қорғаушыларымыз өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Қарсылас команданың капитаны Роберт Левандовски нысананы дәл көздеді. Бұдан кейін екі команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. 

14233172 686039044876755 7486812003578598367 n

Екінші таймда Қазақстан футболшылары сәтсіздіктен қорытынды шығаруға тырысып бақты. Матчтың 51-минутында сол қапталдан Дмитрий Шомконың әуелетіп берген добына бірінші жеткен Сергей Хижниченко қақпаны дәл көздеді. Жерлестеріміз осы қарқыннан таймай, арада сегіз минут өткенде екінші допты соқты. Бұл жолы да көзге түскен – Сергей Хижниченко. Сөйтіп, Қостанайдың «Тобыл» командасының шабуылшысы дубльдің авторы атанды. 25 жастағы шабуылшы ұлттық құрама сапында өзінің 39-шы ойынында сегізінші голын соққанын айта кетейік. 

– Шәкірттерімнің ойынына көңілім толды. Біз алғашқы ойыннан ұпайға қол жеткіздік. Командамызда бірлік бар. Футболшылардың ешқайсысы да аянып қалған жоқ. Әсіресе ардагер ойыншылардың атап өткім келеді. Олар бізге моральдық тұрғыда қолдау көрсетті, – деді Талгат Байсуфинов ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Е тобындағы басқа нәтижелерді айта кетсек, Дания Арменияны 1:0 есебімен жеңді. Ал Румыния мен Черногория 1:1 есебімен тең түсті. Қазақстан Ұлттық құрамасының келесі ойыны 8-ші қазан күні сырт алаңда Черногорияға қарсы өтеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.