Облыс боксшыларының қарқыны қуантып отыр. ОҚО құрамасы ҚР Бокс федерациясы кубогы жолындағы ширек финалдық сыннан сүрінбей өтті. Әл-Фараби алаңында, Атырау облысына қарсы өткен жекпе-жекте «Оңтүстік барыстары» 8:2 есебімен басым түсті. Алда – жартылай финал.
ҚР Бокс федерациясы кубогы бәсекесі биыл VII рет тұсауын кесті. ОҚО құрамасы Атырау, БҚО, Ақмола облысымен бірге Д тобында түскен. Қалған екі команда өкілдері күнгейге келе алған жоқ. Сол себепті, жартылай финалға кім өтетінін бір ғана жекпе-жек анықтады.
Бұл жолғы жекпе-жек ашық аспан астында ұйымдастырылды. Алдымен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңызы жоғары екенін атап өтті.
Одан әрі тартысты жекпе-жектердің куәсі болдық. Жерлестерінің қолдауынан қуат алған боксшыларымыз қарсыластарын ықтырып өтті. Жеңіл салмақтағы өрендеріміз жеңісті жолды бастап берді. Жомарт Ержан (49 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Олжас Қалаубек (56 келі) және Сұлтан Зауырбек (60 келі) қарсыластарынан басым түсті. Орта салмақта Бекдәулет Ибрагимов те есепті еселей түсті. Тек құрамадан Бекзат Халметов (69 келі) пен Бекболат Есен (75 келі) ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Одан әрі 81 келіде Нұрбол Әлтаев бәсекенің тағдырын шешті. Ауыр салмақтағы алыптарымыз да бокс кешіне тамаша нүкте қойды.
Атыраулықтармен бұған дейін де жолымыз түйіскен. Бәрінде де жеңіс тойын тойладық. Басқа нәтижелерді айта кетсек, А тобынан Алматы, В тобынан Маңғыстау облысы, С тобынан Астана қаласы жартылай финалға шықты. ҚР Бокс федерациясы кубогының жеңімпаз командасына 25 млн теңге сыйақы беріледі. ОҚО құрамасы өткен жылы кубоктың иегері атанған болатын. Алда осы межеден түспеу міндеті тұр.