Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан 37-ші халықаралық турнир аяқталды.
Жеңіл атлетикалық манежде бір аптаға созылған бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімі белгілі болды. Әдеттегідей, ОҚО боксшылары 5 алтын, 1 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте үздік шықты. Атап айтқанда, Жомарт Ержан (49) Жасұлан Омар (75 келі), Алмас Тәшімбет (81 келі), Нұрлан Нұрсейітов (91) және Нұрлан Сапарбай (+91 келі) жеңімпаз атанды.
Жамбыл облысы спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен екінші орынға тұрақтаса, үздік үшінші орыннан көрінген – Астана қаласының боксшылары.
Жеңімпаздарды спорт ардагері Сейдахмет Қонақбаев, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, қонақтардан әлем чемпионы Өткірбек Хайдаров (Өзбекстан) т.б азаматтар марапаттап, құрмет көрсетті.
ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі мен ОҚО бокс федерациясы дәстүрлі турнирді жоғары деңгейде өткізді.
Турнирдің үздік боксшысы атағын жерлесіміз Жомарт Ержан (49 келі) иеленді.