Ермек ерледі!

Среда, 09 Ноябрь 2016 06:24 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5851 раз

Осыдан біраз күн бұрын параолимпиададан Қазақстан құрамасының бір топ спортшылары Қытайдың Тайбэе қаласына өтіп жатқан қоларбада билеу жарысы бойынша Азия чемпионатына аттанған болатын. Күні кеше ҚР штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметі қуанышты хабар жеткізді. Қоржынымызға 7 медаль түсті, оның үшеуі алтын, екеуі күміс, екеуі қола медаль.

etmek

Спортшылардың арасында біздің жерлесіміз Ермек Қалымбетов алтын медаль иеленді. 25 жасар Ермек Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жеңіл атлетикадан республикалық параолимпиада ойындарының жеңімпазы.

Бүгінде жігерлі жігіт жылдар бойғы тынымсыз жаттығу мен еңбектің арқасында Азия чемпионатының бас жүлдесіне қол жеткізіп отыр. Туабітті жұлын жарақатына шалдыққан азамат қол арбада отырып-ақ биік белестерді бағындырып, би өнерінің шыңына жетуді мақсат тұтқан. Жас жігіттің басты арманы – өздігінен жүріп-тұру.

Арбаға таңылса да, армандары алға жетелеген Ермек жасөспірім шағында «мен неге мұндаймын?» деп өзіне де, ата-анасына да ренжіген. Тағдырдың жазуын, екі аяғын тең басып тұра алмайтынын кейіннен ақыл тоқтатқан соң түсініп, өз-өзін қолға алып, спортпен шұғылдануды тоқтатпаған. «Бала кезімде жүріп жүргендерге қарап қызығатынмын. Қазір солай ойлағаныма өкінемін. Бұл да Алланың берген сынағы. Оның бәрі балалықпен, пендешілікпен болды деп ойлаймын. Екі аяғым жүрмесе де, қолымнан келгеннің бәрін істеп жатырмын», – дейді Ермектің өзі. Ал анасы Шолпан Қалымбетова: – Ермектің еңбекқорлығының, дариядай дарыны, таудай талабы, таптырмайтын талантының арқасында жетістіктерге жетіп келеді. Ол – ерекше адам. Тағдырдың қатал сынына ұшыраса да, мойымай, армандарына қол жеткізуде, – дейді. 

Сағы сынбаған спортшы бұл жолды ешқашан тастамайтынын айтты. Бүгінде ол облыстық мүгедектерді оңалту орталығында мәдени ұйымдастырушы болып қызмет етеді. 

Кіл мықтылар бақ сынаған Азия чемпионатында бас жүлдені қанжығасына байлаған Ермектің жеңісі – Оңтүстіктің ғана емес, дүйім қазақтың жеңісі деп білеміз. Ендеше, жеңісіміз құтты болсын! 

Сен ерледің, Ермек, тек қана алға!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.